Сабденова гульмира есбатырқызы қазақ хандығЫ ҚҰрылуының тарихнамасы



бет14/15
Дата03.11.2023
өлшемі259,51 Kb.
#121620
түріМонография
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15

ҚОРЫТЫНДЫ


Сан ғасырлар бойы отарлық езгіде болып келген қазақ елінің егемендікке қол жеткізуі өзінің өткен тарихын объективтік шындық тұрғысынан зерделеуге мүмкіндік туғызды. Әсіресе, қазақ хандығының құрылу тарихын жүйелі түрде зерттеп, Еуразия кеңістігіндегі көшпелілердің ежелден келе жатқан бай мемлекеттілік дәстүрі болғандығын, сол негізде олардың дүниежүзілік өркениетке қосқан өзіндік үлесін анықтау отандық тарих ғылымының өзекті мәселелерінің біріне айналды.
Қазақ хандығының дүниеге келуі оның халқының шығу тегі және қалыптасуымен тығыз байланысты. Соңғы тақырыпты әр қырынан қарастырып, егжей-тежгейлі зерттелмейінше, қазақ мемлекеттілігінің басты тарихи кезеңдерін, эволюциясы мен дағдарысқа ұшырауын көз алдымызға келтіре алмаймыз. Сол себепті де біздер өз еңбегімізде қазақ халқының этногенезіне ерекше назар аударып, Қазақ хандығының құрылуының басты алғы шарты ретінде қарастырдық.
Қазақтар этногенезінің теориялық-методологиялық мәселелерінің отандық және шетелдік тарихнамада зерттеу қорытындыларына талдау жасалды.
Этногенетикалық зерттеулердің теориялық негіздерін анықтауға бағытталған әрекеттер өткен ғасырдың 40-жылдарында көрініс бере бастады (Н.И. Кушнер, С.А.Токарев, А.Д. Удальцов, Б.А. Гафуров, Б.А. Литвинский т.б.). Бірақ олар этногенез проблемасына қатысты теориялық, методологилық мәселелердің басын толық ашып бере алмады. Тарихи процестердің барлығын таптық, формациялық шеңберде ұғынуға тырысқан маркстік ілім қазақ халқының этногенезін зерттеудегі негізгі кедергі болды. Мұны 1987 ж. наурызда Алматыда өткен "Қазақ халқының этникалық тарихы және этногенезі" деген тақырыпта өткен ғалымдар арасындағы пікір алмасу форумының жұмысы да айқын көрсетті.
Дегенмен онда жасалған Р.Б. Сүлейменов, К.М. Байпақов, К.А. Ақышев, Х.А. Арғынбаев, М. Әбусейітова т.б. ғалымдардың баяндамалары аталмыш проблеманы зерттеуде біршама ілгерілеу бар екендігін көрсетті.
Содан бергі уақытта отандық тарихнамада этностың түзілу процесінің методологиялық мәселелері кешенді түрде зерттеле қойған жоқ, бірақ оның жекелеген, кейбір құрамдас бөліктері К.А. Пищулина, М.К. Қозыбаев, Б.Е. Көмектовтің еңбектерінде көтерілді.
Проблеманың маңызды қырларының бірі "этнос" категориясының мазмұнын анықтау болып табылады. Жұмыста осыған орай отандық және шетелдік әдебиеттегі (этностың түрлі анықтамалары, олардың генеологиялық негіздері талқыланды (В.Ф. Геннинг, Ю.Б. Бромлей, Н.Н. Чебоксаров, В.Н. Павленко т.б.). Осы негізде көпшілік ғалымдардың зерттеу әдістеріне этносты оның басты ерекшеліктері (немесе белгілері) арқылы айқындауға тырысушылық тән екендігі; жалпы алғанда, этностың қалыптасуының басты шарты және қозғаушы күші, түптеп келгенде, этникалық процестің барлық жақтарының, әлеуметтік-экономикалық құрылымының пайда болуының мойындалғандығы жөнінде қорытынды жасалды.
Осы методологиялық принципке негізделген ғылыми мектептің өкілдері этностың және оған тән белгілердің қалыптасу процесін зерттеуде екі мәселеге назар аударады. Олар: а) қандай да болмасын этностың өндіріс тәсіліне негізделген қалыптасу процесін өмір сүруге қабілетті дербес (автономды) әлеуметтік организм ретінде қарастыру; ә) этностың нақтылы шаруашылық – тарихи-мәдени кешен жағдайында қалыптасуы. Қазақ халқының тарихын осы концепциялар шеңберінде пайымдайтын болсақ, біріншіден, қазақтардың этногенезі деп қазақ халқының бірігуі және қалыптасу процесі, яғни оған қатысқан тайпалар мен халықтардың тарихы деп ұғынуымыз керек; екіншіден, қазақтардың этникалық тарихы деп қалыптасып үлгерген қазақ халқының тарихы, яғни оның түрлі ортамен: табиғатпен, әлеуметтік-мәдени және өз этникалық аясымен этномәдени өзара ықпалдастық тарихы деп түсіну қажеттілігі.
Отандық тарихнамада 70-80-жылдары орын алған этногенез проблемасын зерттеуді субстраттық-суперстаттық процестермен шектеу этникалық процестердің заңдылықтарын, әсіресе, адаптациялық (бейімделу) тетіктерін түгел түсінуге мүкіндік бермеді. Осыған байланысты ғылыми әдебиетте жергілікті тұрғындар мен мигранттардың өзара ықпалы мен әрекеті сипатын анықтаушы және бағыт беруші фактор қандай деген сұраққа жауап іздестірілді. Зерттеушілердің этногенез және этникалық тарих, ең алдымен, табиғи, әлеуметтік-экономикалық және өзіндік этникалық орталармен өзара әрекет процесі екендігі жөнінде қорытындыға келуі проблеманы методологиялық тұрғыдан дұрыс түсінуде маңызды рөл атқарды. Бұл өз тарапында қоғам мен табиғаттың өзара әрекетінің адамның биологиялық бейімделуден тыс – мәдени дамуының нәтижесі ретінде көрінетін өзіндік эволюциясын зерттеу қажеттілігін алға қойды.
Монографияда Ю.В. Бромлей, В.П. Алексеев, В.А. Анучин, К.А. Пищулина, Н.Э. Масановтың этногенез проблемасына байланысты зерттеу әдістері мен концепциялық тұжырымдарына біршама тоқталынды, жетістіктері мен осал тұстары атап көрсетілді. Қазіргі кезде отандық тарих ғылымында қазақтардың этногенезі проблемасының теориялықметодологиялық негіздері әлі де болса толық зерттеле қоймағандығы, әсіресе этностену процесінің ішкі тетіктері мен заңдылықтарының, көшпелі өмір жағдайындағы ұлттық сана-сезімнің қалыптасу ерекшеліктерінің жеткілікті сарапталмағандығы жөнінде қорытынды жасалынды. Халықтың қалыптасу процесін зерттеуде оның этникалық атауының қашан, қандай тарихи жағдайда пайда болғандығын анықтаудың маңызы зор. Ол өркениеттілік талабы да болып табылады. "Қазақ" сөзіне оның этимологиялық мәніне сан алуан ғалымдар мен көпшілік оқырмандар тарапынан жіті назар аударылуы осы заңдылықты танытады. Диссертацияда "қазақ" терминінің әлеуметтік мағынадан этнонимдік мазмұнға дейінгі эволюциясын, ол туралы жазба дерек көздерінің мәліметтерін бір жүйеге келтіріп зерттеген отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектері сараланды. Олардың қатарында қытай тарихшылары Хэ Цютао, Су Бэйхай, Чжань Симань, араб және парсы авторлары Әл Омари (ХІY ғ.), Ибн Халдун (ХІY-ХY ғ.), Шараф ад-Дин Әли Иезди (ХY ғ.), Абд ар-Раззак Самарқанди (ХY-ХYІ ғ.), батыс ғалымдары П. Пельо, Л. Крадер, А. Фон Габэн, Г. Рамстедт, А. Вамбери, башқұрттар З.У. Тоған, Р.Г. Кузеев, әзірбайжан М. Сеидов т.б. бар. Проблеманың зерттелу деңгейін, негізгі концепциялық тұжырымдарды сипаттауға Қазақстан мен Ресей ғалымдарының жұмыстары кеңінен қамтылды (В.Ф. Минорский, В.В. Радлов, В.В. Бартольд, С.А.
Плетнева, С.Е. Малов, А.Н. Бернштам, Н.И. Веселовский, А. Самайлович, П. Бутков, В.Ф. Шахматов, Н.Я. Марр, В.П. Юдин, М. Тынышбаев, М. Ақынжанов т.б.). Зерттеу нәтижесінде "қазақ" терминінің семантикасын анықтауда екі ғылыми мектептің қалыптасқандығына назар аударылды. Біріншісі – лингвистикалық бағыт. Оның өкілдеріне, "қазақ" сөзінің этимологиясын қай тілден іздегеніне қарамастан, проблеманы лингвистикалық тұрғыдан талдау тән (Ә. Қайдаров, А.Н. Бернштам, М. Сеидов, Ә. Сарай, В. П. Юдин т.б.). Бұлар этнонимдерді зерттеу этникалық тарихтың күрделі де қатпарлы процестеріне енудің маңызды құралы деп есептейді, бірақ түркілік этнонимияға этногенетикалық зерттеулер үшін қосымша дерек көзі ретінде қарайды.
Қазіргі уақытта отандық және шетелдік ғалымдар "қазақ" сөзінің түптөркінін "қазақылық институттан" іздейді. Бұл пайымдау өз кезегінде Мұхаммед Хайдар Дулатидің "Тарих-и Рашиди" еңбегінде берілген түсінікке барып аяқ тірейді. "Қазақ" терминін зерттеудегі отандық тарихнаманың жетістіктері мен кемшіліктері Б. Көмековтің 1998 ж. жарық көрген "Қазақстан тарихының екінші томындағы материалында баяндалған. Бұл ғалымның пікірінше, "қазақ" сөзі тұтас алғанда алуан түрлі еріктілерді атау үшін қолданылған, тек ХY ғасырдың екінші жартысында қазақ халқы құрылғаннан соң ғана "қазақ" атауы этникалық маңызға ие болған.
"Қазақ" термині жөніндегі еңбектерді саралау нәтижесі жалпы халықтың қалыптасуы мен оның этнонимі арасындағы арақатынас мәселесін күн тәртібіне қойды. Осыған орай Б. Көмековтің "Ақ Орда этникалық құрамы жағынан қазақ халқы болса да, оның атауы деректемелерде кейірінек жазылып, анықталды" деген тұжырымы жаңа ізденістерге жол ашу керек сияқты. Сонымен халықтың құрылуы мен оның атауы (этнонимі) арасындағы уақыт алшақтығы, немесе бір кезеңде орын алуы төңірегіндегі проблемалар жаңа зерттеулер нысаны болмақ.
Тарихнамадағы этномиялық бағыттан гөрі қазақ этногенезін күрделі процесс ретінде қарастыру жемістірек болды. Ш. Уәлиханов, В.В. Вельминов-Зерновтың еңбектерінен бастау алған қазақтар этногенезі проблемасын ғылыми негізде зерттеу өріс алды. Олар бір-бірімен өзектес шығыс деректерін әсіресе, Мұхаммед Хайдардың "Тарих-и рашиди" еңбегін пайдалана отырып, қазақ халқының қалыптасу процесінің аяқталу кезеңіне сипаттама берді.
Қазақ этногенезі тақырыбы ХІХ ғасырдың екінші жартысында А. Мейердің, М. Красовский, В.В. Радлов, Г.Н. Потанин, А.Н. Харузин, Н.А. Аристовтың еңбектерінде қарастырылады.
А. Мейер, М. Красовский "Тарих-и Рашиди" мәліметтерін өздерінше пайымдап, қазақ халқын "өз жетекшілерінің төңірегінде шоғырланған тобыр" ретінде қалыптасқан деп және мұны кездейсоқ оқиға ретінде көрсетуге әрекеттенді. А. Харузин: "Қырғыз халқында ежелгілік те, тұтастық та жоқ, онда этнологиялық және антропологиялық бүтіндіктің болмауы былай тұрсын, жеке-жеке элементтерді өз төңірегіне топтастыратын айқын ұйытқы (өзек) да болған жоқ" деген тарихи шындыққа кереғар қорытынды жасады.
Қазақ халқының тарихын Ресей империясының отарлық мүдделеріне сәйкестендіре зерттеген бұл ғалымдар қазақтардың автохтондығын жоққа шығаруға, бергі кезеңде құралғандығы, ежелгі сақ, ғұн, үйсін субстратымен байланысының жоқтығы, оның үстіне этникалық нышандары толық пісіпжетілмегендігі сияқты пікірлерді дәлелдеуге тырысты.
Бұл тұжырымдарға ХІХ ғасырдың өзінде-ақ тойтарыс берілді. Н.А. Аристов қазақтардың халық болып қалыптасуына тегі алтайлық түрік тайпалары ғана емес, оларға дейінгі жерглікті этникалық қабаттың маңызды рөл атқарғаны жөнінде идеяға негізделген өз ғылыми концепциясын ұсынды. Қазақ халқының автохтондығы туралы ізденістер басқа да ғалымдар тарапынан жалғасын тапты (С.И. Руденко, А.Н. Самойлович, М. Тынышпаев, С.Ж. Асфендиаров).
ХХ ғасырдың 30-жылдарында Қазақстанда археологиялық зерттеулердің жандануына байланысты отандық тарихнамада "қазақ этногенезінің кейбір контурларын анықтауға ғана" қол жеткізілді. С.П. Толстовтың зерттеулері нәтижесінде қазақтардың арғы тегі үнді-иран және сақ-скиф тайпалары екендігі туралы пікір орныға бастады. ХХ ғасырдың 50-жылдары қазақ халқының шығу тегі жөнінде бірнеше еңбектер жарық көрді (А.Н. Бернштам, В.Ф. Шахматов, М.Б. Ақынжанов, Х.М. Әділгереев, С. Ибрагимов т.б.). Оларда халықтың қалыптасу процесі адамдардың тайпаларға, тайпалардың тайпалық одақтарға бірігуінен бастау алатындығы жөніндегі методологиялық ұстаным зерттеудің тарихи принципі ретінде қабылданды. Қазақ халқының құрамына енген тайпалық компоненттердің, оның ішінде қыпшақтардың тілдік және этникалық тегі, анықтала бастады. Ғылыми айналымда қазақтар этногенезі негізінен автохтонды және бұл процесс көне дәуірлерден ХY-ХYІ ғасырдың бас кезіне дейін жалғасты, ол Қазақстан аумағында феодалдық қоғамның қалыптасып, нығаюына байланысты деген схемалық көзқарас орнықты.
60-70-жылдары көне дәуір мен орта ғасырларда Қазақстан аумағындағы этногентикалық процестердің Орта Азиядағы осы тәріздес құбылыстармен байланыстылығы туралы қорытынды жасалды (Р.П. Мукминова, Б.Д. Джамгерчинов, Т.А. Жданко, Б.А. Ахмедов, К.Ш. Шаниязов т.б.).
Осы кезеңде жарық көрген В.П. Юдиннің, Ю.А. Зуевтің, В.В. Востров, М.С. Мұқанов, О. Ысмағұлов, Т.И. Сұлтанов, К.А. Пищулина және басқа да зерттеушілердің еңбектерінде Қазақстан аумағын мекендеген ежелгі тұрғындар мен қазақ халқының арасындағы сабақтастық тақырыбы, генетикалық байланыстар, сонымен бірге бұл процестегі шығыстан келген тайпалар мен халықтардың алатын орны сияқты мәселелер бойынша қол жеткен таным деңгейі нақтылы көрініс тапты.
80-90-жылдардағы отандық тарихнамада қазақ халқының қалыптасу процесінің автохтондық және миграциялық сипаты деген екі ағым арасындағы күрес жалғасты. Осы екі көзқарас шеңберінде қазақ этногенезі процесінің негізгі сатылары, оның қозғаушы күштері, яғни шешуші факторлары зерттелді.
Қазақ халқының автохтондығы жөніндегі мектеп өкілдері (М.Қ. Қозыбаев, Б.Е. Көмеков, К.А. Пищулина, О. Ысмағұлов, С. Жолдасбайұлы т.б.) халқымыздың құрылу процесінің көне замандардан бастау алып, негізінен ХY ғасырдың орта кезіне қарай аяқталу сатысына көшкенін, бұл процесте түркілік компоненттердің басым болғандығын қолдайды. Қазақ халқының қалыптасуы әр алуан факторлардың өзара ықпалдастығы және жиынтығы нәтижесі ретінде қарастырылды. Этноәлеуметтік организм ретіндегі қазақ халқының құрылуы феодалдық қатынастардың орнығуы мен нығаюы, ортақ территорияның, тілдік, материалдық және рухани мәдениеттің қалыптасуына байланысты барлық халықтарға тән жалпы заңдылықтар негізінде жүзеге асқандығы туралы қорытынды жасалынды. Қазақтардың шығу тегі мен автохтондық концепция шеңберінде дамыды, олардың құрамында кірме элменеттердің басым рөл атқарғандығы туралы миграциялық концепция қағидалары жоққа шығарылды.
Қазақ халқының этногенезі проблемасы Қазақ хандығы тарихының құрамдас бөлігі болып табылады, оның құрылуының басты алғы шартын құрайды, көшпелі қоғамдағы мемлекеттік тақырыбымен де тығыз байланысты. 1917 жылға дейінгі орыс тарихнамасында қазақ тарихында бір орталыққа бағынған мемлекет болған жоқ, үш жүзге бөлінген тайпалар конфедерациясы ғана өмір сүрді деген пікір үстем болып келді. Мұндай көзқарас кеңес дәуірінде де жалғасын тауып, көшпелілік пен мемлекеттіліктің антогонистік ұғымдар екендігін ғылыми негізде дәлелдеуге тырысушылар көрініс бере бастады. Мұның өзі Қазақ хандығының құрылуы көшпелілер қоғамындағы мемлекеттік проблемасын зерттеудің, оның теориялық-методологиялық негіздерін анықтаудың өзектілігін арттырып отыр.
Тарихи метариализмді өзінің теориялық-методологиялық бағыт-бағдары ретінде ұстанып келген авторлардың көшпелілер қоғамының әлеуметтік және саяси сипаты жөніндегі ізденістері "көшпелі феодализм" концепциясы шеңберінде дамып келді. Бұл концепция бойынша орта ғасырлар мен жаңа заманның бас кезінде қандай да болсын көшпелілердің мемлекеттігілі феодалдық қоғамдық қатынастардың пайда болуы тұрғысынан қарастырылды. Осыдан барып қазақ қоғамының саяси ұйымдасуы "бір орталыққа бағынған мемлекет", "мемлекеттік бытыраңқылық" секілді түсініктермен сипатталды. Оның үстіне көшпелі социумдардағы биліктік құрылымдардың ерекшеліктері ескерілмеді, көбіне ол отырықшыегіншілікті мемлекеттердегі биліктік қатынастар моделі арқылы түсіндірілді. Осының нәтижесінде отандық тарихнамада методологиялық тұрғыдан бір сарындас еңбектер пайда болып, оларда қазақ хандығы "тұрақсыз", "уақытша және эфемерлік бірлестік" ретінде сипатталды. Көшпелілер тек шаруашылық қауым болып қана өмір сүреді, кей кезеңдерде ғана тарихи ахуалға сәйкес "әскери-көшпелі қауым (империя)" құрып отырды деп есептелінді. Қорытындылап айтсақ, отандық тарихнамадағы материалистік проблемасы жөніндегі ой-пікірлері қазақтарда мемлекеттіліктің болуы түгіл, оның мүмкіндігінің өзін жоққа шығарудан "ерте феодалдық" сипаттағы мемлекеттілік болғандығын мойындауға дейінгі эволюцияны бастарынан өткерді.
"Көшпелі феодализм" концепциясының дағдарысқа ұшырауына байланысты көшпелі қоғамның әлеуметтік сипаты мен онда мемлекеттің пайда болу заңдылықтары мен жаңа танымдық тұрғыдан қарастыруға бағытталған ізденістер дүниеге келді. Бұл құбылыс қоғамдықэкономикалық формация теориясының шығармашылық элементтерін түгелдей жоққа шығармаумен қатар, гуманитарлық ой-пікірдің өркениет теориясына бет бұрып келе жатқандығын көрсетті.
"Өндірістің азиялық тәсілі" концепциясы жандандырылып, оны көшпелілер қоғамына тарату көшпелілердің отырықшы-егіншілікті қоғамдардан түбірінен айрықша өз даму арнасы барлығы туралы идеяны қалыптастырды. Осы түсінікке сәйкес көшпелілер арасындағы таптардың пайда болуы және ерте таптық қатынастар туралы жаңа пайымдаулар жасалынды. Мемлекеттіліктің қалыптасуы – бір мезеттік әрекет нәтижесі емес, ол дегеніміз қоғамның тұрақты да басты саяси институты -қоғамдық қатынастарды басқару, реттеу және бақылау функцияларын атқарушы және өз кезегінде ішкі және сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп отыратын, құрылымдық жүйелер тән мемлекеттің пайда болуына әкелетін ұзақ та күрделі процесс екендігі туралы пікір тұжырымдалды. Сонымен бірге тарихи материализм принциптеріне негізделген әдіснамадан мүлдем бас тартып, мемлекеттің пайда болуын көшпелі қоғамның дамуының ішкі заңдылықтары мен ерекшеліктерінен іздеу талпынысы да бой көрсетті.
Сонымен қазіргі замандағы тарихнамада қарастырылып отырған проблема бойынша үш ағымның қалыптасып отырғандығын көреміз. Біріншісіне негізінен көшпелілердің этносаяси тарихына басым мән бере отырып, оны көшпелі социумның ішкі және сыртқы саяси қатынастарымен байланыстыра қарастыратын және осы зерттеу әдісі нәтижесінде мемлекеттің де, мемлекеттілік дәстүрдің де болғандығын айқындаған ғалымдар тобы жатады. Екінші ағым өкілдері көшпелілерде кейбір кезеңдерде ғана ірі мемлекеттік бірлестіктер-көшпелі империялар ғана құрылған дейді. Бұл авторлар "ахуалдық мемлекет" концепциясы төңірігенде шоғырланған. Yшінші топты көшпелілер қоғамында мемлекеттің болмағандығы және мұндай институттың пайда болу мүмкіндігінің өзін жоққа шығарушы авторлар құрайды. Бұл жағдай әлі де болса көшпелілер қоғамындағы мемлекеттілік проблемасы туралы ойпікірлер эволюциясының жүріп жатқандығын көрсетеді. Солай бола тұрғанымен қазақтардың көшпелі қоғамында мемлекет те, мемлекеттілік және заңдылықтар негізде құрылып, өмір сүргендігі отандық тарихнамада дәлелденген. Осыған байланысты тарих ғылымындағы маңызды проблемалардың бірі Қазақ хандығының құрылуының алғы шарттарын негіздеу болып табылады. Бұл тақырыптың тарихнамасы қазақ халқының этногенезі жөніндегі автохтондық және миграциялық концепциялар ықпалымен қалыптасты. Соңғысы Қазақ хандығының құрылуын Жәнібек пен Керейдің Шу бойына қоныс аудару кезеңінен бастаса, алғашқы көзқарастағы авторлар бұл құрылымның алғы шарттарын ерте заманнан іздестіреді. Басқаша айтқанда, бірі қазақ хандығының дүниеге келуін ахуалдық оқиға ретінде қарастырады да, оны қандай да болмасын заңдылықтар немесе тарихи факторлар әрекетінің нәтижесі деп есептемейді. Екіншілері Қазақ хандығының құрылуының қайнар көзі көне дәуірден – ғұндар, үйсіндер, қаңлылардың мемлекеттік бірлестіктерінен, Түрік қағандығынан басталатындығы туралы пікірді қолдайды. Олар Қазақстан аумағындағы түрік тілдес тайпалардың ішкі қоғамдық-экономикалық дамуы нәтижесінде емес, "кездейсоқ оқиғалар" жиынтығының ықпалымен мемлекеттілік құрылымға бірікті деген секілді пікірді нақтылы тарихи материалдарды жүйелі түрде зерттеу арқылы теріске шығарды. Бұл ағым өкілдерінің еңбектерінде Қазақ хандығының құрылуының алғы шарттары мынандай ретте баяндалады: 1) Ежелгі үйсіндер (усуньдер) ұлысының кезеңі; 2) Батыс-Түрік қағанаты уақыты; 3) Жошылықтар – шағатайлықтар ұлысының қалыптасу дәуірі; 4) Қазақ хандығының құрылуы.
Проблеманы зерттеу барысында Евразия кеңістігіндегі ыдырау-бірігу процестеріне, ондағы кірме элементтердің рөліне, өзара қарым-қатынасына шолулар жасалынды. Қазақ мемлекеттілігінің дамуы жолындағы маңызды сатылары – Ақ Орда, Әбілқайыр хандығы, Моғолстан, Ноғай ордасы, Сібір хандығы мемлекеттерінің тарихы біршама зерттелді. Бұл бірлестіктердің аймақтағы этникалық жағынан біртекті мемлекеттердің осыдан кейінгі уақыттағы генезисі үшін, қазақ, ноғай, қырғыз, өзбек, ұйғыр, сібір татарлары халықтарының этникалық қауымдастық-тарихының неғұрлым толық шоғырлануы үшін мүмкіндіктер туғызғандығы анықталды. Тарихшылардың басым көпшілігі осы пікірде болғанымен, Алтын Орданың ыдырауы, жаңа ұлыстардың пайда болуы, әсіресе, Ақ Орда, Көк Орда мемлекеттері жөнінде пікірталастар әлі де орын алып келеді. Алтын Орда мен Ақ Орда мемлекеттерінің әр кезеңдердегі қарым-қатынастары да түпкілікті зерделенбеген, Евразия кеңістігіндегі мемлекеттілік дәстүр сабақтастығы проблемасын, оның құрамдас бөлігі Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда т.б. мемлекеттік бірлестіктер тарихын кешенді түрде, жаңа танымдық тұрғыдан зерттеу қажеттілігі айқын сезіледі.
Мемлекеттік дәстүр дегеніміз бір мемлекеттен екіншілеріне ауысып отыратын мемлекеттік құрылымның принциптері мен компоненттерінің, жалпы және маңызды белгілерінің тарихи-генетикалық сабақтастығы болып табылады. Евразия кеңістігінде, оның ішінде Қазақстан аумағында ерте және орта ғасырларда пайда болып, бірін-бірі ауыстырып отырған мемлекеттердің қоғамдық құрылысы, институттары, т.б. белгілерінің көп жағдайда өзара ұқсастығы, не қайталап отыруы көп тарихи дәстүрдің айқын дәлелі екендігі көрсетілді. Осы проблема шеңберінде саяси элита тарихы зерттеле бастады. Қазақ хандығының генеалогиясы, осы билікті топтық хандықтың құрылуға ықпалы, оның тарихи тағдыры мен қызметі зерделенді. Өз мүдделері мен сұраныстарын жүзеге асыру барысында және тарихи қажеттілік итермелеген ортағасырлардағы элита көшпелілер дүниесін шоғырландырушы күш болғандығы туралы соны тұжырым орнығып келеді.
Жалпы алғанда отандық тарихнамада қазақ хандығының дүниеге келуінің заңдылықтары мен ерекшеліктері, оның негізінің қалануындағы алғы шарттар ретінде Қазақстан аумағындағы мемлекеттік бірлестіктердің пайда болу жағдайларының орталығы, әртүрлі шаруашылық құрылымдардың өзара ықпалына байланысты экономиканың, отырықшылық пен қала өмірінің тұрақтануы, сыртқы қауіп-қатерге қарсы бірлесіп күресу қажеттілігі, этникалық процестердің жаңа бағыт алуы, интеграциялық факторлардың күшеюі, ең бастысы – қазақ халқының қалыптасуы, оның діни наным-сенімі, тілі мен дінінің ортақтығы мәселелері біршама пайымдалды.
Осы негізде Қазақ хандығының құрылу тарихы көптеген ғалымдардың зерттеу нысандарына айналды. Бұл тақырып жөнінде отандық тарихнамада негізінен екі ағым қалыптасты. Оған себеп: біріншіден, кейбір дерек көздерінің жанамалық сипаты, оларда тарихи оқиғалардың қайшылықты баяндалуына байланысты болса, екіншіден, авторлардың Қазақ хандығының құрылуына қатысты деректерді сұрыптау, талдау, жүйелеу әдістеріне, олардан тиісті қорытындылар жасауларына байланысты. Аталмыш проблеманы зерттеуде теориялық-методологиялық сипаттағы көзқарастар қайшылығы да кездесіп қалады. Қайсыбір авторлар материалистік методология ықпалынан арылуға тырыса отырып, эмпирикалық баяндау деңгейіне түсіп кетеді. Әлі де болса біршама авторлар проблеманы таптық қатынастар тұрғысынан пайымдайтыны байқалады.
Тарихшылар Қазақ хандығының іргетасының қалануын Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібектің ХY ғасырдың орта кезінде көршілес Моғолстан жеріне көшіп кетуімен байланыстырады. Бұл турады аталмыш екі тарихнамалық ағым осы оқиғаның тарихи маңызын түрліше бағалаудан да туындап отыр. Бірінші ағым өкілдері Керей мен Жәнібектің Шу мен Қозыбасы өңіріне келіп, бөлек өмір сүруін Қазақ хандығының құрылуына шешуші ықпал жасаған оқиға ретінде қабылдаса, екінші топтағы авторлар оны "стратегиялық шегініс" ретінде қарастырады да, хандықтың құрылуын Керей мен Жәнібектің ХY ғасырдың 60-70-жылдарында бұрынғы Әбілқайыр хандығының аумағында өз билігін жүргізе бастау кезеңіне ығыстырады. Диссертацияда осы екі ағым өкілдерінің еңбектеріне тарихнамалық талдау жасалынды, авторлардың көзқарастары эволюциясына тоқталынды, зерттеу әдістеріне, пайдаланған дерек көздерінің танымдық мүмкіндіктеріне көңіл бөлінді. Хандықтың негізгі Батыс Жетісуда қаланды деушілер 1458 және 1465-1466 жылдарға, ал бұрынғы Ақ Орда аумағында (Шығыс Дешті Қыпшақта) ғана мүмкін болды деген көзқарастағылар 1470-1472 жылдарға тоқталады. Соңғы тұжырым иелері Қазақ хандығының құрылуы барысындағы сыртқы факторларға басым маңыз береді. Осыған орай мемлекет негізінің қалануы нақтылы оқиға мен нақтылы уақыт арқылы анықталу керек те (мысалы: құрылтай жиналысы; хан сайлауы; жеке бөлініп шығып, өз тәртібімен өмір сүруі т.с.с.), ал оның кейін аумағының кеңеюі, нығаюы тарихи процесс ретінде қарастырылуы басы ашық зерттеу әдісі екендігін атап өткен жөн.
Проблеманы зерттеу нәтижелері Жәнібек пен Керейдің қарамағындағы халқымен Әбілқайыр ұлысынан бөлініп, басқа жұртқа ауа көшуі Қазақ хандығының құрылуына зерттеуде тек осы оқиғамен шектелмей, бұл мәселені ортағасырлық Қазақстанның әлеуметтік, саяси, шаруашылық дамуының және қазақтардың этникалық, тарихи ерекшеліктерінің нәтижесі ретінде қарастыру қажеттілігі туралы методологиялық ұстаным жаңа дерек көздері негізінде нақтыланды.
Отандық тарихнамада ХY ғасырдың 70-жылдарынан ХYІ ғасырдың бірінші ширегіне (Қасым ханның өліміне) дейінгі мерзім Қазақ хандығының нығаю кезеңі ретін сипатталады. Оның басты факторы хандықтың этникалық аумағының қалыптасуы болды.
Бұл тақырып ХІХ ғасырда А.И. Левшиннің, В.В. Вельяминов-Зернов, Ш. Уәлихановтың еңбектерінде көтерілді. Өткен ғасырдың 30-40-жылдарында жарық көрген С. Асфендиаровтың "Қазақстан тарихы", П.П. Ивановтың "Қазақтар және Қоқанд хандығы" т.б. зерттеулерде ХYІ ғасырдағы қазақ жерінің шекаралары туралы шағын деректер ұшырасады. Олар алғашқы рет "Қазақ ССР тарихы" атты еңбекте жүйеленіп, Жәнібек хан ұлысының этникалық аумағы біршама анықталды.
Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап археологиялық, палеоэтнологиялық, топографиялық зерттеулердің, ауыз әдебиеті мәліметтерін ғылыми айналымға қосу, бұрыннан белгілі жазба дерек көздерінің ақпараттарын жаңаша пайымдау нәтижесінде Қазақ хандығының алғашқы этникалық аумағы нақтыланды. Қазақ хандығының алғашқы ту тіккен жері Қаратаудың солтүстігі мен Шудың төменгі ағысы (Көк Мұрын, Той) екендігі туралы мәселе қойылды (Ә. Марғұлан, С. Жолдасбайұлы). Тарихи-топографиялық, картографиялық мәліметтерге сүйенген ғалымдар Мұхаммед Хайдар хандықтың батыс және шығыс шекаралары жөнінде ғана сөз еткен деп көрсетті. Осы негізде олар Жәнібек пен Керей ұлысының аумағы "Тарих-и Рашидиде" көрсетілгенінен үш-төрт есе кеңірек болған деген қорытындыға келді. Мемлекет шекарасы батыста Шу жазығымен, Қаратаудың солтүстік-шығыс етегімен шектелген. Шығыста Іле Алатауының солтүстік-батыс жағын, Бесбатыр, Дегерес, Қозыбасы жоталарын қамтыған. Егер бұл тұжырым ғалымдар тарапынан қолдауға ие болса, Қазақ хандығының біршама ауқымды территорияда ту тіккенін, қазақ жерлерін біріктіруге кіріскенде жеткілікті экономикалық және адам ресурстарына арқа сүйегендерін көреміз. Ал, отандық тарихнамада алғашқы Қазақ хандығының күш-қуаты туралы айтыла бермейді, оның өз аумағын кеңейтудегі себептері қарсыластарының дағдарысқа ұшырауы, өзара тартыстары, әскери сәтсіздіктері сияқты факторларды пайдалануда қазақ хандарының ептілік танытуымен, нәтижесінде әскери-саяси қолайлы жағдайлардың қалыптасуымен түсіндіріледі.
Соңғы уақытта ғалымдар Орта Азия мен Қазақстан кеңістігіндегі этникалық және аумақтық процестерді динамикалық сипатта қарастыруға әрекет жасауда. Осы зерттеу әдісі жөнінде К.А. Пищулина "Территория" деген еңбегінде этносты құраған этникалық компоненттерді, этникалық аймақты қатып қалған қағида күйінде емес, жанды тарихи құбылыс ретінде, қозғалыс үстінде қарауды ұсынады.
Отандық тарихнамада (С. Асфендияров, К.А. Пищулина, Т.И. Сұлтанов, Н. Мингулов, Б. Кәрібаев т.б.) қазақ хандығының этникалық аумағының қалыптасуының негізгі кезеңдері мен бағыттары зерттелінді. ХY ғасырдың 60-жылдарының аяғы мен 70-жылдардың басында хандық халқының саны Орталық және Оңтүстік Қазақстаннан Әбілқайырдың өлімінен кейін орын алған дүрбелеңнен бас сауғалап келген көшпелілер есебінен арта түскендігі, сонымен қатар 70-жылдардан бастап Оңтүстік-шығыс Қазақстанда қазақ әміршілеріне қарсы тұрарлықтай күштің болмағандығы жөнінде тоқтамға келінді. Шығыс Дешті Қыпшақтың далалық аудандары мен Оңтүстік Қазақстанның (Түркістанның) қала орталықтарында үстемдік орнату жолындағы күрес ХY ғасырдың 70-80-жылдарында Жәнібек және Керей хандар мен олардың мирасқоры Бұрындық ханның іс-қимылдарының негізгі бағыты болғандығы шығыс деректері негізінде анықталды. Әсіресе Қазақ хандығының қуаты ең артқан уақыты ХYІ ғасырдың алғашқы ширегінде, Қасым ханның (1511-1521 жж.) тұсында орын алғандығы дәлелденді. Бұл кезде хандықтың шекарасының батыста Жайыққа дейін, оңтүстік-шығыста Іле мен Қаратал өзені аралығына жеткендіні талас тудырмайды.
Қазақтардың этникалық қоныстарының бір мемлекет құрамында жинақталуы халықтың тағдырына орасан зор оң ықпал жасады. Ол халықтың өзінің қалыптасу процесінің аяқталуына, Қазақ хандығының мемлекеттік атрибуттарының жетілуіне, өндіргіш күштердің дамуына жағдай туғызды.
Сонымен қатар диссертацияның негізгі бөлімінде Қазақ хандығының құрылуы және нығаюы кезіндегі этникалық проблемаларды көршілес түркі халықтарының тарихымен өзара байланыста зерттеу ғана методологиялық тұрғыдан дұрыс ұстаным екендігіне назар аударылды. Осыған байланысты
С.Г. Агаджановтың, С.М. Абрамзонның, Т.А. Жданконың, Р.Г. Кузеевтің, Л.П. Потаповтың, П.П. Ивановтың, К. Шаниязовтың, Б.А. Ахмедовтің іргелі зерттеулері қазақ мемлекеттінің этникалық аумағының қалыптасуы, халқының орналасуы және этникалық компоненттері секілді проблемалары тақырып тарихнамасының құрамды бөлігі екендігі көрсетілді. Сонымен қатар Б. Кочекаевтың, И.Х. Калмыковтың Р.Х. Кереитов пен А. Сикалиевтің ноғай халықтарының құрамындағы ортақ ру-тайпалар жөніндегі еңбектеріне талдаулар жасалынды.
Дегенмен жұмыста қазақ халқының құрамындағы автохтондық негіз бен миграциялық (кірме) элементтердің өзара процесі, рулық-тайпалық құрылымының зерттелуі жөніндегі еңбектер негізгі нысан ретінде іріктелініп алынды. Оларға А.И. Левшиннің, Н. Аристовтың, А. Харузиннің,
М. Тынышпаевтың, К.А. Пищулина, В.П. Юдин, М.С. Мұқанов, В. Востров т.б. көптеген авторлардың зерттеулері жатады. Қазақ халқының этникалық тарихын зерттеу дегенмен бірқалыпты болмады. Тақырып тек өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап қолға алынды. Қазақ халқының ХІY-ХY ғасырлардағы рулық-тайпалық құрылымы және орналасуына шешуші ықпал жасаған оның үш-төрт географиялық аймақта орналасқан этникалық ұйытқы негізінде қалыптасқандығы туралы идея ұсынылды. Бұл концепцияның мәні болашақ қазақ этносының ұйытқысы Әбілқайыр хандығында (көшпелі өзбек мемлекетінде), Ноғай ордасында және Моғолстанда кіріге бастағандығы туралы тұжырымға саяды (К.А. Пищулина). Қазақ этносы қалыптасуы және орналасуының тағы бір ошағы Солтүстік Қазақстан мен Батыс Сібір өңірі болғандығы туралы пікір ешбір талас тудырмағанымен, бұл мәселе әлі түпкілікті зерттеле қойған жоқ.
Қазақ хандығы халқының рулық-тайпалық құрылымы, орналасуы сияқты проблемаларды зерттеудегі жетістіктері мен бірге, тарих ғылымында кейбір тайпалардың автохтондығы, тілдік атрибуциясы, нәсілдік тегі жөнінде пікірталастар да орын алып келеді.
Монографияда орта ғасырлар кезінде Қазақстан аумағындағы этникалық процестердің түрлі қырларын (сіңісу, ажырасу, орналасу т.б.) зерттеуде, рулар мен тайпалардың ортақ материалдық және рухани мәдениетінің қалыптасуы мен әр кезеңдердегі ата-қоныстарын анықтауда этнологтар, антропологтар, археологтардың алатын орны ерекше екендігі көрсетілді. Қазақ халқының үш жүзге бөлініп орналасуы жөніндегі проблеманың зерттелу деңгейіне тоқталынып, бұл тақырып бойынша ортақ пікірлер мен болжамдар сараланды.
Жұмыста қазақ рулары, тайпалары мен жүздері тарихын зерттеу ғылыми-танымдық, практикалық маңызы бар проблемалар қатарына жататындығы, сонымен бірге халық бірлігі мен тұтастығының тарихи тамырларын ашуға бағытталуы керектігі туралы қорытынды жасалынды.
Ортағасырлық Қазақстан тарихының түрлі бұрмалаушылықтарға ұшырап келген проблемаларының бірі қазақ көшпелі қоғамы саяси жүйесінің қалыптасуы мен оның бірегейлік сипаты болып табылады. Қазақ қоғамының мемлекеттік атрибуттар ретіндегі билік институттарының генезисі, сипаты мен саяси-әлеуметтік жүйедегі орны жөнінде тарихи шындыққа кереғар пікірлер туындады. Зерттеушілердің кейбірі қазақ хандығының билік институттары Монғол империясы тұсындағы және одан кейінгі кезеңдегі мемлекеттік бірлестіктеріндегі басқару жүйесінің көшірмесі деп есептесе, екіншілері хандық биліктен басқа жартымды билік институттарының болмағандығын дәлелдеуге тырысты. Осыған қарамастан қазіргі уақытта тарих ғылымында ортағасырлық қазақ қоғамы кең көлемдегі экономикалық және одан тыс мүдделерге, индивидтердің адами өзара қатынастарының сан алуан түрлеріне негізделген әлеуметтік бірлестіктерінің күрделі жүйесі болып табылатындығы туралы пікір орнықты. Қазақ мемлекеттілігінің, әкімшілік-басқару жүйесінің көне түркі заманынан бастау алатындығы, сонымен қатар Х ғасырдың өзінде тұрақты салық жинау жүйесі болғандығы, кейінірек хандар өкіметі күшеюімен қатар, қара халық арасынан шыққан билер мен батырлардың рөлі күшейе түскен демократия, билік пен бағыныштылық қатынастарды реттеуге арналған құқықтық тәртіп орнағандығы зерттелді (М. Қозыбаев, Р. Сартқожаұлы, Р. Сыздықова, М. Қойгелдиев т.б.). Отандық тарихнамада Евразияның ортағасырлық көшпелілері әлеуметтік тіршілік жобасын негізінен Шыңғыс ханның "Жаза" заңдарына қарап реттеп отырғандығы туралы пікірге негізделген бағыт та бар (В.П. Юдин, Ж.О. Артықбаев т.б.).
Ұзақ уақыттар бойы Қазақ хандығының билік институттары көбіне статикалық түрде аталып қана келді. Өткен ғасырдың 70-жылдарының орта кезінен бастап оларды функциялық қызметі әртүрлі деңгейдегі билік институттарының өзара қарым-қатынастары барысында зерттеу қолға алынды. Қазақ қоғамының саяси-потестарлы құрылымы (рубасылары мен хандық билік), әлеуметтік топтар мен жіктер, қоғамдық топтар мен жіктер, қоғамдық байланыс түрлеріне қатысты мәселелер көтерілді. Бірақ мұндай ізденістердің көпшілігі ХYІІІ ғасырға жататын эмпирикалық материалдарға негізделді (Г.Е. Марков, Ж.О. Артықбаев, А.Х. Бикенов, И.В. Ерофеева т.б.).
Қазақ хандығының мемлекеттік атрибуттарын зерттеуде көбіне жоғары билік институтына назар аударылды; хандық биліктің сипаты мен функциялары зерттелді. Қазақтардың хандық билік институтына монографиялық және демократиялық принциптерді ұштастыру тән болғандығы жөнінде тұжырым жасалынды.
С.К. Ибрагимов, Т.И. Сұлтанов, М.Қ. Әбусейітова, Е. Әбіл еңбектерінде сұлтандардың қазақ қоғамындағы орны мен рөлі, олардың ХY-ХYІ ғасырларда зор өкілеттіктермен пайдаланғандығы көрсетілді. Билер институты бойынша кандидаттық диссертауия қорғалып, бірнеше ғылыми мақалалар жарық көрді (А. Оразбаева т.б.). Жұмыста хан кеңесі, құрылтай жиналысы т.б. мемлекеттік институттар жөніндегі ой-пікірлер сараланды.
Дегенмен де Қазақ хандығындағы басқару институттарының қоғамдағы орны, функциялары мен пәрменділігі секілді проблемаларды хандар, сұлтандар, ру-тайпа басшылары арасында орныққан өзара биліктік қатынасты жүйелі түрде талдауға негізделген іргелі еңбектің жоқтығын атап өту ләзім. Мұндай зерттеудің өзектілігі кейбір авторлардың осы күнге дейін Қазақ хандығының мемлекеттік болмысының пісіп-жетілмегендігі туралы идеяны түрлі жолдармен насихаттау әрекеттеріне тойтарыс беру қажеттілігінен туындайды.
Монографияда Қазақ хандығы тарихын зерттеудегі басқа да олқылықтар, "ақтаңдақ" беттер мен тақырыптар анықталып, болашақ ғылыми ізденістердің бағыт-бағдарлары атап көрсетілді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет