Өрескел бұзу деп- сауда-саттық немесе аукцион өткізу тәртібін көрінеу бұзу, бұрмалау, теріс қолдану болып табылады. Егер осы әрекеттен жәбірленушіге ірі зиян келтірілсе қылмыс құрамы аяқталған деп танылады. Қоғамға қауіпті іс-әрекет пен келтірілген ірі зиянның арасын байланыстыратын себепті байланыс орын алуы қажет. Себепті байланыс жоқ болса қылмыс құрамы да болмайды.
Қылмыс субъективтік жағынан тікелей және жанама қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі-сауда-саттық пен аукцион өткізуге жауапты жасы 16-ға келген, есі дұрыс адам.
Көрінеу жалған жарнама беру (198-бап)
Жарнамада жарнама берушінің пайдакүнемдік ниетпен жасаған және ірі зиян келтірген тауарларға, жұмыстарға немесе қызмет көрсетуге, сондай-ақ оларды өндірушілерге, орындаушыларға немесе сатушыларға қатысты көрінеу жалған ақпаратты пайдалануы-көрінеу жалған беру деп танылады. Қылмыстың тікелей объектісі-экономикалық қызмет субъектілерінің адал бәсекелестігін реттейтін қоғамдық қатынастар. Объективтік жағынан қылмыс құрамы іс-әрекет пен заңда көрсетілген себепті байланыстың болуы арқылы сипатталады.
Жарнама дегеніміз-тауардың құны немесе басқа да қызмет көрсетудің, оларға деген сұранысты туғызудың шарттары туралы ақпарат болып табылады. Бұл қылмыстың объективтік жағы-жарнамада жарнама берушінің пайдакүнемдік ниетпен тауарлар, жұмыстар немесе қызмет көрсетулерге, сондай-ақ оларды өндірушілерге, орындаушыларға немесе сатушыларға қатысты жалған ақпаратты пайдалануы арқылы жасалады. Мысалы: тауардың сапасы туралы, жұмыс немесе қызмет көрсету-олардың адамдар және жануарлар дүниесіне қауіпсіздігі, тауардың дайындаушылары, жасалған орны, тауар белгісі туралы жалған ақпараттар беру. Көрінеу жалған жарнама беру үшін қылмыстық жауаптылық тек қана ірі зиян келтірілген жағдайда орын алады. Құрылысы жағынан қылмыс құрамы материалдық. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен және пайдакүнемдік мақсатпен істеледі. Мұндай жарнама беру арқылы кәсіпкер өз тауарын, жұмыс немесе қызмет көрсету артықшылығын дәріптеп бәсекелесін рыноктан ығыстыруды ниеттейді. Осыған орай жарнама бергенде көрінеу жалған мәлімет беруді анықтау қажет. Егер мұндай жарнама абайсыздықпен таратылса, онда іс-әрекет қылмыс емес болып табылып, жауаптылық азаматтық құқық нормасы арқылы реттеледі. Қылмыстың субъектісі-кәсіпкер, жарнама қызметін жүзеге асыратын жетекші немесе оны жүзеге асырушы.
Достарыңызбен бөлісу: |