Сабденова гульмира есбатырқызы қазақ хандығЫ ҚҰрылуының тарихнамасы



бет10/15
Дата03.11.2023
өлшемі259,51 Kb.
#121620
түріМонография
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15
Байланысты:
treatise16979

2.3 Қазақ хандығының құрылуы


Отандық тарихнамада Қазақ хандығының құрылуы жөнінде әртүрлі пікірлер айтылып келеді. Кейбір авторлар қазақ халқының құрамына енген жеке тайпалардың мемлекеттік бірлестіктерін (мәселен үйсін ұлысы, Найман хандығы, Керей хандығы, Қыпшақ хандығы және т.б.) негізге алып, қазақ мемлекетінің бастауын сол кезеңдермен байланыстырады. Енді бір авторлар Шыңғысхан мемлекетіндегі халықтың басым көпшілігін кейіннен қазақ халқының құрамына енген тайпалар құрағандықтан қазақ хандығы тарихын сол уақыттан бастауды жөн санайды. Қазіргі кездің өзінде де қазақ хандығының құрылуы жөнінде басқа да көзқарастар бар екендігін айта кету керек. Әсіресе, ауыз әдебиеті мәліметтеріне сүйенген авторлар Ақ Орда мемлекетін Қазақ хандығы ретінде тану немесе алғашқы қазақ хандығы қазіргі Қазақстан аумағының батыс өңірінде құрылғандығы жөнінде өз болжамдарын ұсынды [413; 414, 112б; 256, 218б].
Дегенмен тарихшы-ғалымдардың басым көпшілігі қазақтың өз алдына жеке халық болып қалыптасқан кезеңіндегі мемлекетін – Қазақ хандығын меже ретінде ұстанады.
Қазақ хандығының құрылуының мерзімі және ірге тасының қаланған жері туралы отандық тарихнамада негізінен екі ағым қалыптасқан. Оған себеп: біріншіден, кейбір дерек көздерінің жанамалық сипаты, оларда тарихи оқиғалардың қайшылықты баяндалуына байланысты болса, екіншіден, авторлардың Қазақ хандығының құрылуына қатысты деректерді сұрыптау, талдау, жүйелеу әдістеріне, олардан тиісті қорытындылар жасауларына байланысты. Аталмыш проблеманы зерттеуде теориялықметодологиялық сипаттағы көзқарастар қайшылығы да кездесіп қалады. Қайсыбір авторлар материалистік методология ықпалынан арылуға тырыса отырып, эмпирикалық зерттеу деңгейіне түсіп кетеді. Әлі де болса біршама авторлар проблеманы таптық қатынастар тұрғысынан пайымдайтыны байқалып қалады.
М.Қ. Әбусейітова ортағасырлық қазақ қоғамының тарихын зерттеуде қайдағы бір “өндіргіш күштер”, “рухани даму деңгейі” деген категорияларға емес, нақтылы тарихқа сүйене отырып, тарихи даму процесіндегі оның бағыт-бағдарын өзгерткен маңызды оқиғаларды бөліп алып қарастыру керек" дейді [54, 31б]. Автор қазақ қоғамы тарихының негізгі кезеңдерін сипаттау үшін дағдылы схемаларға бейімделмей, тарихи құбылыстарды жүйелеу, яғни жүйелі зерттеу әдісіне көшу қажеттігіне назар аударады.
Ондай оқиғалар қатарына Әбілхайыр мемлекеті, Керей мен Жәнібектің Моғолстанға қоныс аударуы сияқты оқиғалар жататындығын көпшілік тарихшылар мойындайды, бірақ Қазақ хандығының іргетасы осы кезде қаланды ма деген мәселе төңірегінде әрқилы пікірлер айтады.
Қазақ хандығының құрылуы қарсаңындағы оқиғалар – Алтын Орданың ыдырауы, Жошы ұрпақтарының арасындағы тақ үшін тартыс, Әбілқайыр ( Көшпелі өзбектер) мемлекетінің тарихы отандық және шетелдік тарихнамада біршама зерттелген [154; 235; 59; 55; 61], ол жөнінде біздер жұмысымыздың осы тарауының екінші бөлімінде де біршама баяндағанбыз. Қазақ хандығының құрылуы, қазіргі кездегі тарихшылардың зерттеу қорытындылары бойынша, өзінен бұрынғы Ақ Орда және Моғолстан секілді мемлекеттердің дамуының заңды жалғасы ретінде қарастырылады. Орыс хан мен Барақ хан ұрпақтарының билігі Ақ Орданың оңтүстік өңіріндегі ХҮ ғасырдың 20-жылдарынан кейін де, яғни осы мемлекеттің қалған аумағында бірнеше ұлыстар, олардың ішінде әсіресе ең ірісі – Әбілхайыр хандығы құрылғаннан соңғы ұақытта да сақталғандығы нақтылы деректер негізінде анықталады. Ақ Орда хандарының ұрпақтары Қазақстан жерінің бір бөлігінде (Арал және Сыр өңірінде) 1428 ж. Барақ ханның өлімінен және Әбілхайырдың бірнеше қыпшақ тайпаларын жаулап алғаннан кейін де билік жүргізген.
Орда-Ежен ұрпақтарының бұрынғы Ақ Орда аумағында өздерінің толық билігін орнату жолындағы күресі мұрагерлік құқық тұрғысынан заңды екендігі танылуы тарихи шындыққа сәйкес келеді. Махмуд бен Вали былай деп көрсетеді: Жәнібек пен Керей Әбілхайырға бағынудан бас тартты. Және өздерінің бұл бас тартуларын Шыңғысхан әулетінің далаға билік жүргізуде мұрагерлік дәстүрмен Ақ Орда хандары ретінде өздеріне шығыс Дешті-Қыпшақта билік жүргізу құқығын қамтамасыз ететіндігімен дәлелдейді” [52].
Ақ Орда хандарының тәуелсіздік үшін жүргізген күресі, мейлі ол әулеттік, Қазақылық дәстүр" т.б. формаларда орын алсын, Әбілхайыр мемлекетінің тарихын жүйелі зерттеу арқылы түсінуге болады. М.Қ. Әбусейітова Әбілхайыр мемлекетінің тарихи маңызын Қазақ хандығының құрылуының бастауында тұруында ғана емес, оның кейін қазақ қоғамына бейімделген қоғамдық құрылысы, әлеуметтік институт құрылымдары, саяси және құқықтық жүйесі, мәдениеттану доктриналары, ағартушылық негіздерін дамытудағы ролімен де байланыстырады және бұл мәселелердің "Зафар-наме", Ата Малик Жувейнидің "Тарихи джахангушай", Өтемішқажының "Чингиз-наме" т.б. жазба деректерде қамтылғанын атап көрсетеді ] 55, 38-40б; 54, 33б].
Сонымен Қазақ хандығы Әбілхайыр хандығы, Ақ Орда, Ноғай Ордасы, Моғолстан сияқты мемлекеттердің заңды мұрагері болып табылады.
Тарихшылар Қазақ хандығының іргетасының қалануын Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібектің ХҮ ғасырдың орта кезінде көршілес Моғолстан аумағына көшіп кетуімен байланыстырады. Бұл мәселе жөніндегі жоғарыда көрсетілген екі тарихнамалық ағым осы оқиғаның тарихи маңызын түрліше бағалаудан туындап отыр деп ойлаймыз. Бірінші ағым өкілдері Керей мен Жәнібектің Шу мен Қозыбасы өңіріне келіп, бөлек өмір сүруін Қазақ хандығының құрылуына шешуші ықпал жасаған оқиға ретінде бағаласа, екінші топтағы авторлар оны "стратегиялық шегініс" ретінде ғана қарастырады да, хандықтың құрылуын Керей мен Жәнібектің ХҮ ғасырдың 60-70-жылдарында бұрынғы Әбілхайыр хандығының аумағында өз билігін жүргізе бастау кезеңіне ығыстырады.
Бұл мәселенің зерттелуін хронологиялық тұрғыдан алып, тарихи ойпікір эволюциясын зерттеуді мақсат тұтсақ, Қазақ хандығының құрылуы туралы Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің "Тарих-и Рашиди" еңбегіне сүйеніп, тұңғыш рет В.В. Веляминов-Зернов баяндағаны белгілі[221]. Ол бұл оқиғаны, яғни хандықтың құрылуын хижраның 870, яғни 1465-1466 жылдарға жатқызған. Ғалымдар арасындағы пікірталастар осы датаны Қазақ хандығының іргетасының қаланған мерзімі ретінде қабылдауға не теріске шығаруға негізделген [414].
Авторлардың аталмыш дереккөзін қаншалықты дұрыс пайымдаулары мен бағалауына талдау жасамастан бұрын ондағы Қазақ хандығы туралы мәліметтерге көз жүгірте кетелік.
Тарих-и Рашидиде Керей мен Жәнібектің Әбілхайыр хандығынан бөлініп, Моғолстанға қоныс аударуы жөнінде екі рет баяндалады.
Еңбектің екінші дәптерінің 32-тарауында Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати ХҮІ ғасырдың 40-жылдарындағы оқиғаларға тоқтала келіп, сол кезеңдегі Қазақ хандығының билеушісі Қасым хан туралы: "Ол туралы қысқаша айтпасақ, онда біздің баяндауымыз түсініксіз болады" деп жазады. Осылай ол келесі тарауды Қазақ хандығының тарихына арнайды. Бірақ бұл жерде автор хандықтың құрылған жылына байланысты ешбір мәлімет келтірмейді.
Біраз уақыттан кейін Мұхаммед Хайдар "Тарих-и Рашидидің" бірінші дәптерін жазады және онда Есенбұға хан тұсында Моғолстан тарихында болған оқиғалар қатарында Керей мен Жәнібек сұлтандардың осы елге көшіп келгендігі туралы айтылады. Осы баяндауында ол "Қазақ сұлтандарының билігі 870 жылдан (яғни, грегориан жыл санауы бойынша, 1465-1466 ж. – С.Г.) басталады" деп көрсетеді [416, 348б].
Зерттеушілер арасында түрлі пікірлердің туындап отырғаны да осы мәліметтің екі ұштылығында болып отыр. Сонымен қатар бұл тарихнамалық ахуал Керей мен Жәнібектің өз қарауларындағы рутайпалармен Моғолстанға көшіп кетуінің себептері, салдары мен нәтижелері, жалпы ХҮ-ХҮІ ғасырлардағы Евразия кеңістігіндегі тарихи оқиғаларға ықпалы жөніндегі мәселелерді ғалымдардың әрқилы қабылдауына да байланысты қалыптасты.
А. Чулошников, А.А. Семенов, С.К. Ибрагимов сияқты ғалымдар қазақ хандығының бұл әрекетін Әбілхайыр хандығына ешбір саяси, не этникалық салдары болған жоқ, оның нәтижесінде қазақ хандығы да құрыла қойған жоқ деп жазады және оны "қазақылық" дәстүр санатындағы жай оқиғалар қатарына жатқызады. Бұл авторлар хандықтың өз алдына отау тігуі ХҮІ ғасырдың 30-40 жылдарында орын алды деп есептейді.
А.А. Семенов бұл қоныс аудыру барлық халықты емес, олардың бір бөлігін ғана қамтыды десе, С.К.Ибрагимов Шайбани ханның сарай тарихшылары да, “Тарихи Абулхаир-хани" авторы да бұл оқиға жөніндн ауыздарына алмауына қарағанда Керей мен Жәнібектің кетісі "Өзбек ұлысын мекендеген тайпалардың саси өмірінде маңызды рөл атқармаған,” – дейді [417; 418].
З. Қинаятұлы "Тарих-и Рашиди" мәліметі Қазақ хандығының құрылуы емес, оның нығайған кезін білдіреді деп жазады. Оның пікірінше, Жәнібек пен Керейдің Шу бойына көшуі Ақ Орда дәуірінде қалыптасқан этноаумағының бір шетінен екінші шетіне қоныс аударып, өздеріне мұрагерлік жол бойынша тиесілі Ақ Орда аумағын Әбілхайырдан азат ету мақсатын көздеген. Олардың Дешті-Қыпшақ халқының басым бөлігінен қолдау табу қазақтардың этнос ретінде ертерек қалыптасқанын, дербес мемлекеттілік үшін күресінің заңдылығын дәлелдей түседі.
З.Қинаятұлы жалпы кеңестік тарихнама тұсында қалыптасқан қазақтар өзбектерден бөлінді, содан кейін барып "қазақ" этнонимі пайда болды деген схемалық тұжырымды, "көшпелі өзбек ұлысы" деген атау тарихи шындықты бұрмалау деп таниды. Автор бұл бірлестікті "Әбілхайыр тұсындағы Ақ Орда" деп атауды ұсынады.
Осы және басқа да дәлелдер негізінде автор Жәнібек пен Керейдің қадамы Ақ Орда билігін қайта жаңғырту үшін Орда-Ежен – Орыс хан ұрпақтарының шайбанилықтарға қарсы жүргізіп келген әулеттік күресінің жалғасы ретінде, ал Ақ Орда қазіргі қазақ даласында құрылған қазақтың алғашқы мемлекеті деген қорытынды жасайды[287].Осы сарындас пікір Ә.Хасенов еңбектерінде де ұшырасады [256, 219б].
Қазақ хандығының құрылу тақырыбына В.В.Бартольд, М.Тынышбаев, М.В.Вяткин, П.П.Иванов, С.Асфендияров т.б. ғалымдар өз үлестерін қосты. Бірақ оның жүйелі түрде зерттелуі Т.И.Сұлтановтың, К.А.Пищулина, В.П.Юдин, М.Қ.Әбусейітова, Н.Мингулов сияқты ғалымдардың есімдерімен байланысты. Соңғы кездері Қазақ хандығының құрылуы, оның алғышарттары, мерзімі, аумағы жөнінде Н.Мыңжани, С.Жолдасбайұлы, Ж.О.Артықбаев, Б.Кәрібаев бірнеше ғылыми мақалалар, бірен-саран монографиялық зерттеулер жариялады.
Бұл авторлар көзқарасында Қазақ хандығының құрылған мерзімі мен жері ғана емес, Керей мен Жәнібектің Моғолстанға келіп қоныстануы жөнінде де пікірлерде алшақтық бар.
Т.И.Сұлтанов Қазақ хандығы тарихының проблемаларымен отыз жылдан астам уақыт бойына айналысып келеді. 1971 жылы жарияланған "Некоторые замечания о начале казахской государственности" деген мақаласында ол Керей мен Жәнібектің көшпелі өзбектердің негізгі тобынан бөлініп кетуі Әбілхайыр билігі әлсіреген және Өзбек ұлысының ішкі қайшылықтары шиеленіскен кезінде өз дербестігін сақтап қалған сұлтандар қарсылығының бір формасы болып табылады деген болжам жасаған еді. Автор қазақ сұлтандарының Моғолстанға көшіп кету себебін феодалдық езгінің күшеюуі, осы негізде әлеуметтік наразылықтың өсуінен, хан саясатына наразы үстем тап өкілдерінің осы жағдайды өз мүддесіне пайдалануынан іздейді[35, 55б]. Автордың бұл тұжырымдарының шектеулілігі сол кезде бірден-бір методологиялық ұстаным болған тарихи материализм принциптерінен туындап отырғаны түсінікті болса керек. Дегенмен сол кездің өзінде ғалым Керей мен Жәнібектің бұл әрекеті түрлі оқиғалар тізбегінің маңызды буын болғандығына назар аударады.
Аталмыш мақаласынан он шақты жыл кейін жарық көрген "ХҮ-ХҮІІ ғасырлардағы Арал өңірінің көшпелі тайпалары" атты монографиясында Керей мен Жәнібектің Моғолстанға Есенбұғаның тірі кезінде көшкендігін алға тарта отырып және Есенбұға мен оның туысы Жүнісханның арасындағы билік үшін талас-тартыс барысын зерделей келе, бұл оқиғаның хижраның 863 (1458-59) немесе 864 ж. (1459-60) орын алғандығын жазды
[330].
Мұнан кейінгі уақытта (90-жылдары) жазылған еңбектерінде Т.И.Сұлтанов осы тұжырымын қосымша дәйектермен, дерек көздерімен нақтылай түсті. Автор ізденістерінің негізгі бағыт-бағдары – Қазақ хандығының Әбілхайыр ханнан кейін және Шу мен Қозыбасыда емес, Керей мен Жәнібектің ата қоныстарына (Сыр мен Арал өңіріне) оралып келгеннен соң құрылғандығы туралы ой.
Т.И.Сұлтанов Керей мен Жәнібектің өздеріне бағынышты халықпен ауа көшуін Шәдидің "Фатх-наме" ("Жеңістер кітабы") шығармасы арқылы айқындауға да әрекеттенді. Онда хижраның 864 ж. (яғни 1459 ж. қазан айы – 1460 ж. қыркүйегі) Шығыс Дешті-Қыпшақтың көшпелі өзбектерінің қырық жеті жастағы қолбасшысы, Жошы ұлы Шайбанның ұрпағы Әбілхайыр ханның отбасында үлкен қасірет болды: тегі бүркіт тайпасы әйелінен туған үлкен ұлы, әлі тым жас Шах-Будағ сұлтан қаза болды,- делінеді] 52,49-50б]. Ұлының қазасы үшін кек алуға ұмтылған Әбілхайыр өз қарсыластары – Жошы ұрпақтарының біраз ханзадаларын қырғынға ұшыратады, елдерін ойрандайды. Бірақ саяси қарсыластарының ішінен кездейсоқ аман қалған Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар сол жылы көрші Моғолстанға бағыт алады және оның басым аумағын құраған Жетісуға ат басын тірейді.
Қазақ хандығының құрылуы қарсаңындағы оқиғалар тізбегін автор осылайша баяндайды. Алайда Т.И.Сұлтанов бұл еңбегінде де ("О первом казахском государстве" 1995 ж.) Керей мен Жәнібектің Жетісуға көшіп келіп, Шу мен Қозыбасы өңіріне қоныс тебуін қазақ хандығының негізін қалаған оқиға деп есептемейді.
Қазақ хандығының құрылу қарсаңындағы оқиғалардың мерзімдерін Т.И.Сұлтанов төмендегіше белгілейді: Әбілхайырдың таққа отыруы 14281429 жылдар; Керей мен Жәнібектің Моғолстанның батыс өңіріне келіп қоныстануы – 1459-1460 жылдар; Есенбұға ханның қайтыс болуы – 14611462 жылдар; Әбілхайыр ханың қазасы – 1468-1469 жылдар; Керей мен Жәнібектің Дешті Қыпшақтан қашқан тайпалар есебінен күшеюуі және
Моғолстаннан бұрынғы ата мекеніне (Әбілхайыр хандығына) оралуы – 1469-1470 жылдар; Қазақ хандығының құрылуы – 1470-1471 жылдар [419]. Бұл даталарды автор Махмуд ибн Валидің "Бахр ал-асрар", Масуд ибн Усман Кухистанидің Тарих-и Абул-Хайр-хани деген шығармасындағы, В.В.Бартольдтың [386, 489-490б], С.Ф. Акимушкиннің [420, 159б], Б.А. Ахмедовтың [235,46б] зерттеулеріндегі мәліметтерді салыстыра зерттеу негізінде анықтаған.
Осы пікір Т.И.Сұлтановтың 1996 жылы сәуір айында Алматыда "Қазақстан мемлекеттілігінің эволюциясы" атты тақырыпта өткен халықаралық конференциясында жасаған баяндамасында да қайталанды.
Т.И.Сұлтанов; а) "Тарих-и Рашидидің" мәтініне жіті көз жүгіртсек, Хайдар Мырза Әбілқайыр ханды 870 жылға дейін, не болмаса сол 870 ж.(1465-1466) қайтыс болды деп ойлаған; б) бірақ ХҮІ ғасырда жазылған "Тарих-и АбулХайр хани" және Махмуд ибн Валидің "Бахр ал-асрар" деген шығармаларында Әбілхайыр 870 ж. емес, төрт жылдан кейін, яғни 874 ж. (1469 ж.) қайтыс болған. Бұл дата қазақ хандығының негізі қаланған жыл ретінде қабылдануы тиіс ", -дейді [330 ,113-114б].
Сонымен Т.И.Сұлтанов Керей мен Жәнібектің Моғолстанға келу ұақыты мен Қазақ хандығының құрылған уақыты бір мезгілде орын алды деп есептемейді. Ол алғашқы оқиғаны "қазақ" этнониміне байланысты маңызды құбылыс ретінде бағалағанымен, Керей мен Жәнібектің алдарына қойған басты стратегиялық жоспарды жүзеге асырудағы тактикалық шегініс деп есептейтін сияқты көрінеді. Олай дейтініміз втордың "Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана" ,С.Г. Кляшторныймен қосылып жазған "Казақстан: летопись трех тысячилетии" еңбектерінде аталмыш оқиғалар жөніндегі көзқарастарында ұшырасатын пікірлеріне байланысты. Автор "Поднятые на белой кошме" зерттеуінде Керей мен Жәнібек сұлтанның Моғолстанға көшуін Әбілқайырмен күресте өз мақсатына жете алмайтындығын біліп, бас сауғалаған адамдардың әрекеті ретінде сипаттайды. "Болашақ – қашанда жұмбақ. Ол кезде (1459-1460 ж.С.Г.) шындығында да олар қашқындар болды. Ол уақытта Керей мен Жәнібек көршілері – моғолдардың басшыларымен қатынастары қалай өрбитінін де, жат жердегі өмірлерінің қиындықтарын да, енді он жылдан кейін Өзбек ұлысына қайта оралып, Шығыс Дешті-Қыпшақта жаңа мемлекеттің – Қазақ хандығының негізін қалайтындығын да білген жоқ" – деп жазады [421].
Қысқаша айтқанда, автор қазақ хандығының құрылуын кездейсоқ оқиғалардың нәтижесінде 1470-1471 ж. дүниеге келген құбылыс ретінде бағалауға бейім. Аталмыш дата Әбілқайырдың 1468 (не болмаса 1469 ж.) Моғолстанға қарсы жорығы кезінде 57 жасында қайтыс болуы, Шығыс Дешті Қыпшаққа қайта оралып келген Жәнібек және Керей ханмен болған бір ұрыста Шейх-Хайдардың қаза табуы, басқа Шайбан ұрпақтарының Хажы-Тарханға қашып барып, Тоқай-Темірді паналауы туралы Шығыс авторларының шығармаларындағы мәліметтерге негізделген.
Н.Э.Масанов Қазақ хандығының құрылған уақыты 1465 немесе 1466 жылдан бұрын емес деп жазады.Оның пікірінше де, Қазақ хандығының құрылуының уақыты шамамен 1459 жыл "Көшпелі өзбектер мемлекетімен түркі тілдес көшпелілер тайпаларының үлкен тобының Моғолстанға қоныс аударып кетуіне және ол бірлестіктің 1468 жылы Әбілқайыр ханның өлімінен кейін ыдырауға ұшырауымен байланысты [41-113,115б] Керей мен Жәнібектің іс-әрекеті Әбілқайырды тақтан тайдыра алмағаннан кейін олардың "қазақылық" өмір салтына көшкендігімен түсіндіріледі. Бұл жорамалды қабылдайтын болсақ, онда Орыс ханнан бері қарай дербес мемлекеттілік үшін жүргізіліп келген күрес тарихы жоққа шығарылады.
Хандықтың 1465-1470 жылдары аралығында құрылды деген пікір бұрыннан да Х. Әділгереевтің, Т. Шойынбаев, М. Ақынжанов, Г.Ф. Дахшлейгердің еңбектерінде айтылып келген. Б. Ермұмановты да осы қатарға қосуға болады [422].
Қазақ хандығының Әбілхайыр хан өлгеннен кейін ғана құрылғандығы жөніндегі пікір соңғы кездері өткізілген ғылыми-теориялық конференцияларда да айтылды. Оларда жасалған кейбір баяндамаларда бұрыннан белгілі екі тарихнамалық бағыт өкілдерінің тұжырымдары мен уәждерін қайталау ғана емес, ғылыми тұрғыдан негізсіз пайымдаулар да орын алды. О.Ж. Бекмағанбетовтің 1998 ж. Жезқазған қаласында өткен халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда жасаған "Ұлытау – қазақ мемлекетінің тарихи орталығы" деген баяндамасында: "Алғашқы қазақ хандары Моғолстанға төніп тұрған қалмақтарға қарсы жорықтарға да қатысты. Сөйтіп "қазақ" атана бастады", немесе: "Әбілхайыр хан Қазақ хандығының нығаюына еш мүмкіндік бермеді [421, 164б] деген секілді тарихи шындыққа қайшы тұжырымдар жасалынған. Сөйтіп қазақ хандығының құрылуын бір адамның өліміне ғана сайып, дербес отау тігуін де сол мерзім шамасымен анықтауға талпынады. Керей мен Жәнібектің Моғолстанға көшу уақытын ХҮ ғасырдың 60-жылдары орын алды және  бұл көштің ешқандай саяси маңызы бола қойған жоқ" деп көрсетеді [421, 164б].
Шын мәнініде Керей мен Жәнібектің өздеріне қарасты тайпалармен Моғолстанға қоныс аударуы күнделікті (дағдылы) оқиғалардың да бірі емес, "қазақылық" дәстүрдің де [424, 30б] жалғасы емес еді. Формасы жағынан біршама ұқсастық болғандығымен, мазмұны-мақсаты тұрғысынан бұл ұлы көштің сипаты өзгеше болды. Ол Евразия кеңістігіндегі саяси күштердің ара салмағына өзгеріс енгізген оқиға санатына жатты. К. Ақышев пен М. Хабдулина Есенбұғаның Керей мен Жәнібектің әскери жасағына Моғолстанның батыс шекараларын қорғатуға үміт артуы қазақ ұлысының көшіп келген ұақытының өзінде-ақ онша әлсіз болмағадығын дәлелдейді деуі тарихи шындықтан онша алшақ емес [425, 13б].
Логикалық тұрғыдан мұндай тұжырымдар авторларды Қазақ хандығының құрылуы Моғолстанға көшіп келгеннен кейін көп ұзамай-ақ орын алды деген қорытыындыға жетелеуі керек еді. Алайда олар Қазақ хандығының негізі Жетісуда емес, кейінірек, Әбілхайыр хандығында қаланды деп жазады. Сонымен қатар авторлар қазақтар мен өзбектердің мемлекеттілігінің де, олардың халық ретінде қалыптасуының да бастауы Әбілхайыр хандығы болды деген қорытынды жасайды [425, 130б; 426, 7б].
Т.И. Сұлтанов, М.Қ. Әбусейітова сияқты ғалымдармен қатар аталмыш тақырыпты жүйелі түрде, арнайы зерттеп жүрген К.А. Пищулина Қазақстан аумағындағы мемлекеттіліктің даму тарихы көне және орта ғасырлардағы, түркілік және монғолдық кезеңдерде осы жерді мекендеген тайпалар мен халықтардың тарихымен байланысты екендігін, дегенмен дербес қазақ мемлекетінің құрылуы мен дамуы Қазақ хандығының үлесіне тиесілі екендігін айтады. Автордың зерттеулері бойынша, Өзбек ұлысының бөлшектенуінің және Керей мен Жәнібектің өздеріне бағынышты рутайпалармен көрші елге көшіп кетуінің негізгі себептері Әбілхайыр хандығында орын алған кең көлемдегі әлеуметтік-экономиалық және саяси дағдарыс болды. Қазақ хандығының билік жүргізе батаған нақтылы датасын анықтауды автор Мұхаммед Хайдардың "Тарих-и Рашиди" еңбегіндегі көрсетілген 1465-1466 жыл екендігіне тоқталады.
Автор Керей мен Жәнібектің Моғолстанға ХҮ ғасырдың 50жылдарында көшіп келгендігін мойындайды және Қазақ хандығы Шу мен Қозыбасы өңірінде негізін қалады деп есептейді [427; 59]. 1979 жылы жарық көрген "Қазақ ССР тарихы" мен 1998 жылғы бес томдық "Қазақстан тарихының" екінші томында 1465-1466 жыл Қазақ хандығының Батыс Жетісуда негізі қаланған уақыт ретінде қабылданды [28, 255-263б; 428, 312316б].
К.А.Пищулина Қазақ хандығының, Мұхаммед Хайдар көрсеткендей, хижраның 870 ж. және Шығыс Дешті-Қыпшақта емес, Шу-Талас өңірінде құрылғандығына нақтылы дәлелдер келтіреді. Тарихи процесс барысына шешуші ықпал жасаған оқиғалар қатарына ғалым он жыл бойына Шығыс Дешті-Қыпшақтан қазақ рулары мен тайпаларының осы өңіріне келіп қоныстануы, Жетісуда іс жүзінде моғол хандарының билігінен шығып кеткен қазақтың Ұлы жүзінің қалыптасуын, 1462 ж. Есенбұға қайтыс болғаннан кейін Жетісуда қазақ әміршілеріне қарсы тұрарлық нақтылы күштердің болмағандығын жатқызады. Осындай жағдайда, деп жазады автор, жаңа саяси бірлестік – Қазақ хандығының көрсетілген аумақта жеке отау тігуіне толық мүмкіндік болды және ол жүзеге асырылды. Ол үшін қазақ хандығына Әбілхайыр ханның қайтыс болуына байланысты (1468 ж.) Дештідегі дүрбелең кезеңді күтуінің қажеті болған жоқ [427, 54б].
ХҮ ғасырдың 60-жылдарының аяғы мен 70-жылдардың бас кезі және кейінгі жылдар қазақ хандарының басқа өңірлер мен ол жерлерді мекендеген тұрғындарға билігінің орнығуы, Қазақ хандығының құрылуына Түркістанның және Дешті-Қыпшақтың далалық аудандарын жаулап алыну кезеңі деп жазады автор [59, 246-264б].
Батыс Жетісуда Қазақ хандығының құрылуына оң ықпал жасаған факторлардың бірі ретінде К.А. Пищулина көшіп келгендерді олармен туыстас түрік тектес, не түркіленген қаңлы, керей, дулат және басқа да қазақ тайралардың қарсы алуы болды дейді. Дешті-Қыпшақ пен Жетісудың тайпалары тілі, мәдени дәстүрі, өмір салты тұрғысынан бір-біріне жақын болды, сол себепті орталық және оңтүстік Қазақстаннан жаппай Жетісуға қоныс аудару онша күрделі қарсылыққа ұшырамады. Автор Махмуд бен Вали, Мұхаммед Хайдар Дулати, Фазлаллах бен Рузбеханның шығармаларындағы және басқа да дерек көздеріндегі мәліметтерді саралай келіп, Қазақ хандығының Батыс Жетісуда құрылуын тездеткен басқа жағдайларға, оладың ішінде қазақ билеушілерін замандастарының Әбілхайыр хандығы ыдырағанға дейін-ақ дербес ел басшылары ретінде қабылдағанына, Барақ хан қайтыс болғаннан кейін де Қазақстан аумағының бір бөлігінде Ақ Орда хандарының билігі үзілмегендігіне, сол себепті Жетісудағы жаңа хандық пен Ақ Орда хандығының арасындағы тікелей әулеттік байланыс болғандығына назар аударады [427, 54-56б].
Қарастырылып отырған мәселе жөнінде екінші бағыттың өкілдері (С. Жолдабайұлы, Б. Кәрібаев, Н. Мыңжани т.б.) Қазақ хандығы Қозыбасы мен Шу өңірінде, бірақ Керей мен Жәнібек сол жерлерге барып ат басын тірегеннен кейін-ақ бой көтерді деген пікірді ұстануда. Н.Мыңжани Керей мен Жәнібектің қазақ тайпаларын бастап Шығыс Дешті Қыпшақтан Жетісу жеріне қоныс аударуы 1456 ж. орын алды және бұл қадам Қазақ хандығының құрылуына мұрындық болған маңызды оқиға дейді [429,
233б].
Ә.Хасенов Қазақ хандығының құрылған ұақытын бұдан да ертерек кезден, Ұлық-Мұхаммедтің қайтыс болған (1445 ж.) уақытынан бастауды ұсынған [256, 233б].
Пікірталастар барысында бұл екі пікірдің негізсіздігі көрінді. Сонымен бірге Ә.Хасеновтың "қазақ атанған ру-тайпалар Еуропа даласынан атамекеніне ат басын бұрды" деген тұжырымының дәлелсіздігі, Керей мен Жәнібектің ата-тегін анықтаудағы ағаттықтар атап өтілді.
Қ. Салғариннің Қазақ хандығының іргесі қалануы мен сыртқа танылып Жәнібек пен Керейдің билікті толық қолына алу уақыттарын ажырату жөніндегі ұсыныстары назар аударады [429]. Бірақ бұл ойды автор нақтылы деректер негізінде өзінше өрбіте алмаған, сол себепті аталмыш пікір К.А. Пищулина дамытқан концепцияның бір үзігі ретінде ғана көрініс берген.
Соңғы кезеде Қазақ хандығы тарихын жіті зерттеп жүрген ғалымдардың бірі Б. Кәрібаев екендігі белгілі. Автор "Қазақ хандығының құрылғандығына 540 жыл", "Мұхаммед Хайдар Дулатидің "Тарих-и Рашиди" еңбегіндегі кейбір тарихи оқиғалардың мерзімі туралы", "Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты кейбір ақаулар және оларды дұрыс түсіндіру мәселесі" , "Мұхаммед Хайдар Дулати Қазақ хандығының құрылуы туралы", "Қазақ хандығының құрылуы" , "Қазақ хандығы құрылуының деректері жөнінде", "Мұхаммед Хайдар Дулати және ХҮ-ХҮІІ ғғ. Қазақ хандығы тарихының мәселелері", Керей мен Жәнібектің көшу себептері деген еңбектерінде Қазақ хандығының құрылу мерзімін анықтауды өзекті проблема ретінде қойып, ол туралы Мұхаммд Хайдар Дулати еңбегінің ізімен "Қазақстан тарихының" екінші томында қабылданған уақыттың (1465-1466 ж.) негізсіздігіне басты назар аударады [430; 431; 432; 433; 434; 435].
Б.Кәрібаевтің еңбектерінде Қазақ хандығының құрылуына этникалық, саяси, аумақтық тұрғыдан тікелей қатынасты және болашақ қазақ хандарының ата-бабаларының ежелгі иелігі болып есептелетін Ақ Орда мемлекеті де құрамына енген Әбілхайыр хандығының (1428-1470 ж.) ішкі, сыртқы саясаты, ондағы әулеттік күрес тарихы, Керей мен Жәнібектің өз жақтастарымен бөлініп шығуына себепші болған тарихи факторлар зерттелді. Автор тәуелсіздікке ұмтылған түрлі ұлыстардың сепаратистік ісәрекеттерін ортақ экономикалық негіздің ортақ экономикалық мүддесінің болмауымен түсіндіреді [434].
Мұндй ахуал жағдайында орталық өкіметті сыртқы, не ішкі саясат саласындағы кез-келген сәтсіздік ірі оқиғалар мен процесстерге түрткі болары анық. Осындай оқиғалардың бірі ретінде Б.Кәрібаев 1457 ж. Сығанақ қаласы түбінде Әбілхайыр ханның Үз-Темір тайшы қалмақтарынан жеңіліс табуы және оңтайлы кезеңді пайдаланған Керей мен Жәнібектің "Көшпелі өзбектер" мемлекетінен бөлініп, Жетісуға келіп қоныстануы деп есептейді.
Орта ғасырлар авторларының Қазақ хандығының қурылуы жөнінде уақытты болжап қана айтулары еңбектерінің аталмыш оқиғадан көптеген жылдар кейін жазылуында және жергілікті халықтың жадында сақталған ауызекі әңгімелерге сүйенуінде болса керек. Осы жағдайларға назар аударған тарихшылар (С.Жолдасбаев, Б.Кәрібаев) Қазақ хандығы құрылған кезбен тұспа-тұс жазылған бірде-бір жылнаманың жоқтығын, негізгі дерек көздері ретінде пайдаланылып жүрген Усман Кухистанидің "Тарихи Абулхайыр-хани" кітабының 1543-1544 жылдары, Хожамқұлбек Балхидың  Тарихи Қыпшақи туындысы 1722 жылы, "Шайбани-наманың" 1504-1510 жылдары жазылғандығын мәлімет нақтылығына ықпал жасаған мәселе ретінде көтерді. Негізгі дерек ретінде пайдаланылып жүрген Мұхаммед Хайдардың "Тарих-и Рашиди" еңбегі де 1542-1546 жылдары жазылған. Автордың өзі 1499 жылы туған, яғни ол Қазақ хандығының құрылуына байланысты оқиғалардың куәгері болмаған.
Б. Кәрібаевтың зерттеу әдістеріне бұрыннан белгілі жазба және жанама деректерді, аңыз-әңгімелерді салыстыра талдау, тарихи оқиғаларға кеңістік пен уақыт өлшемдері негізінде кешенді көзқарас тұрғысынан қарау тән екендігін С.Жолдасбайұлы атап көрсеткен [436, 27б]. Б.Кәрібаевтың зерттеулері нәтижесі Жәнібек пен Керейдің Шу мен Қозыбасыға қоныс тепкен кезі 1457 жылдың күз айы (аңыз бойынша: тышқан жылы) екендігін дәлелдейді.
Автор ХҮ ғасырдың орта кезіндегі тарихи оқиғалардың өзара байланысын зерделей отырып, хандықтың құрылу уақытын 1458 жылдан бастау керек дейді [43,71-72б; 432].
Шындығында да, оның Мауренахрдың шығыс атырабын билеуші Жүніс ханның Моғолстан ханы – інісі Есенбұғаға қарсы 1458 жылғы жорығы кезінде оған, яғни Жүніс ханға қазақтар тосқауыл болған деген уәжі нанымды көрінеді. Бірақ автордың кейбір еңбектерінде қазақ хандары өз елімен 1458 жылдың көктемі немесе күзінде көшкен деген пікір де кездеседі [432].
Қазақ хандығының құрылу мерзімі жөніндегі мәселеде С.Жолдасбайұлының да, Б.Кәрібаевтың да көзқарастары соңғы жылдары біршама өзгеріске ұшырады. 1993 ж. С. Жолдасбайұлы "Қазақ хандығы тарих сахнасына қалай шықты?" деген мақаласында "Тарихи Рашиди" мәліметтеріне сенім білдіріп, дербес қазақ мемлекеті ХҮ ғасырдың 60жылдарында құрылды деп жазған болатын [437]. Бірақ автор жылдар өте келе және Мұхаммед Хайдар Дулатидің "Тарих-и Рашиди" еңбегін тереңдей пайымду нәтижесінде оның кейбір мағлұматтарына сын көзбен қарай бастады. Хандықтың құрылу мерзімі жөніндегі көзқарасы эволюциясына, ғалымның өз сөзімен айтқанда, мына жағдайлар себеп болған: "Біріншіден, М.Дулати бұл мәселені (Керей мен Жәнібектің Шу мен Қозыбасы тауына барып орнығуы С.Г.) сонау… Кашмир қаласында жүріп жазды. Екіншіден, хандық құрылғаннан 100 жылдан кейін жазып отыр. Үшіншіден, автор бұл деректі ел аузында сақталған аңыз-әңгімелер негізінде жинақтаған " [438].
Мұндай уәждер бұрынырақ В.В. Бартольд, Т.И. Сұлтанов, В.П. Юдин т.б. ғалымдар тарапынан айтылған. Бірақ, жоғарыда көрсетілгендей, хижраның 870 жылын қайта тексеріске салу барысында әртүрлі қорытындылар жасаған.
С.Жолдасбайұлы Керей мен Жәнібектің Жетісуға 1457 жылдың күзінде келгендігі туралы пікірлерді қолдайды және оны М. Елеуұлының Шу бойы тұрғындарының арасынан жинаған аңыз мәліметтерімен тиянақтайды [438; 440; 441].
С. Жолдасбайұлы да, Б. Кәрібаев та Қазақ хандығының құрылуының нақты мерзімін анықтауға қатысты төрт оқиғаға назар аудару қажеттігін айтады. Олардың біріншісі – Қалмақ тайшасы Үз-Темірдің 1457 жылы Әбілхайырды жеңіліске ұшыратуы. Екіншісі – моғол ханы Есенбұғаның 1462 ж. қайтыс болуы. Үшіншісі – Жүніс хан мен Есенбұға арасындағы
1458-1459 жылдардағы (Т.И.Сұлтановтың анықтауы бойынша) шиелніс кез і. Төртіншісі – Әбілхайыр ханның Моғолстанға қарсы жорығы кезінде 1468 ж. қайтыс болуы [436, 27б]. Авторлар осы оқиғаларды салыстырмалы зерттеу арқылы Қазақ хандығының негізі 1458 ж. қаланды деген қорытынды жасайды. Шу бойы қазақтарының аңыздарында да Керейдің ақ киізге көтеріліп, хан сайлануы осы жылмен тұстас келеді.
Тарихнамада бір пікірдің орнығуы – одан өзге көзқарастардың негізсіздігін дәлелдеумен қатарласа жүруі заңды құбылыс. Осыған орай С. Жолдасбайұлы белгілі ғалымдар Т.И. Сұлтанов пен К.А. Пищулина еңбектеріндегі кейбір тұжырымдар мен оқиғалардың орын алған уақыты жөнінде өз пікірлерін білдірген. Мысалы Т.И. Сұлтановтың айтуынша, ағайынды моғол хандары Жүніс пен Есенбұға арасындағы шиеленіс 14581459 жылдары орын алған деп, осы жанжалдан сескенген Есенбұға Керей мен Жәнібекке көшіп келуге рұқсат берген сиқты болып көрінеді. С. Жолдасбайұлы бұл оқиға Т.И. Сұлтанов көрсетіп отырған мерзімнен әлдеқайда ерте – 1455-1456 ж. басталған еді деп, "Тарихи Рашиди" мәліметіне сүйенеді [416, 168-169б].
Т.И. Сұлтанов, тағы да басқа ғалымдардың Қазақ хандығының 1470 ж. құрылғандығы жөніндегі болжамның негізсіздігіне С. Жолдасбайұлы дәйекті уәж келтіреді. Ол, біріншіден, Әбілхайыр ханның қаза болған уақытын Т.И. Сұлтанов тышқан жылы деп жаза отырып, оны хижраның 874 жылы деп қателесіп, сиыр жылымен шатастырылуына байланысты. Осы ағаттық туралы С. Жолдасбайұлы былай деп жазады: "Жалпы мүшел жыл мен жыл аттарын көрсететін ел аузында сақталған аңыздар ешқашан қате жібермейтінін ескерген жөн. Мәселен Махмұд ханның Түрік сұлтаны Фатихқа жолдаған хаты тауық жылы, хижраның 870 жылдың 5-ақпанында жазылғанын есепке алып қарағанда, шындығында тышқан жылының 1468 ж. екендігіне ешбір дау жоқ. Сондықтан да Шу бойындағы ел аузындағы сақталған аңыз бойынша, Қазақ хандығының тышқан жылы көшіп келген мерзімі жазба деректеріне сәйкес келеді. Олай болса, көшіп келу 1457 жылы екендігіне ешбір дау болуы мүмкін емес" [438; 273; 74].
Сонымен, С.Жолдасбайұлының пікірінше, Мырза Хайдар Дулатидың Жәнібек пен Керей билікті хижраның 870 ж. (яғни 1465-1466 ж.) өз қолдарына алды деп көрсетуі хандықтың күшейе бастаған, өзінің көшіп келген жағындағы иеліктерін қайтарып ала бастаған мезгілін білдіреді. Соңғы кезде қарастырып отырған проблема жөнінде Б.Кәрібаевтың көзқарастарында да кейбір өзгерістер болғандығы байқалды. Автор Қазақ хандығының құрылған уақытын нақтылы бір датамен белгілемей, оны, Т.И. Сұлтановтың ізімен, процесс ретінде қарастыруға бейімдік танытты. 1999 ж. Алматыда Мұхаммед Хайдар Дулатидың туғанына 500 жыл толуына орай өткен халықаралық конференциясында жасаған баяндамасында ол Т.И. Сұлтановтың мына ұстанымын еске салды: "Қазақ хандығының құрылуы бір мерзімде емес, сипаты жағынан күрделі, уақыты жағынан ұзақа созылған көп қырлы процесс (астын сызған біз. – С.Г.) болды; дәлірек айтсақ, саяси процестер этникалық процестермен бір уақытта қатар дамыды, бір-бірімен астасып жатты" [189, 238б].
Осы уәждерге табан тіреген Б.Кәрібаев: "Сөйтіп, 1450 жылдардың соңы мен 1470 жылдардың басын Қазақстан тарихында Қазақ хандығның құрылу кезеңі деп атауға болады", – деп жазады [435, 154-155б].
Осы пікірін Б.Кәрібаев, негізінен Қазақ хандығының 1458-1461 жылдар арасында өзінің сыртқы саясатын өзі дербес жүргізетін, толыққанды мемлекет болмағандығымен түсіндіреді, 1461 жылға дейін Керей мен Жәнібек "өзбек-қазақтардың" билеушілері болғанымен, сыртқы саясатта, әсіресе, Жүніс ханға, Әбу Сайд мырзаға қатысты саясатта Есен-Бұға ханның тобында болды. Өйткені, жаңадан құрыла бастаған хандықта сыртқы саясатта дербес, өзіндік бағыт ұстанатын күш әлі де болса жеткіліксіз болатын. Сондықтан да бұл жағдайды, яғни 1458-1461 жылдар аралығын, Б.Кәрібаев Моғолстанның саяси ықпалындағы Қазақ хандығы немесе "мемлекет құрамындағы мемлекет" деп сипаттайды [435, 156б].
1461-1468 жылдары Қазақ хандығы ресми билікке, оған ұмтылушы Жүніс ханға қатысты саясатын өзі таңдап жүргізеді. Осы кезеңде Моғолстандағы саяси күштермен одақтастық дәрежеде қарым-қатынас жүргізе бастады.
Б.Кәрібаев Қазақ хандығының құрылу барысындағы үшінші кезең 14681469 жылдар аралығын құрайды деп есептейді. Оның пікірінше, бұл уақыт Әбілхайыр ханның қайтыс болып, 1470 жылдардың басында оның ұрпақтары билігінің Дешті-Қыпшақта жойылуымен анықталады дейді.
Сайып келгенде Б. Кәрібаев Қазақ хандығының құрылу мерзімін Керей мен Жәнібектің саяси билігінің Дешті-Қыпшақтың басым бөлігінде орнауымен және ол жерден Әбілхайырға бағынышты ру-тайпалардың ығыстырылып шығаруымен байланыстырады[435, 158б]. Сонымен автор өзінің бұл мақаласында Т.И. Сұлтановтың тұжырымына қарай ойысады. Б. Кәрібаев толыққанды, дербес, ішкі, сыртқы саясатын тәуелсіз жүргізген Қазақ хандығының Дешті-Қыпшақта билік жүргізе бастауы 1472 жылға саяды деді. Себебі осы жылы Әбілхайыр хан ұрпақтары Түркістан аймағына қоныс аударды, ал Жүніс хан Іле өзені бойында қалмақ тайпаларынан жегіліп, Сыр бойындағы Қара-тоғай деген жерде қыстайды.
Осы мәліметтерді қорыта келіп, Б. Кәрібаев: алғашқы кезеңнің (14581461) басты ерекшелігіне хандықтың құрыла бастауы; екінші кезеңнің ерекшелігіне хандықтың өзіндік даму жолын айқындай бастауы, ал үшінші кезеңнің ерекшелігіне хандықтың құрылуының аяқталуы жатады[435, 159б] дейді.
Автор тұжырымдарының логикалық ойлау заңдлықтары негізінде жасалғандығын жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен Қазақ хандығының құрылуы барысындағы сыртқы факторларға басымдылық берілген сияқты. Сонымен қатар мемлекеттің негізінің құрылуы нақтылы оқиға мен нақтылы уақыт арқылы анықталуы керек те (мысалы: құрылтай жиналысы; хан сайлауы; жеке бөлініп шығып, өз тәртібімен өмір сүруі т.б.), ал онан кейін аумағының кеңеюі, нығаюы тарихи процесс ретінде қарастырылуы зерттеу әдістерінің басы ашық мәселесі емес пе деп ойлаймыз. М.Қ. Әбусейітова Қазақ хандығының құрылуы жөнінде нақтылы бір датаны атамағанымен, бұл мемлекеттің қалыптасуын "қазақ" терминінің этникалық және саяси мәнге ие болуы кезеңімен (ХҮ ғасырдың аяғы – ХҮІ ғ-дың басы)
байланыстыратын сияқты[33, 41б; 54. 34б]
Қорыта айтқанда, ғылыми әдебиетте Қазақ хандығының құрылған мерзімі жөнінде түрлі көзқарастардың орын алып отырғанын көреміз. Хандықтың негізі Батыс Жетісуда қаланды деушілер 1458 және 1465-1466 жылдарға, ол бұрынғы Ақ Орда аумағында (Шығыс Дешті-Қыпшақта) ғана мүмкін болды деген көзқарастағылар 1470-1472 жылдарға тоқталады.
Проблеманы зерттеу нәтижелері Жәнібек пен Керейдің өздерінің қарамағындағы халқымен Әбілхайыр хандығынан бөлініп, басқа жұртқа ауа көшуі Қазақ хандығының құрылуына себепші болған маңызды саяси оқиға болғандығын көрсетеді. Сонымен қатар Қазақ хандығының құрылуын зерттеуде жалғыз ғана Керей мен Жәнібектің Шу бойына келіп қоныстануымен шектелмей, бұл мәселені ортағасырлық Қазақстанның әлеуметтік, саяси, шаруашылық дамуының және қазақтардың этникалық, тарихи ерекшеліктерінің нәтижесі ретінде қарастыру қажеттігі туралы отандық тарих ғылымының 60-жылдардағы методологиялық жетістігі [33, 66б] қазіргі кезде жаңа дерек көздері мен жаңа ұстанымдар тұрғысынан дамытылды. Бұл бағыттағы зерттеу нәтижелері мен қортындылары
"Қазақстан тарихының" 1998 ж. жарық көрген екінші томында баяндалды.
Дегенмен онда Қазақ хандығы тарихын зерттеуде кейбір шешілмей келе жатқан түйіндері мен қайшылықты пікірлердің орын алып отарғандығы айтылмаған. Осыған орай біздер болашақ зерттеу нысандары ретінде қазақ хандарының ата-тегін (Орда-Еженненнен, Тоқай-Темірден), Ақ Орда мен Көк Орданың орналасқан аумақтары, құрылған уақыты, саяси тарихы сияқты тақырыптарды ұсынар едік.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет