Сабақтың мақсаты: 1. Білімділік: оқушыларға Абайтану курсы туралы түсінік беру, Абай Құнанбайұлының өмірбаянымен таныстыру. Абай туралы білімдерін толықтыру;
2. Дамытушылық: Қызметі, саяси көзқарасының қалыптасуы, жеке қасиеттері, Абайдың қоғамдық-саяси және тарихи көзқарастарынмен таныстырып, тірек сызбамен жұмыс жасауға дағдыландыру;
3. Тәрбиелік: Абай бейнесін таныту арқылы оның бойындағы ізгі қасиеттерді үлгі ету, оқушы бойына сіңіру.
Түсінік хат Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Абайтану негізінен Абайдың туғанынан бастап, азамат болу кезеңдерін зерттейді. Абай және оның өскен ортасы, ақын болып қалыптасу кезеңі
негізінен сол дәуірдің қоғамдық сипаты мен халықтың әлеуметтік тұрмысына байланысты өзіндік жалғасын тауып отырады.
Жалпы, курстың мақсаты – Абай Құнанбайұлының қазақ жазба әдебиетінің көшбасшысы ретінде құбылыстық сипатын, бүкіл ақындық әлемін, өлең өнеріндегі
өзгешілігін, шеберлігін танытуға бағытталған. Бұл курс өзіне төмендегідей міндеттерді жүктейді:
- Абай Құнанбайұлының шығармашылығының зерттелу жайына тоқталып, абайтану ғылымының тарихынан мәліметтер беру;
- Ұлы ақынның ғұмырнамасына байланысты тың деректерге иек сүйеп,
ақынның жазба әдебиеттің көшбасшы ретіндегі орынын айқындау;
- Абайдың қазақ поэзиясына әкелген жаңалығын айтып, өлең өрнектерін дамытудағы рөліне тоқталу;
- Ғұлама ойшылдың философиялық нақыл сөздерінің мән – мағынасын ашып, тәлімгерлік тағылымы жайында сөз ету;
- Ақынның аудармадағы еңбегіне тоқталу, басқа ел шығармаларын қазақ тіліне аударудағы шеберлігін айқындау.
«Абайтану» курсында Абай мұрасын жан – жақты әрі терең танытуға
мүмкіндіктер жасай отырып, оқушылардың ғылыми танымын қалыптастыруды басты нысана етіп алып отыру.
Абайтану өзінің даму жолында аса күрделі қиын жолдардан өтті. Абай мұрасының жайын білу, бағалау саласында саяси – әлеуметтік жағдайларға байланысты қоғамдық ой – санада қым – қиғаш талас – тартыстар өріс алғаны белгілі. Сондықтан тәуелсіз заманның уақыт талабына орай жаңа таным мен соңғы көзқарастың ғылыми тұрғыдан тың байламдарын бүгінгі заман жастарының санасына сіңіру міндеті алға қойылып отыр.
Бұл курста әр оқушы өзі таңдаған тақырыбы бойынша ізденіп, түрлі бағытта шығармашылық жұмыстар жасауына болады.