260
261
баласын жақтаған қарсыластарын Сэкигахара түбіндегі шайқаста
жеңіп, 1603 ж. билікті ресми түрде баласы Хидэтадаға берді. Бірақ іс
жүзінде өзі басқара берді. Токугава əулетінің сегундері Жапонияны
1867-1869 жж. буржуазиялық революцияға дейін, яғни 265 жыл
биледі. Үкімет 1637 ж. Кюсю аралындағы Симабара қаласындағы
көтерілісті басты. Бұл көтеріліске қатысушылардың көпшілігі хри-
стиан дініндегі самурайлар мен қала тұрғындары болғандықтан
оны «Христиан көтерілісі» деп те атады. 1633, 1636, 1639 жж. үш
жарлығымен үшінші сегун Иэмицу өлім жазасын қолдана отырып
жапондықтардың өз елінен кетуіне, алысқа жүзе алатын үлкен кеме-
лер жасауына тыйым салды.
Елге шетелдіктердің келуіне де тыйым салынды. Тек қытайлық-
тар мен голландықтарға рұқсат етілді. Дэсима аралындағы Нага-
саки қаласында өткізіліп тұратын жəрмеңкеге Қытай, голланд сау-
да кемелерінің келуіне болатын еді. ХVІ ғасырда жапондықтар тек
Корея, Қытай, Сиам, Филипинымен ғана емес, Еуропа елдерімен де
байланыс жасап тұрды. Мысалы, 1582-1590 жж. Римде Кюсю ара-
лында христиан князьдықтарының елшілігі болды.
1587 ж. ең бірінші рет христиан дінін
насихаттауға тежеу са-
лынды, бірақ еуропалықтармен қатынас үзілген жоқ. Кезінде
Хидэеси еуропалықтардың кемелері мен қаруын Кореяға жо-
рығында пайдалануға тырысқан еді. Токугава Иэясу да сол саясат-
ты ұстанды. Ол ағылшындар мен голландықтарға кеңшілік білдіре
отырып, оларды испандықтар мен португалдықтарға қарсы айдап
салып отырды. Токугава Иэясу 1610 ж. Мексикаға, 1613 ж. Еуропаға
елшіліктер жіберді. Бірақ оның билігінің соңына қарай жəне баласы
басшылыққа келген соң еуропалықтардың Жапониядағы істеріне
үзілді-кесілді шек қойылды.
Бұл Жапонияның басқа елдермен қатынасын жасанды түрде
үзіп тастау 2,5 ғасыр бойы сақталды. Мұндай шаралар феодалдық
құрылысты тұрақтандыру мақсатын көздеді. ХV—ХVІ ғғ. сыртқы
сауданың дамуы теңіз порттарындағы пысық қала тұрғындарының
баюына мүмкіндік жасады. Мұндай бай қала тұрғындарының
қатары көбейе түсті. Күшейіп алған қала буржуазиясы феодалдық
құрылысқа қауіп төндірді. Сондықтан да Жапонияның жаңа үкімет
басшылары
сыртқы саудаға тыйым салып, бұл күшейіп келе жатқан
сауда буржуазиясына соққы беруге тырысты. Тек голланд жəне
Қытай саудагерлеріне ғана Жапонияға келіп-кетіп тұруға рұқсат
етілді.
Шет елдермен сауда, одан түсетін табыс үкімет пен оның
өкілдерінің пайдасына түсіп отырды. Бұл шара саудагерлердің
де, оңтүстік феодалдарының да баю көзіне үлкен зиян келтірді.
Сонымен қатар жапон феодалдарына өз билігін Қытай мен Кореяны
бағындырып алған манчжурлар тарапынан зор қауіп төнді.
Дегенмен елді басқа əлемнен бөліп тастаудың басты себебі елдің
ішкі жағдайына байланысты болды. Елде шаруалар көтерілісі кең
өріс алды. Ол көтерілістер христиан дінінің туы астында өткізілді.
Сондықтан христиан дінін уағыздау жапон феодалдарына ерекше
қауіп төндірді. 1630 ж. Еуропа кітаптарын əкелуге тыйым салынды.
Христиан діні туралы мағлұматтары бар қытай кітаптарын əкелуге
де шек қойылды.
Жер феодалдардың /дайме/ меншігі ретінде бекітілді. Жер
иесінің табысы дəл есептеліп отыратын. Табыс күріш дақылымен
есептелетін. Барлық қаражат есеп-қисаптары күрішке аударылды.
Күріштің басты өлшемі-коку — 1,8 гекто литр /180 литр/ — барлық
құнның негізігі өлшемі болып табылды. Сол себепті феодалдардың
табысы күріш кокумен есептелді.
Жер иесі — дайме өзі басқаратын шаруашылықтағы тұр-
ғындардың үстінен əкімшілік билігін, сот билігін бірге атқарды.
Оның қол астында көмекші вассалдары-самурайлар шаруашылық
жұмыстарынан қол үзіп, бақылаушы, есепші, дайменің шабарма-
ны қызметін атқарды. Үкімет феодалдардың өзара қырқысуларына,
үкіметке қарсы бас көтерулеріне тыйым салды.
ХVІ ғ. аяғы ХVІІ ғ. басында қалалар қатары көбейіп, оның
халқының саны өсе түсті. Ең үлкен қалалар — Эдо, Киото, Осака
болды. Ол қалалардың тұрғындарының саны 300 мыңнан асты.
Онан кейінгі Нагоя,
Нагасаки, Сакаи, Канадзава қалаларында 60
мыңнан астам адам тұрды. Хиросима, Окаяма, Хаката, Кумамота,
Акида сияқты қалалардың халқының саны 20—30 мың аралығында
болды. Ірі-ірі 17 қаладағы сауда мен қолөнері феодалдар биілігінен
алынып, тікелей орталық өкімет қарауына берілді.
Қолөнершілер бірлестіктері «дза» деп аталды. Əр деревня бес
үйден тұратын аулаға бөлінді. Ол ауланың өз бастығы болды. Ол
бастық сол 5 үйдің ішіндегі ең пысығынан тағайындалды. Оның
міндеті — қарауындағы 5 үйдің мүшелерінің үкімет жарлықтары мен
тапсырмаларын, нұсқауларын бұлжытпай орындауларын қадағалау
болды. Шаруалардың бекітілген жерден кетуге құқы болмады.
Қашып кетсе оның міндетін қалған үйлердің шаруалары бірлесіп
атқарды, қарызын да, салығын да бірлесіп төледі. Қашқан шаруа
қатаң жазаланатын. Саудагерлер мен қолөнершілердің қызметтері
де шектеулі болды. Бірақ ол шектеу шаруалардың тұрмысы мен
262
263
қызметіндегі шектеу сияқты өте қатаң болмады. Іс жүзінде бұл
шектеулер өне бойы сақтала да бермейтін. Қолөнершілер мен
саудагерлердің жеке топқа бөлінуінің өзі олардың күшейгендігін
көрсетті. Бұрын Жапон хұқы тек «самурайлар» /жауынгерлер/
мен «халықты» мойындайтын да, саудагерлер мен қолөнершілерді
елемейтін.
Токугава шектеушілігі дворяндар сословиесінің ішіне де өзге-
рістер енгізді. Барлық дворяндар тобының
басында жоғары сюзерен
тұрды. Ол бұрынғыша «сегун» деп аталды. Оның жақын уəзірлері
«фудайлар» болды. Олардан кейін бөгде князьдар — «тодзамалар»
тұрды. Бүкіл самурайлар бұқарасы осы бөгде князьдардың қол
астында олардың вассалы ретінде болды. Сегун қарамағындағы са-
мурайлар «хатомото» деп аталып, ерекше жағдайда болды. Əрбір
дайменің самурайлар отряды болды. Барлық басқару аппаратын
бақылайтын арнаулы топ «мэцукэ» деп аталды. Бұл топқа сегунның
бақылаушылары кірді.
Токугава шаралары ХVІ ғасырдың ортасынан басталған
феодалдық құрылыстың ыдырауын аз уақытқа болса да кідіртті.
Феодалық өзара қырқысулардың тоқтауы экономиканың дамуына
қолайлы жағдай туғызды. Ауыл шаруашылығында жаңа техникалық
құрал-саймандар пайда болды. Дəнді дақылдардан басқа қағаз жəне
лак ағаштары, шай жəне цитрус өсіру өркендеді; тəтті картофель,
қарбыз, темекі, мақта өсімдіктері əкелініп, өсіріле бастады.
Мұның бəрі халық санының өсуіне ықпал етті: ХVІ ғасырдың
аяғында 16 млн. халық болса, ХVІІ ғасырдың аяғына қарай оның
саны 25 миллионға жетті. ХVІІ ғасырдың 30 жылдарындағы шет
елдермен араласуға тыйым салынғаннан кейін жəне көпестерді пай-
да табудың көзі — сыртқы саудадан айырған соң ақша — тауар
қатынастарының жапон деревнясына ағылуы басталды.
Бұл ағылыс
натуралдық шаруашылықты тез ыдыратты. Дайме, самурайлар, ша-
руалар көбірек сауда өсімқор капиталының ықпалына түсіп қалып
отырды.
Капиталистік өнеркəсіптің алғашқы түрлері — үйдегі өнеркəсіп
пен мануфактура өмірге келді. Мұндай өнеркəсіп алдымен мақта иіру
саласында орын алды. Аудандар матаның түр-түріне маманданды:
бір аудан тек жібек матамен айналысса, енді бір аудан жəй ғана мата
тоқумен шұғылданды. Саудагерлер бұл өнеркəсіптерді бірте-бірте
өз қол астына бағындыра берді. Тапсырысты да солар беріп отырды.
Капиталистік кооперациялар мен орталықтандырылған мануфак-
туралар елдің өнеркəсібінде елеулі рөл атқара қойған жоқ. Мұндай
өнеркəсіп сакэ жасау ісінде, тоқыма өндірісінде бірлі-жарымды ғана
орын алды.
Үкіметтік жəне əулеттік мануфактуралар металл өңдеу, фарфор-
фаянс өндірісінде кеңірек орын алды. Ондай мануфактураларда
жергілікті шаруалармен қатар жан-жақтан қашқан шаруалар да
істеді.
Сөйтіп, жапон деревнясына тауар-ақша қатынасының енуі,
капиталистік өндірістің алғашқы түрлерінің тууы, шаруалардың
мүлік
жағынан жікке бөлінуі, қалалардың өсуі, айырбастың жетілуі
елде үстемдік еткен натуралдық шаруашылықты ыдырата бастады.
Достарыңызбен бөлісу: