Шетел валютасындағы қаражатты шетелден қайтармау (213-бап)
Қылмыстық кодекстің 213-бабы бойынша: ұйым басшысының ҚР заңдарына сәйкес ҚР уәкілетті банкіндегі шоттарға міндетті түрде аударылуға жататын шетел валютасындағы қаражатты шетелден ірі мөлшерде қайтармауы-қылмыс болып табылады. Қылмыстың тікелей объектісі-мемлекеттің сыртқы экономикалық қызметін реттейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыстың заты-шетел валютасы. Шетел валютасы дегеніміз басқа мемлекеттердің ақша жүйесінде айналымға шығарылған банкноттары болып табылады. Олар мысалы АҚШ-та-доллар. Англияда-фунт стерлинг, ГФР-де неміс маркасы т.б.
Бұл қаражаттар ҚР уәкілетті банкіндегі шоттарға аударылуға жататын болса, бірақ солай етілмей шетелде қалып қойса, онда ол қылмыс құрамының заты болып қарастырылады. Бұл ретте қылмыстық жауаптылықтың негізгі шарты-қайтарылмаған шетел валютасы ірі мөлшерде болуы қажет. Қылмыстың объективтік жағы шетелден аударылуға жататын шетел валютасын қайтармау, яғни әрекетсіздік арқылы сипатталады. Егер шетелдік ұйымның теріс әрекеттерінен (мысалы коммерциялық алаяқтықтан) басқа көрсетілген валюталар басқа мақсаттарға жұмсалса немесе ондай қаражаттарды табу мүмкіндігі болмаса, онда адамды осы қаражатты шетелден қайтармады деп жазықсыз жазғыруға негіз жоқ. Қылмыстың объективтік жағының тағы бір белгісі шетелден қайтарылмаған валютаның мөлшері болып табылады. Заңда ол ірі мөлшер деп көрсетілген. Қылмыс шетел валютасындағы қаражатты қайтармаған уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Осыған орай арнаулы нормативтік актілер мен басқадай ресми құжаттар негізінде валюталық қаражатты шетелден қайтарудың мерзімін дәлме-дәл анықтау қажет. Қылмыс субъективтік жағы-тікелей қасақаналық. Қылмыстың субъектісі-арнаулы ұйым басшысы.
Кеден төлемдері мен алымдарын
төлеуден жалтару (214-бап)
Ірі мөлшерде кеден бажын, салықтарды, кеден алымдарын, лицензия бергені үшін алынатын алымдарды немесе басқа кедендік төлемдерді төлеуден жалтарғаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделген. Қылмыстың объектісі мемлекеттік кеденді реттеу саласында қалыптасқан қоғамдық қатынастар. Қылмыстың заты-кеден төлемдері мен алымдары. Объективтік жағынан қылмыс әрекетсіздік арқылы-кеден төлемдері мен алымдарын төлеуден жалтару арқылы жүзеге асырылады. Бұл жерде төлемдер мен алымдарды төлеуден жалтарудың тәсілдері сан қилы болуы мүмкін. Олар алдау әрекеттері: кеден декларациясына көрінеу жалған мәліметтер енгізу; жалған құжаттарды пайдалану т.б. әрекеттер, қылмысты саралау үшін мұндай тәсілдердің маңызы жоқ, бірақ бұлар жаза тағайындағанда еске алынуы мүмкін. Қылмыс құрамы формальдық, ол төлемдер мен алымдарды төлеуден жалтарған уақыттан бастап аяқталған деп саналады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстық ниет-пайдакүнемдік. Қылмыстың субъектісі-кеден төлемдері мен алымдарын төлеуге міндетті кез келген 16-ға толған,есі дұрыс адам.
Достарыңызбен бөлісу: |