Сабденова гульмира есбатырқызы қазақ хандығЫ ҚҰрылуының тарихнамасы


Қазақ хандығының құрылуының алғы шарттары



бет9/15
Дата03.11.2023
өлшемі259,51 Kb.
#121620
түріМонография
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   15
Байланысты:
treatise16979

2.2 Қазақ хандығының құрылуының алғы шарттары


Қазақ мемлекеттілігінің тарихнамасы қазақ халқының этногенезі жөніндегі автохтондық және миграциялық концепциялар ықпалымен қалыптасты. Соңғысы қазақ хандығының құрылуын Жәнібек пен Керейдің Шу бойына қоныс аударуымен түсіндірсе, алғашқы көзқарастағы авторлар бұл құрылымның бастауын ерте заманнан іздестіреді. Басқаша айтқанда, бірі қазақ хандығының дүниеге келуін ахуалдық оқиға ретінде қарастырады да, оны қандай да болмасын заңдылықтар, немесе тарихи алғышарттардың қорытындысы деп есептемейді [334; 335]. Екіншілері Қазақ хандығының құрылуының қайнар көзі көне заманнан – ғұндар, үйсіндер, қаңлылардың мемлекеттік бірлестіктерінен, түрік қағандығынан басталатындығын қолдайды. Олар Қазақстан аумағындағы түрік тілдес тайпалардың ішкі қоғамдық-экономикалық дамуы нәтижесінде емес, "кездейсоқ оқиғалар" жиынтығы нәтижесінде мемлекеттілік құрылымға бірікті деген тәріздес пікірді нақтылы тарихи материалдарды зерттеу арқылы теріске шығарды.
Археологиялық ғылымның жетістіктері мен тарихшылардың соны ізденістері Қазақстанның көне тұрғындарының (үйсіндер мен қаңлылар) өзінде мемлекеттілік болғандығын көрсетті [33, 66б]. Осыған байланысты қазақ хандығының құрылуының әлеуметтік-экономикалық және саяси алғышарттарына назар аударыла бастады.
Отандық тарихнамада Қазақстандағы мемлекеттілік дәстүрінің көне заманнан бері жалғасып келе жатқандығы, сақ, скифтер дәуірінен бұл өңірде түрлі мемлекеттік бірлестіктердің – тайпалық одақтардың, қағанаттардың Еуропадан әлде қайда бұрын құрылғандығы, оларға мемлекеттілікке тән атрибуттар мен механизмдердің – армияның, дипломатиялық, шенеуніктік қызметтің, белгілі бір шекараның, сайлау арқылы, не мұрагерлік жолмен жүзеге асырылып отырған жоғары биліктің болғандығы туралы мәселелер қойылды. Ежелгі грек, рим авторларының, Қытайдың "Ханнаме", "Тарих-наме" секілді жазба ескерткіштері мәліметтеріне сүйене отырып, зерттеушілер б.д.д Y-ІІІ ғасырларда-ақ Қазақстанның ежелгі тұғындарының өз заманында қуатты мемлекеттік бірлестерде өмір сүргендігін, Жетісуда сақ-үйсін, Арал жағалауында қаңлығұн, Қазақстанның солтүстік-шығысында қыпшақ, Батыс Қазақстанда алан этномәдени қауымдастығының қалыптасқандығын дәлелдеді [337].
Бірақ қазақтарда мемлекеттіліктің түп тамырын тарихтың терең қойнауларынан іздестіру жөніндегі ортақ пікірге келгенімен, бұл процестің нақтылы қай кезеңнен басталатындығы жөнінде ғалымдар әртүрлі жорамалдар айтуда. Зардыхан Қинаятұлы Қазақстандағы мемлекеттілік үрдіс тарихын ғұндар заманынан бастауды ұсынады. Ол Қазақстан аумағында (б.д.д. 209) алғаш рет мемлекет дәрежесіне көтерілген Хунь-юй (ғұндар) болды дейді [287].
Ғұндар мемлекетінің тарихын зерттеуге Л.Н. Гумилев [338], Бахаддин Өгел [339], С.Өтенияз [340] сияқты ғалымдар үлкен үлес қосты. Бұл авторлар негізінен қытай деректеріне сүйене отырып, Ғұн мемлекеті тарихта болған жоқ деген пікірдің де, Хунь-юй (Гун-ны) мен Сунь-юй (Сюн-ну) екі мемлекет деген тұжырымның да тарихи шындыққа сай келмейтіндігін, соңғысы қытайлардың бір мемлекетің әр кездерде екі түрлі атауы ғана екендігіне назар аударды. Модун тәңірқұты тұсында (б.д.д. 209176) ғұндардың Қытайға он төрт рет шабуыл жасап, Хань әулетіне өз мемлекетін мойындатқаны белгілі. З.Қинаятұлы мемлекеттік үрдісті кейін үзбестен үйсін, қаңлы, дулат, найман, керей секілді ұлыс дәрежесіне дейін көтерілген көптеген тайпалар жалғастырды деп жазады.
Осылардың ішінен, әсіресе, үйсіндер мен қаңлылар тарихы көбірек зерттелді, себебі біраз ғалымдар қазақ мемлекетілігінің қайнар көзі осы тайпалар құрған бірлестіктер деген қорытындыға келген.
Сағын Сұңғатай көне Қытайдың "Ші-жи" (тарихи жазбалар), "Хань-шу" (Ханьнаме) тарихи жылнамалардың деректері бойынша б.д.д ІІІ ғасырдан бастап қазіргі Қазақстан аумағында, атап айтқанда, Каспийдің шығысы мен солтүстігі және Аралдың солтүстігінде Янцай ұлысы (Алшын немесе Алан ұлысы), Оңтүстік Қазақстан, Сырдария, Талас аңғарлары мен Қаратау төңірегінде Каң-жуи (қаңлы) мемлекеті, Шығыс Қазақстан мен Ыстықкөл төңірегі және Шығыс Түркістанның солтүстік бөлігінде У-сун (үйсін) ұлысы, Шығыс Қазақстан мен Алтай төңірегінде Ху-жие (қыпшақ) ұлысы сияқты көшпелі мемлекеттердің (Шинь-го) болғандығын көрсетеді. Автор осы ұлыстардың ішінде үйсін ұлысының тарихи-саяси және мемлекеттік маңызы айрықша деп біледі. С. Сұңғатайдың пікірінше, ежелгі үйсін ұлысы б.д.д. ІІ ғасырдан б.д. Y ғасырына дейін Орта Азиядағы ең ірі құдіретті мемлекеттердің бірі ретінде өмір сүріп, өз кезеңінде Еуразия тарихында елеулі саяси және мәдени рөл атқарған, бүгінгі қазақ халқының этникалық тегі, шаруашылығы мен мәдениетінің, әсіресе қазақтың ежелгі көшпелі мемлекеттілігінің қалыптасып, кемелденуіне зор ықпал еткен [341].
К.А. Ақышев та үйсін мемлекеті көне Қазақстан мен Қырғызстан аумағындағы тұңғыш (мүмкін, алғашқылардың бірі) мемлекеттік бірлестік болды дейді. Оның зерттеулеріне қарағанда бұл мемлекет шығыстан батысқа қарай Іле өзенінен Талас өзеніне дейінгі, солтүстіктен оңтүстікке қарай Балқаш көлінен Есік көліне дейінгі жерлерде І-ІY ғасырларда өмір сүрген [342; 343; 344].
Мұнан материалдық (археологиялық) деректер мен көне қытай жазбаларының мәліметтері сәйкес келе бермейтіндігін, үйсін мемлекетінің өмір сүрген хронологиялық кезеңі мен оның аумағы жөнінде кейбір қайшылықтар барлығын бірден аңғаруға болады. Бірақ үйсін ұлысынан бастап ұзақ уақыт бойы Қазақстан жерінде мемлекеттілік дәстүрдің жалғасып отырғандығы айқын көрінеді.
К.А.Ақышев осы хронологиялық кезеңнен бастап түрік тайпалары мекендеген бұл өңірде мемлекеттіліктің пайда болуы мен даму процесі 600700 жыл бойы үзілместен жалғасты деп көрсетеді. Архологиялық материалдар мен көне Қытай деректері негізінде [345, 279б] автор Батыс Түрік қағанатының өмір сүрген уақыты (603-704 ж.) Оңтүстік-Шығыс Қазақстан мен Қырғызстан үшін үйсін мемлекетінің жалғасқан уақыты, мемлекеттік даму сабақтастығының келесі кезеңі болды деген қорытынды жасайды [344, 17б].
С.Сұңғатай Yйсін мемлекетіндегі күрделі қоғамдық қатынастарға, үйсіндердің түрік тілдес болғандығына, көне У-Сунь мен бүгінгі үйсіндердің бір тектес екендігіне тоқталады. Тарихи сабақтастық мәселесіне келсек, үйсіндер сақтардың мұрагері, Батыс-Түрік, Түргеш және Қарлұқ қағанаттары, Қарахан мемлекеті, Қыпшақтардың мемлекеттік-саяси бірлестігі, Қазақ хандығы осы үйсін ұлысынан бастау алады, оның заңды мұрагерлері болып есептелінеді дейді ] 346, 42б].
"Еуразия көшпелілерінде мемлекеттіліктің ең кемелді, классикалық үлгісі болған Түрік қағанатының мемлекет басқару жүйесі, заң жарғысы, мемлекеттілік тәуелсіздік тұжырымдамасы ежелгі үйсін ұлысынан бастау алып, қалыптасып, кейінгі Қазақ хандығына дейін жалғасып келгендігі" [341,20б] басқа ғалымдар тарапынан да қолдау тауып отыр. Олардың қатарында Н.Я. Бичурин, Н.В. Кюнер, В.С. Таскин, Ю.А. Зуев, Н. Мыңжан, С. Аманжолов, В.В. Востров, т.б. ғалымдар бар [347]. Ш. Уәлиханов, А.Н. Бернштам, К.А. Ақышев, К.Г. Кушаев, Ю.А. Зуев, А.Г. Максимова, С.
Аманжолов, А. Қадырбаев, С. Жолдасбайұлы еңбектерінде үйсіндердің автохтондылығы, Жетісу жерінде ежелден өмір сүріп келе жатқан түркі тілдес тайпа екендігі жан-жақты дәлелденді. Yйсін ұлысындағы мемлекттік басқару, әлеуметтік және мүліктік жіктелуішілік, әскери қызмет т.б. мәселелер анықталды [348; 349; 350; 351; 352].
С. Жолдасбайұлы Yйсін мен Қаңлы хандықтары Қытай мемлекетімен терезесі тең өмір сүргендігі, қаңлы жерінің "бес облысқа" бөлінгендігі жөніндегі деректерді келтіреді [257].
Отандық ғалымдар еңбектерінде Қазақ хандығының құрылуының алғышарттары мынандай ретте баяндалады:

  1. Ежелгі үйсіндер (усуньдер) ұлысының кезеңі;

  2. Батыс-Түрік қағанаты уақыты ұлысының қалыптасу дәуірі;

  3. Жошылықтар-шағатайлықтар ұлысының қалыптасу дәуірі;

  4. Қазақ хандығының құрылуы;

М. Қозыбаев, К.М. Байпақов, К. Ақышев, С. Жолдасбайұлы, А.Ш. Қадырбаев т.б. отандық ғалымдар да Қазақстан аумағында өмір сүрген мемлекеттік дәстүр сабақтастығы, билік жүйесінің негізгі формалары, аумақтық бөлініс, әскери іс құрылымы т.б. осылайша дамып, жалғасын тауып отырды деп жазады.
Көптеген ғалымдар қазақ мемлекеттілігін YІ ғасырда құрылған Түрік қағанатынан (әсіресе, Батыс Түрік қағанатынан) басталды деген пікірде. Белгілі ғалым Л.П. Окладников Түрік қағандығының құрамына енген тайпалар мен халықтардың дүниежүзілік өркениетке қосқан үлесін археологиялық материалдар негізінде дәлелдеп бергені мәлім. Түріктердің ел басқару – әкімшілік, қаржыгерлік, салық жүйесін, ұйымдастырудағы бай тәжірибесі монғолдардың, орыстардың, Еуропаның біраз халықтарының өз мемлекеттілігін құруда зор ықпал етті.
Оған түркілердің өз қолымен жазып қалдырған Орхон бойындағы Білгеқаған, Күлтегін, Күлічөр, Тоныкөк, Ел-етміш ескерткіштері толық дәлел бола алады [353; 354; 355, 15б].
Мемлекеттік дәстүрдің тұрақтылығы көп жағдайда этногенетикалық байланысқа, Қазақстанның автохтонды тұрғындарының тарихи жадында сақталған мемлекеттік бірлік жөніндегі сана-сезімге негізделді. Сөзімізді дәйектей түсу үшін мына жағдайға назар аударайық. Батыс Түрік қағанатының этникалық құрамы Ашина түріктерінен, үйсіндер, кангюйлер, түргештер, ұйғырлар, қырғыздар, қарлұқтар, оғыздар, қимақтар, қыпшақтардан тұрды; олар, руна жазбаларында көрсетілгендей, "он оқ будунды" – он тайпалы халықты құрады. Аталмыш тайпалардың, аттары кейінгі кездегі тарихи оқиғаларда үнемі ұшырасып отырады.
704 ж. құрылған Түркеш қағанаты Батыс түрік мемлекетінің тікелей мұрагерлері болды және оның тұрғындары бұрынғыша "он оқ будун" деп аталды. Ә. Хасенов бұл хандықтың этникалық құрамы үйсін, қаңлы ұлыстарына кірген тайпалардан тұрды деп жазды [356, 5б].
Қытай ғалымы Су Бэйхай Түркеш қағандығын қазақ даласын тұтастай қамтыған ең алғашқы Қазақ хандығы деп есептейді және өзінің "Қазақтың тұтас тарихы" атты еңбегінде бұл жөнінде көптеген құнды мәліметтер келтіреді[357; 358].
Отандық тарихнамада мұнан кейінгі уақыттарда Қазақстан аумағында өмір сүрген Қарлұқ (760-940 ж.), Қимақ (кейінірек қыпшақ) (Х-ХІ ғ.), Оғыз, Қарахан мемлекеттерінің тарихы сараланып, олардың құрылуының негізгі себептерін ашуға алғашқы қадамдар жасалды. Бірақ бұл бағытта жаңа әдіснамалық ізденістер байқала қоймады.
Бұрынғыша материалдық игілікке, жеке меншіктің орнығуы мен дамуы, осыған байланысты әлеуметтік теңсіздіктің және түрлі топтардың арасындағы қайшылықтың тууы сияқты тарихи материализм қағидаларына иек арту басым. К. Ақышев, мысалы: "Түрік және түрік тілдес халықтардың мемлекеттілігі, барлық өркениетті елдердегідей, қалыптасқан әлеуметтік құрылымды заңдастыру және қорғау органы болды", – деп жазады [289, 1819б]. Сонымен бірге автор түрік мемлекеттілігінің даму процесін сыртқы факторлар, әсіресе, көрші тайпалар және халықтармен (хань, жуань-жуань, қарақытайлар, арабтар, саманилар) ғасырлар бойы күрес тездетті дейді. Л.Н. Гумилевтің сөзімен айтқанда, қарлұқтар "Орта Азиядағы далалық мәдениеттің жалғыз қорғаушысы болып қалады да, арабтарға қарсы екі жүз жыл бойы күрес жүргізді. Қарлұқтар тарихы докторлық диссертация деңгейінде зерттелді [359, 271-272б].
Түркі тілдес тайпалардың мемлекеттілігінің келесі кезеңі Х ғасырда Европа далаларындағы әскери-саяси өмірде зор рөл атқарған Оғыз қағандығы болды. Оғыздар тарихы С.Г.Агаджанов, С.П.Толстов, Х. Короғлы еңбектерінде жан-жақты зерттелді [360, 353-363б; 361, 122-128б;
363].
Қарахандар мемлекеті кезінде Қазақ хандығының құрылуында маңызды факторлардың бірі болған ислам дінінің қабылдануы және оның мемлекеттік дінге айналуы орын алды [364].
Түріктер мемлекетілігінің нығайып, жетіле түсуі қыпшақ және қимақ тайпаларының тарих сахнасына шығуына байланысты болды.
А. Қадырбаев қазақ мемлекеттілігінің құрылу қарсаңында Қазақстанның далалық кеңістігі мен Қара теңіз жағалауында, Алтайдан Карпатқа дейінгі аумақта туыстас тайпалар мен рулардың қыпшақ одағы конфедерациясы өмір сүрді, оның құрамына қаңлылар одағы да кірді деп жазады. Автор осы бірлестікте әлеуметтік-экономикалық қатынастарды, ел басқару, көшпелілік пен отырықшылық симбиозын, тіпті, кейбір деректер бойынша, жазба дәстүрі болғандығын талдай келіп, бұл тайпалар конфедерациясының мемлекеттік сипатта ұйымдасқандығына нақтылы дәлелдер келтіреді [365]. Бірақ автор оны "алғашқы типтегі мемлекет" басқаша айтқанда, сол кездегі монғол ұлыстарына ұқсас ерте феодалдық мемлекеттік бірлестіктер" деп ескертеді.
Қыпшақтар мен қаңлылар одағы алғашқы сатыдағы мемлекеттік бірлестік деген пікір басқа да зерттеушілер тарапынан айтылды. Е.И. Кычанов "кейбір мемлекеттік функцияларының нышаны бар ұйым", "таптық жіктеушілік барынша тереңдей түскен қоғам" деп жазды [366]. С. Ақынжанов та қыпшақтарда ерте мемлекеттік бірлестік болды деген тұжырымға келген [263,278-284б].
Қазақстанды мекендеген түрік тайпалары орта ғасырларда мемлекеттіліктің бірнеше формаларын бастан кешіргені, олардың қатарында қыпшақ бірлестігіне дейінгі уақытта Ертістен Жоңғар еліне дейінгі кеңістікте Қимақ мемлекетінің болғанын да айта кету керек. Бұл тақырыпты араб деректері негізінде зерттеген Б.Е. Көмековтің ғылымға қосқан үлесі ерекше екендігі отандық тарихнамада мойындалды[51]. Қимақтар туралы еңбегінде ол араб авторларының шығармаларындағы сан алуан мәліметтерді ғылыми айналымға қосты [265].
Б.Е. Көмеков сонымен қатар қимақтар, қарлұқтар және қыпшақтар туралы бірнеше ғылыми мақалалар жариялады [367; 368; 266; 63; 64]. Қарлұқ, оғыз, қараханилар, қыпшақтардың дәуірлеу кезеңіндегі мемлекеттілігінің сабақтастық белгілері мен ерекшеліктері туралы маңызды қорытындылар жасады. Әсіресе, қыпшақтардың қимақтар мемлекетінің толық құқылы мұрагерлері болғандығы дәлелденді [266, 419 б, 435 б], сол арқылы ғалым қазақтардың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрінің түгел бір кезеңі жөнінде тарихи шындықты қалпына келтірді.
Бұл кезеңнің маңыздылығы ерекше. Себебі ХІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген Қыпшақ хандығы қазіргі Қазақстан аумағының басым бөлігін қамтыды. Ондағы сол кездегі этникалық процестер негізінде қазақ халқының этникалық ұйытқысы орнықты. Қазақ тілінің негізі болып табылатын қыпшақ әдеби тілі қалыптасып, осы тілде бірнеше әдеби ескерткіштер дүниеге келді [49, 117 б]. Бірақ бұл проблемалар отандық тарихнамада әр қырынан қойылып келе жатқанымен, әлі толық та, жүйелі түрде зерттеле қойған жоқ.
Монғол шапқыншылығы нәтижесінде Қыпшақ хандығының жойылып, түркі тайпаларының бір мемлекетке топтасу процесінің тоқтатылып қалуына қарамастан, олар көп уақыт өтпей-ақ бой көтеріп, саяси оқиғаларға тікелей араласты.
Кейбір шетелдік авторлар қазақтар монғол шапқыншылығына дейін-ақ халық ретінде қалыптасты және Шыңғыс хан Хорезм мен Қарақытайларды талқандағаннан кейін олардың (яғни қазақтардың) мемлекеттік бірлестікке топтасуы жеделдей түсті деп те жазады [369].
Шыңғыс ханның кезінде монғолдың әдеттік құқы, халықтың әдет-ғұрпы мен көзқарастары бір жүйеге түсіріліп, көшпелі қоғамдағы мемлекеттілік үрдіс жетілдіріле түсті [370, 82-85б].
Монғолдардың ел басқару жүйесінің негізгі бағыттары мен принциптерінің Әмір Темір империясында жалғасын тауып, Алтын Орда мен Мәскеу Русьінің де мемлекеттілігі осы жүйенің ықпалымен шыңдалды. Оларда орталықтандыру мәселесі, елдің әскери-әкімшілік бөлінісі, қаржы саласы сияқты мемлекеттік функциялар жолға қойылды.
Қазақ мемлекеттілік дәстүрінің сабақтастығын қамтамасыз етуде түрік тайпаларының өздерінің этномәдени бірлігін сақтап қалуы маңызды фактор болды. Олар наймандар, кереиттер, маңғыттар, оңғыттар, урянхайлар және басқаларды да өз іштеріне сіңіріп әкетіп, қайтадан қыпшақ суперэтносын құрады.
Түрік тайпалары Алтын Орда, Ақ Орда және Көк Орда мемлекеттерінің құрылуында да шешуші рөл атқарды. Бұл бірлестіктерде де дәстүрлі органдар, жергілікті әулеттер, лауазымдар (хан, сұлтан) сақталып қалды. Сонымен қатар зерттеушілер аталмыш мемлекеттерде түркі тілінің монғол тілімен тең дәрежеде, тіпті ХІY ғасырдан басымдық көрсете бастағанына назар аударды [371-151,158б; 344, 19б].
Қазақ мемлекетілігінің маңызды алғы шарттарының бірі қалалық мәдениет пен отырықшылықтың дамуы болды. С.П. Толстов[372], К. Ақышев [374], К.М. Байпақов [374; 375; 376; 377; 378; 379], К.А. Пищулина [373], У.Х. Шәлекенов [380], А.Н. Подушкин [376] т.б. ғалымдардың еңбектерінде қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен генезисінде Қазақстан аумағындағы отырықшылық мәдениет пен ежелгі және орта ғасырлар кезіндегі қалалардың рөлі зерттеліп, анықталды. Нумизматикалық тұрғыдан зерттеу нәтижесінде Р.З.Бурнашева еңбектерінде осы кезеңнің әлеуметтік-экономикалық мәселелері қарастырылды.
Жазба және археологиялық материалдар негізінде көшпелілік пен отырықшылық симбиозы проблемасы, Дешті Қыпшақтың далалық өңірі мен отырықшы аудандары тұрғындарының мәдениетінің өзара ықпалдастығы, сауда және саяси байланыстары жөніндегі тақырыптар отандық тарихнаманың басты зерттеу нысандарының біріне айналды [50;
379].
ХІY-ХY ғасырларда Шығыс Дешті Қыпшақ пен Жетісудағы жергілікті халық мемлекеттілігінің дамуы Қазақстанның оңтүстігінде шаруашылықтың, қалалар мен егіншіліктің бірте-бірте қалпына келтіруі негізінде, қоғамдық қатынастардың біршама өрістеуі жағдайында орын алғандығы жөнінде қорытынды жасалынды.
Бірақ ХІY-ХY ғасырларда құрылған этносаяси бірлестіктердің дамуында ішкі процестерге негізделген заңдылықтардан гөрі, жаулаушылық, қоныс аударушылық сияқты сыртқы факторларға басым мән беріп келе жатқан авторлардың да барлығын жоққа шығаруға болмайды.
Г.А. Федоров-Давыдов Орта Азиядағы этникалық процестерде ХІІІ ғасырдың орта жуығында пайда болған Хайду ұлысы маңызды рөл атқарды деп есептейді [130, 78б]. Бұл құрылымға Жетісу аумағы, Ертіс жағалауы, Мауеренахрдың бір бөлігі енгені мәлім. Мұнда жергілікті тұрғындармен бірге шығыстан келген сан алуан тайпалар аралас-құралас өмір сүрді.
ХІY ғасырдың ортасында Тоғұлық-Темірдің кезінде Жетісу (Моғолстан) Мауренахрдан саяси тұрғыдан жеке бөлініп шықты. Бұл оқиға Орта Азияның этникалық тарихына да әсер етіп, өзбек және қырғыз халықтарының болашақта жекеленуіне әкелді.
Бөлшектену, жіктелу процесі Орта Азия мен Қазақстан аумағында толассыз жүріп жатты. ХІІІ-ХІY ғасырларда көшпелі түріктер өз бектерінің басшылығымен "ұлыстар", "елдер" құрды. Солардың бірі Әмір Темір 1376 ж. талқандаған Қашқадариядағы Жалайырлар ұлысы болды. ХY ғасырда Жетісуда қаңлы тайпасының бір тобы өз жетекшісі Бекшіктің есімімен "Бекшік ұлысы" аталды [381-53, 59б; 242]. Евразия кеңістігіндегі ыдыраубірігу процестері барысында сан алуан ұлыстар мен елдердің пайда болуы тарихи оқиғаларға белгілі бір дәрежеде әсер еткен де болар. Алайда қазақ мемлекеттілігінің дамуы жолындағы маңызды саты Ақ Орда, Әбілқайыр хандығы, Моғолстан, Ноғай Ордасы, Сібір хандығы мемлекеттерінің құрылуы болып табылады. Зерттеушілер бұл бірлестіктер аймақтағы этникалық жағынан біртекті мемлекеттердің осыдан кейінгі уақыттағы генезисі үшін, қазақ, ноғай, қырғыз, өзбек, ұйғыр, сібір татарлары халықтарының этникалық қауымдастықтарының неғұрлым толық шоғырлануы үшін мүмкіндік туғызды.
Тарихшылардың басым көпшілігі осы пікірде болғанымен, Алтын Орданың ыдырауы, жаңа ұлыстардың пайда болуы, әсіресе, Ақ Орда, Көк Орда мемлекеттері жөнінде пікірталастар әлі де орын алып келеді. Алтын Орда мен Ақ Орда мемлекеттерінің әр кезеңдердегі қарым-қатынастары да түпкілікті анықталмаған.
Орыс тарихшысы Н.В. Устюговтың "Нучное наследия. Народы Средней Азии и Приуралья в ХІІІ-ХҮІІІ" деген еңбегінде Ақ Орда мен Көк Орда бір мемлекет ретінде танылған. Ақ Орда мемлекетінің құрылуын автор төмендегіше баяндайды: "Сепаратистік әрекеттер, әсіресе, Жошы ұлысының Ақ Орда аталатын Арал маңындағы бөлігінде айқын байқалады. Бұл жерде Жошының ұлдары Шайбан мен Орданың ұрпақтары Алтын Ордадан тәуелсіз болуға тырысты" [383, 223б]. Бұған қарағанда Н.В. Устюгов Жошы ұлысы мен Алтын Орданы да ажыратпайды, Шайбан ұлысы да, Орда-Еженнің ұлысы да бір жерде орналасқан сияқты болып көрінеді. Сонымен бірге ол Ақ Орда 1361 жылдан Орыс хан (1377 ж. дейін) билік жүргізгенін атап көрсеткенімен, қазақ хандарының ата тегін Барақ ханнан таратады. Ақ Ордадағы саяси оқиғалар барысына Жошы әулеті ұрпақтарының арасындағы (Шайбан мен Орда-Ежен) күрестің ықпал жасағандығын дұрыс көрсетеді [382, 223-225б].
Л.Н. Гумилеев, В.В. Трепавлов сияқты зерттеушілер Ақ Орда және Көк Орда дербес өмір сүрген, екі бөлек мемлекет ретінде қарастырады [270, 607675б; 333].
Зерттеушілердің Ақ Орда тарихына жіті назар аударып, ол жөнінде түрлі пікір таластардың толастамай келе жатқандығы шығыс авторларының еңбектеріндегі мәліметтердің қайшылықтылығына ғана емес, бұл проблеманың Қазақ хандығының құрылу тарихын дұрыс баяндау үшін аса зор маңыздылығына да байланысты. Себебі Ақ Орда қазіргі Қазақстан аумағында монғол дәуірінен кейінгі кезеңде жергілікті (автохтондық) этникалық негізде құрылған алғашқы мемлекеттік бірлестік болып табылады.
Ұзақ уақыт бойы Ақ Орда тарихы Б.Д. Греков пен А.Ю. Якубовскийдің] 383], П.П. Иванов[384], В.В. Бартольд [385; 386; 387] В.Г. Тизенгаузен [154] жинастырып шығарған Алтын Орда тарихының материалдары бойынша белгілі болды. Бұл авторлар негізінен Ақ Орданың саяси тарихына баса назар аударды. Сонымен қатар бұл мемлекет туралы ізденістер К.И. Петровтың, М.Г. Сафаргалиевтың [388], Б.А. Ахмедовтың [235], Г.А. Федоров-Давыдов[389; 390], С.П. Толстовтың, Т.И. Сұлтанов [390], К.А. Пищулина [59], Н.Н. Мингуловтың [48,79-85б], В.П. Юдиннің [392] еңбектерінде жалғастырылды.
Осыған қарамастан орта ғасырлық деректердің шектеулілігі салдарынан Ақ Орданың ішкі құрылымы мен саяси жағдайы, рулық-тайпалық құрамы, құрылған уақыты, шекарасы әлі түпкілікті анықталмай отыр, тіпті оның нақтылы атауы жөнінде де бір тоқтамға келінген жоқ.
Шығыс деректерінен 1227 ж. Жошы қайтыс болғаннан кейін Шыңғыс хан оның қара шаңырағын Орда-Еженге бергені белгілі. Н.Н. Мингулов әуелгі кезде Орта-Еженнің жұрты (юрты) Ертісте, ХІІІ ғасырдың 40жылдарында Ертіс-Іле өзендерінің аралығындағы жерлерде болғандығын айтады және бұл пікірін Плано Карпинидің (1245-1247) мәліметтерімен тянақтауға ұмтылады [48-82б; 393].
Н.Н. Мингуловтың пікірінше, шығыс авторларының еңбектерінде АқОрда деп аталған Орда-Еженнің иелігіне Сырдариядан Алтайға дейінгі және оңтүстік Орал жағалауынан Жетісуға дейінгі жерлер енген. Ақ Орда мен астанасы Еділде орналасқан Батый хан үйі әулетінің иеліктерін Жошының бесінші ұлы Шайбанның ұлысы (Көк Орда) бөліп жатқан.
Сонымен Н.Н. Мингулов шығыс авторлары Рашид ад-дин, Әбілғазы, Махмуд бен Вали, Абдаллах бен Мухаммад бен Али Насраллахи еңбектеріне сүйене отырып, Жошы ұлысының үш ірі әкімшілік-саяси бірлестіктерге: Алтын Орда, Ақ Орда және Көк Ордаға бөлінді деп есептейді [48,83-84б].
Кейбір ортағасырлық авторлар, оларға ілесе бүгінгі күнгі зерттеушілер Ақ Орда терминімен Шайбан иеліктерін атаса, екіншілері оны Көк-Орда деп атайды. Соңғысын жоққа шығарушылар да бар.
Н.Н. Мингулов зерттеуінің негізгі қорытындылары мынадай: 1) Жошы ұлысы екі бөлікке емес, үшке бөлінеді. Олар: а) Алтын Орданың орталығы, деректерде "Еділдік Орда", "Орда" және "Yлкен Орда" деген атаулармен белгілі Батый-ханның иеліктері; б) Батый хан иеліктері мен Орда-Ежен және оның ұрпақтары билік жүргізген Ақ Орда аралығында орналасқан Жошының бесінші ұлы Шайбанның ұлысы. Бұл жер орыс деректерінде "Жайықтың арғы бетіндегі Орда" ("Заяицкая Орда) немесе Көк Орда деп аталды; в) Тиісінше, Орда-Еженнің иеліктері Ақ Орда делінді [48, 94-95б].
Н.Н. Мингулов, Көк Орда да, Ақ Орда да Алтын Орда деген жалпы ұғымға енуіне қарамастан, тарихи әдбиетте Көк Орданың Ақ Орданың синонимі ретінде пайдаланылуын негісіз дейді.
ХІІІ ғасырдың орта кезінде нақтылы аумақта құрылған Ақ Орда мемлекеті алғашқы күндерінен бастап Алтын Орда сюзеренитетін сөз жүзінде ғана мойындаған дербес мемлекеттік бірлестік болды. Әулеттік жалғастық тұрғысынан Қазақ хандығы Ақ Орданың тікелей мұрагері екендігін автор жоққа шығармайды. Ақ Ордада билік жүргізген хандар (Тоқтамысты есептемегенде) қазақ хандарының ата-тегін (Орда-Еженнен бастап) құрайтындығы даусыз мәселе ретінде баяндалады.
Н.Н. Мингуловтың бұл еңбегінен сегіз-тоғыз жыл бұрын Т.И. Сұлтановтың " К вопросу о терминах "Ак Орда", "Кок Орда", "Йуз Орда" деген мақаласы жарық көрген болатын. Бұл автор да Қазақ хандығы тарихының белгілі зерттеушісі болғандықтан, оның көзқарастарына да тоқтала кетейік.
Ол "Аноним Ескендира" авторы Муин ад-дин Натанзидің кезінде Ақ Орда мен Көк Орда тарихына байланысты қателіктерге жол бергеніне, Жошы әскерінің сол қанатын құрайтын Орда-Еженнің ұрпақтары мен оның төрт інісінің Ақ Орда сұлтандары, ал оң қанаттың ханзадалары Көк Орда сұлтандары деп атады деген мәліметтеріне назар аударады [391, 72б]. Демек " Аноним Ескендира" бойынша Жошы ұлысы екіге ғана, Ақ Орда және Көк Ордаға бөлінген. Бірақ бұл тұжырымның басқа беделді дерек көздерінің мәліметтерімен сәйкес келмейтіндігі өткен ғасырдың орта кезінде-ақ атап көрсетілген [393, 295б].
М.Г. Сафаргалиев, Г.А. Федоров-Давыдовтың және басқа да ғалымдардың "Ескендір анонимінде" өрескел тарихи-географиялық қателіктер жберілгендігі туралы пікірлеріне Т.И. Сұлтанов та қосылды[388, 14-15б]. Ол В.Г. Тизенгаузен жинастырған материалдар негізінде аталмыш дерек кезінде Ақ Орда мен Көк Орданың шатастырылуы Муин ад-дин Натанзидің бұл екі орданы ХІY ғасырда құрылды деп ойлауына байланысты болса керек деген жорамал жасады [154, 42б; 391]. Орда-Еженнің ұлысы Жошы иеліктерінің шығысында орналасты, орталығы Алакөл маңында болды деген пікірді қолдайды, қайсыбір деректерде [388, 40-41; 156-41; 394] оның "Көк Орда" деп аталғанын еске салады. Оның себебін Т.И. Сұлтанов ХІY ғасырдың бас кезінде үздіксіз соғыстардан әлсіреген Орда-Ежен ұрпақтарының ұлыс орталығын қазіргі Қазақстан аумағының шығыс бөлігінен Сырдария өзенінің атырабына көшіруінен іздейді. Бұл қоныс аудару нәтижесінде Сығанақ қаласын Орда-Еженнің ұлысының астанасы болып қана қойған жоқ, сол қанат ханзадаларының барлық иеліктері де "Көк Орда" терминімен атала бастады дейді [391,72-73б].
Тиісінше, оң қанаттың құрамына кірген Батыйдың "үлкен үйі" сол қанаттан мәртебесінің жоғарылығын білдіру белгісі ретінде "Ақ Орда” деп аталды, себебі монғол-түрік халықтарында ақ түс қалған түстерден жоғары есептеледі ] 162, 88-89б].
Көп жағдайда Шығыста "ақ", "қара", "көк", "сары" және басқа да эпитеттер түсті емес, метафоралық мағынада әлемнің түрлі бағыттарын белгілеуге қолданылды [395, 185-187б]. "Ақ" сөзі – батысты, "көк" шығысты білдірді, бұл де географиялық тұрғыдан Ақ Орданың Көк Ордадан батысқа қарай орналасқандығының дәлелі деп түсіндіреді Т.И. Сұлтанов. "Көк" және "ақ" эпитеттерін саяси бөлініске орай қолданған кезде, тиісінше олар Шығыс Орданы, яғни Көк Орданы және Батыс Орданы, яғни сол кезңдегі Алтын Орданы ("Ұлық ұлыс", "Yлкен Орда") білдіреді.
Аталмыш мемлекеттердің орналасуы мен өзара қатынастарын дәл анықтаудағы қателіктер "орда" семантикалық түрлі өзгерістерге ұшырауына да байланысты орын алған сияқты. Сонымен қатар Т.И. Сұлтановтың жорамалы бойынша, Ақ Орда деп Батыйдың ұлысы ғана емес, бұл мемлекет аумағының бір бөлігін қамтыған Бахадур б. Шибанның (Шайбан) және ұрпақтарының иеліктері де аталған сияқты. Кейінірек Шайбан ұлысының "өзбектер" деген атпен белгілі көшпелілері Көк Орда сұлтандарының астанасы Сығанақ қаласымен қоса Сырдария бойындағы жерлерді жаулап алғанда, Ақ Орда термині Орда Ежен ұлысына да тарады [391, 72-73б]. Махмуд бен Валидің хабарларына қарағанда Ақ Орда "Йуз Орда" деп те аталған; бұл, кейбір авторлардың пайымдауынша, "тұтастықты", "күшінің басымдылығын", "қуаттылықты" білдірген [391, 73б].
Өткен ғасырдың 80-жылдарының бас кезінде аталмыш мемлекеттік бірлестіктер туралы өз пікірлерін білдіре отырып, белгілі шығыстанушы В.П. Юдин "Боз Орда" туралы мәселе көтерді.
Бұл кезде тақырыптың әрі қарай зерттелуі ғылыми айналымға қосылған мәліметтерді тереңірек зерделеуге, әсіресе бұрын пайдаланылмаған жаңа дерек көздерін іздестіруді талап етті. Осыған орай Ақ Орда, Көк Орда және Алтын Орда жөнінде соны дерек көздерінің бірі ХYІ ғасырда Хорезмде жазылған Өтеміш-қажы ибн Маулана Мухаммад -Достидың "Шыңғыс – наме" ("Шыңғыс кітабы") тарихи шығармасының ғылыми айналымға қосылуы отандық тарихнаманың жетістігі болды. Бұл қолжазба В.П. Юдиннің аудармасымен, мәтіндік ескертулер және тарихи-деректік талдауларымен орыс тілінде жарық көрді [62].
В.П. Юдин аталмыш ордалардың құрылу тарихын осы шығарма деректері негізінде былайша баяндайды: 1) Жошы қайтыс болғаннан кейін оның 17 ұлнының ішінен кімнің таққа отыруы жөнінде мәселе талқыланады. Сонда Шыңғыс үш немересіне арнап үш киіз үй (өргә) тіккізеді, есігі алтындалған ақ түсті киіз үйді (алтун босағалы ақ өргә) Сайын ханға (Батыйға), есігі күміс жақтаулы көк түсті киіз үйді (күмүш босағалы көк орда) – Еженге (Орда-Еженге), есігі болат жақтаулы боз үйді (болат босағалы боз орда) Шайбанға (Жошының бесінші ұлы) арналады
[392, 122б].
Мұндағы Орда-Ежен – Жошының тұңғышы, ең жасы үлкені, ал Батый Орда-Еженнің тетелес інісі (Жошының екінші ұлы), екеуі де бір шешеден туған Шайбан - бөлек шешеден.
Ақ түс пен алтын босаға Батый мәртебесінің жоғарлығын, көк түс пен күміс босаға – Еженнің оған бағыныштылығын, ал боз түс пен болат босаға Шайбанның алдыңғы екеуіне де бағыныштылығын білдірген.
Сонымен киіз үйдің түстері арқылы Жошының үш ұлының лауазымдары анықталып қана қойылмаған, олардың Жошы ұлысындағы иеліктерінің шекаралары мен орналасу реті де ажыратылған. Орда-Еженнің шекарасы шығыста орналасып, Көк Орда атанды және сол қанатты құрады, ал Ақ Орда одан батысқа қарай орналасып, оң қанатты құрады.
Сонымен В.П. Юдин Ақ Орда мен Көк Орданың орналасуы жөнінде Т.М. Сұлтановпен пікірлес болып шықты. Бірақ В.П. Юдин бөлікке батыс елдеріне жасалған жорықтан кейін құрылған Жошы ұлысының Дунайға дейінгі аумағы емес, Жошының өзі тікелей Шыңғыстан алған енші ұлысының аумағы түсті деген маңызды ескерту жасайды. Олай болса, өз кезегінде Батыйдың алғашқы ордасы, яғни Ақ Орда Жайықтан Шығысқа қарайғы жерлерде орналасты, ал Орда-Еженнің иеліктері – Көк Орда Ертіс өзенінің жағалауында (Сырдария, Алакөл, Еміл) орналасты.
Батысқа жасалған жорықтан кейін Ақ Орда мен Көк Орданың жаңа шекаралары қалыптасты, бірақ әдебиетте олардың бұрынғы және соңғы шекаралары туралы қайшылықты түсініктер пайда болды. В.П. Юдин де ең алдымен Ақ Орда мен Көк Орданың орналасу аумағын ауыстырып көрсеткен Муин ад-дин Натанзидің "Ескендір анонимін" атайды. Оның пікірінше, шығармада Шығыс Дешті-Қыпшақты билеген әулеттер жөніндегі мәселе де мүлдем шатастырылған.
Қысқаша айтқанда, Ақ Орда батыста, Көк Орда оның шығысында орналасқан. Батысқа жасалған жорықтан кейін Алтын Орда Ақ Орда деп те аталған. Мұны ғалымдардың көпшілігі қолдайды [334; 383; 384; 388; 235; 389,224-230б; 384; 396,203-208б], "Шыңғыс-наме" мәліметтері де растайды деп көрсетеді В.П. Юдин [392, 127б]. Осыған сәйкес Н.Н. Мингуловтың Ақ Орданы шығысқа қарай орналастыруға тырысқан жоғарыдағы мақаласы ғылыми ізденістер нәтижелерін ескермеушіліктің нәтижесі ретінде бағаланды. В.П. Юдин бұл автордың Ақ Орданың ХІІІ ғасырдың орта кезінен ХY ғасырдың бірінші ширегінің аяқ кезіне дейін өмір сүрген мемлекет деген тұжырымның негізсіздігін атап көрсетті [392]. Сонымен бірге Ақ Орда мен Көк Орданың орналасуы тарапындағы дерек көздерінің мәліметтерін пайдаланудағы олқылықтар да атап көрсетілді.
Шайбандық авторлардың әрқайсысы өз әулетін дәріптеуге тырысып, шындыққа кереғар тарихнама қалыптастырғанын В.П. Юдин ерекше атап өтті және бұл пікір Б. Кәрібаев, басқа да ғалымдар еңбектерінде өрбітілді [306].
Дегенмен автор Қазақ хандығының құрылуы қарсаңында Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында өмір сүрген мемлекеттік бірлестіктер тарихына қатысты мәселелер толық шешілді деп есептемейтін секілді. Сондықтан да әрбір мемлекттік құрылымның атаулары да, орналасуы мен өмір сүрген мезгілін кешенді түрде нақтылы зерттеу керек деп ойлайды. В.П. Юдиннің тұжырымында даусыз мәселелер жоқ емес (Боз Орда, Йуз Орда т.б.). Оның "Ордалар" мақаласының 2001 ж. "Дайк-Пресс" баспасынан жарық көрген "Центральная Азия в ХҮІ – ХҮІІІ веках глазами востоковеда" [61] деген ғылыми еңбектерінің жинағына енбеуі де осы себептен болуы керек деп ойлаймыз.
Айтылған жәйттердің дұрыстығына бұл мемлекеттер туралы ізденістердің бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқандығы дәлел бола алады. А. Исин 1997 ж. жарияланған "Көк Орданың саяси тарихын пайымдау" мақаласында бұл бірлестіктің "Алтын Орданың шеткері аймағы және бір бөлігі" ретіндегі сонымен қатар "1380-1391 жылдардағы Тоқтамыс ханның билігі кезінде оның Алтын Ордамен біріктірілгендігі" туралы шетелдік тарихнамада қалыптасқан дәстүрлі түсінікке [396; 397, 44б] түзету енгізуге ұмтылады [398].
Автор сыртқы шапқыншылық нәтижесінде Көк Орданың ыдырағанын, бірақ Алтын Ордамен оның батыс иеліктері ғана қосылғанын атап көрсетеді. Көк Орданың орналасуы жөнінде негізінен Т.И. Сұлтановтың В.П. Юдиннің көзқарасын қолдайды: "Жошы өлімінен кейін Жайықтың орта ағысынан шығысқа қарайғы аумақ оның үлкен ұлы Орда-Еженге және Орда-Еженнің інілері Удур, Тоқай-Темір, Сангур, Сангумге мұра болып қалды. Олардың иеліктері Жошы ұлысының сол (шығыс) қанатын құрады"
[398].
А. Исиннің еңбегінде Көк-Ордадағы Орда-Еженнің ұрпақтары мен Тоқай-Темір арасындағы тақ үшін тартыс мәселесі және кейбір шатасуларға жол ашқан Жошы тұқымының сол кездегі тізімдерінде екі Мүбәрәктің болғандығы туралы ескертуі назар аударады. Себебі қазақ хандарының тегі Орда-Еженнен (Тоқай-Темірден емес) тарағандығы туралы тұжырымды нақтылай түседі.
Көк Орданың дәуірлеу кезеңі, А. Исиннің баяндауында, Орда-Еженнің ұрпағы Орыс ханның (1301-1378) тұсында орын алған. Оның негізгі мақсаты Шығыс Қыпшақты өз қоластына біріктіру болған.
Автор Көк Орданы болашақ қазақ ұлттық мемлекетінің бастауы (прообраз) болды, себебі оның алдында қалыптасып келе жатқан қазақ халқы мен жерлерін бір саяси бірлестік шеңберінде шоғырландыру мақсаты тұрды деп жазады.
Көк Орда ыдырауынан кейін оның жеке бөліктері Темір мемлекетінің, Тоқтамыс мемлекетінің (кейінгі Алтын Орда), Ноғай Ордасының құрамына енді. Көк Орданы соңғы рет қалпына келтіруге 1426-1427 ж. Барақ хан әрекеттенді.
А. Исиннің Көк Орда тарихы туралы негізгі тұжырымдары осындай. Бұл да Көк Орда тарихының қазіргі кездегі баяндалуына кейбір өзгерістер енгізуге негіз беретін секілді. Дегенмен бұл пікірге де қарсы уәж айтушылар бар. Олар тарихи әдебиетте Ақ Орда мен Көк Орда Жошы ұлысының орнында пайда болған Алтын Орданың құрамынан бөлініп шықты деген көпшілікке тән қате пікір орын алған; Алтын Орданың өзі Жошы ұлысының құрамына енген алғашқы екі мемлекеттік бірлестіктен тұрды деп жазады [398, 40б; 117].
Ж. Артықбаев Ақ Орда Шайбан ханның еншілік аумағы еді деп көрсетеді [399, 76б]. Бұл тұжырым жоғарыда көрсетілген дерек көздеріне де, біраз ғалымдардың зерттеу қорытындыларына да қайшы келеді.
Қазақстан аумағында мемлекеттілік дамудың көне заманнан бастау алатындығы және бұл процестің автохтондық сипатта өрбігендігі туралы көзқарасты ғылыми тұрғыдан негіздеушілердің бірі К.А. Пищулина болып табылады. Автор қазақ мемлекеттілігі ерте кезден және орта ғасырларда түріктерге дейінгі, түріктер мен монғолдар заманында Қазақстан аумағын мекендеген көптеген тайпалар мен халықтардың тарихына байланысты екендігін атап көрсеткенімен, олардың этникалық-саяси және шаруашылық дамуының маңызды кезеңі ретінде ХІY-ХY ғасырлар шеңберінде орын алған оқиғаларға басты назар аударады. Ол Ақ Орда мен Моғолстан мемлекеттерінің тарихын тереңдей қарастырып, осы аумақтарда қазақ хандығының құрылуының алғы шарттары мен барысын зерттеп шықты. Аталмыш процесте, деп жазады автор, Орталық және Оңтүстік Қазақстан (шығыс деректемелерінде Шығыс Дешті-Қыпшақ және Түркістан) аумағында орналасқан Ақ Орда хандығы және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан (Жетісу) аумағын қамтыған Моғолстан мемлекеті шешуші рөл атқарды.
К.А. Пищулина тарихи әдебиетте пікір талас тудырып жүрген Көк Орда, Боз Орда сияқты құрылымдар жөнінде жанама ескертулермен ғана шектелген. Сол себепті Ақ Орда Әбілқайыр хандығының құрамына кірді ме, әлде дербес өмір сүрді ме деген сұрақтар ашық қалып қойғанға ұқсайды [59, 210-211б].
Біз әңгіме қылып отырған "Оңтүстік-Шығыс Қазақстан" еңбегінен жиырма жылдай уақыттан кейін Н. Мингуловпен бірлесіп жазған көлемді мақаласында К.А. Пищулина Жошы ұлысының Алтын Орда, Ақ Орда және Көк Ордадан тұрғандығын атап өтеді [400].
Сонымен қатар бұл еңбекте Н. Мингуловтың зерттеу қорытындыларын ескеру бар сияқты. Оны мына жолдардан аңғаруға болады: "ХІY ғасырда Орда-Ежен тегінен шыққан әміршілердің билігі Шайбан ұлысына да тарайды. Қазіргі зерттеушілердің бірқатары Қазақстан аумағында осы мемлекеттің құрылуына "Көк Орда" атауын теңеп жүр. Олар Батый ханның Жайық өзенінің батыс жағындағы иеліктерін, соның ішінде Шайбан ұлысын да Ақ Орда деп атайды" [400]. Бірақ К.А. Пищулина мен Н. Мингулов Шайбан ұлысы Орда-Ежен ұрпақтарының иеліктері құрамына енгеннен кейін Ақ Орда термині біріктірілген бүкіл мемлекеттің атауына айналған болуы ықтимал дейді.
Сонымен бұл авторлар да Ақ Орда мен Көк Орда қай уақытқа дейін өмір сүрді, олардың Алтын Ордамен және өзара қатынастары қалай өрбіді деген сұрақтарға болжамды түрде ғана жауап береді.
Осы мәселелер төңірегіндегі В.П. Юдиннің және басқа да авторлардың пікірлеріне тоқтала келіп, К.А. Пищулина деректемелердің Алтын Орда әлсіреп, ыдыраған замандағы Дешті Қыпшақта, оның шығыс бөлігіндегі, яғни Қазақстан далаларындағы ХІІІ ғасырдың аяғы мен ХІY ғасырдағы саяси этникалық құрылымдар туралы бытырап жатқан мәліметтерін бір ізге келтірудің, осыған байланысты бір тоқтамға келудің қиындығына назар аударады. Осы мәселелерге қатысты тарихи шындықты зерттеуде Шығыс Дешті-Қыпшақта Шыңғыс ұрпақтары үздіксіз билік жүргізгенін және осында орын алған оқиғаларды шығыс авторларының және ауызша тарихнамада "Жошы ұлысында", кейін "Өзбек ұлысында" деп баяндап, сонымен қатар оларда көптеген "ордалардың" (Ақ Орда, Көк Орда, Yлкен Орда, Йуз Орда т.б.) пайда болып, түрліше аталып келетіндігін ескертеді [37, 47-48б].
Т.И. Сұлтанов ХІY-ХY ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстанның далалық бөлігінің тарихын бірнеше іргелі еңбектерінде кешенді түрде зерттеді. Әбілқайыр хандығының Моғолстан мемлекетінің, Ноғай Ордасының тарихы пайымдалып, олардың мемлекеттік құрылысындағы ұқсастықтар мен ерекшеліктер, осы құрылымдарда орын алған этникалық процестер мен әлеуметтік-экономикалық даму, ішкі және сыртқы саяси халахуалы мәселелері қарастырылуда; сан алуан мәліметтер ғылыми айналымға қосылды, біршама соны тұжырымдар жасалды [235; 59; 401; 56; 402].
Ғалымдардың аталмыш бірлестіктер тарихын зерттеудегі жетістіктері 1998 ж. жарық көрген "Қазақстан тарихының" екінші томында қорытындыланды. Мұндағы Қазақ хандығының құрылуы мен дамуына қатысты проблемалар Б.Е. Көмеков, К.А. Пищулина, Т.М. Сұлтанов, А.Ш. Қадырбаев, М.Қ. Әбусейітова, Н.Н. Мингулов, Р.М. Мустафина, Т.И. Сұлтанов еңбектері ықпалымен жазылды.
Қазақ хандығы тарихнамасының маңызды да құрамдас проблемаларының бірі саяси элита тарихын зерттеу болып табылады. Осыған орай Т.И. Сұлтанов, Ж.О. Артықбаев, Ж. Қасымбаев, Ә. Мұхтар қазақ хандарының генеалогиясын, осы билікті топтың қазақ хандығының құрылуына ықпалын, оның тарихи тағдыры мен қызметін мұрағат деректері және ауызша тарихнама мәліметтері негізінде зерттеп, бұл күрделі тақырыптың көптеген қырлары жаңадан зерделенді [403; 404; 405]. Әсіресе, біздің тақырыбымызға тікелей қатысты Т.И. Сұлтановтың 2001 ж. жарық көрген "Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз хана" деген монографиясына ерекше тоқталуды жөн көрдік. Себебі Монғол империясының түрлі ұлыстарында бөлшектеніп кеткен көне қыпшақ тайпаларынан қазақ этносының және қазақ мемлекетінің дараланып шығу тарихын биліктік өзектің құрамы мен құрылымын білмей тұрып түсіну де, бағалау да мүмкін емес. Олай дейтініміз интеграциялық процестер сол саяси элитаның төңірегінде және соның күшімен жүзеге асырылды.
Әңгіме ХІІІ-ХІY ғасырларда Ұлы далада қалыптасқан және генеалогиялық тұрғыдан Шыңғыс тұқымдарымен, ал, саяси тұрғыдан жаңа этноаумақтық топтармен байланысты саяси ұйытқы жөнінде. Өз мүдделері мен сұраныстарын орындау барысында және тарихи қажеттілік итермелеген сол кездегі элита көшпелілер дүниесін шоғырландырушы қуатты факторға айналды. Профессор С.Г. Кляшторный Т.И. Сұлтановтың "Поднятые на белой кошме" кітабының ғылыми құндылығын осы аталған мәселелер тұрғысынан бағалайды [405].
Жалпы алғанда осы еңбекке жазылған алғы сөзінде С.Г. Кляшторный қазақ мемлекетінің құрылуында Шыңғыс тұқымдары әулетінің рөлін шешуші күш ретінде қарастырып, бұрын отандық тарихнамада сынға ұшырап келген "элита теориясын" ғылыми айналымға қосуға талпыныс жасаған. Бұл тұжырым "ақсүйектер" тұқымының қазақ қоғамындағы орнын біршама асыра бағалаушылық болып көрінгенімен, дербес қазақ мемлекеттілігінің құрылуында әулеттік дәстүр сабақтастығы мен оның үзіліссіз күресінің маңызды рөл атқарғанын жоққа шығаруға болмайды.
Қорытып айтқанда мемлекеттік бірлестіктер шеңберінде түріктердің бірігуінің барлық тарихи кезеңдері саяси сахнада бірін-бірі кезекпен ауыстырып отырған тайпалардың пассионарлық белсенділігіне байланысты болды. Басқаша айтқанда, түрік, түргеш, ұйғыр, қырғыз, қарлұқ, оғыз, қимақ қағанаттарының тарихы Қазақстан аумағында бірлікке ұмтылудың, мемлекет құрудың сан ғасырлық дәстүрі болғандығын көрсетеді.
Түрік тайпаларының бастарының қосылуы процесінде ислам діні ерекше ықпал жасады. Зерттеушілер мемлекет құрудың басты белгілерінің (критерий) бірі мемлекеттік тілдің және жазудың болуы деп есептейді. Бұл бағытта да отандық және шетелдік ғалымдар ауқымды жұмыстар жүргізді [405; 406, 53-60б; 407; 408].
Мемлекеттік дәстүр дегеніміз бір мемлекеттен екіншілеріне ауысып отыратын мемлекеттік құрылымның принциптері мен компоненттерінің, жалпы және маңызды белгілерінің тарихи-генетикалық сабақтастығы болып табылады. Еуразия кеңістігінде, оның ішінде Қазақстан аумағында ерте және орта ғасырларда пайда болып, бірін-бірі ауыстырып отырған мемлекеттердің қоғамдық құрылысы, институттары, т.б. белгілерінің көп жағдайда өзара ұқсастығы, не қайталап отыруы осы тарихи дәстүрдің айқын дәлелі болып табылады[333, 12б; 319, 35б; 410, 20б].
Алайда отандық тарихнамада осы методологиялық тұрғыдан пайымдалған, көне дәуірден Қазақ хандығына дейінгі тарихи-генетикалық сабақтастық проблемасын кешенді зерттеген іргелі еңбектің жоқтығы бүгінгі таңда айқын сезіліп отыр. Әзірше бізде бұл проблема бойынша мемлекет дегеніміз не, оның негізгі белгілері мен атрибуттары қандай деген мәселелер төңірегінде түрлі болжамдар орын алып келеді. Олардың басым көпшілігі материалистік методолгия мен өркениеттік теориялардың кейбір элементтерінен құрастырылған эклетикалық сипатта екендігін де айта кету артық емес.
Бұл олқылықтар өз тарапында қазақ хандығының құрылуының алғы шарттарын анықтауда кейбір қиындықтар туғызды. Соңғы кездері ғана қазақ хандығының құрылуының алғы шарттарын зерттеуге бірен-саран ғалымдар көңіл қоя бастады. Б. Кәрібайев "бұл мәселелерді жан-жақты зерттеу біздің болашақтағы ғылыми жұмыстарымыздың тақырыптары болмақ" дегенімен, қазақ хандығының құрылу процесінің алғышарттары жөнінде, әсіресе, этникалық фактордың рөліне арналған бірен-саран мақалалар жариялап үлгерді [411; 412]. Қазақ хандығының құрылуындағы басты шарт қазақ халқының қалыптасуы деген тұжырымды ұстанғандықтан бұл проблеманы біздер диссертацияның бірінші тарауында жеке қарастырғанбыз. Жалпы алғанда отандық тарихнамада қазақ хандығының дүниеге келуінің заңдылықтары мен ерекшеліктері, оның негізінің қалануындағы алғышарттар ретінде Қазақстан аумағындағы мемлекеттік бірлестіктердің пайда болу жағдайларының ортақтығы, әртүрлі шаруашылық құрылымдардың өзара ықпалына байланысты экономиканың, оның ішінде отырықшылық пен қала өмірінің дамуы, саяси өмірдің тұрақтануы, сыртқы қауіп-қатерге қарсы бірлесіп күресу қажеттілігі, этникалық процестердің жаңа бағыт алуы, интеграциялық факторлардың күшеюі, ең бастысы – қазақ халқының қалыптасуы сияқты мәселелер біршама тыңғылықты зерттелді деп айта аламыз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет