Сабит Муканов. Балуан Шолак



Pdf көрінісі
бет24/27
Дата03.10.2023
өлшемі0,88 Mb.
#112721
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27
ӨЗ БЕЙНЕСІ 
Алатаудан аттанар алдында, Балуан Шолақ қасындағы нөкерлерін таратты. Олардың 
«еліңе шейін шығарып саламыз» деген шын сөзін, егер «мақұл» десе, айтқандарын 
орындауына көзі жете тұра, Балуан тоқтаулы сөз тапты. 
— Өздеріңе белгілі, — деді ол нөкерлеріне,— мен бұл жаққа өкіметтен қашып келген 
қоңыраулы кісімін. Сол қоңырауды елге қаға қайтсам, думандата барсам, маған құлағын 
тігіп отырған өкімет, «ә, мынау әлі де баяғы қылығын тастамаған екен», дейді де, торын 
құрып қамай қояды. Оны істетпеу үшін, еліме мен үн - түнсіз баруым керек те, елеусіз 
жүре беруім керек. 
— Өйтсең, өкіметтің тимеуіне көзің жете ме? — деген сұрауға: 
— Тиыш жүрген кісіде не ақысы бар оның? — деп жауап берді Балуан,— Ғазиз 
ақынның, «Елу бестен жасы асып кеткеннен соң, жігіттіктің болмайды серуені», деген 
сөзін айтпадым ба өздеріңе? Менің де жасым елу бестен өтті. Енді қылтың - сылтыңның 
керегі жоқ маған. Оның үстіне көңіл де жүдеу. Мен ауылыма бара қақ - соқтың бәрін қоям 
да, «айранын ұрттап, қойын құрттаймын, ұя бөрік, жуан қоныш» адамның бірі боп күн 
кешем. Тағдырдың менің маңдайыма ендігі жазғаны осы болуға тиіс. 
— Тек, соны істей алсаң!.. — десті, Балуанның сөзін тоқтаулы көргендер, қарсы дау 
айтудың ретін таба алмай. 
— Істемегенде амал жоқ, — деді Балуан күрсініп, — жанған отқа көзсіз көбелек қана 
түседі. 
Еліне жеке қайтуға нөкерлерінен рұқсат алған Балуан, «қойдан қоңыр, қозыдан жуас 
болған соң біржола болайын» деді де, үстіндегі сәнді киімдерінің бәрін естелік есебінде 
таратып беріп, өзі жұпыны киімдер сұрап алды. Аты мен ер - тоқымын да қоңырқай түрде 
сайлаған ол, нөкерлерімен жыласып қоштасты да жалғыз өзі Балқаштың батыс жағын 
жиектей, еліне бет алып жүріп кетті. 
Бұл бетіндегі елді Балуан бұрын аралаған жоқ еді, соны пайдаланып ат шалдырған, 
түстенген, қонған жерлеріндегі танымайтын адамдарға «пәлен жердегі туысыма барып 
келе жатқан жолаушы едім» дей салды. Сақал - мұрты өскен, қоңырқай киімі, қоңырқай ер 
- тұрманы, жобалғы аты бар оны ешкім де Балуан Шолақ деп ойламады. 
Осындай елеусіз түрде келе жатқан ол, Балқаштың Іле өзені құятын сағасындағы 
«Топар» аталатын жердегі ауылдарға жетті. Руы Сары Үйсінге жататын бұл ауылдарда, 
Балуан барған кезде, әлдекім бай қызын ұзатып, ұлан - асыр той боп жатыр еді. Жобалғы 
түрде жүрген Балуанды бұл тойда ешкім елей қойған жоқ, оның өзі де тойдың думанына 
еліре сапырылысқан жұртқа елетерліктей ешбір қылық көрсеткен жоқ. 


Күндізгі думан өтіп, тойға келгендер кешке қарай төңіректегі ауылдарға бөліне 
тарқасты. Көппен араласқан балуан да бір ауылға кеп түсті. 
Балуан түскен ауылдың адамдары, осы ауылға келген қонақтардан «Кебекең» атты бір 
ақсақалға ерекше құрмет көрсетті. Балуан жұрттың әңгімесіне құлақ түрсе,— 
«Кебекеңнің» шын аты — Кебекбай екен. Ол бүкіл Дулат атаулының әрі ақсақалы, әрі 
сәуегейі боп саналады екен. 
Қасына ере келген адамдары осы «Кебекеңнен»: 
— Егер рұқсат етсеңіз, мәжілісімізді көріктендіруге Кененді алдырсақ қайтеді? — деп 
өтінді. 
— Алдырсаңдар, алдырыңдар!—деді Кебекбай. 
— Бар, тап та шақырып кел! — деп жұмсаған жігіт кеткеннен кейін, бұл ауылға 
жиналған қалың жұрттың аузында Кененнің кім екендігі сөз болды. 
— Сол жігітті аса әнші деп жүр ғой, — деп сұрады біреу, — қай ауылдан келген өзі? 
— Дулат ішіндегі Жаныс көрінеді ғой ол. Жаныс ішінде Қасқарау. Оның ішінде Сати -
Боти. Мекендері Мәтібұлақ көрінеді. Әзірбай дейтін кедей шал болатын Сатида. Соның 
қартайған кезінде туыпты ғой бұл бала. Жасынан жетім қап, бай ағайындарының қой -
қозысын баққан екен. Ержете аузына жел бітіп, қазір бүкіл Дулаттың атақты ақыны 
болғанға ұқсайды. Өзі сымбатты да, көрікті де жігіт боп өскен. Даусы да керемет өзінің, 
— аққудай сұңқылдайды!.. Ән де шығарады өзі, өлең де шығарады. Өлеңі онша қырғын 
емес. Ал, әні бар ғой, — бұлбұлдың сайрауына бергісіз!.. 
— Үлгіні кімнен алды екен, бұл? 
— Балуан Шолақтан!.. 
— Не дейсің? Жолығып па екен Балуан Шолаққа? 
— Арқадан Жетісуға келе жатқан Балуан Шолақ, Сати - Боти елін аралап жүріп 
«Доланқара» тауына кездессе, қой жәйіліп жүрген тас арасынан әдемі ән естіледі. 
Айтушыны Балуан Шолақ таптырып алса, он бестер шамасындағы қойшы бала екен дейді. 
Әлгі бір, қойшы баланың зарыққан мұңын бозторғайға шағатын әні бар ғой, сол ән, сол 
қойшы баланың шығарған әні екен дейді... 
— Апырау, не дейді?!.. 
— Даусы да, әні де ұнаған баланы, Балуан Шолақ, қасына ерген нөкерлерімен ала 
кетпек болған екен, баланың да барғысы келген екен, жалдаған бай жібермепті... 
Балуанның жүрген жері ұлы думан көрінеді ғой. Қасқарауда ол Ноғайбай дейтін байдың 
үйіне түссе керек. «Балуан Шолақ келді» деген соң, қалың Қасқарау жиналса керек. Сонда 
әнін мақтаған Қасқарауға, Балуан «менен де зор әнші, — өздеріңнің араларыңда жүр, 


бірақ ән айтып жүрген жоқ, қой бағып жүр» деп Кененді өлердей мақтап, «нанбасаңдар 
көріңдер!» деп әдейі ат жібертіп алдыртса керек, Балуанның айтқаны расқа шыққан соң, 
қалың Қасқарау Кененді басына көтеріп әкетсе керек... 
— Жақсы адамның аса сөйлемей, баса сөйлейтін әдеті ғой... Балуан Шолақтың өзін 
баса, Кененді көтере сөйлеуі содан болған шығар, әйтпесе, өз даусына жан пар келмейді 
деп естігеміз; айғай салған дауысы тауды жаңғырықтырып, тасты сілкіндіреді деп 
естігеміз; жүз бұралып, мың құбылады деп естігеміз!.. Кенен де керемет көрінеді ғой!.. 
Сонысына қарағанда, Балуан Шолақтан бата алып, аузына түкірткен ғой ол!.. 
— Апырай десейші!—деп ду ете түсті үйдегілер... 
— Ал, енді, мен сендерге бір қызық айтайын, — деді біреу, көпшіліктің шуын басқысы 
келгендей, қатты дауыспен: 
— Иә! — деді де, шу тын бола қалды. 
— Осы Кенен бар ғой, сол Балуан Шолақтың бар әнін аузынан қағып алған!.. 
— Не дейді?!.. 
— Дегенімді айтайын: Балуан Шолақ Ноғайбайдың үйіне қонған күні мен де сол үйде 
едім. Балуанның әнін есітеміз деп келген жұрт үйге симайтын болған соң, халықтың 
тілегін орындап, Балуан далаға шықты. Ауыл Мәтібұлақтың жағасында, таудың арасында 
отырған. Балуанға ере тысқа мен де шықсам, таудың саласындағы адамның қалыңдығына 
көз тұнады!.. Айт пен тойға да мұндай көп жиналмас жұрт!.. 
— Жұртты қоя тұрып, Балуанды айт! — десті үйдегілер. 
— Айтсам, Балуан таудың төскейіндегі шыңға көтерілді де ән шырқады. Мана үйде 
бірер әнді айтқанда, даусы аса зор сияқты емес еді, қоңырлау, бірсыдырғы әдемі ғана еді. 
Тысқа шығып сол әнді қайта айтқанда, даусы биіктеп көтерілді де кетті. Сонда ол 
айқайлаған жоқ, әдемі нақышымен, қоңыр ғана айтты. Осы даусы тауды жаңғырықтырып, 
тасты сілкіндіріп жіберді... 
— Аруақ біткен адамның әдеті емес пе, топты көрсе арқаланып кететін!.. Аруағы 
көтеріп кеткен ғой, оның даусын. 
— Сонымен, қызық болды, — деді Балуан Шолақтың өнерін баяндаушы. 
— Иә?.. 
— Ол түні, таудың саласында Балуанның және оның нөкерлерінің әнін тыңдаған жұрт 
кірпік қаққан жоқ. Балуан қызық кісі екен. «Мынау пәлен деген әнім, мынау түген деген 
әнім» деп, әрбір әнінің бір - бір ауызын өзі бастап береді екен де, нөкерлеріне «ендігісін 
сендер айтыңдар!» дейді екен. Олар қосылып айта жөнеледі екен... 


— Қызық екен онысы!.. 
— Одан да қызығы бар... 
— Иә?.. 
— Балуанның да, оның нөкерлерінің де әдемі әндерін құмарта тыңдаған жұрт, күздің 
ұзақ түніне шыдамағандай, үркер төбеден ауа у - шуын азайтып бәсеңси бастады... Сол 
кезде, Балуанның нөкерлері қосылып айтқан бір әннің ішінен, болатты болатқа соққандай 
шыңылдап, аспанға найзадай шаншылып, тыңдаушылар бұрын естімеген бір биік дауыс 
көтерілді де кетті!.. Құр ғана биік дауыс емес, мөлдір судай кіршіксіз дауыс, көктемнің 
даласындай сәнді дауыс, шебердің кестесіндей нақышты дауыс!.. 
— Апырау, кімнің дауысы екен?—десті, кім екенін тез білуге асыққан жұрт. 
— Кененнің... 
— О қайдан кеп қапты?.. 
— Балуан Шолақ кешке жіберген кісі Кененді тауып әкелгенше түн ортасы ауып кетсе 
керек... Балалық шағында Кенен бұйығы екен дейді. Сондықтан, келе сала Балуанның 
алдына жетіп бармай, көптің арасына отыра кетіпті... Арқасыз адам ән айта ала ма?.. 
Балуан мен нөкерлері айтқан әндерге Кененнің де арқасы қозып, әуелі алысырақ отырған 
ол, ән айтқан топқа жақындай - жақындай, бір мезгілде қасына кеп қапты... Одан кейін 
өзін - өзі ұстай алмай, Балуанның ән айтқан нөкерлеріне қосыла кетіпті... Әлгі дауыс сол 
екен!.. 
— Иә, сонан?.. 
— Ән айтылып болған соң, Балуан орнынан түре кеп Кененнің қасына барады да, «ә, 
сен келіп қап па ең?» деп, қол берген Кененді бауырына баса құшақтайды. «Уа, жұрт, — 
дейді Балуан сонан кейін, жиналған топқа, — сенің бұлбұлың осы!..» «Әзірбай баласы 
Кенен» мұның аты - жөні. Өзіңнің Дулатың бұл бала. Оның ішінде Қасқарау, оның ішінде 
Сати -Боти. Бірақ, бұл, қалың Дулат, — сенің ғана сыбағаң емес, «шебердің қолы, 
шешеннің тілі ортақ» дегендей, барлық қазақтың сыбағасы. Бірақ, бүгінгі күні, бұл бала, 
қалың Дулат сенің әншің, емес, қойшың боп жүр. Қазіргі хәлінің қандай екенін баланың өз 
әнінен, өз құлағыңмен есті. Ал, Кенен, айт, мына жұртыңа «Бозторғай» деген әніңді!..» 
Кенен «Бозторғай» әнін айтқанда, қойшы баланың ауыр халін көз алдына келтіріп
тыңдаушылар мұңайып қалады. Сонда Балуан Кененге, «енді Көкшолақ» деген әніңді 
айт!» дейді. Кенен бұл әнін айтқанда, жұрт шек - сілесі қатып күлді. Содан кейін 
Балуан:—«міне, көрдіңдер ме, жұрт, қойларыңның қиының арасында қандай алтын 
жатқанын? Алыңдар, ол алтынды қи арасынан!.. Бұдан былай тотықтырмай, жарқыратып 
ұстаңдар!»—деді... 


Балуан Кененді өзімен бірге алып та кетпек болған екен, әрі, жалдаған байы 
жібермейді, әрі «қартайған шағымда көзімнен таса қылмаймын» деп әкесі босатпайды. 
Бірақ Балуанның айтқаны да далада қалмайды: қалың Дулат Кененді айт - тойына 
шақырып көтереді де кетеді. Ол ән де, өлең де шығарғыш болып алады, үні де, сөзі де бал 
татыған тамаша болады. Сонан кейін аруағы ұшып, Дулатта Кенен қатынаспаған ойын-
тойдың көркі болмайды... 
Ойын - тойларда Кенен өз әндерін ғана айтпайды, халықтың әндерін, басқа әншілердің 
әндерін, әсіресе Балуан Шолақтың әндерін көп айтады... 
Осы кезде көп адам қосылып айтқан ән естіле қалды. Оған елеңдеп, ауылдағы көпшілік 
те, Балуан да далаға шықты. 
Бұл ымырт жабылып, қас қарайған кез еді. Белесті құмдардың арасында отырған 
ауылға, үндері аспанды жаңғырықтыра қосылып ән айтып келе жатқан көп дауыс 
жақындай береді, жақындаған сайын әдемілене, биіктей берді... 
— Кенен!.. Оның нөкерлері!.. — деп шуласты күткен жұрт. 
— Дәл Балуан Шолақ! — деді әлдекім — Кенен өлеңдерін соның үлгісімен айтып 
келеді... 
Кененнің әндеткен тобы ауылға кеп түскенде, құмның арасынан адам өскендей, қалың 
жан қыбырлап, төңірекке симай кетті. 
Мұншама адамды сиғызатын ешбір үй болмағандықтан, ән далада, қалың құмның 
арасында айтылды. «Халық өзінің тамаша әншісінің кескінін көріп отырсын» дегендей, ән 
басталар алдында, ашық аспанға он төрт жасына толған ай көтерілді. Дала сүттей жарық 
боп кетті... 
«Кескінін де түгел көреміз, әнін де түгел естиміз» деп, халық Кененді биік бір құм -
шоқының төбесіне отырғызды. Өздері сол шоқының төбесінен төмен сорғалай, етекке 
жайыла орналасты. Осы қалың көпшіліктің арасында төбеге жақындау тұста, белгісіз 
адамның біреуі боп Балуан Шолақ та отырды. 
Шоқының төбесіне отырған Кененнің кескіні Балуан Шолаққа жасырақ кезінде 
айнадан көрген өз кескіні сияқтанып кетті. Ана жылы көргенде бала пішінді Кененнің 
қазір сақалы да, мұрты да өскен және дәл Балуан Шолақтың сақал - мұртындай, мұрты 
ұзара қалыңдап, қаршығаның жазған қанатындай, сапары сүйрие, иығына қарай 
қайырылып, сақалы иегіне шоқтала, бір тұтамдай ғана қып - қысқа боп өскен! Маңдайы да 
сондай кең, қасы да сондай қою, мұрны да сондай қоңқақ... Тек қана айырмасы — 
Балуанның жүзі бәлкім дөңгелектеу, Кененнің жүзі бәлкім сопақтау, Балуанның қалың 
қабағының астына біткен көзі бәлкім шүңіректеу және қысыңқылау, Кененнің жұқалау 
қабағының астына біткен көзі томпақтау және бадырайған үлкен, Балуанның иегі бәлкім 
сүйірлеу, Кененнің иегі жалпақтау... 


Аздаған сондай айырмалары бола тұра, Кененнің кескінінен өз кескінінің бейнесін 
тапқан Балуан, ішінен «менің әндерім мен өлеңдерімді айтар ма екен, айтпас па екен? 
Айтса, қалай айтар екен?» деп ойлады да, Кененнің әндеріне құлақ тікті... 
Жетісу ақындарының бір әдеті, — жиын - тойда кезіккен тыңдаушыларына әуелі 
өлеңмен амандасып алатын, Кенен де соны істеп, қоңыр дауыспен амандық - саулық 
айтқанда, Балуанға үні ұнағанмен, өлеңі көңілін қозғарлық әсер бере алған жоқ. 
Кенен әнге шырқай бастағанда, Балуан оның кескініне қадала қарап, қатты да қалды 
Ана жылы балалық лебі есетін жіңішке даусы енді қалыңдап және тым биіктеп кеткен 
екен. Балуан Дулатта Сарыбас дейтін ақынды көріп еді, ол әнін айғайлап бастап, оң жақ 
құлағын қолымен бұрап - бұрап жіберетін. Кенен де сөйтеді екен. Бірақ, бұл Сарыбастай 
қылғына айғайламайды, еркін шырқайды, сонда мүлтіксіз қоңыр даусы жер - көкті 
жаңғырықтырып, кең даланы тұндырып жіберді. Балуанның бағалауынша мұндай дауыс, 
ол естіп жүрген үндерде, Біржан салдан басқаға біткен емес!.. «Міне, қайда, әдемі, кең 
және биік дауыс!» деп сүйсініп қояды Балуан ішінен. Бірақ, жиынға сыр бергісі келмеген 
қалпын өзгертпей, орнында тастай қатқан түрінен қозғалмайды, ың етіп дыбыс бермейді... 
Кененнің әндерін сүйсіне тыңдағанда Балуанның байқағаны — ажырасқан аз жылда 
жас әнші бірталай ән шығарып тастапты. Бұл әндер арғымақ пен қарабайырдан туған 
құлын сияқтанып, кей жерінде Арқаның екпінді биік әніне де, кей жерінде Жетісудың 
келтелеу шұбалаңқы әніне де ұқсап кетеді екен. 
Кененнің өз әндеріне біраз сусындап мейірі қанғандай болған қалың көпшіліктің 
арасынан: 
— Балуанның әнің Балуанның! — деген дыбыстар шықты. 
— Қайдағы Балуанның?—деп сұрағандарға: 
— Балуан Шолақтың жер-көкті күңіренткен әндерін естімей, құлағың керең болған 
біреу ме ең, немесе үйіңнен шықпайтын біреу ме ең?— деп қасындағылар ұрсып тастады. 
— Иә, Балуанның әнін Балуанның!— деген дауыс көбейіп кетті. 
— Болсын!—деді Кенен қолын көтеріп, шуды басқысы келгендей қалың дауыспен. 
Шу тын бола қалды. 
— Ал, халық! — деді Кенен, — өлеңнің де, әннің де мінезі мен қылығы шығарған 
иесіне тартатынын жақсы білесіңдер. Балуан асау мінезді, өр қылықты адам. Оның әндері 
мен өлеңдері де өзіне ұқсас асқақты, екпінді келеді. Мен жұмсақ мінезді, жуас қылықты 
адаммын. Балуанның әндері мен өлеңдерін өзінен ауызба - ауыз үйреніп қалғаным рас. 
Бірақ мен, ол шығарған әндер мен өлеңдердің ырғағын келтіргенмен, екпінін келтіре 
алмаймын. Балуанның әндерін естігендерің де, естімегендерің де болар. Естімегендеріңе 


оқасы жоқ. Ал, естігендеріңе «Балуан» дегенің оның киімін киген «Кенен» боп шықса сөге 
көрмеңдер!.. 
— Оны тыңдай көрейік, — десті жұрт. 
Балуанның әнін естуге құмартқандар, Кененнің аузына төне қалды. Бойы дірілдеп, 
Балуанның өзі де төнді... 
— Мен Балуанның он екі әнін айтам, — деді Кенен домбырасын күйлеп алғаннан 
кейін. 
— Ал, тыңдадық! — деп гу еткен дауыс тез тына қалды. 
Кенен әуелі, Балуанның бозбала шағында қыз - келіншекке шығарған «Ыңғай көк», 
«Діңкілдек», «Сегіз келін» сияқты жас жігіттің жан гүліндей жайнаған әдемі әндерін өте 
нақыштандырып айтып берді. Бір кезде бұл әндерді өзі де осылай айтатын Балуан албырт 
жастықтың адуынды мінезімен егде тартқан шағында ұялғандай, басын төмен түсіріп, 
бүгежектей тыңдады. «Діңкілдек» тің аяғындағы: 
«Жастайымнан атандым «Шолақ дәу» деп, 
Бұл дүниені кім ойлар шолақ - ау деп, 
Мал - мүлік пен байлықты тәрк етпеймін, 
«Ақыр бір күн артымда қалады - ау» деп,— 
деген сөздерін айтқанда, Балуан қасындағыларға сездірмей күрсініп қойды. «Қос 
барабан» деген әні, әсіресе, ол әннің: 
Көкшетауым, күнде жауын, 
Сексен көл айдын шалқар, 
Қайран ауылым!— 
деген қайырмасы айтылғанда, Балуан қаттырақ күрсініп қап, маңындағыларға 
дыбысын естіртіп алды. Ол қасындағылардың: 
— Не болды, сонша ауыр күрсініп?—деген сұрауына жауап берген жоқ... 
Жетісуға келе, алыста қалып аңсаған Ғалиясына арнап, «Сұрша қыз» деген ән 
шығарған еді. Кенен сол әнді де шырқап, қайырмасындағы: 
«Сөйтіп жүрген сұрша қыз, 
Көкшетауда қалдың - ау, 


Ау - өй сұрша қыз, 
Енді есен бол - ай!» 
деген сөздерді айтқанда, Балуанның көзінен жас ыршып кетті. Егер, Кенен бұл әннен 
кейін, Балуанның қайрат - жігеріне арналған «Құлан кісінес» аталатын екпінді әнін, одан 
кейін «Қос перне» аталатын соған ағайындас әнін елірте айтып жібермесе, Балуан 
қасындағыларға жылауын да сездіріп алар еді. Айғырдың арқырауы сияқты «Құлан 
кісінес» пен домбыраның екі шегін бірдей сөйлетіп, әуелі қоңыр басталғанмен, арты 
шырқап биікке шығатын, тынысы мол, ырғағы көп «Қос перне» айтылғанда, батырлық 
қалпына келгендей, Балуан сергіп кетті. Соңғы әннің: 
«Өз атым әкем қойған Нұрмағамбет, 
Халқымнан көріп жүрмін қадыр - құрмет. 
Бас қосқан оязнайдың съезінде, 
Көтердім кірдің тасын елу бір пұт!» 
деген сөздері айтылғанда, «пау, шіркін!» деп көтермелегендерге дауысын қалай 
қосқанын Балуан аңғармай да қалды. 
«Желдірме» аталатын желіге айтылатын термелі әнге тіпті желіге бастаған Балуанның 
көңілі, «Жай қоңыр» аталатын баяу ырғақты әнінің: 
Салайын «Жай қоңырға» жәйіменен, 
Барады өтіп өмір айы менен,— 
деген сөздері басталғанда, тағы да бәсеңси қалды. Өмірінің, өтіп бара жатқаны есіне 
түсті оның. Осы ойын қалыңдата түскісі келгендей, Кенен Балуанның өмір жолы туралы 
шығарған «Өтетін өмір» атты термесін төпеп кетті: 
Бір жасқа жеткенімше құндақтайсың, 
Екіде тек былдырлап тіл қатпайсың. 
Бес жаста безіп үйден, тал ат мініп, 
Он жаста, жарда ойнаған ылақтайсың. 
Келгенде жиырмаға сазда өсетін, 
Балауса бейне балғын құрақтайсың 
Отызда ор қояндай аспанға атып, 


Қырқыңда мүшеленген құр аттайсың 
Елуде ақыл - ойың тегіс толып, 
Төскейден сарқыраған бұлақтайсың, 
Алпыста бар асылың түгел жайнап, 
Маңыңа сәуле шашқан шырақтайсың, 
Жетпісте тұра берсең жер таянып, 
Жарыңнан құдай қосқан жырақтайсың. 
Сексенде буындарың діріл қағып, 
Болдырған арық аттай бұрақтайсың
Тоқсанда өлсең де өлдің, өлмесең де, 
Сұм дүние енді кімге тұрақтайсың?.. 
Бұл сөздеріне тағы да тұнжырай қалған Балуанның құлағына, кейінгі кезде шығарған 
«Кенже қоңыр» деген әні естілді: 
Бір аты әндерімнің «Кенже қоңыр», 
Тең болмас арғымақ пен қара шобыр. 
Армансыз Үйсін, Дулат араладым, 
Көп жатып бір ауылды етпей ығыр, 
Әнімнің әркім құмар мұқамына, 
Кей жігіт қарап отыр тұтамына. 
Сайраған Сарыарқаның бұлбұлы едім, 
Жетісу қонақтадым бұтағыңа... 
— Осымен Балуан Шолақтың он екі әні бітіп те қалды білем, — деді Кенен жұртқа 
қарап. 
— Он бір - ақ! — деді санап отырған біреу. 
— Қайсысын қалдырып кеттім екен, сонда?—деді Кенен. 


— Кәне, аттарын аташы, санайық! — деп көпшілік пен Кенен айтылған әндерді санай 
бастағанда, Балуан отырған биігінен төменге сырғып түсті де, шылбырынан сексеуілге 
байлап қаңтарған атына қарай кетті. 
«Несіне отырам, — деген ой келді оған, — менің ойымдағы сырдың бәрін де Кенен 
халыққа айтып берді. Енді несіне көрінем ол халыққа?.. Босқа шулату үшін бе?.. Кімге 
қажет ол шу?.. Қой, онан да осы белгісіз бетіммен кете берейін!» 
Ол аттанып жүре бергенде, манағы жоғалтқан әнін тауып алған Кененнің биік даусы 
аспанға көтеріле берді. Балуанға таныс ән — өз әні! 
Балуан ұзаған сайын, ән биіктей берді. Жетісуда қалып бара жатқан Кенен, оған өз 
бейнесі сияқтанып кетті. Қайтып оралмаймын деп бара жатқан елде, әрдайым, өз көзіндей 
көретін мұрагері қалуы оның қуанышын теңіздей тасқындатты. Кеудесіне симаған бұл 
тасқын, Балуанның көзінен жас боп сорғалады... 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет