Сабденова гульмира есбатырқызы қазақ хандығЫ ҚҰрылуының тарихнамасы


ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ КӨЗҚАРАСТАР



бет4/15
Дата03.11.2023
өлшемі259,51 Kb.
#121620
түріМонография
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

1 ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ КӨЗҚАРАСТАР


1.1 Қазақ халқының қалыптасуының теориялық-методологиялық

мәселелері


Отандық тарих ғылымының күрделі проблемаларының бірі қазақ халқының шығу тегі мен қалыптасу кезеңдерін жан-жақты зерттеу болып табылады. Бұл тақырыпты пайымдауға арналған бірнеше тарихи, этнологиялық, антропологиялық еңбектер жарық көргенімен, оның теориялық, методологиялық қырлары ғалымдар назарынан тыс қалып келеді. Этногенез проблемаларын теориялық тұрғыдан зерделеп және этнотарихи зерттеулердің кейбір методологиялық алғы шарттарын айқындап алмайынша, нақтылы зерттеулерде қайшылыққа ұшырамау мүмкін емес. Бұл талап, әсіресе, этностың қалыптасу жағдайын, сонымен қатар басты этникалық белгілерін анықтау үшін аса қажет. Этногенетикалық зерттеулердің теориялық негіздерін айқындауға бағытталған әрекеттер өткен ғасырдың 40-жылдарында көрініс бере бастады. Н.И. Кушердің "К методологии определения этнографической территории" [113], С.А. Токаревтің "К постановке проблем этногенеза" [114], А.Д. Удальцовтың "Теоретические основы этногенетических исследовании" [115] деген мақалалары, Б.А. Гафуров пен Б.А. Литвинскийдің "Узловые проблемы этногегеза истории народов Средней Азии и Казахстана" атты еңбегі жарық көрді. Бірақ олар этногенез проблемасына қатысты теориялық, методологиялық мәселелердің басын толық ашып бере алмады. Тарихи процестердің барлығын таптық, формациялық шеңберде ұғынуға тырысқан маркстік ілім қазақ халқының этногенезін зерттеудегі негізгі кедергі болды. Мұны 1987 ж. наурызда Алматыда өткен "Қазақ халқының этникалық тарихы және этногенезі" деген тақырыпта өткен ғалымдар арасындағы пікір алмасу форумының жұмысы да айқын көрсетті. Пікір сайыс қорытындысы бұл мәселелер жөнінде әлі де ғалымдардың бір тоқтамға келе қоймағандығын дәлелдеп берді [99].
Осы жиында академик Р.Б. Сүлейменовтің "Қазақ халқының этногенезі және этникалық тарихы: проблема және әдіс" деген тақырыпта баяндамасы тыңдалды. Сонымен қатар К.М. Байпақов "Отырықшы және көшпелі халықтар арасындағы өзара байланыстар этникалық процестердің даму факторы ретінде", К.А. Ақышев "Ерте және ортағасырлық Қазақстандағы этномәдени ахуал", Х.А. Арғын-баев "Қазақтардың этникалық құрамы және орналасуы", М. Әбу-сейітова "Қазақ халқының этногенезін зерттеуде жазба ескерткіштердің маңызы", Н.Э. Масанов "Көшпелі шаруашылық – мәдени түрдің эволюциясы және қазақ халқының этногенезі проблемасы", Ә. Қайдаров "Қазақ этнонимін этимологиялық талдау принциптері туралы", Ә. Әбдірахманов "Көне этнонимдер – қазақтар этногенезін зерттеудің дерек көзі" деген мәселелер бойынша хабарламалар жасады [99].
Форумда ғалымдар тарапынан елеулі теориялық, методологиялық қателіктер жіберіліп отырғандығына назар аударылды. Қөзқарастар алшақтығы қазақтардың этногенезі проблемасы мазмұнын түрліше ұғынудан, оны әртүрлі параметрлер тұрғысынан зерделенуінен, тіпті терминологиялық аппаратты әркімнің өзінше түсінуінен туындап отырғаны айтылды.
Содан бергі уақытта да отандық тарихнамада этностың түзілу процесінің методологиялық мәселелері кешенді түрде зерттеле қойған жоқ, бірақ оның жекелеген, кейбір құрамдас бөліктері К.А. Пищулина, М.Қ.Қозыбаев, Б.Е.Көмеков, Н.Э.Масановтың еңбектерінде көтеріле бастады. Шетел ғалымдары бұл мәселемен өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері жүйелі түрде айналысып келеді. Олар "Этнос дегеніміз не (кім), оның құралуының алғы шарттары қандай?" деген сұрақтарға жауап іздеумен шұғылдануда. В.Ф. Геннинг мысалы, этносты қалыптастырушы факторлар қатарына этностың өз территориясы (аумағы) болуын және әлеуметтікэкономикалық даму біркелкілігін жатқызады [118 ].
Алайда этносты және этникалық белгілерді құрайтын факторлар жөнінде айтпастан бұран, "этнос" категориясының мазмұнын анықтап алу қажет. В.Ф. Геннингтің пікірі бойынша, "этникалық қауымдастық дегеніміз шыққан тегі, тіл, территория, мемлекет, экономикалық байланыстар, мәдениет, дін бірлігі сияқты түрлі әлеуметтік байланыстарға негізделген қауымдастық болып табылады [119]. Осы нышандардың арасындағы тарихи даму барысында қалыптасатын өзара қатынас этникалық сана-сезімді туғызады, сол арқылы индивидумның (жеке тұлғаның), не болмаса әлеуметтік топтың қай этносқа жататындығы анықталады [90, 53б].
Қазіргі заманғы әдебиетте этностың мұнан басқа да анықтамалары бар. Н.Н. Чебоксаров [91-5 б.], В.Н. Козлов [120], Г.В. Шелепов [92; 93], Ю.Б. Бромлей [94, 37б], В.П.Алексеев [97; 98], Р.Ф.Итс [121], В.И. Васильев[122], И. Семенов[123; 124], Э.Т. Александренков [125], И.Ю.Заринов[125] этникалық сана-сезімге, шыққан тегіне, қайсыбірі әлеуметтік-экономикалық құрылымдарға, келесі бір топ ғалымдар тіл мен мәдениетке доминанттық (басым) күш ретінде қарайды. Мысалы, Ю.В. Бромлей мәдени-тұрмыстық бірлік пен сана-сезімді этностың бірден-бір тұрақты белгілері деп есептей отырып, мынандай анықтама ұсынады: "Этнос дегеніміз барлығына бірдей және біршама тұрақты ерекшеліктерімен айқындалған мәдениет, мінезқұлық (психика), сонымен қатар өз тұтастығын және басқа қауымдастықтардан бөлектігін сезінген сана тән тарихи қалыптасқан адамдар жиынтығы" [94, 37б].
Бірақ осы "тарихи қалыптасқан адамдар жиынтығының" біртұтас қауымдастыққа айналуы үшін, яғни белгілі бір адамдар тобының өзіне ғана тән мәдениетті, этникалық сана-сезімі болуы үшін этногенез процесінің алғы шарттары болуы керек. Басқаша сөзбен айтқанда, "этникалық ұйытқыны (не болмаса "этникалық өзекті") этногенез алғы шарттарының рөлін атқаратын тарихи жағдайлар туғызады. Ал, олардың қозғаушы күші әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынастардың дамуы болып табылады – деп есептейді Ю.В. Павленко. – Пайда болғаннан кейін этнос ұзақ уақыт бойы өзін қалыптастыруға жағдай жасаған тарихи факторлардан тәуелсіз өмір сүре алады. Бірақ оларсыз дүниеге келуі де, қалыптасып, тарихи процестің дербес организмі ретінде көрінуі де мүмкін емес" [95, 77б].
Сонымен жоғарыда көрсетілген ғалымдардың зерттеу әдістеріне этносты оны сипаттайтын басты ерекшеліктері (немесе белгілері) арқылы айқындауға тырысушылық тән. Негізінен әдебиетте этностың қалыптасуының басты шарты және дамуының қозғаушы күші, түптеп келгенде, этникалық процестің барлық жақтарының әлеуметтікэкономикалық құрылымының пайда болуы екендігі мойындалған.
Осы методологиялық принципке негізделген ғылыми мектептің өкілдері белгілі бір этностың және оған тән белгілердің қалыптасу процесін зерттеуде екі мәселеге назар аударады. Олар: а) қандай да болмасын этностың өндіріс тәсіліне негізделген қалыптасу процесін өмір сүруге қабілетті дербес (автономды) әлеуметтік организм ретінде қарастыру: 2) этностың нақтылы шаруашылық – тарихи-мәдени кешен жағдайында қалыптасуы.
Қорытындылап айтқанда, этноәлеуметтік организмінің қалыптасуының басты шарты біршама мәдени, тілдік, психикалық және антропологиялық белгілері қордаланған, ортақ аумақты мекендеген, дамудың бір сатысында тұрған және еңбек процесі барысында өзінің күш-жігерін біріктіруді қажетсінген жеке адамдар топтарының арасында берік әлеуметтікэкономикалық байланыстардың орнығуы болып табылады [95,84-85б]. Өз кезегінде ол белгілі бір шаруашылық – тарихи-мәдени кешенді құрайды.
Қазақ халқының тарихын осы теориялар шеңберінде пайымдайтын болсақ, біріншіден, қазақтардың этногенезі деп қазақ халқының бірігуі және қалыптасу процесі, яғни оған қатысқан тайпалар мен халықтардың тарихы деп ұғынуымыз керек. Екіншіден, қазақтардың этникалық тарихы деп қалыптасып үлгерген қазақ халқының тарихы, яғни оның түрлі ортамен: табиғатпен, әлеуметтік-мәдени және өз этникалық аясымен этномәдени өзара ықпалдастық тарихы деп түсіну қажеттілігі [96].
Бірақ отандық тарихшылардың арасында этногенез терминінің семантикалық табиғатын пайымдауда бірегейлік жоқтығы байқалады. Көпшілік жағдайда қазіргі тарихнамада ассимилляциялық-интеграциялық процестерге немесе кейбір ғалымдар қолданып жүрген терминдер бойынша, субстраттық-суперстраттық процестерге, тек керек жағдайларда ғана адстраттық өзара ықпалға назар аударылады [127, 90б].
Этногенез процесін бұлай пайымдауға болмайтындығы жөнінде академик Р.Б. Сүлейменов: "Негізінен қате осы әдістемелік тәсіл (алғы шарт) тұрғысынан жазылған бірнеше еңбектер жарық көрді. Оларда көшпелілердің спонтанды дамуы зерттеу нысанынан тыс қалды", – деп көрсеткен еді [127, 90б].
Отандық тарихнамада 70-80-жылдары орын алған этногенез проблемасын зерттеуді субстраттық-суперстраттық процестермен шектеу этникалық процестердің заңдылықтарын, әсіресе, адаптациялық (бейімделу) тетіктерін түгел түсінуге мүмкіндік бермеді. Осыған байланысты ғылыми әдебиетте аборигендер (жергілікті тұрғындар) мен мигранттардың өзара ықпалы мен әрекеті сипатын анықтаушы және бағыт беруші фактор қандай деген сұраққа жауап іздестірілді. Зерттеушілердің этногенез және этникалық тарих, ең алдымен, табиғи, әлеуметтік-экономикалық және өзіндік этникалық орталармен өзара әрекет процесі екендігі жөнінде қорытындыға келуі проблеманы методологиялық тұрғыдан дұрыс түсінуде маңызды рөл атқарды. Бұл өз тарапында автогенез аясын, яғни қоғам мен табиғаттың өзара әрекетінің, адамның биологиялық бейімделуден тыс – мәдени дамуының нәтижесі ретінде көрінетін өзіндік эволюциясын зерттеу қажеттілігін алға қойды. Осылай бола тұрғанымен, бұл методологиялық талап 70-80-жылдардағы кейбір зерттеулерде басшылыққа алына қойған жоқ. Осыған орай этногенез проблемасын зерттеуді субстраттықсуперстраттық процестер аясымен шектеу 1979 ж. жарық көрген "История Казахской ССР-дің" екінші томында көрініс бергенін айта кету керек [128; 107, 90б ].
Сыртқы факторларға басымдылық маңыз беру, көшпелі қоғамның ішкі эволюциясын ескермеу әлі де жалғасын тауып келеді. А.М. Хазанов мысалы, өзінің "Скифтердың әлеуметтік тарихы" деген еңбегінде: "… жазба деректер қалдырмауы себепті олардың тарихын көршілес отырықшыегіншілікті өңір халықтарымен қарым-қатынас тарихын талдау арқылы анықтауға болады", – деп жазды [129].
Г.А. Федоров-Давыдов YІІІ-ХY ғасырлар кезінде Орта Азия мен Қазақстан аумағындағы этникалық процестерде миграциялық құбылыстар мен оқиғаларды басым фактор ретінде қарастырады. "Орта Азия халықтарының этногенезін зерттегенде халықтар мен тайпалардың қоныс аударуы, жалпы жергілікті тұрғындардың құрылымында көшпелі түрік элементінің күшеюі, ауып келген тайпалардың әлеуметтік-мәдени ықпалы сияқты факторлар орын алған монғол және тимуридтер дәуірлері ескерілуі қажет", – деп жазады ол [130, 74б]. Осы пікірді бекіту мақсатында автор 1470-1471 жылдары Іле өзені бойындағы ойраттардың жеңісінен кейін Жүніс ханның қарамағындағы он мыңға тарта моңғолдың Ташкент облысы мен Ферғанаға қоныс аударуы, Әбу-Саид кезінде Сырдария өңірінен арғындардың біраз бөлігінің Мауреннахрға көшіп барып, 1457-1458 жылдары Гератты басып алу жорығына қатысқандығы, басқа да миграциялық оқиғалар жөнінде нақтылы мәліметтер келтіреді [130, 76б ].
Г.А. Федоров-Давыдов Әмір Темірдің тайпаларды бір жерден екінші жерге шашырата қоныстандырып, басқа халықтар мен ұлыстардың құрамына енгізіп отырғаны жөнінде Абд ар-Раззак Самарқандидің, Низам ад-Дин Шамидің еңбектерінен мысалдар келтіре отырып, бір орталыққа бағындырылған өкімет саясатының этникалық процестерге бағыт беруде қуатты фактор болғандығына назар аударады. ХІІІ-ХІY ғасырлардағы халықтар мен тайпалардың қоныс аударуы мен олардың Орта Азия этногенезі процестеріндегі рөлін Жошы, Хулагу, Шағатай хандықтарының ұлыстық құрылым ерекшеліктерімен байланыстыра зерттеуді ұсынады. Жалпы алғанда, автор ассимилияциялық процестерге көбірек ден қояды.
Отандық тарихшылар осы уақытқа дейін, жоғарыда көрсетілгендей, негізінен этносты қалыптастырушы жеке факторларға мән беріп келеді. Н.Э. Масанов қазақ этногенезі процесінде экономикалық, экологиялық факторлар маңызды рөл атқарды деп есептейді. Оның пікірінше, шаруашылық жүргізудің көшпелі үрдісі Қазақстан халықтарының, әсіресе, қазақтардың этникалық тарихында этносаяси тұрғыдан қалыптастырушы басты фактор болып табылады. Нәтижесінде адамның өзі өмір сүрген ортаға бейімделуінің ерекше формасы болып табылатын көшпеліліктің пайда болу кезеңінен бастап, екі мың жылдан астам дәуір ішінде бірегей этникалық белгілер жинақталып, көшпелі социумдардың біртіндеп этностену процесі жүріп отырған [103, 84б].
Этногенетикалық процесс жаңа этникалық қауымдастық – қазақтардың қалыптасуын жеделдеткен этносаяси көшпелі бірлестіктердің құрылуына байланысты екі мыңыншы жылдықтың орта тұсында өзінің айқындалу сатысына аяқ басқан.
Супстраттық, суперстраттық факторлардың басымдылығы туралы идеяның жақтаушысы Н.Э. Масанов бұл процестің өз жалғастығын табуы да, үзіліп қалуы да көшпелі тұрмыс-салт үрдісіне байланысты деп көрсетеді. "Сонымен, – деп жазады ол, – көшпелі шаруашылық үрдісі кейінгі ортағасырлық шаруашылық бірлестіктердің тарихи сабақтастығын, олардың осы өңірдің көне және ерте орта ғасырлар тұсындағы тұрғындарымен генетикалық байланысын анықтады". Осыдан келіп бұл автор этногенез үзіліссіздігінің кепілі шаруашылық және мәдениет салаларында технологиялық дағдылар мен тәсілдердің сабақтастығын анықтаушы табиғи орта болып табылады деп түйіндейді [103, 86б].
Методологияның тарихи сабақтастық принципі туралы мәселені бірінші көтерген, әрине, Н.Э. Масанов емес. 1938 ж. С.П. Толстов "Основные вопросы древней истории Средней Азии" деген мақаласында Орта Азия мен Қазақстан халықтарының этногенезін үзік-үзік түрінде баяндайтын дәстүрлі концепцияға қарсы шыққан. Соңғысы осы өңірдің ерте заманғы тұрғындары мен орта ғасыр және жаңа дәуірдегі халықтарының арасында байланыс жоқ деп есептейтін қазақтар, өзбектер, қырғыздар, қарақалпақтар мен түрікмендерді кейінгі кезеңде шығыстан келген және Орта Азияның жергілікті көшпелі, сонымен қатар отырықшы халқының бір бөлігін ығыстырып, келесі бөлігін ассимиляциялаған тайпалардың ұрпақтары деп қарастыратын. С.П. Толстов көптеген нақтылы материалдар негізінде бұл концепцияның тарихи шындыққа сәйкес келмейтіндігін дәлелдеп берген. Ғалымның "соғдылықтардың, бактриялықтардың, хорезмдіктер, массагеттер, сақтар, үйсіндер, эфталитер мен түріктердің тарихы Кеңестік Шығыс республикалары халықтарының тікелей ата-бабаларының тарихы" деген тұжырымы [131] қазақ этногенезін зерттеуде тарихи сабақтастық принципінің орнығуына көп септігін тигізді.
Сол кезден бастап қазақтар этногенезі далалық өңірді және Жетісуды мекендеген массагеттер, сақтар, үйсіндер және басқа да көне тайпалар тарихымен байланыста зерттеле бастады. Бірақ мұнан мәселе түбегейлі шешілді деген тұжырым жасалмауы керек. Тіпті тарихи сабақтастық принципін Н.Э. Масанов тайпалар мен халықтар арасындағы генетикалық байланыс емес, бұрыннан келе жатқан дәстүрлі концепция шеңберінде түсінеді және оны бұл автор соңғы зерттеулерінде де дәлелдеуге тырысты.
80-жылдардың аяқ кезінен бастап жарияланған еңбектерінде Н.Э. Масанов географиялық детерминизмге ой ұра бастағаны аңғарылады. 1990 ж. Мәскеуде жарияланған "Этногегез казахов: проблема и метод" деген мақаласында этностың өмір сүрген табиғи ортасы мен территориясына доминанттық маңыз артады. "Жалпы әлеуметтік қауымдастықтың генезисі олардың мекен еткен аумағымен тікелей байланысты, – деп жазады ол. –
Осы себепті этникалық аумақтың болуы кез келген этностық қалыптасуының басты шарты болып табылады" [103, 94б].
Автор әрі қарай осы тұжырымын былайша өрбітеді. Ортақ мекен этникалық қатынастардың пайда болу процесінің өзін, маңызды этникалық белгілерді, ең соңында, этникалық қауымдастықтың қалыптасуы арқылы көрінетін этникалық сана-сезімді анықтайды. Территория этногенетикалық процестің шарты және материалдық негізі болып табылады, себебі бірге өмір сүру және ақпараттық байланыстардың жиіленуі адамдардың араласуы мен іс-әрекеттерінде, түптеп келгенде, ортақ этникалық белгілердің қалыптасуына алып келеді. Басқаша сөзбен айтқанда, территория этникалық қауымдастықтың қалыптасуын қамтамасыз ететін адамдар арасындағы түрлі функционалдық байланыстардың негізі болып есептеледі.
Осы ойларын қорыта келіп, Н.Э. Масанов этногенез және этникалық даму процестерінде табиғи ресурстарға, жалпы алғанда географиялық факторға шешуші рөл жүктейді.
Н.Э. Масановтың бұл тұжырымдарынан Ю.В. Бромлей [96], В.П. Алексеев [132], В.А. Анучин [133] сияқты этнос пен оның өмір сүру ортасын біртұтас этноэкологиялық жүйе ретінде қарастыратын орыс ғалымдарының ықпалын аңғару қиын емес. Автор өз ой-пікірлерін көшпелілер тарихының экологиялық мәселелеріне арналған басқа да ізденістерінде бекіте түсті [134].
Н.Э. Масанов және басқа да авторлардың этногенез мәселелерінде сыртқы факторларға көбірек мән беруі қандай да болсын этникалық белгілердің қалыптасу мехенизмі (тетігі) туралы зерттеулердің жоқтығында, яғни автогенез үйлесімділік жүйесінің түбегейлі пайымдала қоймағандығында болып отыр [95]. Бұл тақырыпқа шаруашылық-мәдени түрлердің этностенуі жөніндегі өз концепциясын ұсынған Я.В. Чеснов қана қалам тартты [135].
Отандық тарихнамада автогенез проблемасына арналған іргелі еңбектің жоқтығы қазақтардың шығу тегі процесін зерттеуді тежеп келеді. Тек қана
80-жылдардың аяғында этногенездің шешуші факторы ретінде
Қазақстанның көне заманғы және орта ғасырлардағы қоғамның әлеуметтікэкономикалық дамуы, саяси құрылымдар мен мемлекеттік бірлестіктер шеңберінде өндірістік қатынастар жүйесін реттеуді талап еткен қоғамдық қатынастардың ілгерілеуі болып табылатындығы жөнінде тұжырым жасалынды.
Этногенез диахрондық мәнінде – процесс, синхрондық түрінде – жүйе болып табылады. Соңғысының өзіне тән даму параметрлері және басқа да жүйелер сияқты, ол өзін құрайтын компоненттері, бегілері және элементтерінің функционалдық байланыста болуымен сипатталады. Осы себепті этногенетикалық процестерді әлеуметтік-экономикалық, таптық, мемлекеттік, саяси құбылыстармен өзара тығыз байланыста зерттеу қажет
[136].
Қазіргі таңда отандық тарихнамада этногенез проблемасын кешенді зерттеу керектігі, себебі жеке антропологиялық, археологиялық, этнографиялық, лингвистикалық, дерекнамалық, тарихнамалық зерттеулердің қай-қайсысы да өз алдына оң нәтиже бере алмайтындығы туралы тұжырым талас тудырмайды. Шетелдік тарихнамада да осы үрдіс орын алып отыр [97; 121; 122; 123; 124; 125; 127].
Солай бола тұрғанымен, осы зерттеу әдісі мен этногенез проблемасына арналған еңбектерде оның жүзеге асырылуы арасында біршама алшақтық бар екендігі аян. 1979 ж. жарық көрген "История Казахской ССР" деген іргелі еңбектің 2-томында кеңестік тарих ғылымында этногенетикалық проблемалар кешенді түрде қарастырылып келе жатқандығы және осы методологиялық принцип Орта Азия мен Қазақстан халықтарының этногенезін зерттеуде де басшылыққа алынғандығы жазылған. Дегенмен осы өңірдің көне тұрғындары – сақтардың тілдік атрибуциясын, көшпелі қоғам эволюциясының ішкі заңдылықтарын анықтауда қайшылықты пікірлерге жол берілді [46].
Н.Э. Масанов "История Казахстана: народы и культуры" деген ұжымдық еңбекте қазақтардың этногенезі проблемасына қатысты жазылған жұмыстардың көпшілігіне диахрондық зерттеу әдісі тән екендігін және оларда этникалық процестердің сабақтастығы мен динамикасы, генеалогиялық, рулық-тайпалық мәселелері қарастырылатынын айтады. Оның пікірінше, осының нәтижесінде проблеманың шешуші мәселелері, оның ішінде этногенездің әлеуметтік-мәдени параметрлері және ең бастысы, шоғырлану және бірігу этногенетикалық процесінің тетіктері зерттеу нысанынан тыс қалып қояды [41, 62б].
Қазақтар этногенезі мен этникалық тарихын автор өзі ұсынып келе жатқан схема бойынша ғана пайымдауға болады деп есептейді. Ол ең маңызды мәселе көшпелілердің материалдық өндіріс жүйесі мен ерекшеліктерін және өмір салтын, осыдан келіп олардың мекенінде этникалық процестердің қалыптасуы мен дамуына қоршаған ортаның ықпалын зерттеу болып табылады деген пікірге саяды. Бұрыннан айтылып келе жатқан ой-пікірлерін қайталай келіп, Н.Э. Масанов экологиялық кеңістік ерекшіліктері адамның өзін қоршаған табиғат, жағдайларына бейімделу тәсілдеріне тікелей әсер етті деп жазады. Осы процесс барысында материалдық өндірістің ерекше жүйесі, нақтылы өмір салты, тіпті құндылықтар жүйесі, мәдениеттің ерекше түрі қалыптасады-мыс. Н.Э.Масанов осы өзара байланысты құбылыстардың логикалық түзілісінің негізінде этномәдени қауымдастық пайда болады деп түйіндейді.
Бұл автордың этногенез проблемасы бойынша көзқарастарында жаңалық жоқ екендігі, негізінен Ю.В. Бромлей т.б. орыс ғалымдарының ойтұжырымдарының ықпалы басымдылығын жоғарыда да атап көрсеткенбіз. Қоршаған ортаның өндіріс тәсіліне белгілі бір дәрежеде ықпалы барлығын жоққа шығаруға болмайды, бірақ оның рөлін, тіпті адамдардың рухани өміріне дейін таратып, әсірелеуге болмайды. Бұл ғылымда түрлі нәсілшілдік теорияларға, саясатта "өмір сүру кеңістігі" үшін тартысқа жетелейді.
Ғылыми тұрғыдан алғанда, қоршаған орта сияқты сыртқы факторларға басым мән беру этногенез проблемасын синхронды зерттеуге мүмкіндік бермейді, қайта субъективизмге жол ашады.
Н.Э. Масановтың бұл проблеманы пайымдаудағы жаңалығы ретінде этногенез процесін "ареал" (шөлді-шөлейтті аудандар) және "маргинальдық зона" сияқты аумақтық түсініктер арқылы қарастыру талпынысын айтуға болады. Оның пікірінше, олар осы өңірлердің тұрғындарының шараушылық құрылымында және әлеуметтік-экономикалық қатынастарының дамуында бірдей рөл атқармаған. Біріншісінде, яғни шөлді-шөлейтті өңірде шаруашылық жүргізудің бір ғана үрдісі – көшпелі мал шаруашылығы үстем болды.
"Маргинальды зоналарға" шаруашылықтың түрлі формалары -қалалық өмір, отырықшы-егіншілік, таза көшпелілік тән болды [41, 62б].
Бірақ бұл жерде де автор географиялық факторға негізделген өз концепциясы тұрғысынан пайымдайды. Көрсетілген шаруашылық үрдістеріне байланысты ол мынандай қорытындыға келеді. Шөлді-шөлейтті ("ареал") аудандарда диахрондық, яғни ұрпақаралық, ақпараттық байланыстар үстем болды. Ақпараттық байланыстардың осы сипатта немесе арнада дамуы, күрделі ұйымдасқан маргинальды өңірлермен салыстырғанда, шаруашылық және мәдени тұрғыдан біртектес аудандарда этногенез процесінің қарқынды жүруіне әсер етті. Себебі мұнда ортақ өмір салты, өндірістің ерекше тәсілі, бір сипатты экономика негізінде мәдени қауымдастық тезірек қалыптасты [41, 63б].
Бірақ, біздің ойымызша, автордың экологиялық концепциясының бұл жерде де әлсіз жақтары көзге түседі. Біріншіден, қоршаған орта (шөлдішөлейтті өңір) және көшпелі мал шаруашылығы жағдайында дала тұрғындарының шашырай орналасуы (disperse - дисперсное) көшпелілердің этногенезі процесін тездетуі емес, тежеуі керек; екіншіден, қоршаған орта этногенетикалық процесте шешуші фактор бола алмайды. Себебі бірдей табиғи ортада әртүрлі, өзіне тән тұрмыс-салты, тілі, діні бар халықтардың қалыптасқандығы жөнінде мысалдарды тарихтан жиі кездестіруге болады (Ауғанстан, Монғолия және т.б.).
Қазақ халқының этникалық тарихын зерттеуде Қазақстан археологиясының атқарып келе жатқан қызметі аз емес. Қай халықтың болса да, оның ішінде қазақтардың шығу тегін этникалық және марфологиялық түр-тұлғасын, әсіресе оның алғашқы тектік формасын анықтап және оның ұрпақтан-ұрпаққа даму сатыларын нақтылы көрсете алатын бір саласы антропология. Бұл ғылымның жалпы іздену әдістері барлық тарихи дәуірлерде өмір сүрген адамдар биологиясының, марфологиясының, физиологиясының, қаңқасының, жас, жынысы, нәсіл ерекшеліктерінің заңдылықтарына сүйене отырып жүргізіледі. Аталмыш салада О.Смағұлұлының “Қазақтардың этникалық тарихындағы методологиялық мәселелер” атты зерттеуінің зор маңызы бар [138; 139].
Қазақтардың этногенезі проблемасының жүйелі түрде шұғылданып жүрген отандық ғалымдарымыздың бірі – К.А. Пищулина. Бұл ғалымның зерттеу әдісін этногенез проблемасын этносаяси бірлестіктермен байланыстыра қарастыру ерекшелейді [59; 140; 141].
К.А.Пищулина тайпалардың халық болып бірігуінің басты шарты шаруашылықтың және шаруашылық байланыстардың дамуы деп есептегенімен, басқа да тарихи факторларға, олардың ішінде шекаралас отырықшы – егіншілікті аймақтар және қалалық мәдениетпен байланыстардың өрбуіне, сол негізде шаруашылық, этномәдени, этносаяси байланыстары орныққан аймақтың қалыптасуына, жақын туыстас этностар ғана емес, басқа да этникалық топтар арасында аралас-құраластық процестің дағдыға айналуына мән береді. Әсіресе, автор этносаяси бірлестіктердің рөлін ерекше атап көрсетеді.
Саяси ұйым халықтың қалыптасуын аяқтайтындығы жөніндегі қағида К.А. Пищулинаның ғана емес, басқа да отандық ғалымдардың еңбектерінде әдістемелік алғы шарт ретінде қабылданды. Сонымен қатар оның методологиялық маңызы да бар. Сондықтан да зерттеушілердің басым көпшілігінің қазақтар этногенезінің аяқталу кезеңін қазақ хандығының құрылуымен, ал оның қалыптасу процесіндегі маңызды кезеңдерін Ақ-
Орда, Моғолстан сияқты этносаяси бірлестіктермен байланыстыруы кездейсоқ емес.
К.А.Пищулина еңбектерінде, осы методологиялық және әдістемелік принципке сәйкес, ХІY-ХY ғасырдың бірінші жартысында, Ақ-Орда, көшпелі өзбектер мемлекеттері кезінде, Қазақстан аумағында тайпалардың этникалық құрылымының тұрақтануы, көптеген жергілікті және қоныс аударып келген түрік, монғол тайпаларының арасындағы айырмашылықтар жойылып, олардың барлығына ортақ этникалық белгілердің қалыптасуы кешенді түрде зерттелген.
Автордың этногенетикалық процестегі мемлекеттіліктің атқаратын рөлі жөніндегі пайымдаулары соңғы бес томдық "Қазақстан тарихының" екінші томында кеңірек баяндалған. "Қандай халық болса да, – деп жазады К.А. Пищулина, – өзінің ұзаққа созылған қалыптасу жолында көбіне-көп әр түрлі феодалдық мемлекеттер шеңберінде оқшауланып қалады да, басқа халықтар бөлшектерімен бірге өздерінің жекелеген құрамаларымен түрлі этносаяси қауымдастық құрайды" [141].
Ғалым жоғарыда айтылған көшпелілік өмір салтының этногенетикалық процесті жеделдететіндігі (Н.Масанов) жөніндегі пікірмен келіспейді және бұл жөнінде орынды уәж айтады. Көшпелі өмір жағдайында, деп жазады К.А. Пищулина, мемлекеттердің шекаралары әдетте халық болып топтасып, сол мемлекеттердің шеңберінде уақытша этносаяси қауымдастық құрылған рулардың, тайпалар мен өзге де этникалық бөлімшелердің көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы этникалық қоныстанушының өзгермелі шекараларымен сәйкес келмеді. Бұл жағдай олардың этникалық жақындасуын қиындатты, өйткені саяси бөліну ежелден қалыптасқан шаруашылық, мәдени, этникалық байланыстардың сақталуы мен орнығуына кедергі жасады.
Сонымен, қорыта айтқанда, қазақтардың этногенезі тарихнамасында бұл проблеманы Ақ Орда және оның өзбек, өзбек-қазақ атанған тұрғындары тарихымен ғана емес, Әбілқайыр хандығы және оның көшпелі өзбектерінің этносаяси қауымдастығымен де, Ноғай ордасы және оның этносаяси қауымдастығымен де (қазақ, ноғай), ақырында Моғолстан мен оның этносаяси қауымдастығымен де (моғолдар) байланыста қарау әдістемелік талап ретінде орнықты.
Дегенмен қазақтардың этногенезі проблемасының теориялықметодологиялық негіздері толық зерттелді деуге болмайды. Этностену процесінің ішкі тетіктері мен заңдылықтары, көшпелі өмір жағдайындағы ұлттық сана-сезімінің қалыптасу ерекшеліктері т.б. мәселелер әлі де зерделенбеген. Аталмыш еңбекте (ІІ томда) "этносаяси қауымдастық" терминіне беріліп отырған анықтама түбегейлі сипат танытпайды, себебі оның халықтың қалыптасу процесіндегі орны, қай сатыны құрайтындығы пайымдалмаған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет