29. ҮКІ МЕН ШЕГІРТКЕ
Бір күні үкі шөп арасына кіріп, қатты ұйықтап жатыр
екен. Қасына әлдеқайдан бір шегіртке ұшып келіп шырылдай
бастайды. Үкі оның шырылдаған даусынан оянып кетіп:
—Ей, досым! Алыс кетші, Құдай үшін мазамды алмашы.
Өзің сонша қатты шырылдайды екенсің. Тіпті ұйықтай алмай
қойдым,—деп өтінеді.
Бірақ ақымақ шегіртке оның сөзіне құлақ салмай, шырыл-
дай береді. Онымен қоймай, әңгірлеп тіпті ұрса бастайды:
—Үкі, сен өзің әрі жалқау, әрі ұрысың! Шөптің арасынан
шығып, түні бойы балапан ұрлайсың. Ал күндіз ағаштың
қуысында отырып, ұйқыңды қандырасың.
—Бері қара, сүйіктім,—депті сонда үкі,—тіліңді тарта
сөйле, әйтпесе кейін өкініп жүресің, түбі жаман болар.
Үкі ары-бері ақылын айтып түсіндіріп көргенімен, бірақ
шегіртке оның сөзіне құлақ ат аспай, үкі бір сөз айтса, шегіртке
оған екі есе жауап қайтарып, тыным таппай балағаттап, үкіге
барынша ұрсып, бұрынғыдан бетер шырылдай береді.
Ақымақ шегіртке сөзін тыңдамағанына үкі қатты ызала-
нады. Бірақ кегін ішіне сақтап, шегірткені мақтай бастайды:
—Құрметті көршім,—дейді сонда үкі,—әнді әдемі-ақ са-
ла ды екенсің өзің! Әніңе бекер кедергі жасаған екем. Бұл ақы-
мақтығымды кеш! Осы уақытқа шейін мен сенің ғажайып
әнші екеніңді білмеген едім. «Сенің әніңді естіген адам, өзінің
айтып тұрған әнінен жаңылады» деген мақал бар, ояу отырған
жанның бәрі сенің әніңді тыңдайды, сенің әніңді естігендер мас
болады екен. Біздің әншілердің ішіндегі ең мықтысы көкектің
өзі де даусыңды естісе, өз даусынан ұялып, сені сірә, күндейтін
де болар. Бері қара, жаным! Менде бір зәмзәм суын құйған құты
бар, оны өзіме түнгі құстардың құдайы сыйлаған еді. Ішесің
бе, бір кесесін құйып берейін, жырлай-жырлай, тіпті тамағың
кепті ғой.
Шегірткенің шынында да су ішкісі келген еді. Көп ойлан-
бай-ақ шегіртке үкіден зәмзәм суын ішпек болып, секіріп жетіп
344
ӨТІРІК ЖӘНЕ МЫСАЛДАР
келеді, үкі қарғып түсіп, арсыз шегірткені шоқып алыпты да,
қылғып жіберіпті.
30. ӘТЕШ ПЕН ҚОРҚАУЛАР
Бір күні әтеш қорқаулардың үйіріне тап болады. Жанын
қалай аман алып қаларын білмей абыржыған ол қорқауларға
жарамсақтанып:
—Мырзалар! Өз нәсілдеріңе лайықты әділетті бола
көріңдер!—дейді,—аңдар арасында сендерден әділеттісі жоқ
қой. Мынадай тағы бір артық қасиеттерің де бар: нәсілдерің
жыртқыштар нәсіліне жатқанымен, бірақ ешқайсыларың еш
уақытта да жазықсыз жанды өлтіріп көрген емессіңдер.
Әтештің сөзін естігеннен кейін қорқаулар ұялып, қысы-
лып қалады. Қандай кінә тағуды ойлай бастайды. Бір қорқау
тұрып:
—Өмірі сенен бір тыныштық жоқ, түн сайын қоқылдап
шақырасың да жатасың, ешкімге ұйқы бермейсің. Көптің
тыныштығы үшін сені өлтіру керек,—дейді.
Әтеш бұған не десін. Үрейі ұшып кетеді. Дегенмен, өзі бір
өжет әтеш екен, есін жиып алып, ол:
—Әділеттілер! Ождандарыңмен айтыңдаршы!—дейді,—түн
сайын шу шығарып жұртқа ұйқы бермейтін мен бе, әлде сендер
ме осы? Мен болсам жұрт ұйқыдан оянар шақта айқайлаймын.
Мен жұрт ертерек тұрып намазын оқып, шаруаларына кіріс-
сін деп оятамын. Менің арсыздығымды кешіріңдер, сендердің
қандай мазасыз екендеріңді жұрттың бәрі де біледі ғой. Тіпті,
кешке жақын қас қарайысымен бар қорқау жортылуға бірге
шығады да, біреуі «менің әкем сұлтан болған!» деп айғайлайды.
Екіншісі оған: «Саған келері не?» деп жауап қайырады. Осы
кезде бірін-бірі тыңдамай: «саған келері не, саған келері не?»
деп шуылдасады. Аяғы шудан құлағың тонады.
Бұған қорқаулар не жауап қатсын, ештеңе де айта алмапты.
Сонда олар әтешті арсыз деп айыптап, енді ғана жейін деп
жатқанда кенеттен қасқыр келе қалыпты:
344
345
МЫСАЛ ӘҢГІМЕЛЕР
Әтеш оған:
—Қасқыр, тақсыр! Әділеттілігіңізді тым болмаса сіз айты-
ңызшы. Қайсымыздың күнәміз көбірек, менің бе, әлде, мы-
налардың ба?—дейді. Даудың себебін біліп алған қасқыр,
сонда:
—Қорқаулар ымыртта шуласа, сен таңға жақын қиқулай-
сың. Сондықтан сен де, олар да бәрің де кінәлісіңдер, бәрің де
өлім жазасына лайықтысыңдар,—дейді.
Сөйтіп, қасқыр бәрін де тас-талқан қып жемек болып
жатқанда, қайдан шыққаны белгісіз бір жолбарыс келе қа лып-
ты да, әтештің де, қорқаулардың да, қасқырдың да зәресі ұшып,
бет-бетімен түгел түп-түгел тым-тырақай болыпты.
31. ШЫДАМСЫЗ МЫСЫҚ
Жұпыны лашықта әрі жүдеу, әрі аш мысық тұрған екен. Бір
күні дәулетті бай үйдің семіз мысығын көріп:
—Бауырым-ай, осынша семіргенде не жедің?—деп сұрайды
ол.
—Бір баймен көршілес тұрамын, әрқашан соның үйіне
барып, неше түрлі тағам жеймін,—деп жауап қатады семіз
мысық.
—Бауырым, мені де өзіңмен бірге ерте барсаңшы. Ол үйде
тым болмаса екі-үш күн тұрып, тамақтан тоя жесем, мен де,
бәлкім, қоңымды жиярмын. Жақсылығыңды сонан соң өмірі
ұмытпас едім,—деп жалынады арық мысық.
—Жүр барайық, қалағаныңша сол үйде тұр, тойғаныңша
ішіп-же, тек байқа, жан-жағыңа қарап алмай тамақты көрген
жерден бассалып жүрме, әтпесе таяқ жейсің,—дейді семіз
мысық көніп.
Сөйтіп, екеуі байдың үйіне келсе, жерге жайған үлкен дас-
тарханның үстіне даярлаған әртүрлі тағам көз тартқандай екен.
Мұны көрген аш мысықтың аузынан сілекейі шұбырады. Семіз
мысық:
346
ӨТІРІК ЖӘНЕ МЫСАЛДАР
—Сәл шыда! Үйдің адамдары тамақтанып болған соң
сарқытын бізге береді. Сонан соң екеуміз әбден тоямыз,—
дейді.
Бірақ арық мысық шыдай алмайды. Дастарханға жетіп
келіп, бір ыдысқа басын қойып жібереді. Сол-ақ екен, қызметші
кіріп келеді де, аш мысықты таяқтап астынан алады, аяғын
сындырады. Мысық ақсай басып, қаша жөнеледі.
Сол жерде семіз мысық.
—Ей, бауырым-ай! Сәл шыдай тұр деп саған зар илеп ем, бірақ
шыдамадың, соның сазайына мінеки аяғыңды сындырдың!—
деп табалайды.
Сонда арық мысық байдың үйіне барғанына өкініп:
—Жоқ, менің кедей лашығым әлдеқайда артық екен! Бір
жақсысы онда аяғыңды сындырмайды,—дейді.
Осыны айтып, ол үйіне қарай шойнаңдай жөнеледі.
32. БАҚТАШЫ МЕН ҚАСҚЫР
Бір бақташының ешкілері бар екен. Көп еңбектеніп жүріп,
оларға өзі қора салып, күні-түні күзетумен болыпты. Өйт кені
ешкілерін ит-құс жеп кете ме деп қорқады ғой. Бақташы ның бір
иті де болыпты. Өзі ұйықтағанда түні бойы тыным таппай үріп,
ешкілерді сол сақ иті күзетіп шығады екен. Дегенмен сол қора-
ны бір аш қасқыр көптен бері торып, құлқыны құрып жүреді
екен. Бірақ жақын келуге иттен қорқып жоламайды екен. Қас-
қыр ақыры бақташының ойына «кінә итте» деген сенімсіздік
тудырып, иттің орнын басып, қарнын тойдырудың амалын
табады. Сонымен бір күні ол көршілес орманнан бір ешкіні
өлтіріп, жартысын жейді де, жартысын бақташының ешкі
қорасына апарып тастайды. Содан соң бақташыға келіп: «Ей,
бақташы, мен сенің досыңмын, мен әдейі көмектесуге келдім,
жүр, қораңда не боп жатқанын қарашы өзің. Итің ешкіңді жеп
қойды»,—дейді.
Бақташының өзі бір аңқау, сөзге нанғыш адам екен. Көп
ойланып жатпастан қасқырға еріп қораға келеді. Сонда не
346
347
МЫСАЛ ӘҢГІМЕЛЕР
көрді десеңізші?! Жартылай желінген ешкінің жемтігін
көреді де, ешкіні ит жеді дегенге сол жерде нана кетеді.
Ашу қысып шоқпарын алған ол итті сілейте соғып, сеспей
қатырады да, қора күзетуге сенімді қасқырға тапсырады.
Арада бірнеше күн өтпей-ақ, қасқыр бар ешкіні жеп, орманға
тайып тұрады.
33. ГҮЛ МЕН БҰЛБҰЛ
Бір шаруаның асқан ғажайып бағы болған екен. Сол
бақтың ішінде балбыраған бір шоқ әсем гүл өсіп тұрыпты.
Күн сайын таңертең шешегін жарып ашылған гүлге қарап
бағбан тамашалайды екен. Бір күні гүлдерін тамашалауға
келген бағбан бұтаққа қонып құйқылжыта сайрап отырған бір
бұлбұлды көреді. Бұлбұл сайрап отырады да, гүлдің шешегіне
сүйір тұмсығын сұғып жіберіп, қып-қызыл гүлдің түте-түтесін
шығарады. Гүлді оның осылайша бүлдіргеніне іші удай ашы-
ған бағбан бұлбұлдың сазайын тарттырмақ болады. Сөйтіп, ол
жолға тор құрып ішіне жем шашып, бұлбұлды ұстап алады да,
қапасқа қамап тастайды. Сонда бұлбұл аузын ашып бағбанға
сөйлеп қоя береді:
—Ей, бағбан! Еріккендіктің жаршысы мені қапасқа неге
қамап қойдың. Егер әсем әнімді тыңдағың келсе, менің ұям
бағыңда емес пе?! Ал басқа себебің болса, баяндашы, мен оныңа
көнейін де, мәңгі бақи үнімді өшірейін.
—Сен өз істегеніңді білмейсің бе?—деп жауап қайтарды
шаруа,—сен гүлді солдырдың, мен үшін бұл үлкен қасірет.
Менің бар өмірім сол гүлде болатын.
—Кешір,—дейді бұлбұл,—егер мен гүлге бейнет, саған қасі-
рет әкелген болсам, онда өзіме обал жоқ. Қапасқа-ақ отырайын.
Бұлбұлдың сөзіне сүйініп кеткен шаруа оны қоя береді.
Бұлбұл шаруаға алғыс жаудырып:
—Сен менің ағаттығымды кешірдің, жақсылығыңды жақ-
сылықпен қайтарамын. Бері қара, мына ағаштың түбінде алтын
348
ӨТІРІК ЖӘНЕ МЫСАЛДАР
ақшаға толған бір құмыра көмулі жатыр, бар да соны қазып
ал,—дейді.
Шаруа ағаштың түбін қазып жіберіп, әлгі құмыраны тауып
алған соң, бұлбұлға:
—Қайран, бұлбұл! Жер астындағы құмыраны көре білсең
де, жер бетіндегі торды көре білмегенің-ай!—дейді.
34. ИТ, МЫСЫҚ ЖӘНЕ МАЙМЫЛ
Бір адамның иті мен мысығы болыпты. Бір күні әлгі адам
қабырғаның қуысына бір кесек нан қойып, шаруаға кетіп қа-
лады. Мысықтың нан жегісі келіп, қуыстағы тақтаға шығады
да, байқамай нанды жерге түсіріп алады. Тасыр-тұсыр дауысты
естіп, ит те жүгіріп келеді. Сол жерде мысық жерге секіріп
түседі де, екеуі нанды бірінен бірі тартып алмақшы болып,
жанжалдаса кетеді.
Қораның тас қоймасында өрмелеп келе жатқан маймыл
айғайды естіп, тоқтай қалады да:
—Неге жанжалдастыңдар,—деп сұрайды.
Ит:
—Қожамыз қабырғаның қуысына нан қалдырып кеткен
еді. Мына оңбаған мысық қағып жерге түсіріп жіберіп,
түгелдей жалғыз өзі жемекші болып тұр. Бірақ мен онысына
көнбеймін,—дейді.
Сонда мысық тұрып:
—Нанды тақтайдан жылжыта-жылжыта әбден шаршадым,
бермеймін бұл оңбаған итке,—дейді.
Екеуінің сөзін тыңдап болған маймыл:
—Наннан ары кеткендер, мен екеуіңді татуластырамын,—
дейді.
Ит пен мысық оның айтқанына көнеді де, маймыл қойма-
дан секіріп түсіп, үйден таразы алып келеді. Сонан соң нанға
жақындай отырып:
—Жанжалдасудың қажеті жоқ, мен қазір нанды екеуіңе
бірдей тең бөліп беремін,—дейді.
348
349
МЫСАЛ ӘҢГІМЕЛЕР
Ит пен мысық бұған да көнеді. Сонда маймыл нанның бірін
үлкен етіп, енді бірін кіші етіп бөледі де, таразының табағына
салады. Нанның кішкене бөлігі салынған табақ көтеріледі де,
үлкен бөлек жағы басылып кетеді. Сөйтіп, екеуін енді теңес-
тіру керек болған соң, маймыл нанның үлкен бөлігінен ептеп
үзіп алады да, ауызына сала береді. Осылай үзіп жей-жей табақ
жоғары көтеріледі. Енді екінші жағы басылып кетеді. Сөйтіп,
біресе ана табақтан, біресе мына табақтан үзгілей отырып,
маймыл бір табақ әбден босап, екінші табақта болмашы ғана нан
қалғанша жейді. Маймыл енді сол титтей нанды қолына алады
да, ит пен мысыққа:
—Шынында осындай мардымсыз нәрсеге бола жанжал да-
судың жөні бар ма? Ешқайсыңның көңіліңе келмеуі үшін міне,
мен-ақ жеп қояйын,—дейді.
Сонымен, маймыл нанның ақырғы түйірін де қылғып салып,
тайып тұрады. Сөйтіп, ит пен мысық сімпейіп құр қала береді.
35. БҰҒЫ МЕН ТҮЛКІ
Бір күні бұғының су ішкісі келеді де бұлаққа барады.
Бұлақтың өзі бір терең шұңқырда екен. Бұғы суға қанып
шұңқырдан шығайын десе шыға алмай қояды. Жақында бір
түлкі тұр екен:
—Ей, бауырым!—дейді ол сонда бұғыға,—ағаттық істедің
сен, шұңқырға түспей тұрып, одан шығар-шықпасыңды ойлап
алуың керек еді,—деп мысқылдайды.
36. ИТ
Бір адам иттен:
—Сен неге жолда жатырсың?—деп сұрапты.
Ит сонда:
—Мейірімсіз адамды мейірімді адамнан ажырату үшін жа-
тырмын,—депті.
350
ӨТІРІК ЖӘНЕ МЫСАЛДАР
—Мейірімсіз адамды мейірімді адамнан қалай ажы
ра
та-
сың?—деп сұрапты әлгі адам.
—Мейірімді адам маған тимейді. Ал мейірімсіз адам мені
аяғымнан теуіп өтеді,—деп жауап беріпті ит.
37. ҚАСҚЫРДЫ БАЛАҒАТТАҒАН ИТ
Бір күні лақ биік дуалға шығып тұрса, сол маңнан бір қас-
қыр өтіп бара жатыр екен. Лақ қасқырды көре сала балағаттап
тілдей бастайды.
—Арсыз байқұс,—дейді қасқыр сонда,—сенің балағатта-
ға ның менің қаперіме титтей де кірмейді. Білемін, сен биікке
шығып алғандықтан батырсынып көкіп тұрсың, егер қазір
жерде тұрсаң, аузыңды да ашпас едің, бәлем.
38. МАҚТАНШАҚ ҚОЯН
«Қылдырықтай» деген жалған аты бар бір қоян бір күні
басқа қояндарға мақтанады кеп:
—Қасқыр деген маған сөз бе, мен қасқырдан қорықпаймын.
Ал түлкіден ше? Оны үрлеп қалсам болғаны, ұшып кетеді,—
дейді.
Барлық қояндар оған таңдана қарап:
—Түріне қарағанда қылдырықтай әлсіз сияқты, бірақ
қандай ер.—дейді.
Осы кезде қайдан шыққаны белгісіз, әйтеуір бір қасқыр
шыға келіп, қояндарға тап береді.
Қылдырықтайдың қорыққанынан зәресі ұшып, көзін жұм-
ған бойы қарғиды. Қасқырдың дәл төбесіне отыра қалады.
Қас қыр басын шайқап қалғанда қоян ұшып кетіп бір бұтаның
түбіне жалп ете түседі. Қорыққандығы соншалық—не өлі, не
тірі емес, сол арада ұзақ уақыт дем ала алмай қалады.
Ақырында ол қараңғы түсісімен бұтаның арасынан шыға
салып қашқан бойы үйіне келеді.
350
351
МЫСАЛ ӘҢГІМЕЛЕР
—Сен тірісің бе? Біз сені қасқырға жем болды ғой деп ойлап
едік,—деп таңданады қояндар.
—Мен кім? Қасқырға жем болатын мен бе?—деп қыл ды-
рықтай көкірегін қағады,—мен оның басына қарғып шығып,
аяғыммен тепкілеп едім, ол тілін салақтатып құлай кетті. Со-
дан бері мен оның терісін сыпырып жаңа ғана болдым.
Таңырқаған қояндар оған рахмет айтысады:
—Рахмет саған, қылдырық! Біз енді қасқырдан құтылдық.
—Әрине, біз енді одан құтылдық,—деп қылдырықтай да
маңғаздана айтады. Бірақ сол сәтте ол жақын жерде қасқыр
жоқ па екен деп жан-жағына қарап қояды.
39. АҚЫЛДЫ ЕСЕК
Ерте кезде бір есек өмір сүріпті. Барлық есектер сияқты ол да
дүние жүзінде өзінен басқа ақылды жан жоқ деп есептейді екен.
Бір күні есек бауға барады. Қараса биік алма ағашында
кішкене қызыл алмалар самсап, ал бау жанындағы бақшада
өркендеп жатқан пәлекте үлкен асқабақтар пісіп тұрады.
Есек төбесінен төнген алмаларға тағы бір рет көз жібереді де,
содан соң аяғының астында жатқан асқабаққа қарайды.
—Дүниедегі заттардың бәрі соншалықты ақымақшылық-
пен жаратылған!—дейді данышпан есек,—маған ерік берсе ғой,
барлығын өз бетімен қайта жасар едім.
Бұл сөзді жақын жердегі бұтақта отырған торғай естіп,
одан:
—Айтыңызшы, құрметтім, сізге не ұнамай тұр?—деп сұ-
райды.
—Тіпті, сенің өзің де байқап тұрған жоқсың ба?—деп жауап
қайырады есек,—міне, қарашы, мынандай үлкен ағашта
баланың жұдырығының үлкендігіндей ғана алма өсіп тұр, ал
пәлектің жіп-жіңішке сабағында менің басымнан үлкен асқа-
бақ зорға ілініп тұр.
—Барлық данышпандықтың өзі осында жатыр,—деп қар-
сы ласады оған торғай.
352
ӨТІРІК ЖӘНЕ МЫСАЛДАР
—Мұнда тұрған қандай даналық бар,—деп ашуланады
есек,—егер үлкен алма ағашында асқабақ сияқты үлкен алма
өссе, ал пәлектің жіңішке сабағында алма тәрізді кішкентай
асқабақ өсіп тұрса, сонда бәрі ақылға қонымды болар еді ғой.
Есек солай дейді де, алма ағашқа сүйкеніп қасына бастайды.
Осы кезде жоғарыдан бір алма үзіліп кеп есектің басына келіп
тиеді.
—Аңқит-аңқит, бейшара басым-ай, деп айғай салады есек.
Сонда торғай:
—Құрметті, данышпаным, міне, көрдің бе? Алманың асқа-
бақтай болмағанына шүкірлік ет, олай болмағанда басыңыз дан
ешнәрсе қалмаған болар еді,—дейді.
—Солай,—деп есек ыланады да, алма ағаштан аулаққа ке-
туге асығады.
40. ӨЛЕҢ АЙТУДЫ ҮЙРЕНГЕН ЕСЕК
Бөтен елден бір адам патшаға:
—Мен он жылда есекке өлең айтуды үйретемін, тақсыр,
мендей құлыңызға тек қана есек пен он мың теңге қаражат
беруге рұқсат етіңіз, сонда мен сізге өнерімді көрсетемін,—
депті.
Патша жат елдің адамының сөзіне нанып, оған бір есек пен
он мың теңге беруге әмір етеді. Әлгі адам есек пен ақшаны алып,
еліне қайтады да, өзіне әдемі үй салып алады, сөйтіп қалған
ақшаға қызықты өмір сүре бастайды.
Бір күні оған бір досы келген екен. Оның тұрмысын көріп:
—Сен өзің не деген ақымақсың, патшадан алдап бір есек пен
он мың теңге алып, қызық дәурен сүріп жатырсың, ал мұның
аяғының немен бітетінін ойламайсың ба?—депті.
Сонда анау қарсылық білдіріп:
—Мен тіпті де ақымақ емеспін, ойлашы өзің. Он жыл ішін де
осы үшеуіміздің біреуіміз өмірмен қалай қош айтыспай мыз?—
депті.
352
353
МЫСАЛ ӘҢГІМЕЛЕР
41. ЕСЕК
Есек бір күні өзінің қожасы жайында ойға түсіпті:
«Қожам итін өте жақсы көреді, өйтетін себебі, сірә, иттің жа-
рамсақтап, құйрығын бұлаңдатып, алдында секіріп асыр са ла-
тындығынан болуы керек. Әрине, ол оны сондықтан жақсы көре ді.
Ендеше, оның алдында, сірә, менің де ойнақтап, сонан соң тізе сі не
отыруым керек екен! Сонда ол мені сөзсіз еркелетер еді».
Есек осылайша ойлайды. Сол уақытта қожасы егін басынан
келіп, қорадағы орындыққа отыра кеткен екен. Есек оған
жақындап келіп, алдында асыр салып ойнақтай бастайды.
Біресе оңға, біресе солға қарай секіріп, бір ауық аңырап қоя
береді. Сонан соң артқы екі аяғымен тік тұрып, алдыңғы
қожасының кеудесіне қойып, оның тізесіне енді ғана отыра
бермек болғанда, қожасы шыдай алмай баж ете түседі. Оның
дауысын естіп келген қызметші жуан таяқпен есекті сілейтіп
тұрып сойып салады.
42. ТҮЙЕ, АРЫСТАН, ҚАСҚЫР ЖӘНЕ ТҮЛКІ
Түлкі жортып келе жатып, лағып бара жатқан бір түйеге
кездеседі.
—Түйем, қайда барасың?—дейді түлкі.
Түйе:
—Оты мол, суы көп жер іздеп барамын.
Түлкі:
—Ендеше екеуіміз жолдас болайық.
Түйе:
—Болсақ болайық.
Екеуі келе жатса, бір қасқыр келіп жолығады.
Қасқыр:
—Е, қайда барасыңдар?—дейді.
Бұлар:
—Оты мол, суыл мол жер іздеп барамыз,—дейді.
23-0184
354
ӨТІРІК ЖӘНЕ МЫСАЛДАР
—Ендеше үшеуіміз жолдас болайық.
Үшеуі жолдас болып жүріп келе жатса, бір арыстан келіп
кездеседі.
Арыстан:
—Қайда барасыңдар?—деп сұрайды.
Үшеуі:
—Оты мол, суы мол жер іздеп барамыз,—дейді.
Төртеуі жүріп отырып, өзі сулы, биік таулы жерді тауып,
мекен қылып жүреді. Арыстан, қасқыр, түлкілер ұсақ аң,
тышқан аулап жеп жүреді. Түйе жердің оты мен суына жардай
болып семіреді. Қыс болып ұсақ аң таусылып, арыстан, қас қыр,
түлкі үшеуі ашығады. Көздеріне түйеден басқа ештеңе көрін-
бейді. Олар түйені жемек болады. Түйе жолдастығын айтып,
жылайды. Сонан соң түйеге біраз күн тиіспей жүреді. Тіпті
әбден ашыққан соң арыстан, қасқыр, түлкі үшеуі ақылдасып,
түйені жемек болып, түйемен сөйлесуге түлкіні жібереді.
Түлкі түйеге келіп:
—Қыс болса мынау, қар жауып, боран соғып тұр. Жердегі
шөптің бәрі қар астында қалды, енді аз күнде сен байқұс аштан
өліп қаласың ғой. Саған жаным ашып, бір ақыл айтқалы
келдім,—дейді.
Түйе:
—Айта ғой,—дейді.
Түлкі:
—Қыс ішінде бүйтіп әрі аштан, әрі суықтан өлгенше өзіңді
бізге сат. Жаз шығып, көктем туғанда сені боталы інген қы лып
берейік,—дейді.
Қу түлкінің сөзіне аңқау түйе көніп:
—Жарайды,—дейді.
Ана екеуі:
—Ай...Арсеке! Неге қарап тұрсыз, қимылдаңыз,—дейді.
Сонда арыстан түйені жерге көтеріп соғады, түйенің мойы-
ны үзіліп өледі.
Түлкі тұрып:
—Арсеке, сіз деміңізді алып, жата тұрыңыз, біз мұның
терісін сойып болған соң сізге хабар етеміз,—дейді.
354
355
МЫСАЛ ӘҢГІМЕЛЕР
Арыстан:
—Олай болса, жақсы,—деп бір жерге барып жатып қала-
ды. Түлкі мен қасқыр екеуі тістерімен терісін жыртып, түйені
боршалай бастайды.
Түлкі тұрып қасқырға:
—Әй, Қасеке! Мен бөксе жағын сояйын, сіз бас жағын
сойыңыз,—дейді.
Қасқыр түйенің басының пара-парасын шығарып, терісін
жыртып көз майын шығарып қояды. Түлкі мұны көріп қас-
қырға айтады:
—Әй, Қасеке, енді сіз бөксе жағын сойыңыз, мен бас жағын
сояйын,—дейді. Қасқыр барып бөксесін сояды.
Түлкі қасқырға білдірмей, түйенің көз майын ойып жейді
де, қасқырға:
—Сіз алдыңғы аяғын сойыңыз, мен артқы жағына ба-
райын,—дейді.
Қасқыр алдына алданып жатқанда, түлкі іш майын суырып
жеп қояды. Тағы да қасқырға:
—Сіз соя тұрыңыз, мен Арсекеңе барып келейін, неғып
жатыр екен?—деп жүгіріп кетеді.
Арыстан түлкіні көріп, жатқан орнынан түрегеліп:
—Сойып болдыңдар ма?—дейді.
Түлкі:
—Сойып болдық, бірақ мен бір нәрседен қорқып келдім,—
дейді.
Арыстан:
—Неден?—деп сұрайды.
Түлкі:
—Қасқыр айтқан шартта тұрмай, түйенің көз майы мен
іш майын жеп қойды. Енді мен соны сізге айтайын деп келіп
едім,—дейді.
Арыстан ашуланып, ақырып қасқырға келеді. Қасқыр
қорыққанынан қаша жөнеледі. Арыстан қуып кетеді. Қасқыр
мен арыстан бір қырдан асып, көрінбей кеткенде түлкі түйе нің
бар етін бір шұңқырға апарып тығып қояды. Өзі арыстан ның
артынан жүгіріп кете береді.
356
ӨТІРІК ЖӘНЕ МЫСАЛДАР
Арыстан қуалап шаршап келе жатқанда, түлкі оған қарсы
жолығады.
Арыстан түлкіге:
—Қайда барасың?—дейді.
Түлкі:
—Қасқырдың кесірі бәрімізге тиді,—дейді.
Арыстан:
—Неге?—дейді.
Түлкі.
—Сендер кеткен соң түйе: «Мен сендерге сата алмаймын,
мына қылықтарыңа қарағанда, түбінде мені төлемейді екен-
сіңдер» деп, терісін жалбыратып, ішегін сүйретіп кетіп
қалды,—дейді.
Арыстан:
—Қай жаққа қарай кетті?
Түлкі:
—Осы қырдан асып кетті.
Арыстан:
—Қап!—деп түйені қуып кетеді.
Түлкі тамағын тойдырып алып келе жатса, бір жерде қас-
қыр шаршап, ентігіп жатыр екен. Түлкі қасына жетіп келген-
де, қасқыр түлкіге:
—Мені арыстанға шағыстырып жүрген сенсің ғой,—деп
ашуланады.
Түлкі:
—Мені де қуып жіберді, мені кім шағыстырды онда?—
дейді.
Қасқыр бұған нанып:
—Енді қайда барып тұрамыз?—дейді.
Сөйтіп, екеуі келе жатса, алдарында бір жарты құйрық
жатыр екен.
Қасқыр:
—Мұның бір пәлесі бар шығар?—деп жеуден қорқады.
—Сен қорықсаң, өзім жеймін, бүгін базар, мұның не пәлесі
бар дейсің? Жұрт базарға барғанда құйрық арзан болып, арзан
356
357
МЫСАЛ ӘҢГІМЕЛЕР
құйрықты көбірек алған шығар, ол қанжығасына бос байлап,
үйіне шауып бара жатқанда түсіп қалған шығар, жеймін,—деп
түлкі қулықпен ұмтылғанда, қасқыр:
—Өзім жеймін!—деп, құйрықты асап қалғанда, астында
қақпан бар екен, қақпанға қасқыр түсіп қалады.
Сонда түлкі:
—Әй, қасеке, шамасы, сіздің етіңізді мен жейтін болдым
ғой,—дейді.
—Қайтіп жейсің?—дейді қасқыр.
Түлкі:
—Ертең қақпанның иесі келсе, сені көріп, теріңді сойып
алып, етіңді тастап кетеді. Сосын оны мен жемей кім жейді?—
дейді де, бір шұқырға тығылып жата береді.
Ертеңінде аңшы келіп қасқырды көріп, терісін сойып алады
да, етін тастап кетеді. Ол кеткен соң, түлкі қасқырдың етін жеп
тойып алады.
Түлкі онан қайтып келе жатқанда, арыстан келіп қалады.
Түлкі мұны көріп:
—Арсеке, қайдан келесіз?—дейді.
Арыстан:
—Мен түйені таба алмадым.
Түлкі:
—Тақсыр, сіздің атаңызды көріп едім, осы тауда аң аулап
жүретін еді. Аңдарды қарғып басып алып жейтұғын еді, мен
соны көріп тұрушы едім,—дейді.
Сонда арыстан:
—Қалайша қарғып алатын еді, сен маған көрсет, мен қар-
ғып көрейін.
Түлкі:
—Сіздің тұлғаңыз атаңыздан кем емес екен.
Сонда арыстан кейін шегініп, жүгіріп барып жардың басы на
келіп, қорқып тұрғанда.
Түлкі:
—Әй, Асеке, егерде қарғи алсаңыз, нұсқаңыз атаңызға ұқ-
сап кетер еді,—дейді.
358
ӨТІРІК ЖӘНЕ МЫСАЛДАР
Сол уақытта жардың астына бір киік келіп қалады. Арыс-
тан соған қарғып түскенде, сүйектері күл-парша болады. Сонда
түлкі келіп:
—Арсеке, бір жеріңіз ауырып қалды ма?—деп сұрайды.
Арыстан:
—Сүйекте сынбаған сүйек жоқ,—дейді.
Түлкі мұның қимылдауға шамасының келмейтінін біліп,
қоң етін ойып жеп жатады.
Арыстан:
—Әй, түлкі алдымен көз майымды жеші,—дейді.
Түлкі:
—Арсеке, несіне асығасың, бұйыртса, сенің барлық майың-
ды жейтін болдым ғой,—дейді.
Арыстанды және жеп, түлкі қу қыстан аман шығады.
Достарыңызбен бөлісу: |