Сабденова гульмира есбатырқызы қазақ хандығЫ ҚҰрылуының тарихнамасы



бет7/15
Дата03.11.2023
өлшемі259,51 Kb.
#121620
түріМонография
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   15
Бірінші кезең. Азияның далалық өңірінің халықтары, оның ішінде қазіргі кездегі Қазақстан аумағында да өмір сүрген халықтар қоғамдық дамудың төменгі сатысындағы құрылымдарға бірікті. Бұл кезеңге ұлттық шекаралардың тұрақсыздығы тән. Екінші кезең. Шығыс және батыс далалық мекендер тұрғындарының арасы ажырайды. Бұл жағдай шаруашылық пен тілдегі айырмашылықтарға, осыдан келіп халықтардың жаңа топтарының батыста татарлар, қазақ-ноғай-өзбек одағы, "сарттар", тәжіктердің; шығыста – монғолдар, буряттар және ойраттардың қалыптасуына алып келеді. Yшінші кезең. Халықтардың жаңадан топтасуы орын алады: Солтүстік Кавказға қоныс аударған ноғайлар, Түркістанға көшкен өзбектер, далалық өңірде қалып қойған қазақтар көзге түседі.
Сөйтіп белгілі бір территорияда оқшауланып қалған халықтардың шаруашылығында, тілі мен тұрмыс-салтындағы айырмашылықтардың күшейе түсуіне байланысты оларда өздеріне тән тұрақты ұлттық нышандар да жетіле түсті [226, 94б]. Қорыта келгенде, автордың этногенез процесін сол кезеңдегі кеңестік тарих ғылымында бірден-бір үстем методологиялық ұстаным негізінде қарастыруға ұмтылғандығы байқалады.
Осы уақытта, яғни ХХ ғасырдың 30-жылдарында, Қазақстанда археологиялық зерттеулердің жандануына байланысты отандық тарихнамада "қазақ этногенезінің кейбір контурларын анықтауға ғана" қол жеткізілді [227, 104б]. С.П. Толстовтың зерттеулері нәтижесінде қазақтардың арғы ата тегі үнді-иран және сақ-скиф тайпалары екендігі туралы пікір орныға бастады [131]. 1940 ж. қазан айында КСРО Ғылым Академиясының тарих және филология бөлімшесінде П.П. Ивановтың "Орта Азия халықтарының тарихын зерттеу мәселелері" деген тақырыпта баяндамасы тыңдалып, қазақ, өзбек, қырғыз халықтарының этногенезі проблемаларымен шұғылдану төңірегінде ғалымдардың күш-жігерін шоғырландыру ұсынылды [17, 130б].
ХХ ғасырдың 50-жылдары қазақ халқының шығу тегі жөнінде бірнеше еңбектер жарық көрді [184; 185; 228]. Оларда халықтың қалыптасу процесі адамдардың тайпаларға, тайпалардың тайпалық одақтарға бірігуінен бастау алатындығы жөніндегі методологиялық ұстаным зерттеудің тарихи принципі ретінде қабылданды. Осы негізде, мысалы, Х.М. Әділгереев қазақ халқының құрылымының алғы шарттары ретінде қазақ жүздерінің Х ғасырда пайда болғандығын "растайтын" деректерді алға тартады. Олардың ішінде Х ғасыр авторы Масудидің "Алтын көгалдар" кітабындағы: "бір бөлігі көшпелілер, бір бөлігі қала тұрғындары" және олар, ғұз тайпалары, үш ордаға: үлкен, кіші және орта ордаларға бөлінеді" деген мәліметін келтіреді. Сөйтіп автор Х-ХІІ ғасырларда өмір сүрген Оғыз мемлекетінде (астанасы Сығанақ қ.) қазақтардың үш тайпалық одағы (Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз) қалыптасты, ол болса қазақтардың халық болып қалыптасуының алғы шарттарын құрады деген пікірін В. Григорьевтің, В. Радловтың, шығыс авторларының ("Тарих-и-Мунеджим-Баши"), тұжырымдарымен "бекіте" түседі [184, 85-86б]. С. Ибрагимов, С. Аманжолов және басқа да тарихшыларА.Н. Бернштам, В.Ф. Шахматов, М.Б. Ақынжанов археологтар мен тіл мамандары, С.П. Толстов сияқты, қазақтардың этногенетикалық процесінің бастауын Орталық Азия өңірінде көне дәуірлерде өмір сүрген тайпалармен байланыстыра қарастырды. Бірақ бұл кезде қазақ халқының қалыптасуының аяқталу кезеңін анықтауда бір тоқтамға келінбеді. М. Ақынжанов [25] пен Х.М. Әділгереев [184] бұл мәселе бойынша А. Вамбери мен М. Тынышпаевтың жағында болса, В.Ф. Шахматов[185, 80-99б], А.Н. Бернштам[229, 59-99б], С. Ибрагимов аталмыш кезеңді ХY-ХYІ ғасырлар шеңберіне дейін ығыстырды.
Осы ғалымдардың ізденістері нәтижесінде қазақ халқының бірінші мыңжылдықтың орта кезінде қалыптасқандығы, сонымен қатар оның этногенезі процесінде сыртқы факторлардың, әсіресе Орта Азияда Шайбани мемлекетінің құрылуы және Ресейдің Батыс Сібірді жаулап алуы секілді оқиғалардың шешуші рөл атқарғандығы жөнінде ғылыми негізі жоқ тұжырымдарға тойтарыс берілді. Қазақстанның ежелгі тұрғындарының этникалық нышандары, яғни антропологиялық түрі, тілі, материалдық және рухани мәдениеті жөніндегі негізгі параметрлері жөнінде ғылымитанымдық тұрғыдан жүйелі түсінік беретін құнды пайымдаулар жасалды [100, 96б]. Қазақ халқының құрамына енген тайпалық компоненттердің, оның ішінде қыпшақтардың тілдік және этникалық тегі анықтала басталды. Ғылыми айналымда қазақтар этногенезі негізінен автохтонды және бұл процесс көне дәуірлерден ХY-ХYІ ғасырдың бас кезіне дейін жалғасты, ол Қазақстан аумағында феодалдық қоғамның қалыптасып, нығаюына байланысты деген схемалық көзқарас орнықты. Қазақтардың халық ретінде қалыптасуында шаруашылық, материалдық мәдениеті және тұрмыс салты, сонымен қатар тіл бірлігі (түрік тілдес тайпалық бірлестіктер мен тайпалардың басым көпшілігі) шешуші рөл атқарғандығы турасында ортақ тұжырым қалыптасты [33, 65б].
60-жылдары көне дәуір мен орта ғасырларда Қазақстан аумағындағы этногенетикалық процестердің Орта Азиядағы осы тәріздес құбылыстармен өзара байланыстылығы, түркі тілдес тайпалар мен тайпалық топтардың қазақтар ғана емес, өзбектер мен түркімендердің құрамына енгені туралы қорытынды жасалды.
Орталық Азиядағы этногенетикалық құбылыстарды тұтас процесс ретінде қарастыру жөніндегі көзқарас Өзбекстан, Қырғызстан т.б. республикалары тарихшылары тарапынан қолдау тапты. Мысалы А.Н. Бернштам "Сложение тюркоязычного населения Средней Азии и происхождение киргизского народа" деген мақаласында қырғыз халқының этногенезі тарихын зерттеудегі негізгі мәселе оның шығу тегін басқа да түркі тілдес халықтар тарихынан ажырата қарауға болмайтындығында деп көрсетті. Алайда ол Орта Азияның көшпелі халықтары мен тайпаларының қалыптасуының этникалық ерекшеліктері, кезеңдері, нақтылы жолдары мен аяқталу уақыты отырықшы-егіншілікті аудандардан өзгеше жүзеге асқандығыны ескеру қажеттігіне де назар аударды. Автордың түсінігінше, түрік этногенезінің маңызды ерекшелігі ол әуелгі кезден ХХ ғасырға дейін рулық тұрмыстық қалдықтары мен шаруашылықтың негізі ретінде көшпелі мал шаруашылығымен айналысып келген тайпалар арасында орын алды. Нәтижесінде түрік тілдес тайпалар халық ретінде біраз уақыт кеш қалыптасты [230, 17б].
Түркі халықтарының көне және орта ғасырлар кезіндегі тарихын бірбірімен байланыстыра зерттеу басқа да ғалымдар еңбектерінде (Р.П. Мукминованың [231], Б.Д. Жамгерчиновтың [232], С.П. Толстов[233], Т.А. Жданко[233], Б.А. Ахмедов [235], А. Хасанов [238], М.К. Нұрмухамедов [239], К.Ш. Шаниязов [241; 242; 243; 244], А.Х.Халиков [240, 7-36б],
А.Х.Кереитов [246; 247], Т.К.Ходжаев [245], И.Б.Молдабаев [236[) т.б. тұжырымдары методологиялық басшылыққа алынды. Ол кезде қазақ этногенезінің көптеген қырлары нақтылы тарихи, археологиялық, этнологиялық, антропологиялық материалдар негізінде анықтала қойған жоқ еді. Әсіресе, Қазақстан аумағын мекендеген ежелгі тұрғындар мен қазақ халқының арасындағы сабақтастық тақырыбы, генетикалық байланыстар, сонымен бірге бұл процестегі шығыстан келген тайпалар мен халықтардың алатын орны, қазақ этникалық қауымдастығының эволюциясы жаңа танымдық деңгейде зерттеуді қажет етті.
60-70-жылдары жарық көрген В.П. Юдиннің [248], Ю.А. Зуевтің [249],
В.В. Востров, М.С. Мұқанов [251], О. Ысмағұлов [253], Т.И. Сұлтанов [254], К.А. Пищулина [255] және басқа да зерттеушілердің еңбектерінде осы мәселелер жөніндегі қол жеткен таным деңгейі нақтылы көрініс тапты. Осы уақытта сақ, андрон, үйсін тайпаларының этникалық тарихын зерттеу біршама алға жылжыды.
Отандық және шетелдік ғалымдар жазба деректер, археологиялық материалдар, этнолингвистика және фольклорлық дәстүрдің таным мүмкіндіктерін синтездеу негізінде кешенді зерттеу жүргізіп, массагеттер, исседондар, аримаспылар, савроматтар, дайлар және т.б. тайпалардың орналасуы мен атрибуциясы жөнінде жаңа тұжырымдар жасады. К. Ақышев, К.М. Байпақов, Ю. Зуев т.б. ғалымдардың жинақтаған материалдары Евразиялық даланың және орманды-далалық алқабы, оның ішінде Қазақстан аумағы көшпенді шаруашылық-мәдени түрге негізделген скиф-сақ этномәдени типінің қалыптасқан мекені болғандығы туралы ғылыми қорытынды жасауға мүмкіндік берді.
Yйсіндер мен ғұндардың генетикалық байланыстарына назар аударылды. Жалпы ғұн проблемасына зерттеушілер тарапынан қызығушылық танытылуының себебі түрік этногенезінің негізгі нышандары осы этносаяси бірлестіктен көрініс бере бастады деген пікірден туған еді.
1979 ж. жарық көрген бес томдық "История Казахской ССР" атты ұжымдық еңбекте қазақ этногенезі проблемасының жалпы контурі белгіленіп, өлкенің көне тұрғындары мен қазақтар арасындағы мәдени сабақтастық, сонымен бірге аборигендер мен қоныс аударып келген тайпалар арасындағы араласу-сіңісу (ассимиляция) мәселелеріне ден қойылды.
Дегенмен зерттеушілер аталмыш проблеманы оның кейбір қырлары арқылы қарастырды. Қазақтардың шығу тегін күрделі тұтастық ретінде талдаған жұмыстар болмады.
80-90-жылдардағы отандық тарихнамада қазақ халқының қалыптасу процесінің автохондық және миграциялық сипаты деген екі ағым арасындағы күрес жалғасты. Осы екі көзқарас шеңберінде қазақ этногенезі процесінің негізгі сатылары, оның қозғаушы күштері, яғни шешуші факторлары зерттелді. Қазақ халқының қалыптасуының аяқталу кезеңі де аталмыш концепцияларға сәйкес қарастырылды.
Қазақ халқының автохтондығы жөніндегі ағым өкілдері (М.Қ. Қозыбаев,
Б.Е. Көмеков, К.А. Пишулина, О. Смағұлов, С. Жолдасбайұлы, Ә. Хасенов т.б.) халқымыздың құрылу процесінің көне замандардан бастау алып, негізінен ХY ғасырдың орта кезіне қарай аяқталу сатысына көшкенін қолдайды. Енді осы авторлардың бұл проблема жөніндегі кейбір көзқарас ерекшеліктеріне және оларды бір ағымға біріктіретін ортақ пайымдауларына тоқталайық. Ә. Хасенов "Қазақ тарихының бес мың жылдық баяны" кітабында аталмыш проблеманы этникалық компоненттерді жеке-жеке қарастыру арқылы зерттеуге талпыныс жасаған [256, 184-190б]. Осыған қарағанда автордың зерттеу әдісіне М. Тынышпаевтың ықпалы аңғарылады. Бірақ қазақ халқының құралуын ру, тайпалардың тарихын зерттеу арқылы оның соңғы сатысы – бірігу процесін анықтауға мүмкіндік бермейді. Дегенмен Ә. Хасенов бұл процестің негізгі сатыларын, Қазақстанның ежелгі тайпаларының халық болып бірігу процесі Түрік қағандығынан (YІ ғ.) бастау алатындығын, одан кейінгі мерзімде олар Түргеш, Қарлұқ, Қарахан, Қыпшақ, Оғыз хандықтары тұсында бірігудің түрлі сатыларын бастан кешіргенін нақтылы материалдар негізінде баяндап берген. Бұл процесс тоғысу, араласу, сіңісу (ассимиляция), ажырасу (диссимиляция) жолымен өтеді.
Ә. Хасенов те, басқа зерттеушілер сияқты, қазақ этногенезі "ХІІІ ғасырдағы монғол жаулауы тұсында бір-екі ғасырға тежеліп қалды" [256, 182б] деп есептейді. Жалпы отандық тарихнамада монғол шапқыншылығының этногенез мәселесінде теріс жақтарына ғана назар аударылып келеді. Шын мәнінде, Шыңғыс ханның жаулаушылығы рулар мен халықтарды араластырып, олардың орналасуы мен этникалық құрамына түбірлі өзгерістер енгізді. Бұл жағдай еуразия кеңістігіндегі біраз халықтардың жаңа этникалық негізде қалыптасуына жол ашты. Бірақ ежелден тілі, мәдениеті, шаруашылығы жақын үйсін, найман, қаңлы, қыпшақ, адай, керей т.б. тайпалардың бір халықтыққа бірігу процесі тезірек жүрді. "Сонымен, түйіндей келгенде, – деп жазады Ә. Хасенов – қазақ халқының шығу тегі аса ұзақ замандардан бастама, халық болып қалыптасуы ерте орта ғасырлардан өзек алады, ХY ғасыр шегінде аяқталады дейміз" [256, 183б].
С. Жолдасбайұлы қазақтардың қалыптасу процесі қазіргі Қазақстанның жерінде алғашқы қауымдастық құрылыс ыдырап, одан кейін қола дәуірі (б.д.д. ІІ-І мың жылдықтар) мен темір дәуірі (б.д.д. YІІ-ІY ғасырлар) кездерінен бастау алады деп есептейді [257, 19б].
Ол кезеңдердің тарихи болмысын қалпына келтіру үшін жалғыз тарихшылар ғана емес, археология, антропология, тіл білімі, нумизматина, этнология т.б. ғылымы салалар өкілдерінің күш-жігері қажет. Этногенез проблемасын зерттеуде С. Жолдасбайұлы еңбектерінің құндылығы, осындай синкреттік негізде жүргізілуі, әсіресе, археологиялық материалдарды кеңінен пайдалануында.
Қазақ халқының шығу тегін зерттеуде антропологиялық материалдардың алатын орны ерекше, себебі олар этностың бет-бейнесінің типін және генетикалық ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік береді. О. Смағұлов қазақтар мен олардың ата-бабалары жөнінде алынған көлемді антропологиялық материалдарды, қазақтардың нәсілдік генетикасын, Қазақстан аумағын мекендеген ежелгі халықтың этникалық тарихы мен осы заманғы халық жөнінде жиналған деректерді антропологиялық талдауын этникалық-генетикалық тұрғыдан тарихи, археологиялық және этнологиялық деректермен толықтыра отырып зерттеді.
О. Смағұлов халық атауының бірде жазба деректерге түсіп, бірде "өшіп" отыратын "тұрақсыздық" сипатына байланысты қазақ этногенезін зерттегенде этнонимге емес, қазақтардың мәдени-этнос ретінде баршылығын дәлелдейтін ген қорына назар аудару қажет дейді. Биологиялық әдіске негізделген осы бағыттағы зерттеулері нәтижесінде ғалым "қазақтардың тарихи тамыры, этникалық мәні және олардың сырт пішіні тым көне замандарға тамыр тартып жатыр" деген қорытындыға келді.
Қазақстанның жергілікті тұрғындары өзінің нәсілдік-генетикалық дамуына шығыстан келген басқа тайпалармен араласу процесін бастан кешіргенімен, ХYІ ғасырдың басында бірыңғай этникалық сипат алды.
Сонымен қатар қазақтардың бірыңғай антропологиялық типке жатататындығы жөнінде қорытынды жасалынды [257; 258; 259; 260].
Қазақтардың этникалық және антропологиялық бірлігі олардың халық болып қалыптасу процесінде маңызды алға шарттарды құрайды. Бірақ бұл процестің негізінде биологиялық факторлармен қатар, қоғамдық-саяси заңдылық жатқанын да ескеру қажет "Мұның біріншісі негізінен алғанда генетикалық факторларды және шыққан тегінің ортақтығын мойындаудан туындайды. Екіншісі, дамудың тарихи факторлары және мәдениет пен шаруашылық, тұрмыс салтының ортақтығы бойынша анықталады [258,
22б].
Бірсыпыра тұрақты болып келетін биологиялық ерекшеліктерге қарағанда, тарихи факторлардың өзгермелі болатындығы мәлім, бірақ олар, яғни соңғылары этникалық даму процесіне шешуші ықпал жасайды.
Қазақ этногенезі процесінің автохтондық сипатын шығыс деректері негізінде нақтылаған зерттеушілердің бірі – Б.Е. Көмеков. Ол бұл процесті төрт кезеңге бөліп қарастыруды ұсынды:
1) Баба қазақ (протоказахский) дәуірі (б.д.д. 1-мыңжылдықтан – б.д. Y ғасыры; 2) Атақазақ (предказахский) дәуірі (YІ-Х ғасырлар); 3) Қазақ халқының этникалық түп-тегінің (этникалық өзегінің) қалыптасуы (ХІ ғасырдан – ХІІІ ғасырдың бас кезіне дейін); 4) Қазақ халқының құрылу процесінің аяқталуы (ХІY-ХY ғасырлар) [261; 271].
Автор осы сатылардың әрқайсысында орын алған этногенетикалық эволюцияға сипаттама беріп, қазақ халқының Қазақстан аумағын ежелден мекендеген байырғы (автохтонды) тайпалар мен тайпалар бірлестіктерінен құралғандығын қолдады. Олардың (сақ, савромат т.б.) тілдік атрибуциясы, орналасуы, қазақтардың ежелгі ата-бабалары қатарына жататын Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда мекендеген усундер тайпалық бірлестігі мен Сырдария өзенінің орта және төменгі ағысындағы кангюйлер, қазақтардың этногенезіндегі ғұндардың рөлі, түркілену және монғолдану процестері туралы өз ой-пікірлерін баяндады
Б. Көмековтің [261; 262]. С. Ақынжановтың [263] қыпшақтар туралы зерттеулері қазақ этногенезін зерттеуге үлкен үлес болып қосылды . Алғашқы автор қыпшақтардың қазақтардың халық болып қалыптасуында айрықша рөл атқарған, тіпті "қазақ" сөзінің өзі де қыпшақтар мекендеген аймақтан шыққан деп есептейді. Ибн әл-Факихтың, Рашид ад-Дин Раб-и Рашидтің ("Вакф-наме") т.б. шығыс авторларының мәліметтерін талдай келіп, ХІ-ХІІ ғасырлардағы Дешті-Қыпшақты мекендеген қыпшақ қоғамында "қазақ" деп аталған топ болғандығын ескертеді. Жалпы қыпшақ хандығындағы этникалық процестердің дамуы негізінде қазақ халқының ұйытқысы қалыптасты дейді [165, 19-20б].
Қазақ халқының құралу уақыты, оның құрамына енген тайпалық компоненттер мәселелері академик М.Қ. Қозыбаев еңбектерінде бірнеше рет қарастырылды. 90-жылдары оның "Отан тарихын зерттеудің өзекті проблемалары", "Халық рухының қайнары", "Ата тарихы туралы сыр" т.б. мақалалары жарық көрді [267; 268].
ХІ ғасырда Ертістен Еділге, Шу мен Таластан Каспийге дейінгі біртұтас далада қыпшақ одағы үстемдік жүргізіп, Ежелгі Оғыз даласы (Махажат-алгуз) енді, Дешті Қыпшақ – Қыпшақ даласы атанғаны жазба деректерден белгілі.
Қыпшақтар мен оғыздар, тоқсы, яғма, оқрақ, нарұқ тайпалары таза түрік тілінде сөйлеген [172]. Осы жағдайлар жөнінде айта келіп, 1993 ж. жарияланған мақаласында М.Қ. Қозыбаев жоғарыда айтылған қазақ халқының қалыптасуына негіз болған этникалық ұйтқы (өзек) және осыған байланысты бұл процестің негізгі кезеңдері мен аяқталу уақыты жөнінде мынандай ой өрбітеді:
"Тарихи әдебиетте қыпшақтарды болашақ қазақ этносының (протоказах) өзегі деген ұғым кездеседі. Менің ойымша бұл тұжырым әлі де тайыз. Шын мәнінде ХІ-ХІІ ғғ. қыпшақ халқы қалыптасты. Оған негіз – ежелгі біртұтас ата қоныс, аралас-құралас енген түркі тектес тайпалар, ортақ тіл, қалыптасқан көшпелі, жартылай көшпелі тұрмыс, өмірге деген мәденирухани көзқарас, әскери демократия, ортақ жаугершілік қарекет – осының бәрі бірегей халықтық қасиеттерді ортақ дүниетанымды тудырады [268,
81б].
"Қорыта айтқанда, – дейді автор, – қыпшақ атауымен халық болып танылған қазақ барша түркі әулетінің қара шаңырағы болды" [267, 10б]. Ғалымның "қыпшақтар қазақ этносының өзегі болды" деген тұжырымды "әлі де тайыз" деп табуы, содан кейін қазақ "қыпшақ атауымен халық болып танылған" деген қорытындыға келуіндегі ой кереғарлығы, біздің пікірімізше, осы өзекті мәселені әлі де тереңдете зерттей түсу керектігі туралы ниеттен туған сияқты. Оған М.Қ. Қозыбаевтың осы және басқа да еңбектеріндегі қазақ этногенезі процесіндегі қыпшақ бірлестігінің рөлі туралы пайымдаулары дәлел бола алады [268, 18-64б]. Себебі монғол шапқыншылығынан кейін де қыпшақтар өздерінің этникалық тұтастығын сақтап қалды, "түркі тайпалары шапқыншылықтан ес жиып, мұңғыл империясы дәуірінде бүкіл Еуропаға дәуренін жүргізген елдің құрамында басы бірігіп, рулық-тайпалық шеңберден шығып, халықтық сана биіктігіне қайта көтеріле бастады" [267, 11б]. Келесі бір еңбегінде М.Қ. Қозыбаев "монғолдарға дейін негізінен қыпшақ, біздің пікірімізше, қазақ негізі (ядро) болды"- деп жазады [40].
Автор қазақ халқының қалыптасу процесінің аяқталуы Жәнібек пен Керейдің Шу мен Қозыбасыға қоныс аудару кезінде емес, кейінірек орын алды деп есептейді. "Бұрын бір одақта ұзақ уақыт бірге болмаған, бір-біріне бағынбаған үш мемлекеттің құрамында жүрген тілі бірдей тұрмыс-салты, шаруашылық үрдісі бірдей көшпелі тайпалардың жаңа саяси одаққа бірігуі атақты Ақназар ханның тұсында тиянақталды" – дейді [267, 13б].Бұл пікірді М.Қ. Қозыбаев 1993 ж. айтқан еді. Сонымен қатар автор қазақ халқының қалыптасуының аяқталуы, яғни оның өз бөлектігін танып, этникалық санасезім биігіне көтерілуі бір жарым ғасырдай уақытқа созылды деп жазды. Ал, 1998 ж. "монғол шапқыншылығына дейін қыпшақтардың жетекшілігімен қазақ этносының қалыптасуы өзінің аяқталу кезеңіне енді" деп көрсетті [40, 13б]. Осыған қарағанда ғалымның қазақ этногенезінің негізгі даму сатылары жөніндегі көзқарас эволюциясы тереңірек үңіліп, басқа да еңбектерімен салыстыра зерттеуді қажет ететін сияқты.
Қазіргі кездегі отандық тарихнамада қазақ халқының қалыптасу уақыты (басталуы, аяқталуы) оның этникалық ұйытқысы (ядро) жөніндегі мәселелер пікірталас нысаны болып келеді. Синьзян университетінің профессоры Су Бэйхай "қазақтардың басты этникалық қайнары үйсін, қыпшақ, қаңлы" болды дейді [145, 13б]. Бұл пікірдің гносеологиялық төркіні Қытай жазбаларында көбіне бұл елмен шекаралас жатқан, қарымқатынаста болған тайпалар жөнінде ғана мәліметтердің сақталуына байланысты болса керек.
Ш. Уәлиханов қазақ халқының ұйытқысы болған Кіші жүз құрамына енген тайпалар десе [213, 207-208б], келесі бір зерттеушілер үйсіндер, қаңлылар, не болмаса Оңтүстік-Шығыс Қазақстанды мекендеген этностар деп есептейді [257, 19б]. Қазақ халқының этникалық компоненттерінің түрлі мемлекеттік бірлестіктер құрамында болуына байланысты бір ғана этникалық ұйтқы болмаған, оның үш-төрт ошағы болуы да мүмкін. Осы себепті жоғарыда аталған пікірлердің қай-қайсысы да тарихи шындыққа жанасымды болуын жоққа шығаруға келмейді. Бірақ бұл проблема да арнайы зерттеуді қажет етеді.
Жоғарыда қазақ халқының қалыптасуының бастауы мен аяқталу кезеңдері жөнінде біршама айтылған. Бірақ бұл мәселеде де бір тоқтамға келінбегендігін, этногенез процесіндегі әрбір сатының сапалық ерекшеліктерін ескермеуден этносаяси қауымдастық пен халықтың жеке өз атымен тарих сахнасына шығуын шатастыру орын алып келеді. Осы себепті қазақ халқы қалыптасу процесін ХІY ғасырдың өзінде-ақ бастан кешірді деген пікір тарихи әдебиетте кездесіп қалып отырды. Л. Гумилев қазақ пен өзбек хандықтарын құрушылар Тоқтамыс ханның қоластында жаугершілікпен өмір сүргендер десе [270], Тарақты Ақселеу "осы күнгі ғылым тілінде "көшпелі өзбектер" деп жүргендердің бәрі көшпелі қазақтар болатын" деп тарихи фактілерге жеңістік бермейді [271, 59б]. Тоқтамыс ханның Әмір Темірден жеңіліп, жұртымен қоштасардағы:
Байтағымның ішінде
Он сан менің ноғайлым, Сені тағы алдырттым.
Он сан ноғай ішінде
Yш жүз алпыс отау қазағым,
Сені тағы алдырттым,
Ал аман бол менен соң [272-75б] .
– деген сөздеріне қарағанда, қазақтар ХІY ғасырдың өзінде жеке халық ретінде (ноғайлар құрамында болса да) өмір сүрген деген уәж айтылады. С. Жолдасбайұлы, мысалы, Ш.Ш. Уәлихановтың "Жалайыр шежіресінде" Әмір Темірдің Тоқтамыс ханға қарсы аттанғанда 1390-жылдары Сырдария бойында қазақтың Әмет және Сәмет деген хандарын шапқыншылыққа ұшыратқаны жөніндегі оқиғаны алға тартады. Бұл деректен "қазақ" этнонимінің ХІY ғасырдың 90-жылдарына дейін пайда болып, қазақ халқының өмір сүргендігін көрсетеді дейді [273, 160б]. С. Жолдасбайұлының пікірінше, ХY ғасырдың екінші жартысы тарих сахнасына шыққан кезін, қазақ халқының қалыптасып біртұтас ел болған уақытын көрсетеді. Олай болса, деп көрсетеді автор, қазақ халқының қалыптасып, өзінің "қазақ" деген атымен көрші жатқан елдермен қарымқатынас жасай бастаған мерзімін ХІY ғасырдың ортасынан ХY ғасырдың бастапқы кезі деп айтуға толық болады [273].
Ақ Орда халқы, шын мәнінде, қазақтар еді деген пікір де айтылды. Отандық тарихнамадағы осы тенденция 70-80-жылдары жарық көрген бес томдық "Қазақ ССР тарихы" деген іргелі еңбекте де көрініс тапты. Онда "қазақ халқының қалыптасуы негізінен ХІY-ХY ғасырларда аяқталды" деген қорытынды жасалды [34, 9б].
Бұл жерде қазақ халқының қалыптасу процесінің аяқталуын бір ғасырдай уақытқа созып, бұлыңғырлау қорытынды жасалудың себебі сол кездегі тарихнамадағы осы мәселе жөнінде екі көзқарасты мәмілеге келтіруге ұмтылудан туындаған сияқты. Ал, проблеманың ішкі мәніне үңілетін болсақ, қазақтардың халық болып қалыптасуы ХІY ғасырдың ішінде аяқталды деген тұжырымның анық-қанығын білу үшін ең кемінде екі теориялық-методологиялық мәселенің түбегейлі зерттелуі қажет деп ойлаймыз. Оның біріншісі – этногенез процесінің тарихи сатыларының сапалық параметлері; екіншісі – халық болып қалыптасу мен этноним арасындағы арақатынас мәселесі.
Соңғы сұраққа жауап іздеу соңғы кезде ғана қылаң бере бастады. Б. Көмеков, мысалы, әдіснамалық тұрғыдан келгенде, қазақ халқының құрылу тарихы мен уақытын деректерде "қазақ" этнонимінің пайда болуынан ажырата қарастыруға бейім [165, 20б]. Мұндай көзқарас өзбек тарихнамасында да орын алып отыр. К.Ш. Шаниязов 1984 ж. этнографтар мен антропологтардың бір одақтық форумында өзбектердің этникалық тарихының эволюциясы жөнінде мынандай қорытындылар жасады:
1. Өзбек халқының этникалық негізін Орталық Азияның екі өзені (Аму мен Сыр – C.Г.) аралығындағы байырғы тұрғындар құрады. 2. ІХ-Х ғасырлардағы түркі тілдес халықтардың күрделі этномәдени байланыстары барысында кейін өзбектер деп аталған халық қалыптасты. ХІ ғ. мен ХІІ ғасырдың бірінші ортасында өзбек халқының қалыптасу процесі аяқталды. 3. Мауераннахр оазисімен ертеден тығыз экономикалық және этномәдени байланыста болған көшпелі өзбек тайпалары біртіндеп жергілікті халықпен сіңісіп кетті [274].
Егер халықтың құрылуы мен оның өз атауына (этнонимге) ие болу кезеңдерін ажырата қарастыратын болсақ, қазақ халқының құрылуы ХІY ғасырдың ортасында, не аяқ шенінде орын алды деген пікірдің жаны бар секілді. Ал, тарихи, лингвистикалық, археологиялық, этнологиялық зерттеулерді басшылыққа алсақ, ол кезеңде Қазақстан аумағының әр жерінде, немесе түрлі өңірлерінде (Батыс Қазақстанда, Түркістан маңайында, Орталық Қазақстанда, Жетісуда) қазақ халқының ұйытқылары ғана қалыптасып, өмір сүрген. Олар ХY ғасыр екінші жартысынан бастап бір халықты құраған.
Қазіргі отандық тарихнамада қазақ халқының қалыптасуын "қазақ" этнонимінің пайда болуына, бұл жөнінде Мухаммед Хайдар Дулатидің "Тарихи Рашиди" еңбегінде, "Бабыр-намеде" келтірілген мәліметтерді басшылыққа алынып келеді [88, 83-84б; 275; 276; 277].
Бұл пікірді жақтаушылар қатарында С.Г. Кляшторный мен Т.И. Сұлтанов та бар. Олар қарастырылып отырған проблеманы "өзбек", "өзбекқазақ" терминдерінен "қазақ" сөзінің жекеленіп, этнонимдік мәнге ие болу уақытымен байланыстырады. Бұл авторлардың пікірінше, Керей мен Жәнібектің Өзбек ұлысынан Жетісуға көшіп кетуі қазақ этногенезін жеделдеткен өтпелі сипаттағы оқиға болды, бірақ халықтың өз этнониміне ие болуында шешуші рөл атқарады. "Бір сөзбен айтқанда", – деп жазады олар, – 1459 ж. қоныс аудару қалыптасып келе жатқан қазақ халқының басы да, соңы да емес еді. Бірақ ол осы әрқилы процестің басты кезеңдерінің бірі болып есептелінеді: 1459 ж. Жетісудың далалық өңірінде қалыптасу үстіндегі халықтың өзінің болашақ атауымен тарихи кездесуі орын алды" [190, 254б].
Ақ Орданың, Әбілқайыр хандығының Ноғай Ордасының тұрғындарын С.Г. Кляшторный мен Т.И. Сұлтанов "конгломераттық сипаттағы суперэтникалық қауымдастық” десе К.А. Пищулина "этносаяси қауымдастық (этнополитоним)" дейді [140, 138б].
К.А. Пищулина зерттеулерінің нәтижесінде қазақ халқының қалыптасуының негізгі кезеңдеріне қазіргі заманғы тарих ғылымының даму деңгейі тұрғысынан баға берілді.
Отандық ғалымдардың көбіне-көп назар аударған мәселесі Қазақ хандығының құрылуының қарсаңындағы орын алған оқиғалар мен этникалық процестер болды. Әсіресе, өзбек, қазақ ғалымдары көшпелі өзбектер мен қазақтардың этникалық аумағындағы ұлан-байтақ жерлерді алып жатқан Әбілқайыр хандығының тарихын тыңғылықты зерттеді [235]. Бұл мемлекетте Орта Азиядағы өзбек халқының болашақ компоненті ретінде тек көшпелі өзбектер ғана өмір сүрген жоқ. Рузбихан Исфаханидің жазбаларына қарағанда, онда қазақтар мен мыңғыттар да тұрған және халықтың басым көпшілігін солар құраған. Батыс деректерінде осы Өзбек ұлысын "Қыпшақ хандығы" деп те атайды.
Болашақ қазақ этносының ұйытқысы осы хандықта, Ноғай Ордасында және Моғолстанда кіріге бастады. Олардың барлығында да бірдей рутайпалар (қыпшақтар, кеңгерес, қоңырат, найман, арғын, қаңлы, алшын, қарлұқ, алаш және т.б.) халықтың негізін қалады.
Қазақ этносы қалыптасуының тағы бір ошағы Солтүстік Қазақстан мен Батыс Сібір өңірі болды.
К.А. Пищулина ХІY-ХY ғасырларда Қазақстан аумағында орын алған этникалық процестер жөніндегі көзқарасын 1998 ж. жарық көрген "Қазақстан тарихының" екінші томында әрі қарай тереңдете түсті, жаңа деректермен тиянақтады. Автор бұрынғыдай Ақ Орда, Моғолстан, Әбілқайыр хандығы, Ноғай Ордасы тұрғындары халықты емес, этносаяси қауымдастықты құрады дейді [141, 293б]. Бірақ осы "этносаяси қауымдастық" дегеннің параметрлері мен этникалық процестегі орны қандай екендігін анықтай түсу қажет сияқты. Бұл мәселе методологиялық тұрғыдан да маңызды болып көрінеді. Себебі жоғарыда біраз авторлардың қазақ халқы ХІY ғасырда құрылды деп жүрген пікірі этносаяси қауымдастық пен этностық қауымдастық (халық) арасын ажырата алмаудан туындай ма деп ойлаймыз.
К.А. Пищулинаның ойынша, Қазақстан аумағындағы этникалық процестердің бағыт-бағдары мен сипаты төмендегіше болған: 1) Ақ Ордада этникалық процестер, Моғолстанға қарағанда, тезірек жүрді. Себебі Ақ Ордада бұл процестің негізін қыпшақ бірлестігінің этникалық жағынан жақын рулары мен тайпалары қалады. Ал, Моғолстанда ол екі қауымдастықтың (қазақ (үйсін) және қырғыз), ал кейде Шығыс Түркістанның ұйғыр халқын қосқанда үш қауымдастықтың саяси бірлестігіне негізделді. Бұл олардың этникалық дамуын тежеді: 2) Моғолстан тарихының жете зерттелмеуіне, байланысты қазақтардың мұнда "көшіп келіп қоныстанғандығы" жөнінде қате пікірдің орын алып келе жатқандығы [59 - 231, 232, 234б]. 3) Ақ Орда мен Моғолстанның саяси жағынан бөлініп шығуы Қазақстан аумағындағы этникалық процестерді тездетті [141, 294б].
Бірақ зерттеушілер қалыптасып келе жатқан қазақ халқының жекелеген бөліністерінің саяси жағынан Моғолстан, Ақ Орда, Ноғай Ордасы мемлекеттеріне бөлшектеліп кетуінің қазақтардың этникалық тарихының барысына ықпал еткенін де атап көрсетті. Жалпы алғанда Ақ Орда мен Әбілқайыр хандығының "өзбектер" деп аталған этносаяси қауымдастығы түркі тілдес халықтың үлкен тармағы болды да, одан кейін ХY ғасырдың екінші жартысында "қазақ" атаулы этникалық топ бөлініп шықты.
Қазақ этногенезі тарихының күрделі проблемаларының бірі этносты түзуші (немесе құрушы) әлеуметтік, экономикалық және саяси факторлардың рөлін анықтау болып табылады. Бұл бағыттағы зерттеулер отандық тарихнамада 20-30-жылдардан бастап орын алып келеді. Осы кезде В.В. Бартольдтың [161], Г.Е. Грумм-Гржимайло [278], А.Н. Чулошников [14], С.Ж. Асфендияров және т.б. ғалымдардың еңбектерінде этногенетикалық процестің шаруашылық түріне байланысты екендігі жөнінде ғылыми пайымдаулар жасалынды. Н.Н. Козьмин [279] алғашқылардың бірі болып этногенез процесіндегі шаруашылық үрдісі мен өмір салтының шешуші рөлі жөніндегі ой-пікірін теориялық тұрғыдан баяндады. Қазақстанның құрғақшылық өңірлерінде материалдық өндірістің бірден-бір тиімді тәсілі көшпелі мал шаруашылығы болғандығы, осыған байланысты көшпелі шаруашылық-мәдени типтің этноинтеграциялық функциясы, жалпы түрік халықтары этногенезінің көшпелі мал шаруашылығымен органикалық байланысы жөніндегі идея Ж.
Әбілғожиннің, Н.Э. Масанов, Н. Әлімбаев, Х. Арғынбаев т.б. ғалымдардың еңбектерінде жан-жақты қарастырылды [100; 280; 281]. Көне және ортағасырлық Қазақстанның күрделі экологиялық және саяси жағдайында көшпелілердің шаруашылық-мәдени типі, көшпелі әлеуметтік организм шеңберінде бір сипатта этникалық нышандарының қорлану процесінің сабақтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз еткендігі, көшпелі өмір салты материалдық мәдениеттің өзіне тән типтері мен ерекшеліктерін дамытқандығы жөнінде дәлелді тұжырымдар жасалынды.
Н.Э. Масановтың пікірінше де (жоғарыда да басқа мәселелерге байланысты айтып кеткенбіз), б.д.д. І мыңжылдықтан бастап Қазақстанда үстем болған және адамның құрғақшылық өңірдің табиғат жағдайына бейімделуінің ерекше формасы болып табылатын шаруашылық жүргізудің көшпелі түрі қазақ халқының тарихында осы этносты түзеуші басты фактор болды [282, 86б]. Осы себепті аталмыш проблеманың өзекті мәселелерінің бірі көшпелілердің материалдық өндірісі жүйесінің ерекшеліктері мен қоршаған ортаның этникалық процестердің қалыптасуы мен дамуына тигізген ықпалын зерттеу болып табылады дейді автор.
Н.Э. Масановтың бұл тұжырымдары жоғарыда аталған ресей тарих мектебінің өкілдері Н.Н. Козьмин, Ю.В. Бромлей және басқа да ғалымдарының ой-пікірлері шеңберінде, Қазақстан жағдайына бейімделініп алынып отырғаны белгілі. Тағы да еске сала кетейік Ю.В. Бромлей өткен ғасырдың 70-жылдары "этнос пен оның қоршаған ортасын белгілі бір тұтастық – этно-экологиялық жүйе ретінде қарастыру керек" деген. Бірақ Н.Э. Масановтың экологиялық концепциясының әлсіз жақтары баршылық. Біріншіден, көшпелі шаруашылықтың ерекшелігі мен құрғақшылық өңір жағдайымен туындайтын халықтың шашыранды орналасуы, немесе, автордың терминологиясымен айтқанда, "дисперсті орналасуы" этногенез процесін жылдамдатушы емес, қайта тежеуші күш болып табылады деп ойлаймыз. Себебі олардың арасындағы ақпараттық байланыстар, халқы шоғырланып қоныстанған өңірлерден гөрі, әлдеқайда әлсіз. Екіншіден, экологиялық орта этногенетикалық процесте доминантық (басым) рөл атқаратындығы жөніндегі тұжырыммен де келісе қою қиын. Себебі бір сипатты экологиялық, табиғи ортада тілі, діні мәдениті бөлек бірнеше халықтың (ұлттың) қалыптасып, өмір сүріп жатқандығы белгілі.
Зерттеушілердің көпшілігі қазақтардың халық болып қалыптасуында басты да маңызды топтастырушы күш саяси фактор болды деп есептейді. Қазақтар этногенезде, әсіресе, олардың қалыптасуының аяқталуы кезеңінде атқарған мемлекеттің рөлі туралы мәселе Ш.Ш. Уәлихановтың, В.В. Вельяминов-Зернов, А.Н. Харузиннің еңбектерінде көтеріліп, ХХ ғасырда С.Ж. Асфендияров, А.П. Чулошников, С.К. Ибрагимов, О. Смағұлов, В.П. Юдин, Т.И. Сұлтанов т.б. авторлардың зерттеулерінде дамытылды.
Алғашқы рет тарихи әдебиетте қазақ халқының қалыптасуы қазақ мемлекеттілігінің құрылуына және тұңғыш қазақ хандарының қызметі нәтижесінде жүзеге асқандығы туралы В.В. Вельяминов-Зернов жазған болатын [221, 270-271б]. Орыс тарихнамасына қазақ этногенезін қазақ хандығының құрылуымен, яғни бұл процестің аяқталу кезеңімен байланыстыра қарау тән. Бұл дәстүр кеңес дәуірінде де А.П. Чулошников, М. Тынышпаев еңбектерінде де жалғасын тапты. А.Н. Бернштам да осы пікірді қолданды. Қазіргі уақытта бұл проблеманы тереңдей зерттеп жүрген бір топ ғалымдар (Б. Көмеков, К.А. Пищулина т.б.) этносты этноәлеуметтік организм ретінде қарастырып, этникалық процестің барысына экономикалық, әлеуметтік және саяси факторлардың шешуші ықпалы туралы идеяны басшылыққа алып отыр. Осыған сәйкес К.А. Пищулина экономикалық байланыстар барысында ғана этномәдени ақпараттармен алмасылады, ал мемлекет этникалық нышандардың пісіп-жетілуін тездетеді деп есептейді [59, 224б].
Мұндай пікірді Б. Көмеков пен К.А. Пищулина 90-жылдардағы еңбектерінде толықтырылып, жаңа мәліметтер негізінде нақтыланды. Бұл ғалымдардың 1998 ж. жарық көрген "Қазақстан тарихының" 2-томында қазақ халқының қалыптасуын әралуан факторлардың өзара ықпалдастығы және жиынтығы нәтижесі ретінде қарастырғаны байқалады. "Этноәлеуметтік организм ретіндегі қазақ халқының құрылуы, – деп жазылған онда, – феодалдық қатынастардың орнығуы мен нығаюы, ортақ территорияның, тілдік, материалдық және рухани мәдениеттің қалыптасуына байланысты барлық халықтарға тән жалпы заңдылықтары негізінде жүзеге асты" [283, 299б]. Қазақ халқының қалыптасуының басты шарттары ретінде академик М.Қ. Қозыбаев оның құрамына енген түркі тілді тайпалардың саяси, ішкі әлеуметтік-экономикалық дамуы деп көрсетсе, С. Жолдасбайұлы тек тілдік бірлік қана емес, салт-сана, діни наным-сенімдер, экономикалық даму біркелкілігі, физиологиялық ұқсастық, аумақтық бірлестік сияқты факторларды атайды ] 40; 273, 160б].
Соңғы уақытта отандық тарихнамада қазақтар этногенезі проблемасына жүйелілік принципі тұрғысынан қарау елеулі орын алып келеді, осыған байланысты этногенетикалық процестердегі мемлекеттің рөліне де басқаша көзқарас қалыптасуда. Ж.О. Артықбаев мемлекеттің өзі күрделі этноәлеуметтік жүйе болып табылады, ол өз тарапында ресми-саяси өкімет, экономикалық өкімет, әлеуметтік және этникалық, аумақтық, қоғамдық сана секілді салалық жүйелерден (подсистемы) тұрады деп жазады. Қазақтардың көшпелі қоғамында барлық әлеуметтік байланыстар жүйесі туыстық қатынастарға негізделген ұйым принципі анықтап, ал генеалогиялық аңыздар оны заңдастырып отырды. Қазақтардың бір атадан (Алаша ханнан) тарағандығы туралы көне аңыздар легі жаңадан қалыптасып келе жатқан мемлекет мүддесіне қызмет етті деп есептейді автор. Бірақ Ж. Артықбаевта мемлекеттің пайда болуы этноинтеграциялық процестерді тездетті деген қорытынды жасайды [284, 44б].
Сонымен "этнос мемлекет" проблемасы отандық тарихнамада екі бағыттың қалыптасқандығы жөніндегі зерттеуші С.Н. Ислямиеваның пікірімен келісуге болады деп ойлаймыз: 1) қазақтардың этногенезі процесінде мемлекет сөзсіз этносты құрушы және біріктіруші фактор болды. Оның соңғы сатысында мұндай рөлді қазақ хандығы атқарды; 2) мемлекеттің құрамының алғы шарты, объективтік факторы этностың пайда болуы дейді келесі авторлар. Этнос бұрынырақ қалыптасуы мүмкін де, оның негізінде кейін мемлекет құрылады. Немесе белгілі бір кезеңде өз бірлігін сезінген, бірақ бірнеше мемлекеттер құрамында шашырап кеткен этникалық қауымдастық осы тарихи "әділетсіздікті" түзету қажеттілігінен туындаған мемлекеттің құрылуына түрткі болады [285, 46б]. Дегенмен бұл автордың орта ғасыр кезеңіндегі Қазақстан аумағында этногенез және саяси-генез процестері хронологиялық тұрғыдан қатар дамыды деген мәлімдемесі декларативті түрде айтылған, әлі де зерттей, түсуді қажет етеді деп ойлаймыз. 90-жылдардан бастап отандық тарихнамада қазақ этногенезі процесінің үзіліссіздігі, немесе сабақтастығы туралы методолгиялық тұрғыдан аса маңызды мәселе көтеріліп келеді (Б. Көмеков, С. Жолдасбайұлы, К.А. Пищулина, К. Ақышев, К. Байпақов т.б.). Бұл процесс жалпы екі мыңжылдық қазақ тарихында үнемі жалғасып отырды ма, Орта Азия мен Қазақстан жерін мекендеген байырғы тұрғындар – сақ тайпалары мен олардан кейін тарих сахнасына шыққан тайпалар мен тайпалық бірлестіктер арасындағы этногенетикалық, материалдық мәдениеті, тілдік байланыстары қандай болды деген мәселелер төңірегінде әрқилы пікірлер айтылды.
Археологиялық зерттеулер мен Қазақстанның ежелгі ру, тайпаларының тілдік атрибуциясын анықтаудағы кейбір "ақтаңдақтарды" пайдаланып, қазақ халқының автохтондығына, түріктік нышанға шабуыл жасаушылар некен саяқ болса да көрініп қалып жүр. Н.Э. Масанов Қазақстан аумағында этникалық қолданыс процесі басым, көпшілігі Орталық Азия өңірлерінен шыққан түрлі көшпелілердің басқыншылығы салдарынан бірнеше рет үзіліп қалып отырды деп есептейді [282, 80 б].
Қазақтардың түрік тектестігі туралы "аңызды" қалай болса да жоққа шығаруға тырысқан ол: "Шындығында қазақтардың ата тегі көшпелі тайпалар және ең алдымен тоғыз-оғыздар және олардың ата-бабалары теле тайпасы болып табылды. Ал, түріктер – тюцзюе Орталық Азия тарихында ешқандай із қалдырмай біржолата жойылып кеткен", – дейді ол өзінің бір сұхбатында [287]. Сонда теле мен тоғыз-оғыздарды түрік нәсілдес емес деп кім айта алады, тіпті түріктер – тюцзюе жоқ болып кетті деу де тарихты көпе-көрнеу бұрмалаушылық болып табылады. Бұл автордың тарихи жорамалдарына З. Қинаятұлының тарапынан шығыс деректері негізінде нанымды жауап берілген [287] дегенмен, Қазақстанның ортағасырлық тарихы мен шығыс деректерінің білімпазы Б. Көмековтің еңбектерінен бір үзінді келтіре кетейік: "Y ғасырға қарай Солтүстік Монғолиядан Амударияның атрабына дейінгі ұланғайыр территорияны түркі тілдес тирек
(теле) деген жалпы аты бар тайпалар мекендеген. Олар негізінен: Байырқу,
Бұлақ, Қарлұқ, Кимек, Еділ, Қыпшақ атты тайпалар еді. YІ ғасырда Қазақстан жері түгелдей құдіретті біртұтас мемлекет – Түрік қағанаты құрамында болды... Осы дәуірден бастап Қазақстан территориясында этногенетикалық процестің жаңа маңызды кезеңі басталды" [261].
Сонымен қазақтардың шығу тегі мен қалыптасуын зерттеу негізінен автохтондық концепция шеңберінде дамыды, осы негізде олардың кірме элементтердің (кірмелік немесе миграциялық концепция) басым рөл атқарғандығы жөніндегі ғылыми негізі жоқ қағидалар жоққа шығарылды. Бірақ қазақтар этногенезін біртұтас проблема ретінде зерттеу – отандық тарих ғылымының алдында тұрған аса маңызды міндет. Оның орындалу барысында Қазақстан аумағындағы этногенетикалық процестердің ұйытқысы (немесе ұйытқылары), сабақтастығы сияқты мәселелер де өз шешемін табуы қажет.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет