Сабденова гульмира есбатырқызы қазақ хандығЫ ҚҰрылуының тарихнамасы


ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ НЕГІЗІНІҢ ҚАЛАНУЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ ТАЛДАУ



бет8/15
Дата03.11.2023
өлшемі259,51 Kb.
#121620
түріМонография
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   15
Байланысты:
treatise16979

2 ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ НЕГІЗІНІҢ ҚАЛАНУЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ ТАЛДАУ


2.1 Көшпелі қоғамдағы мемлекеттілік проблемасы


Қазақ көшпелі қоғамы саяси жүйесінің сипаты Евразия көшпелі социумы тарихының маңызды проблемаларының бірі болып табылады. Бұл жөнінде қазақ хандығы тарихнамасында осы уақытқа дейін сан алуан ағымдар мен қайшылықты пікірлердің орын алып келуі, біріншіден, бұл проблеманың өзіндік күрделілігі мен деректік негіздерінің әлсіздігіне байланысты болса, екіншіден, көшпелі қоғам тарихын формациялық теория тұрғысынан пайымдауға болмайтындығымен түсіндіруге болады. Әрине, тарихи материализмнің таным мүмкіндіктерін толықтай жоққа шығармағанымен, оның көшпелі қоғам дамуын таптық қатынастар, өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастар арасындағы диалектикалық қайшылық жөніндегі категориялар арқылы зерделеуге ұмтылысы дағдарысқа ұшырағандығы анық. Сонымен қатар қазақ халқының жерін орыс империясының құрамдас бөлігіне айналдыруға бағытталған отарлық саясат тарапынан тарих ғылымындағы қазақ мемлекеттілігінің құрылу проблемасын зерттеуге түрлі кедергілер жасалынып келді. Осы себепті қазақ хандығын бір орталыққа бағынған мемлекет ретінде қарастыруға 1917 жылға дейінгі орыс тарихнамасында да, одан кейінгі уақыттағы кеңестік тарих ғылымында да мүмкіндік болмады. ХYІІІ-ХІХ ғасырлардағы орыс авторларының еңбектерінде (А.И. Левшин, А. Мейер т.б.) бір орталыққа бағынған мемлекет болған жоқ, үш жүзге бөлінген тайпалар бірлестігі ғана өмір сүрді деген пікір үстем болды.
Мұндай көзқарас кеңес дәуірінде де жалғасын тауып, көшпелілік пен мемлекеттіліктің антагонистік ұғымдар екендігін ғылыми негізде дәлелдеуге тырысушылар көрініс бере бастады. Мұның өзі қазақ хандығының құрылу тарихына тікелей қатысты көшпелілер қоғамындағы мемлекеттік проблемасын зерттеудің, оның теориялық-методологиялық негіздерін анықтаудың өзектілігін арттырып отыр. Бұл мәселе отандық тарихнамада сан рет аталып көрсетілді де [2; 288], бірақ осы бағыттағы ізденістер нәтижесі бір ізге түсті деп айта қою әлі де болса қиын. Оның мысалы ретінде 1998 ж. жарық көрген "Қазақстан тарихының" екінші томындағы "көшпелі қоғам және мемлекеттілік проблемасына" жасалған тарихнамалық шолуға тоқтала кетейік. Оның авторы К.А. Пищулина былай деп көрсетеді: "Негізгі екі көзқарас, екі тұжырымдама анықталды. Олардың біреуі – көшпелі қоғамда таптық қатынастар мен мемлекеттік болғанын мойындау, оны жақтаушылар тарихи материализмнің принциптерін ұстанады", Автордың пікірінше, екінші тұжырымдама көшпелі қоғам өз дамуында қоғамдық таптарға жіктелуіне дейінгі деңгейде тоқтап қалады деген пікірге саяды. Бұл тарихнамалық мектептің өкілдері сол себепті де көшпелі қоғамда мемлекеттің болуын жоққа шығарады – мыс. Сонымен бірге шолу авторы мұндай көзқарасты "өркениеттер теориясының" негізін қалаушы А. Тойнбидің тарихи концепциясымен байланыстырады [290, 181186 б; 291].
К.А. Пищулина алдыңғы көзқарасты жақтаушылар қатарына С.З.
Зиманов, А.Е. Еренов, Л.П. Потапов, И.Я. Златкин, Г.А. Федоров-Давыдов, В.Ф. Шахматов, С.Е. Толыбеков сияқты ғалымдарды жатқызады. Ал, екінші бағыттың өкілдері ретінде А.И. Першицтің, А.М. Хазановтың, Ю.И. Семеновтың, Г.Е. Марковтың есімдерін атайды [283, 54-55 б].
Мәселе мұнан әлдеқайда күрделі және көшпелі қоғамдағы мемлекеттілік тақырыбы төңірегінде өрбіп отырған пікірталас марксистік методология мен одан басқа танымдық концепциялар арасында емес.
Тіпті тарихи материализмді өзінің теориялық – методологиялық бағытбағдары ретінде ұстанып келген авторлардың өз араларында да бірнеше тарихнамалық ағымдар мен мектептердің болып келгендігін жоққа шығаруға болмайды. Көшпелілер қоғамының әлеуметтік және саяси сипаты жөніндегі ізденістер ұзақ уақыт бойы "көшпелі феодализм" концепциясы шеңберінде дамыды. Бұл концепцияға сәйкес орта ғасырлар мен жаңа заманның бас кезінде қандай да болсын көшпелілердің мемлекеттілігін феодалдық қоғамдық қатынастардың пайда болуы және дамуы тұрғысынан қарастырылды. Осыдан барып қазақ қоғамының саяси ұйымдасуы "бір орталыққа бағынған мемлекет", "мемлекеттік бытыраңқылық" секілді түсініктермен сипатталды. Оның үстіне көшпелі социумдардағы биліктік құрылымдардың ерекшеліктері ескерілмеді, көбіне ол отырықшыегіншілікті мемлекттердегі биліктік қатынастар моделі арқылы түсіндірілді. Жалпы алғанда, қазақ мемлекеттілігін жоққа шығарушылардың пікірі мал шаруашылығының тез дамуы, тұрғындардың Евразиялық далалық өңірінде сирек орналасуы және мұнда отырықшылықтың жоқтығы, таптық қатынастардың антогонистік деңгейге көтерілмеуі мемлекеттілікті қажет етпеді, көшпелілер үшін ондай саяси құрылымның керегі болмады деген секілді уәждермен шектеледі. Осы бағыттың ірі өкілдерінің бірі В.В. Бартольд: "Тіпті көшпелі өмір жағдайында да таптық процестің шиеленісуінсіз күшті өкіметтің пайда болуына негіз жоқ", – деп жазады
[161, 47].
В.В. Бартольдтың бұл түсінігін Б.Я. Владимирцов [292], А.Н. Бернштам [293], А.Ю. Якубовский [294] және басқа да ғалымдар өз ізденістерінде басшылыққа алды, нәтижесінде тарих ғылымында "көшпелі феодализм" концепциясы орнықты.
Көшпелілер қоғамының саяси және әлеуметтік дамуында артта қалғандығы жөніндегі тұжырымнан кейбір ауытқушылықтар сынға алынып, тез арада ресми көзқарасқа сәйкестендіріліп отырылды. Ондай құбылыстың бірі 1943 ж. жарық көрген "Қазақ ССР тарихында" орын алған еді. Кітапта Қасым, Ақназар мен Тәуекел тұсындағы қазақ хандығы "біршама орталықтандырылған мемлекет болды, ол өзінің даму деңгейі тұрғысынан Шыңғыс ханның империясынан Киев мемлекетінен және ұлы Карл империясынан да жоғары тұрды" деген қорытынды жасалған болатын [295, 107]. Мұндай пікір үшін кітап авторларына ескерту жасалған [296], соның нәтижесінде "Қазақ ССР тарихының" 1949 ж. шыққан екінші басылымында қарама-қарсы тұжырым ұсынылды; бір орталыққа бағынған қазақ хандығы болды деу қателік деп танылды [297-117,144 б].
Отандық тарихнамада методологиялық тұрғыдан бір сарындас еңбектер пайда болып, оларда қазақ хандығы "тұрақсыз", "уақытша және эфемерлік бірлестік" ретінде сипатталды. Тарихшылар ХYІІІ-ХІХ ғасырлардағы орыс авторларының пікірлерін жалғастыра отырып, Қазақстанда ешқашан да орталықтандырылған мемлекет болған жоқ дегенді насихаттаумен және қайталаумен болды [298]. Олар ғұн, түрік, Алтын Орда мемлекеттерін де осы қатарға жатқызды. Көшпелілер тек шаруашылық қауым болып қана өмір сүрді, кей кезеңдерде ғана тарихи ахуалға сәйкес "әскери – көшпелі қауым" (империя) құрып отырды деп есептелінді.
Көшпелілер қоғамындағы мемлекттілік мәселесін осы социумдағы қоғамдық қатынастардың даму дәрежесіне сәйкес зерттеу әдісі, әсіресе, 50-
60-жылдары кең таралды. В.Ф. Шахматов "Основные черты казахской атриархально-феодальной государственности" деген мақаласында қазақ қоғамында жерге қалыптасқан феодалдық жеке меншіктің болмауына байланысты мемлекеттің құрылмағандығы және оған алғы шарттардың тумағандығы, тек оның қайсыбір нышандары ғана байқалғаны жөнінде жазды [299].
50-жылдары кеңес тарихнамасында қазақ мемлекеттілігі туралы проблеманы зерттеуге кейбір заңгерлер де араласты. Солардың бірі профессор С.Л. Фукс қазақ мемлекеттілігінің Кеңес Одағына дейін "құрылмау" себептерін қазақ хандығында мемлекетке тән атрибуттардың (армия, полиция, сот, басқару органдары) болмағандығымен дәлелдеуге тырысты [20, 101б]. Оның пікірінше, Қасым, Ақназар және Тәуекел хандар тұсындағы қазақ мемлекеті әскери бірлестік қана болған, ол жеке сұлтандар басқарған қазақ рулары мен тайпаларының қорғаныс және шабуыл мақсатындағы әскери одақтардан тұрыпты-мыс [20, 101б].
Қазіргі замандағы тарихнамада осы пікірлерді, түптеп келгенде, С. Плетнева, Г.Е. Марков сияқты авторлар да қолдайды. Олар зерттеу әдістері мен уәждері түрліше болғанымен, көшпелілердің жоғарғы қоғамдық дамуы "шаруашылық қауымнан", не болмаса "әскери-көшпелі қауымнан" аса қойған жоқ дейді [301, 316б].
Методологиялық тұрғыдан қазақ хандығының пайда болуы мен құрылуының тарихи қажеттілігін қоғамның таптарға бөлінуі мен тап күресінің шиеленісуіне апарып тіреу, бұл институтты бір таптың екінші тапты бағыныштылыққа ұстап тұру құралы ретінде санау кеңес дәуіріндегі барлық зерттеулерге тән болды. С.Е.Толыбеков қазақ хандығы мемлекеттілік дамудың алғашқы сатысы, оған "әскери демократияның" барлық белгілері тән деп есептеді [302, 342б].
Марксистік методология шеңберінде қазақ хандығы туралы пікір таластар "мемлекет" термині төңірегінде де өрбіді. А.И. Давыдович пен Л.В. Дюков "К вопрсу о характере власти и управления в Казахстане в ХҮ-ХҮІІІ вв." деген мақалада: "Көптеген тарихшылар мемлекет дегеніміз таптық үстемдік органы, бір таптың екінші тапты қанау органы деген марксистік қағиданы ұстанады да, осы анықтама арқылы антагонистік таптардың, таптық күрестің және мемлекеттің пайда болуы бір уақытта орын алды деп ойлайды", – деген пікір білдіріп, осы мәселелер бойынша отандық тарихнамада жіберіліп отырған "қателіктерді" ашуға ұмтылды [303, 91б]. Біріншіден, олардың пікірінше, зерттеушілер, аталмыш тұжырымның авторлары мемлекеттің қоғамда орнығып, оның негізгі формасына айналған кезіне қатыстылығын ескере бермейді. Сондықтан да жоғарыда келтірілген анықтаманы таптар және таптық күрес пайда болған, бірақ көне және таптардың пайда болуына дейінгі туыстық байланыстарға негізделген ұйымдасу формасынан айырыла қоймаған құрылымдарға (бірлестікті) таратуға болмайды.
Жеке меншік, таптар және таптық күрес қоғамның рулық-тайпалық негізде ұйымдасуын өшіріп, оны мемлекетпен алмастырудың шешуші факторлары ретінде көрінеді және олар соңғы институтқа дейін пайда болады.
Л.В. Дюков пен А.М. Давыдовичтің мемлекеттің пайда болуы жөніндегі көзқарастарының түпқазығы да осында және осы тұрғыдан кейбір ғалымдардың қазақ мемлекеттілігі туралы тұжырымдарын сынға алады. Олардың ойынша, таптардың, халықтың және мемлекеттің қалыптасу процестерінің қатарласа жүруі жөніндегі "қате пікір" С.В. Юшковтың "История государства и права" деген оқулықта орын алған. Онда скифтердің, сарматтардың, анттардың және тағы да басқа халықтардың тайпалық одақтары, оларда таптардың және мұрагерлік биліктің болуы негізінде мемлекеттер деп жарияланған [304, 35-99, 62, 64-65бб].
Осы тәрізді "История Казахской ССР" авторлары да түріктер, қыпшақтар, қарлұқтар, оғыздар, өзбектердің тайпалық одақтарын да "ерте феодалдық" деп аталғанымен мемлекет, мемлекеттік бірлестіктер қатарына жатқызады [305-56, 65-66, 72, 134-137, 148 б].
А.М. Давыдович пен Л.В. Дюков бұл кітап авторларының "үйсіндер мен қаңлылар заманында таптық қатынастар мен мемлекеттіліктің қалыптасуы басталды" деген пікіріне де үзілді-кесілді қарсы шығып, тайпалар одағы, таптар және мемлекеттің қалыптасу процесі бір уақытта жүрмейді деген жасанды ұстанымдарын қайталап алға тартады. С.З. Зимановтың, Т.М. Күлтелевтің, А.Е. Ереновтің және басқа да ғалымдардың Қазақстанда оның
Ресейге бодан болуына дейінгі кезеңде біршама дамыған феодалдық мемлекет болды деген тұжырымдарын да теріске шығаруға әрекеттенеді
[306, 78б; 307, 47 б; 308, 30 б].
Авторлар негізінен С.Е. Толыбековтың ХY-ХYІІІ ғасырлардағы қазақ қоғамы мемлекетке дейінгі сатыда, әскери демократия жағдайында өмір сүрді деген пікірін қолдайды [309-217, 221, 223-225бб]. Толыбековтың
"қазақ хандықтары тұрақсыз мемлекеттік бірлестіктер болды" деген пікірінің өзін асыра бағалаушылық деп есептейді [302, 93 б].
Қазақ халқының қалыптасуының өзі де мемлекеттің құрылуының алғы шарттарының бірі болғанымен, мемлекеттің пайда болып, өмір сүруінің белгісі емес дейді авторлар.
Сонымен Л.В. Дюков пен А.М. Давыдович қоғамның рулық-тайпалық негізде ұйымдасуының сақталып келгендігіне байланысты қазақтарда 1917 жылға дейін ешқандай мемлекеттілік болған жоқ, қазақ қоғамы ХY-ХYІІІ ғасырларда әскери демократиялық тәртіпке негізделген қауымдастықта өмір сүрді деген марксистік методология шеңберіндегі қағиданы дәлелдеуге тырысады [303, 96-102б].
Көшпелілер проблемасымен кейінгі кездері айналысқан авторлар да "көшпелі феодализм" концепциясынан көп алыс кете қойған жоқ. Олар да мемлекеттің пайда болуын адамдар арасында таптық антагонизмнің өрістеуінен, қоғамның әлеуметтік жіктелуі мен тапқа бөліну процесінен іздейді.
Түйіндеп айтсақ, отандық тарихнамадағы материалистік ағым өкілдерінің көшпелі қоғамдағы мемлекеттілік жөніндегі ой-пікірлері қазақтарда мемлекеттің болуы түгіл, оның мүмкіндігінің өзін жоққа шығарудан "ерте феодалдық" сипаттағы мемлекеттілік болғандығын мойындауға дейінгі эволюциялық дамудан өтті. Бірақ осы уақытқа дейін қоғамдық ғылымтануда "мемлекет" пен "мемлекеттіліктің" мәні ашылып, оларға нақтылы анықтама беруде бір тоқтамға келінген жоқ. Кейбір авторлар "мемлекеттілікті" мемлекетке дейінгі саты ретінде түсініп келді [310]. Соңғы уақытта бұл мәселе жөнінде Е.М. Әбенов, Е.М. Арынов өз пікірлерін білдірді. Олардың анықтауынша, мемлекеттілік туралы мәселе белгілі бір өркениеттік өңірді басқа өркениеттік өңірлерден ажыратушы әлеуметтік кеңістік, оның алғашқы шекарасы туралы мәселе секілді [311 24б]. "Мемлекеттілік" ұғымы "мемлекет" ұғымынан әлдеқайда кең де тереңірек. Бірінші ұғымның мазмұны тек қана саяси-құқықтық қатынастарды ғана емес, әлеуметтік және мәдени-рухани бастаулардың түгел кешенін қамтиды. Қоғам осы салалардың негізінде ғана тұтас жүйе ретінде қызмет жасайды. Осы тұрғыдан алғанда қазақтарда мемлекеттілік көне заманан бастап болды. Ал, қазақ мемлекетінің құрылуын авторлар саяси-құқықтық бірлестік ретінде қарастырады. Егер мемлекеттілік Шығыста мемлекет – тап, Батыста да – мемлекет тап ретінде пайда болса,
Далалық өңірде ол этноәлеуметтік және этноаумақтық бірлестіктің ерекше формасы ретінде қалыптасты дейді. Далалық өңірдегі мемлекетіліктің дамуы абстракциялық мемлекеттің дамуы емес.
Сонымен "Қазақстан. Мемлекет пен қоғамның эволюциясы" авторларының тұжырымдауынша, мемлекет Батыс пен Шығыс өркениетінің нәтижесі, ал Ұлы Дала тарихына қатысты мемлекеттілік ("мемлекет емес"ескерту авторлардыкі) өркениеттік процестің негізі болып табылады [311].
Тарихи материализмнің дағдарысқа ұшырауына байланысты көшпелі қоғамның әлеуметтік сипаты мен онда мемлекеттің пайда болу проблемасын жаңа танымдық тұрғыдан қарастыруға бағытталған методологиялық ізденістер жалғаса түсті. Отандық тарихнамадағы бұл құбылыс Ж. Артықбаевтың, М. Әбусейітованың, А.К. Көшкімбаевтың, И.В. Ерофееваның, Н.Э. Масановтың, М.К. Хабдулинаның т.б. авторлардың еңбектерінде айқын көрінді. Осы өзгеріс жөнінде әдебиетте қоғамдықэкономикалық формация теориясының шығармашылық элементтерін түгелдей жоққа шығармаумен қатар, гуманитарлық ой-пікірдің өркениет теориясына бет бұрып келе жатқандығы атап көрсетілді [312].
"Өндірістің азиялық тәсілі" концепциясы жандандырылып, оны көшпелілер қоғамына тарату, көшпелілердің отырықшы-егіншілікті қоғамдардан түбірінен айрықша өз даму арнасы барлығы туралы идеяны қалыптастырды. Осы түсінікке сәйкес көшпелілер арасындағы таптардың пайда болуы және ерте таптық қатынастар туралы жаңа пайымдаулар жасалды [313; 314; 129]. Оның бірі А.К. Көшкімбаевтың "К проблеме государственности в кочевых обществах" деген мақаласында баяндалған. Автор мемлекеттіліктің қалыптасуы – бір мезеттік әрекет нәтижесі емес, ол дегеніміз қоғамның тұрақты да басты саяси институты – қоғамдық қатынастарды басқару, реттеу және бақылау функцияларын атқарушы және өз кезегінде ішкі және сыртқы саяси қауіпсіздікті қамтамасыз етіп отыратын, құрылымдық жүйелер тән мемлекеттің пайда болуына әкелетін ұзақ та күрделі процесс дейді. Ондай саяси орган адамдардың кез келген тұрақты топтық қауымдастығының қажеттілігі болып табылады [108,50б].
М.К. Әбусейітова мемлекеттілік көшпелілердің отырықшы қоғаммен өзара қатынас орнатуға мәжбүр болған жерлердің барлығында да пайда болды деп есептейді. Бірақ әңгіме мемлекеттілікті олардың отырықшы көршілерінен "көшіріп" алғандығы туралы емес, көшпелілер өздеріне ғана тән бірегей саяси жүйе құра білді деп ескертеді. Автор кейбір тарихшылардың көшпелі хандықтарда аумақтық бөлініс, жария билік, тұрақты салық жүйесі және басқа да мемлекеттілік атрибуттары болмағандығын тілге тиек етіп жүргендіктерін ескерте отырып, жаппай қарулану, жүйеленбеген құқық, шекарасы өзгермелі аумақтық иеліктер тән түрік хандықтарын еуропа мемлекеттерімен салыстырғанда ортақ ұқсастықтар таба қоюдың қиынға соғатындығы, осы себепті де көшпелі мемлекеттілікті, жалпы ортаазиялық қоғамдарды зерттеуге басқа өлшемдер мен методологиялық ұстанымдар тұрғысынан келу керек деп жазады [54,
31б].
Тарихи материализм принциптеріне негізделген әдіснамадан мүлдем бас тартып, мемлекеттің пайда болуын көшпелі қоғамның дамуының ішкі заңдылықтары мен ерекшеліктерінен іздеу талпынысы Ж.О. Артықбаевтың еңбектерінен байқалады [39; 284].
Бұл автордың пікірінше де, тарихи қазақтанудың шектеулігі қоғам мен мемлекет тарихы проблемаларын біржақты материалистік тұрғыдан зерделеуден туындайды. Мемлекттің пайда болуының басты шарты тұтынудан артық өнімнің алынуы, осы негізде таптардың пайда болуы, таптық күрестің өршуі деп есептелінеді. Мұндай жағдайлар, материалистік ағым өкілдерінің пікірінше, отырықшы-егіншілікті қоғамда ғана болады. Сонымен көшпелілер әлемінде мемлекеттің пайда болу мүмкіндігінің өзі бірден жоққа шығарылады.
Жоғарыда көрсетілгендей, осы себепті көшпелілердің қоғамдық-саяси даму сипатына арналған бірнеше, кейде бір-біріне қайшылықты теориялар айналымға енді. Олардың негізінде көшпелілер қоғамның патриархтықрулық, ерте феодалдық, патриархтық-феодалдық, ал кейінгі уақытта әскерипотестарлық сипаты туралы анықтамалар туды [315].
Ж.О. Артықбаев, өркениет теориясына бой ұрған авторлар сияқты [316] евразия даласы көшпелілерінің мәдени жетістіктерін мұралаған қазақ қоғамы өзінің ішкі және сыртқы құрылымы бойынша да, мазмұны тұрғысынан да бірегей құбылыс екендігін мойындайды. Көшпелі социумның қызмет етуінің негізгі ұйытқысының өмірлік бастауын Батыстың да, Шығыстың да мәдени өлшемдерімен салыстыруға келмейді, қайталанбастығымен және өзіндік ерекшеліктерімен көрінеді. Осы бірегейлік методологиялық парадигмалардың өзгертілуін талап етеді. Бірақ Ж. Артықбаев өркениет теориясы арнасына қарай бұрылмайды, дүние жүзілік қоғамдық ой-пікір тарихында бұрыннан белгілі субъективтік категорияларға, қондырмалық институттарға басым мән береді. Өз сөзімен айтсақ, ең алдымен тарихи танымның басты нысаны қоғамның материалдық параметрлері емес, оның сана-сезімі, рухани құндылықтары, әлеуметтікмәдени ерекшеліктері сияқты факторлары болу керек [284]. Осыған сәйкес қазақтарда мемлекеттің пайда болуы себептерін анықтау үшін алдыңғы қатарға экономикалық процестерді емес, әлеуметтік процестер мен әлеуметтік байланыстар формаларын қою талап етіледі. Себебі қазақ қоғамында әрбір адамның орны экономикалық байланыстарға емес, табиғиәлеуметтік байланыстар арқылы анықталады.
Ж.О. Артықбаевтың бұл ұсынысы үстем таптың қосымша өнімді иеленуі, осы материалдық мүддесін қорғау мақсатында мемлекеттік аппараттың күшімен қаналушы тапты бағыныштылықта ұстауы жөніндегі қағиданы жоққа шығарады.
Онда "қазақтарда мемлекеттіліктің бастауын қай бағыттарда іздестіру керек, саяси генезис негізінде таптық құрылымнан басқа қандай факторлар жатты, алғашқы қауым эволюциясы барысында мемлекеттің пайда болуы мүмкін бе?" деген сұрақтар туындайды.
Автор бұл сауалдарға тапсыз қоғамда да мемлекеттің (саяси институттардың) өмір сүруі мүмкін деп жауап береді [284-46б] және оған төмендегідей дәлелдер келтіреді: 1) Мемлекет этноәлеуметтік жүйе ретінде бірнеше құрамдас бөліктерге, нақтылап айтқанда, шағын жүйелерге сүйенеді. Бұқаралық-саяси билік (бағындыру аппараты) дегеніміздің өзі солардың бірі болып табылады. Осы ретте экономикалық, аумақтық, әлеуметтік, этникалық, рухани билікті де айтуға болады. Соңғы шағын жүйеге басқа компоненттері жоқ кезде де мемлекет идеясын сақтап отыратын қоғамдық сана кіреді. 2) Қазақтардың көшпелі қоғамыоқшауланған, күрделі, үнемі қозғалыстағы және өзін-өзі реттеуші жүйе. Оның көптеген және күрделі қатынастармен өзара байланысты құрылымдық компоненттері (экономикалық құрылым, аумақтық орналасу, материалдық және рухани мәдениет, сана-сезім т.б.) шағын жүйелер ретінде әрекет етеді. Социумның рулық-тайпалық шеңберден мемлекеттілік жағдайға көшкен уақытында бұл түрлі шағын жүйелердің рөлі бірдей болмауы мүмкін. Кейбірі мемлекеттік жүйе ретінде қалыптасып, тиісті міндеттерді атқарады, ал екіншілері әлі пісіп-жетілмеген болып шығады. 3) Қазақ қоғамының ішкі құрылымы элементтерінің өзара иерархиялық бағыныштылығына байланысты адамның қоғамдағы орны дүниеге келген күннен және өмір бойы оның белгілі бір сословиеге жататындығымен анықталады. Сонымен қатар қазақтардың көшпелі қоғамның негізін қауымның еркін көшпелілері, яғни дербес шаруашылық иелері, өндірістік қатынастардың тең құқылы субъектілері құрайды. Мұнан шығатын қорытынды шектеуліктер мен өзара бағыныштылық (иерархиялық) меншік қатынастарынан емес, туыстық қатынастардан туындады [284, 41б]. Осы себепті хандық биліктің пайда болуы мен өмір сүруі жеке меншік пен таптық қоғамның қалыптасуына байланысты орын алған жоқ.
Ж.О. Артықбаев мемлекеттің тууын оның әлеуметтік реттегіштік қызметінен іздестіреді. Осылай ол қоғамның ішкі құрылымын, әр түрлі құрамдас (этномәдени) бөліктерін ұйымдастырып, қимыл-қозғалысқа келтіріп отыратын механизм ретінде мемлекет қола дәуірінен бастап-ақ өмірге келді деп есептейді [39, 24 б].
Егер таратып айтатын болсақ, үстем рулық жүйе, сословиелік құрылым, тәуелділіктегі қалалық және егіншілікті өңірлер негізгі субстраттар ретінде әрекет жасайды. Олардың бір саяси организмде шоғырлануы нәтижесінде мемлекет құрылады, ал мемлекет субстраттардың бірыңғай жүйе ретінде қызмет жасауын қамтамасыз етеді, әсіресе, этногенез процесінің бір арнада дамуына қолайлы жағдай тудырады. Соңғы тұжырымды орыс ғалымдары да қолдайды. Л.Е. Куббель: "Потестарлық және саяси ұйым этникалық процестердің барысына да және олардың нәтижелерін бекітуге де, сонымен бірге осы нәтижелерге белгілі бір тұрақтылық сипат беруге де қажетті этнотоптастырушы фактор болып табылады", – дейді [317, 118б].
Сонымен Ж.О. Артықбаев ізденістерінің басты түйіні көшпелілер қоғамдарында орталықтану мен жіктелу проблемалары басқару аппаратын құру арқылы емес, өмір сүріп тұрған әлеуметтік жүйенің (құрылымының) күрделенуі арқылы жүзеге асады деген ойға тіреледі.
Жоғарыда кейбір саясаттанушылардың ғылыми айналымға "мемлекеттілік" ұғымын енгізу деген ұсынысына және "көшпелілер мемлекеттілігі" бұқаралық-саяси билікпен, яғни оның "бағыныштылықта ұстау аппараты" ретіндегі дәстүрлі сипатымен барлық жағдайда сәйкес келе бермейді [316; 311] деген тұжырымына тоқталып өткенбіз.
Ж.О. Артықбаевтың пікірінше, "мемлекеттілік" пен "мемлекетті" бірбіріне қарсы қою қоғамтанудың ұғымдық-категориялық аппаратында түсініксіздік туғызады. Егер "мемлекеттілік" дегенді, авторлардың айтқанындай, "саяси-құқықтық, әлеуметтік және мәдени-тұрмыстық" құрылымдардың жиынтығы ретінде қарастыратын болсақ, онда бұл құбылысты қоғам деп тануымыз қажет [284, 39б].
Дегенмен "мемлекет" ұғымы жөнінде де пікірталастардың әлі бір арнаға түсе қоймағанын айта кету керек. Хоккайдо университетінің (Жапония) доценті Уяма Томохико: "Ең алдымен, саясаттанушылар арасында "мемлекет" дегеніміздің не екендігі туралы бірыңғай пікір жоқ, "мемлекет" ұғымының жүзден астам анықтамасы бар. Егер біздер отырықшы халықтар мемлекетінің сипаттамаларына негізделген тар шеңберлі анықтаманы қабылдасақ, онда Қазақ хандығы мемлекет болып есептелмейді. Ал, егер "мемлекет" ұғымын кең көлемде түсінсек, онда бұл хандық мемлекет қатарына жатады", – дейді [318].
Отандық тарихнамада да бұл проблема бойынша, яғни мемлекет дегеніміз не, оның негізгі белгілері қандай деген мәселелер төңірегінде түрлі болжамдар орын алып келе жатқандығын қайталап айтамыз. Олардың өзі де материалистік методология мен өркениеттік теориялардың кейбір элементтерінен құрастырылған эклектикалық сипатта болып келеді. Ж.О. Артықбаевтың көзқарастарында ғана сонылық байқалады. Оның пікірінше, мемлекет дегеніміз, біріншіден, – қоғамды ұйымдастырушы, реттеуші жүйе, екіншіден қоғамның ресми билік органдарының және атрибуттарының тұтас жиынтығы [39,22б].
Бірақ, Ж.Артықбаевтың айтқанындай, бұл – "екі түрлі анықтама" емес, мемлекетті құрылымдық-функциялық талдау тұрғысынан жасалған бір ғана анықтама болып табылады және оны отандық тарихнаманың методологиялық жетістігі деуге болады.
Мәселеге осы жаңа көзқарас тұрғысынан қараған А.Бикенов көшпелілер тарихы жөніндегі зерттеулерге шолу жасай келіп, мемлекет туралы айтылған пікірлерде қоғамның билік жүргізу жүйесін, оның әртүрлі атрибуттарын (мәселен: сот, әскер, қазына, салық т.б.) зерттеу басым да, ал мемлекеттің реттеуші-ұйымдастырушы жүйе екендігін естен шығарылып келе жатқандығына назар аударады [319, 35б].
Тарих ғылымында соңғы уақытта қазақтардың әлеуметтік және саяси ұйымдасуы жөнінде осы тұрғылас пікірді И.В. Ерофеева да білдірді. Ол материалдық және адам ресурстарының жинақталуы және шоғырлану процестері сияқты экономикалық факторларды айтпағанның өзінде, қазақ қоғамында бір саяси ұйымға бірігудің экономикалық сферадан тыс жатқан ынталанушылық пен қажеттіліктен туындайтын себептер барлығына назар аударады. Оларға қауымдар арасында жерді пайдалану жөніндегі өзара қатынастарды реттеу, көшу қон бағыттарын анықтау, жайылымдықтарды, бөлісу, руаралық кикілжіңдерді, барымта-қарымта мәселелерін шешу, сыртқы жаулардан қорғану, көрші отырықшы және көшпелі өңірлерге жорықтар ұйымдастыру жатты. Көшпелі халықтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты осы мәселелердің барлығына басшылық жасап, жөн сілтеу қажеттілігінен тайпалар, тайпалық одақтар, жүздер және т.б. ірі бірлестіктер қалыптасты. Осы көшпелі әлеуметтік организмдердің іріленуі барысында аталмыш құрылымдар арасындағы қатынастарды реттеп отыруға қажетті тетік (механизм) ретінде иерархиялық құрылымға негізделген потестарлықсаяси ұйым пайда болды деп жазады автор ] 320, 38-39б]..
Қазақтардың көшпелі қоғамында, Евразиялық басқа да көшпелі халықтарындай, саяси басқару немесе билік жүйесі аға тайпа, не аға ру құқығының басымдылығын мойындайтын генеалогиялық туыстық принципіне негізделеді. Осыған сәйкес күшті (аға) рулар мен тайпалар, әдетте, қазақтардың әскери-потестарлық бірлестіктерінің ұйытқысы болды. Олардың төңірегінде әлсіздеу және тым әлсіз кіші рулар мен тайпалар топтасты, осы негізде мемлекеттік бірлестіктер – хандықтар құрылды деп есептейді И.В. Ерофеева [320, 39б].
Мұндай пікірлерді өткен ғасырдың 60-70-жылдары қазақ қоғамының әлеуметтік негіздері мен онда мемлекеттіліктің пайда болуын зерттеген А. Хадсон, Л. Крадер, Э. Бэкон сияқты шетелдік ғалымдар да айтқан болатын [193; 199].
Осы кезеңдерде отандық тарихнамада да бүкіл тарихи дамуы барысында көшпелілердің қоғамдық құрылысы өндірістің өзгеше тәсіліне негізделді, ол дамыған таптық феодалдық қатынастармен де, мемлекттілікпен де сәйкес келмейді деген концепция ұсынылған-ды. Осы концепция, әсіресе, Н.Э. Масановтың "Қазақтардың көшпенді өркениеті" деген кітабында өзінше жалғасын тапты және көшпелілерде феодализм мен мемлекеттіліктің болуы жөніндегі идеяның өзі жоққа шығарылды[280].
Бұл еңбекке пікір білдірген В.Н. Василов автордың тұжырымын 90жылдардың ортасында "талассыз" емес деп қана атап өткен болатын[321142,143б]. Дегенмен Н.Э. Масанов мұнан кейінгі жылдары да көшпелілер тарихын "эволюциялық-тарихи" зерттеу әдістері тұрғысынан пайымдауларын жалғастырды.
Бұл автор көшпелілік өмірдің басты ерекшілігі – көшпелі қауымдардың шашыранды (дисперсті) жағдайы деп есептейді. Осы негізде ол көшпелілерде әскери-потестарлық (potestus-латынша "билік") құрылымдардың пайда болуының басты себептері жайылымдықтарға, көшіқон жөніндегі қатынастарға, әдеттік-құқық нормаларын реттеуге т.б. мәселелерге байланысты болды деп есептейді. Осы факторлар санатында көршілес егіншілікті, көшпелі халықтар және мемлекеттермен сыртқы қарым қатынастарды реттеу қажеттілігін де атайды [322; 323-244]. Л.С. Куббель де бұрынырақ осындай пікір білдірген [317].
Н. Масанов көшпелілер қоғамындағы әскери-потестарлық жүйенің дүниеге келуі экономикалық факторлар мен экономикадан тыс факторлардың ұштасуы нәтижесінде болды деп есептейді. Бірақ бұл жүйе, мемлекет жөніндегі европалық түсінікті қолдаушы автордың пікірінше, мемлекетке дейінгі құрылым болып қана есептелінеді. Көшпелі қоғамдағы мемлекеттілік табиғи жағдайы мен әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымның интеграциялық процестерге көрсететін кедергілері кемдеу маргинальды өңірлерде ғана мүмкін болған секілді [323, 204б].
Автордың алғашқы да, соңғы да тұжырымдарымен келісе қою қиын. Себебі, түптеп келгенде, мемлекеттіліктің пайда болуын Н.Э. Масанов та, осының алдында ғана айтылған И.В. Ерофеева да, көшпелілерде мемлекеттілік дәстүр болғандығын жоққа шығарады. Соңғы уақытта әскери-потестарлық құрылымдарға байланысты қағидаларға А.К. Көшкімбаев та қолдау көрсетті. Менің ойымша, деп жазады соңғы автор, орта ғасыр кезіндегі (Х-ХІІІ ғ.) көшпелі потестарлық әлеуметтік организмдер, мысалы, керей, найман, татар, монғол ұлыстары, қыпшақтардың және басқа да түрік тілдес тайпалардың сол уақыттағы бірлестіктері мемлекет санатына жатпайды, себебі оларда анық билік жүйесі, басқару аппараты, тұрақты салық тәртібі болған жоқ.
Ал, халық (ел, ұлыс), аумақ (йурт, нунтук) сияқты өлшемдер үнемі динамикалық жағдайда болды, басқаша айтқанда, өзгеріске ұшырап отырады дейді автор. Сонымен, А.К. Көшкімбаевтың ойынша, потестарлық – саяси топтардың ұлғаюы нәтижесінде құрылатын қағанаттар, хандықтар және т.б. мемлекетке дейінгі құрылымдар болып қана табылады [108, 52б].
Көшпелі қоғам дамуына тән басым бағыттарды анықтаудағы кейбір айырмашылықтарына қарамастан, П.П. Румянцев [324], В.В. Бартольд [325], С.Е. Толыбеков [302-228,373б], Б.А. Владимирцов [292,80-81б], В.В. Радлов [326,65-67б], В.М. Викторин [327, 12б], Н.Н. Крадин [323, 145-152б сияқты авторлар да, олардың ізбасарлары ретінде көрінген Н.Э. Масанов, И.В.Ерофеевалар да тарих ғылымында бұрыннан белгілі "әскеридемократиялық" құрылым туралы қағиданы ұстанады. Осы авторлардың еңбектеріне шолу жасаған А.К. Көшкімбаев: "Номадтық өңірлерде өмір сүрген көшпелі әскери-потестарлық құрылымдар шын мәніндегі мемлекеттер болған емес... Көшпелі қағанаттар, хандықтар, империялардың экономикалық базасы жоқ болуы және уақытша да әлсіз әскери-әкімшілік – бірлестіктерді құрады деген қорытындыға келді [108, 54б].
Қазіргі заманғы тарихнамада қарастырылып отырған проблема бойынша үш ағымның қалыптасып отырғандығын көреміз. Біріншісіне негізінен көшпелілердің этносаяси тарихына басым мән бере отырып, оны көшпелі дүниенің ішкі және сыртқы саяси қатынастарымен байланыстыра қарастыратын және осы зерттеу әдісі нәтижесінде көшпелілерде мемлекеттің де, мемлекеттілік дәстүрдің де болғандығын айқындаған ғалымдар тобы жатады. Бұл мектептің ірі өкілдері К.А. Пищулина [54],
М.Х.Әбусейітова [60; 61; 62], Б.Е.Көмеков, Т.И.Сұлтанов [330], А.Ш.Кадырбаев [332], Е.И.Кичанов [331], Ш.Сандаг [320], , В.В. Трепавлов [333], С. Жолдасбаев [373], Ж. Артықбаев] 39; 284] т.б. ғалымдардың еңбектері жұмысымыздың келесі бөлімдерінде (2.2; 2.3) талданады.
Екінші ағым өкілдері (В.В. Радлов, В.В. Бартольд, П.П. Румянцев, Б.Я. Владимирцов, С.Е. Толыбеков, Н.Ц. Мункуев, А.М. Хазанов, Н.Н. Крадин, А.К. Көшкімбаев) көшпелілерде кейбір кезеңдерде ғана ірі мемлекеттік бірлестіктер-көшпелі империялар ғана құрылған дейді. Бұл ағым өкілдерінің көзқарастарына тоқталғанбыз. Дегенмен "ахуалдық мемлекет" концепциясының негізін қалаушылардың бірі, қазіргі кезде америкалық ғалым А.М. Хазановтың тұжырымдарына да тоқтала кетейік.
Оның пікірінше "көшпелі мемлекеттілік" немесе "көшпелі мемлекет" терминдерінің мазмұны тым бұлдырлау. Шын мәнінде "көшпелі мемлекеттер" деп тұрғындарының көпшілігі номадтар болып табылатын, үстем және бағынышты таптарға бөлінген, өз дамуында тиісті эволюциялық деңгейге көтерілген тәуелсіз бірлестіктерді атау керек. Алайда көшпелілерде әлеуметтік жіктелу мен тек қана ішкі даму барысында мемлекеттің пайда болуына бірнеше жағдайлар кедергі жасайды. Әдетте оларда мемлекеттің дүниеге келуі көршілес отырықшы елдер мен өңірлерді жаулап алу нәтижесінде жүзеге асып отырды [109 – 362- 363б].
Көріп отырғанымыздай, автордың бұл тұжырымында еш жаңалық жоқ. Бірақ автор жаулаушылық көшпелілерде мемлекеттің құрылуының бірденбір жолы деп есептемейді. А.М. Хазанов: "Кейбір сирек жағдайларда көшпелі мемлекет отырықшы халықты өзіне бағындыру арқылы пайда болды. Ондай мемлекеттер – тарихтың бір қысқа көріністері іспеттес, көшпелі қоғам ұшырасқан ерекше проблемалар, әдетте жаулап алушылық қарсаңында және жаулаушылық нәтижесінде дүниеге келді. Оларды "ахуалдық мемлекеттер" деп атауға болады", – дейді [109, 450б]. Айналып келгенде автордың пікірі көшпелілердің қолы жеткен саяси бірлестігі "әскери-демократиялық" сипаттағы, әлсіз де тұрақсыз құрылымдар болды деген тұжырымға саяды. Ең соңында, үшінші топты құраушылар көшпелілер қоғамында мемлекет болған жоқ деп ойлайды. Бұл ағым өкілдері зерттеулерінің негізгі арқауы – ішкі әлеуметтік-экономикалық қатынастар. Олар көшпелі қоғамды шаруашылық-экономикалық параметрлер тұрғысынан қарастыра отырып, аталмыш проблема жөнінде түбірінен басқа қорытындыларға келді. Сол себепті бұл ізденістер көшпелілерде мемлекттің болғандығын жартылай мойындаған екінші ағым өкілдері тарапынан да сынға ұшырады. Олар: "көшпелілер үшін экономикалық мүдде басты фактор болғаны рас, бірақ оны дамудың көшпелі моделінің бірден-бір қозғаушы күші деуге келмейді", – деп мәлімдеді [108, 50б]. Ол жөнінде жоғарыда әңгімелегенбіз және Ж.О. Артықбаевтың, А.К. Көшкімбаевтың ізденістерінің экономикалық детерминизмнен бірден-бір әдіснама ретінде алшақтауда және көп факторлы (плюралистік) зерттеу концепцияларына көшуі маңызды қадам екендігін айтып өткенбіз.
Қорытып айтқанда, көшпелілер қоғамындағы мемлекеттілік институттың пайда болуы туралы ой-пікірлер эволюциясы әлі де тоқтаған жоқ, өзгеріс, даму үстінде. Солай бола тұрғанымен қазақтардың көшпелі қоғамында мемлекет те, мемлекеттілік дәстүр мен сабақтастық болғандығы, қазақ хандығының өзіне тән өркениеттік және заңдылықтар негізде құрылып, өмір сүргендігі отандық тарихнамада дәлелденген. Осыған байланысты тарих ғылымындағы маңызды проблемалардың бірі Қазақ хандығының құрылуының алғы шарттарын негіздеу болып табылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет