Пластикалық материалдармен жұмыс істеудің техникалық тәсілдері Ғылыми-техникалық прогресті, оның даму қарқыны мен бағытын химия өндірісі анықтайды десе болады. Ал химияландырудың негізгі бағыты пластикалық массамен басқа синтездік полимерлерді қолдану екенін өмірдің өзі көрсетіп келе жатыр. Жақында ғана «пластмассалар болашақтың материалы» дейтін едік, қазір «пластмассалар – осы күннің материалы» деп батыл айтуға болады. Пластиканың негізгі қасиеттері. Пластикаға тән сипат — тығыздығының шамалы, механикалық беріктігінің жеткілікті, жылуизолядиялығы жақсы, үйкеліске төзімді болуы. Пластиканы қалаған түске бояуға болады. Кейбір пластиктер, полиэтилен — мөлдір келеді. Атмосфералық коррозияға, қышқылдар мен сілтілерге төзімділігі, әр түрлі пішінге келетіндігі, тығыздығы төмен болып, дәмі де, иісі де болмауы, жақсы боялып, жылу, электр изоляциялық қасиеттерге ие болуы – пластмассаның ең басты артықшылықтары болып табылады. Пластиканың тығыздығы шамалы болуымен қатар, механикалық беріктігі де жоғары. Парақша және талшықгы толтырғыштары бар конструкциялық пластмассалар ерекше берік келеді.Пластиканы күнделікті өмір мен техниканың тұрақты серігі болып алды. Пластмассадан жасалған бұйымдардың негізгі артықшылығы жеңілділігі, жоғары диэлектрикалық қасиеттері, температура өзгерісіне, сыртқы ортаның, агрессивтік қосылыстардың әсеріне тұрақтылығы, механикалық беріктігі. Пластмассаның тағы бір ерекшелігі – оларға қажетіне қарай кез келген арнаулы қасиет беруге болады. Мысалы, көпшілік пластмассалар ток өткізбейді, ал қажет болса ток өткізгіш пластмасса алуға болады. Шыныпласттар, көміртекті пластиктер болаттан да берік болуы мүмкін, ал газ толтырылған пластиктер өте жеңіл келеді, жылу жібермейтін, дыбыс өткізбейтін қасиеттерімен бағаланады. Пластмассалардың басқа құрылыс материалдарынан айырмашылыгының бірі — олардың беріктігі жоғары болса да, қаттылығы төмен. Мысалы, металдардың қаттылығы, олардың беріктігіне сәйкес тура пропорционал өседі. Осыған қарамастан қаттылығы төмең болса да, пластмассалар үйкеліс әсеріне өте төзімді.
Сондықтан олар еденге төсегіш материалдар ретінде кеңінен қолданылады. Пластмассаларды тиімді пайдалану үшін олардың тиімсіз қасиеттерін де ескеру қажет. Мысалы, көп пластмассалардың жылуға төзімділігі аз. Пластмассалардың отқа төзімдігін жоғарылату үшін оларды өндіру кезінде кұрамына антипириндер қосқан жөн. Уақыт өткен сайын жылу,күн сәулесі, ауадағы оттегі әсерінен пластмассалар тозып, иілімділігін азайтады. Бұл процестердің әсерін төмендету үшін пластмассалардың құрамына стабилизаторлар қосылады. Пластмасса өндірісі жедел қарқынмен өсуде. Соңғы 30 жылда пластмасса өндірісі 25-30 есе артса, болат өндірісі осы мерзімде 3,5 есе ғана өсті.Практикада кең тараған пластмассалардың негізгі 50-дей түрі бар. Олардың 36-сы термопласттар десек, қалғаны реактопласттар. Әрқайсысы 50-ден астам модификацияланған типтен тұрады. Пластмассадан жасалған бұйымдардың 300 мыңдай түрі бар. Әр алуан материлдардың жақсы қасиеттері пластмассалардан табылады. Сондықтан техникалық көптеген мәселелерді шешкенде, пластмассалар ең керекті, тіпті баламасы жоқ материал болып саналады. Мысалы, болатты алатын болсақ, ол өте берік, бірақ меншікті салмағы ауыр, мөлдір емес, электрден қорғай алмайды. Ағашты алсақ, ол жеңіл, бірақ берік емес, шіритін материал. Ал пластмассалар осы күрделі талаптардың барлығына жауап бере алады. Олардың арасынан берік те жеңіл. мөлдір және сынбайтын, электрден қорғағыш қасиеттері жоғары және басқа да сапалы қасиеттері бар түрлері кездеседі. Мысалы, химиялық төзімділігі алтын мен платинадан жоғары, үйкеліс коэффициенті өте төмен немесе өте жоғары, тағы басқа материалдар да бар.