Зиянды әрекеттер
Жаңа сабақ материалын түсіндіру. (5 мин)
2. Мұғалімнің сөзі: (2мин)
Денсаулық-адамның ең қасиетті де, құнды қайталанбас, жоғалса қайта орны толмас асыл қазынасы. Жаңа өздерің айтып кеткен зиянды әрекеттермен пайдаланған адамдардың, оған дейінгі және кейінгі күйлеріне назар аударайық. Ол үшін шағын бейнероликті тамашалаңыздар. Экранда бейнеролик көрсетіледі. (Бейнеролик арқылы оқушылар есірткінің адамға қаншалықты зиянды екенін түсінеді).
Бейнероликтен кейін, оқушыларға сұрақ қойылады:
Роликтегі адамдардың өмірін, денсаулығын, сырт келбетін өзгеруіне не әсер етті?
Неге адам баласы зиянды әдеттерге әуес келеді?
Денсаулық туралы қандай мақал – мәтелдерді білесіңдер?
1)Денсаулық - зор байлық
2) Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады.
3) Жан ауырса, тән азады.
4) Тәні саудың – жаны сау.
5) Тәуіптің жақсылығы - ауруға ауру жамамағандығы
3. Егер кез келген адамның алдында зиянды әдеттер кездессе, ол қандай шешім қабылдар еді? – деген сұраққа келесі көрінісіміз арқылы көрсетейік. (7-8 мин)
Көрініс «Зиянды әдеттер» (Рольдер - адам, денсаулық, темекі, арақ, есірткі)
Адам: Уһ, жаным-ай, мына күйкілжің күйбең тіршілік менің жанымды жегідей жеді. Істейін десең, жұмыс жоқ, жаныма әбден батты. Ең құрығанда, өзімнің кішкене бизнесім де жүрмеді. Нарық көтермеді, ішім күйіп барады, жанымды қоярға жер таппаймын. Өкіметтен үй саламын деп несие алғанмын, оны да төлей алмадым. Қарызым екі миллионнан асып кетті, не істеймін, не істесем жаным жай табады?
Арақ шығады: Әй, Адам, сен күйінбе. Иә мына мені ішіп ал, жаныңа рахат аласың. Қарашы, мен қандай мөлдірмін! Мына мені ішсең бар ғой, көңіл күйің көтеріледі, қайғы-шердің бәрін де ұмытасың. Мә, мені ішіп ал.
Денсаулық: Тоқтат, арақ, адамды азғырма. Арақ-ол спирттік ішімдік. Ол адам ағзасын ірітетін зат. Спирттің құрамында адамға зиянды улы заттар көп. Біздің ағзамызда қанға өткен қажетсіз өнімдерді сүзіп алып несеп жасайтын сүзгіміз бар, ол – бүйрек. Сол сияқты, адам ағзасының зертханасы деп аталатын бауырымыз бар. Міне спирт алдымен бауырды, содан соң он екі ішекті, асқазанды, әрі қарай бүйректі, жүректі, қан тамырларын зақымдайды және адамның жүйке жүйесіне қатты зақым келтіреді. Ең соңында орын толмас қайғыға әкеліп соқтырады. Сондықтан, адамдар, арақтан аулақ болыңдар. Кет, жоғал арақ! Адамның өміріне араласушы болма!
Темекі шығады: Ал мен өте әдемі және тартымдымын, исім қандай жағымды десеңші, шіркін! Эй, адам шегіп ал да бар шаршағаныңды ұмыт, рахатқа бөленсеңші. Менің досым болуға келісесің бе, Адам? Менің досым болшы.
Денсаулық: Тоқтат, темекі, өзіңнің уағызыңды! Темекі шегу – бұл халықтың арасында тараған зиянды әдет және де ол адам ағзасын іштей жейтін құрт. «Әрбір тартылған темекінің талы адам өмірін сегіз сағатқа қысқартады» деп есептейді ғылымда. Үздіксіз темекі шегетін адамның өқпесі бір жылда 1 литр смола, яғни шайыр жиналады екен. Сонымен қатар темекі түтінінде никотын сияқты улы заттар болады. Ол заттар қан тамырларын тартылып, тамырлар арқылы қанның жүруін қиындатады. Адамды өкпе туберкулезі, өкпе рагі, сол сияқты тыныс алу мүшелерінің ауруларына шалдықтырады. Сен, темекі, адамнан аулақ жүр!
Есірткі: Бәрінен де мен күштімін! Көңілі құлазыған, ісі еріккен, байлықтан басы айналған адамдар үшін ең рахаты, ең тиімдісі мен боламын. Мені ішкенде немесе пайдаланғанда күш-жігерің артады, көңіл күйің көтеріледі. Өміріңдегі барлық қайғы-мұңды ұмытасың, тіптен мүлдем ойламайсың. Әй, Адам, келе ғой, менімен дос болшы, мен сені еш уақытта да тастамаймын.
Денсаулық: Тоқтат, тоқтат, наша, сиқырлы әңгімеңді! Еліміздің экономикасы дамыған сайын есірткі заттардың да түрлері көбейіп кетті. Нашақорлықтың, нашақор адамдардың болашағы жоқ, келешегі күңгірт. Есірткі заттар – адам ағзасын, жүйкесін тіпті шашынан тырнағына дейін уландыратын ең күшті улы заттар. Ең жаманы – нашаға тәуелді болып қалу. Нашаға тәуелді болып қалу – ол сенің болашағыңның балталанғаны деген сөз.
Адам: Ей, жауыздар! Сырты жылтын, іші қотыр жауыздар! Кетіңдер. Кетіңдер. Кетіңдер әрі, аш қасқырдай анталайсыңдар ғой келіп. Менің алда көрер қызығыма сендер неге кедергі боласыңдар. Егер сендерге еріп, сендермен дос болсам, менің өмір есігін ашатын болашақ ұрпағым қандай болмақ? Егер адамдар жеңіл өмір іздеп сендерге еріп кетсе, онда ол ертеңгі ұрпақтарына қалай жауап береді.? Ертеңгі ұрпағы «Әке, сен маған қандай тәрбие бердің» немесе «Әке, неге мені мүгедек етіп дүниеге әкелдің» десе не деп жауап бермек адамдар?! Мен денсаулықты таңдаймын. Адам деген асыл атымды мұндай жауыз заттармен кірлетпеймін!
Достарыңызбен бөлісу: |