Сабит Муканов. Балуан Шолак



Pdf көрінісі
бет23/27
Дата03.10.2023
өлшемі0,88 Mb.
#112721
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27
АЛАТАУ АЯСЫНДА 
«Көріп пе едің қырғыздың Алатауын, 
Бұлт ұялап басында күнде жауын: 
Алыстағы аңсаған Ғалияның
Біліп қайтсам, шіркін - ай, есен - сауын!» 
(Шолақтың өлеңінен). 
Араб елінде мынадай ертегі бар. Мұхамбет пайғамбардың күйеуі, әрі әскер бастығы 
Әзірет Әлі, алыстағы бір мемлекетте Дариға атты балуан қыз бар деп естиді де әдейі іздеп 
барып, күреседі. Балуан қыз мұнымен бірнеше күн алысып, кейде жығып кете жаздап, 
ақыры, намыстанған Әлі әрең дегенде жығады. Жеңілген қыз Әліге қосылып, екеуі аз күн 
тұрады да, Әлі мекеніне қайтып, қыз жүкті боп үйінде қалып қояды. Айы - күні жеткенде 
Дариғадан ұл туады да, атын Мәді қояды. Мәді қырық күнде қырық кез боп өсіп, қырық 
бірінші күні әкесі Әліні іздеп жолға шығады. Неше күн, неше түн жүрген ол, бір күні 
күресіп жатқан адамдармен кездеседі. Мәді қастарына кеп қарап тұрса, күрестіріп жатқан 
орта жасты, денелі адам, күресіп жатқан ылғи жастар, бәрі де балуан жігіттер, Мәді оларға 
қызыға қарап тұрады да, «мен де күресем» деп қолқа қылады. Басқарушы адам бұл тілекті 
орындағанда, Мәді жастардың бәрін жығады. Сонда басқарушы ашуланып, «өзім 
күресем» деп ұстай алғанда, Мәді «Я, әкем, Әзірет Әлі қолда!» деп, оның да тізесін бүгеді. 
Мосқал адам сасып қап: «Япырай, сен Мәді емеспісің?!» дейді. «Иә, мен Мәдімін» 
дегенде, мосқал адам: «Ендеше мен, әкең — Әлімін!» дейді. Мәді ұялып тұра қашады, Әлі 
тұра қуады. Ақыры ұстайтын болған соң, «әкемнің жағасынан алдым, енді оны көрер 
бетім жоқ, мені жасыр!» деп Мәді жерге жалынады. Жер Мәдіні аяйды да, Әлі қуып жете 
бергенде, жарылып кетіп, ішіне Мәді түскенде жасырып жабыла қояды... 
«Ақырзаман боларда, — дейді ертегі, — Тажал деген шығып дүниені жалмай 
бастайды, адамды сол апаттан, жер астынан шыққан Мәді ғана құтқарады...» 
Бұрынғы Жетісу атанатын Үйсін - Дулат елінде: 
— Мәді шығып қапты!—деген хабар дүңк ете түсті... 
— Қойшы!..-—десті елең ете қалған жұрт. 
— Рас!.. Адамның арыстаны дейді. Түйені қозыдай арқалап әкетеді дейді!.. Еті — 
темір дейді, тісімен жылқының ортан жілігін кеміреді дейді!.. Денесі адамзатқа бітпеген 
дейді. Өзінің бір қолы шолақ дейді!.. 
— Апырай, ақырзаман болып қалғаны ма онда?!—деп үрейленісті жұрт,— Молдадан 
сұрайтын екен. Мәдінің де қолы шолақ па екен? 


— Біреулер сұрапты. Молда «Мәдінің де бір қолы шолақ деген кітапта рауаят бар», 
депті, — деген де хабар тарады. 
Жаздыгүні Алатаудың биігіндегі бір жайлауда, Ордабаев Қали деген байдың үйіне 
жиналып қымыз ішіп отырған біраз жұрт та осы кеңесті айтып шуласып отырғанда, 
«сөйлес!»—деген дауыс естілді үй сыртынан. 
Қали менмендеу, тәкаппарлау кісі еді, сөйлес қып нығызсыған адамды ұнатпайтын еді. 
Ол сырттан естілген мына дауысты да ұнатпай: 
— Уау, түсе бер, кім болсаң да!.. Саған сөйлеске баратын кісі жоқ, түспесең тарта 
бер!—деді айғайлы дауыспен. 
Аздан кейін үйге әлем - жәлем киінген оншақты жігіт кіріп келді. Олардың ішінен, 
Қалидің көзін өзге жігіттер қоршай кірген, сымбатты өзгелерінен ерекше, қалың қара сұр 
мұртты, шоқша сақалды адам ерекше тартты. 
— Жоғары шық! — деді, ондай дауысты өз үйінде естіп көрмеген Қали ұнатпай. 
Қали оң жақ босағада, өзге қонақтарынан оғашырақ отыр еді. Бұл елде оған тақала 
адам отырмайтын еді. 
Қалидің ол «тәртібін» бұзған қонақ, қолдасып амандаспастан дәл оң тізесін баса кеп 
отырды. Өзгелері төрдегі бос орынға жайғасты. 
Еркінсіген қонақтың қылықтарына іштей ыза болғанмен, Қали сырттай сыр бермеді. 
«Сіз», «біз» деп сыпайысуына, киіміне, түріне қарап, «алыстан келе жатқан қонақ болар 
және мына түрімен тегін де кісі болмас» деген оймен, сөзін сыпайы бастап: 
— Жол болсын, қонағым!—деді бұрыла қарап қойып. 
— Жол болса әлей болсын!.. Жолдамақ сізден болсын!.. 
— Таныспадық па, қалай, қонағым!.. 
— Сөйлес қылмасақ айып бізде. Сөзге шықпасаңыз айып сізде. Сыртта көрісіп, төс 
тақасып амандаспаған соң, енді жата-жастана таныса береміз де... 
Сөзден тосылғандай болған Қали: 
— Әйтсек әйтерміз, онда; — деді де, жігіттеріне, — жолаушылар сусаған болар, шұбат 
әкеліңдер! — деді. 
Қышқылтым иісі мұрынды қытықтаған қоймалжың дәмді шұбаттан, қонақ екі - үш 
саптаяғын сіміре бір - бір - ақ тартып жіберді де, маңдайынан шыққан терді саусағымен 
сыпырып тастап: 


— Енді болдым!— деп шынтақтап жантая кетті. 
Аңқасы кеуіп келген өзгелері, салқын, тәтті шұбатты, саптаяқтарын алдарына ұстай 
отыра асықпай сімірді. 
Қатар отырған қонақтың шұбат ішуі де, одан кейін қисая кетуі де жаттау көрінген соң, 
оны аздап түрткілегісі келген Қали жантайған денесіне бір қарап қойып: 
— «Руын не құл, не қу жасырады» дейтін еді, қонағым; қайсысы екеніңді жата - 
жастана білерміз. Ол жөніңді айтпасаң, мына жөніңді айт: денең жақсы екен, балуан біреу 
емеспісің? 
— Неге олай сұрайсыз? 
— Денең жақсы екен... 
— «Түйе бойына сеніп жылдан құр қалды» демей ме, аталарымыз? Денелінің бәрі 
балуан бола бере ме? Және ауызда емес, күште сыналмай ма, балуан? Күштімін бе, жоқ 
па, — сынасар жер кез келсе көрерсіз! 
Тағы да «мынау бір кесір сөйлейтін адам ғой өзі!» деп ойлаған Қали, онымен ептеп 
сынаспақ болды. Денесі сидам жасырақ кезінде ол кеуде балуанның біреуі боп жүрген еді 
де, семіргеннен кейін ол «кәсібін» тоқтатып, күшін үйде көрсететін бір әдіс тапқан еді: 
үйіне келген қонақтардан біреуді «осы ауыр» деп немесе «мықты» деп ойласа, қасына 
отырғызатын еді де, оңынан солына, солынан оңына көтеріп қойып ойнайтын еді. Оның 
сондай ойынынан қорқып, кейбір аса семіз адамдар үйіне жоламайтын еді. 
Қалидің мына қонағына да сол ойынын көрсеткісі келді. Аз тым - тырыс отырғаннан 
кейін: 
— Әу, қонағым!—деді ол. 
— Ә, — деді қонақ басын көтеріп. 
— «Ойында өрелік жоқ» — деген мақалды сіздің ел айта ма? 
— Сіздің елдің ғана сыбағасына тиген мақал емес шығар ол, кигіз туырлықты қазаққа 
ортақ мақал шығар. Әлде, мені қазақ емес деп ойлайсыз ба? 
Бұл сөзден де тосылып қалғандай болған Қали, онысын сездіргісі келмегендей: 
— Ендеше, бір ойыным бар еді, қонағым, сонымды көрсетсем ерсі болмас па екен?—
деді. 
— Әрине, ерсілік болмайды. Айтыңыз, қандай ойын екенін! 
— Оң жақта отырған қонағымды сол жағыма көтеріп қоятын ойыным болушы еді... 


— Оған мен әзір!.. 
— Ә, жарайды, онда! — деп, Қали оң жақта отырған қонағына денесін икемдеді де, оң 
қолын сыртына орай, арғы тақымның, астына тығып жіберіп, өзіне бейімдей тартты... 
Бұған дейін бұлай тартқанда, денесі қандай ауыр адам болса да орнынан қопара 
бастайтын еді де, лезде жұлып ап, екінші жағына аудара салатын еді. 
Ал, мынау — кесек тастай, немесе жерге қаққан темір қазықтай, отырған орнынан 
бүлк етпейтін бірдеме!.. 
Қали Қанша мықшыңдағанмен, қонағын орнынан қозғалта алмады. Алқынған да, 
терлеген де ол, басқа айла істей алмауына көзі жеткен соң, қонағын құшақтаған қолын 
алды да, ентіге сөйлеп: 
— Тас екеніңді, темір екеніңді білмеймін, жарқыным: асау атты да құйрығынан 
ұстағанда тырп еткізбейтін ем, қандай ауыр кісі болса да шопақ құрлы көрмейтін ем, сені 
мен қозғай алмадым! — деді. 
— Олай болса, осы ойынды маған ойнауға болар ма екен?—деді қонақ, — Сізді менің 
көтеруіме болар ма екен? 
— Болуы болады ғой, бірақ, сен мені көтере алмайсың қонағым. 
— Неге? 
— Аттан күшті емес шығарсың сен. Мені ат та көтере алмайды. Тек, нар түйе мен атан 
өгіз ғана көтере алады... 
— Көтере алмасам, менен айып сұрамассыз. Ойын ортақ. Мен ойнайын сізбенен. 
— Онда өзің біл. 
— Менің де ыңғайым, — оңымда еді. Оң жағыммен көтеруге болар ма екен? 
— Ықтиярың. 
Қалидің сол жағына отыра беріп, қолын бөксесінен орай, құшаққа симайтын жуан 
денесін өзіне икемдей, қонақ «һауп!» деп жұлқи тартқанда, дауылдан құлаған жуан 
ағаштай еңсеріліп қисая кетті... Сол бетінен оңалдырмаған оны, қонақ бос бөшкені 
құшақтап көтере жөнелген баладай, ауыр және жуан денесінің салмағын кеудесіне арта 
тұрып жүре берді. 
— Қарным жарылды!.. Түсір!..— деген жалынышты даусы шығып кетті Қалидің. 
Босағаға көтеріп апарып түсірген қонағына: 


— Апырай, кім ең?—деді ентіккен Қали. 
— «Оны жата-жастана сұрастырармыз» демедік пе? 
— Дедік... сонда да?.. 
— Сөз сертінен таймау керек... 
Тағы да тосылған Қали, қонағын да орнына отырғызып, өзі де отырып: 
— Ал, жігіттер!—деді қонақты күтушілерге, — кім де болса керемет біреу, мынауың. 
Жөнін кейін біле жатармыз, сендер бұның сыбағалы асын даярлап, мал сойғызыңдар!.. 
Жігіттер бұйрықты орындауға кеткен шақта, әдемі киініп домбыра көтерген оншақты 
адам үйге кіріп келді. 
Балуан Шолақ осында ма?—деді дөңгелек қара сақалды, кішірек имек мұрынды, 
шықшытты, дембелшелеу, орта бойлы қызыл шырайлы кісі. 
Үйдегілер біріне бірі қарады. 
— Жаза баспасам Балуан Шолақ сен боларсың!— деп әлгі кісі домбыралы қолын 
қонаққа ұсынды. 
— Болсақ болармыз, — деді қонақ. 
— Ендеше, мен Дулаттың Сарыбасымын. 
— Естіп ем!—деді қонақ түрегеп, — кел, онда, төске төс тигізіп көрісейік. 
Екеуі құшақтасып көрісті. 
— Атыңды естуші ек, — деді Сарыбас Балуан Шолаққа, — көруге құмар ек. Ізіңді 
қуып жаңа таптық. Мына тұрғандар Жетісудағы Үйсін, Дулаттың сені іздеген ақындары. 
— Менің де іздегенім сендерсіңдер! — деді Шолақ, — ақындарға басын иіп. 
— «Мәді шықты!» деп дүрлігіп едіңдер, — деді Сарыбас үйдейлерге, — (жұрт елегізіп 
қалды.) Сол Мәді — осы Балуан Шолақ! 
Одан әрі мәжіліс басталып кетті. Қалидің ақ үйінің жаңа кигізі шұрқ - шұрқ тесіліп, 
айналасы көктегі жұлдыздан жиі сығалаған көз боп кетті. 
— Бұл қай бейбастақтық? Үйді қиратамысыңдар? Кигізді бүлдірдіңдер ғой. Жоғал 
көзге көрінбей! — деп аюдай ақырған Қалидан жайшылықта қорқатын жұрт бүгін 
жасқанбады. Олар бүгіннен қалса Балуанды көре алмайтындай боп, үйге симағаны 
сырттағы кигіздің тесігінен таласып, бірін - бірі басып кете жаздады. 


— Жұрт лебізіңе құмартып тұр, ән бұлағы Көкшетаудан келдің. Жетісуды сусындат!— 
деген өтінішті орындап, Балуан Шолақ бар білгенін ортаға салды. Ол өлең - жырын. 
Жастықта ұрынбай ма жігіт дауға? 
Ол даудан аман қалса басың сауға? 
Жетісу, жемісің мол ағаш едің, 
Бұтаңа келдім аз күн қонақтауға!— 
деп бастап, аржағында бұл өлкеге неге келген жайларын, жолшыбай нелер көріп, 
нелерді естігенін сөйлеп кетті. Ән араластыра айтқан өлең-жырларымен, тыңдаушыларын 
ол жылатты да, күлдірді де, сергітті де, күрсіндірді де... 
Жетісу Балуан Шолақты айлап емес, жылдап жібермеді. Оның күні де, түні де, қысы 
да, жазы да сауық - сайранмен өтті. 
— Мән - жайыңды естідік, — деді оған қайда барса да жұрт, — ағайын іздесең: 
шыққан арғы тегің осы — Үйсін. Жолшыбайғы елдерден естіген сөздерін қайталап, Үйсін 
болмаса да сені жатырқайтын Жетісу жоқ. Артыңда аңдушың көп екен. Туған жерің 
ыстық шығар, бірақ қайтып барам деме, жазым боларсың. Осы елге орнық. Үстіңе үй 
тігейік, алдыңа мал салайық, қалаған қызыңды берейік. 
Шолақтың қайтпауын қолқалаған әсіресе ақындар мен әншілер. 
— Көкшетау — әннің бұлағы деп еститін ек, — десті олар,— сол жақтан, Арқаның 
биік жонын, Бетпақтың жалпақ шөлін, Балқаштың теңіз көлін аттап, әдемі нәзік үндер бұл 
маңайға талықсып жететін еді, еркін естісек деп құмартатын ек. Сондай сусаған шөлімізді 
сен қандырдың. Бірақ, сенің әнің — дәмі айнымайтын тәтті екен, сімірген сайын сусап 
барамыз. Өмірімізді сенің әніңе бөлеп өткізейік. Аз жасты сайранмен бірге жасайық. 
«Әне қайтам, міне қайтаммен» Балуан Шолақ Жетісуда он жылдан артық жүрді. 
Алатаудың кең етегін жайлаған қалың елде араламағаны жоқ. Балқаш көлінің батыс 
жағымен келіп Әулиеата қаласына барған ол, Алатаудың теріскей жақ бөктерін жайлаған 
елді аралап отырып, Қытай шегіне барып тоқтады. Одан арғы қазақ ауылдарын да 
аралауға ойлаған еді, үкіметтің шекаралық орындары рұқсат бермеді. 
Сонша елді аралағанда оның қыдырғыштығы ұстаған жоқ. Ол қай ауылға барса да, 
алдыңғы ауылдардан іздеп кеп, «дәмге шақыра келдік!» деп ілгері тарта берді. Жолы ұзап 
бара жатқанын Балуан көрсе де, сыйлап шақырғандарға бармаймын дей алмады... 
«Ел елдің заңы басқа, иттері қара қасқа» дегендей, Көкшетауда туып-өскен Балуан 
Шолаққа Жетісу елінің әдет - ғұрпы, үй - тұрмысы, киім - кешегі өз елінен басқаша 
көрінді. Балуанның байқауынша Жетісу елінде «атам заманның» әдеті көп сияқты. 
Көкшетау елінің, жазғы киіз үйі кең, биік болады. Жетісудың үйі әрі тар, әрі аласа екен. 
Көкшетау елінің әлділері қыстыгүні бірнеше бөлмелі ағаш үйде, әлсіздері орыс 


крестьяндарының үлгісімен салған шым үйде отырады; Жетісу елі қысқы үй салуға 
шорқақ екен, көпшілігі таудың етегін жырып жасаған «кепе» атты үңгірді мекендейді 
екен, онда терезе болмайды, не төбесінен, не қабырғасынан сығырайған кішкене тесік 
қойып, қойдың қарнымен қаптайды екен. Көкшетау елі ыдыс - аяқты, үй жасауын көбінесе 
базардан, фабрикада жасалған заттардан алады. Жетісудың ыдыс - аяғы, үй мүлкі көбінесе 
ауыл шеберлерінің қолынан тұрпайы жасалады екен. Көкшетау елінің киімі орыс я татар 
киімдеріне ұқсастау ықшам, ыңғайлы келетін. Жетісу елінің киімі әрі мол, әрі сиықсыздау 
олпы - солпы келеді екен... 
Көкшетау елімен салыстырғанда, Жетісу елі аңқаулау, момындау сияқты. Жетісу елі 
еңбек бейнетін Көкшетау елінен көбірек көретін сияқты, Көкшетау қазақтары егін 
салмайды, астықты жақын жердегі орыс поселкелерінен сатып алады, Жетісу 
қазақтарының көбі егінді өзі егеді екен, ол егінін арықтан суарады екен; бұның бейнеті 
Көкшетаудағы егіншілердің бейнетінен әлдеқайда ауыр, — Көкшетауда егіншілер жерді 
жыртып, тұқымын себеді де, суды көктен тілеп, қашан егін піскенше күтіп отырады, 
жетісулықтар егіні піскенше суарып дамыл көрмейді. 
Алатау өлкесінің жері Балуан Шолаққа ұнады да, ұнамады да. Ұнағаны: таудың өз 
бойы қасиетті, оған шықпайтын егін де, жеміс те жоқ. Сондықтан да, жергілікті ел: 
«Жетек ексең — арба өседі» дейді екен. Алатау бойына шығатын жемістер Көкшетауда 
жоқ, Көкшетаудың егістік мәдениеті де Алатаудан төмен. Алатаудың Балуанға 
ұнамайтыны: бар қасиеті таудың өз бойы мен етегінде ғана да, егер одан ұзап, 50—60 
шақырымға барсаң, таздың басындай тақыр. Көкшетаудың қай жеріне барсаң да 
белуардан келетін көкорай шалғын, түбіттей ұйысқан қалың бетеге!.. 
Жетісу елі қаншама құрметтегенмен Балуан Шолақ туған жерін, елін, ата - анасын, 
Ғалияны жылдан - жылға артық - артық аңсады да, оншақты жыл аралағаннан кейін 
Жетісу елінен рұқсат сұрады. 
— Туған жеріңе қайтам десең рұқсат — деді Жетісу,— бірақ, күндердің күнінде 
патшаның қудалауына тағы да ілексең, паналатуға біз әзір... 
Еліне беттеген Балуан, Жетісудың қай ауылына түсіп аттанса да, бір ауыз өлеңмен 
қоштасты: 
Алатау, аз күн жаттым аунап-қунап, 
Дертіме дәрі бердің жүрген улап. 
Көргенше енді айналып хош аман бол, 
Ұлысы Ұлы жүздің Үйсін, Дулат! 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет