ҚАҢЛЫ МЕМЛЕКЕТІ Б.з.б. ІІ ғасырдың екінші жартысындағы «Халықтардың Ұлы қоныс аударуы» деп аталатын тарихи құбылыс Еуразия кеңістігінде үлкен саяси өзгерістер алып келді. Осы уақытта Қазақстанның оңтүстік аймағында Қаңлы мемлекеті бой көтерді. Мемлекет аумағы ұлан-байтақ жерді: Ташкент жазирасы мен Сырдария, Жаңадария, Қуаңдария алабының ежелгі арналарын, Жетісудың оңтүстік-батыс бөлігін және Оңтүстік Қазақстан жерін алып жатты. Қытай деректерінде бұл мемлекеттің атауын «кангюй» деп береді және бес кіші иеліктерден құрылатынын хабарлайды. Кангюй мемлекетінің аумағының тарихын алғашқылардың бірі болып зерттеген Н.Бичурин болды. Н.Бичурин «Кангюй иелігі қазіргі қазақтың Ұлы жүзі мен Орта жүздері көшіп жүрген Сырдарияның солтүстік аймақтарын алып жатты» деп жазған. Үлкен Хань әулетінің «Цянь Ханьшу» деген хроникасында былай делінген: «Кангюй билеушісі Лоюень елінде, Уаннан 12 300 ли жердегі Битянь қаласын мекендейді (1ли ≈ 500м). Ол наместникке тәуелді емес. Әміршінің жазда болатын жеріне Лоюеннен жеті күнде жетуге болады. Халқы 120 000 шаңырақ, шамамен 600 000 адамды құрайды, әскер саны 120 000. Әдет-ғұрпы үлкен юечжимен бірдей. Кангюй шығыс жағында ғұндарға бағынады». Осындай қытай деректеріне сүйенген С.П.Толстов, қаңлы жерлері шығысында Ферғанаға (Давань) дейін, оңтүстікте Парфия және Бактриямен шектесті, батысында Бұхара жазирасымен Хорезмді қамтыды десе, А.Н.Бернштам қаңлы жерінің шығыстағы шекарасы Талас өзенінің бойы болды деген пікір айтады. Кейінгі жүргізілген археологиялық зерттеулерге сүйене отырып, бүгінде тарихшыларымыз қаңлылардың бес иелігін Сырдария өзенінің бойымен былай орналастырады: 1) Ги - Сырдарияның сағасы; 2) Сусе - Сырдарияның орта ағысы, Арыс өзенінің аңғары, Қаратау беткейі; 3) Фуму-Жаңақорғанның солтүстік-батысынан Қазалыға дейін; 4) Юегань-Хорезм; 5) Юени-Ташкент жазирасы. Жоғарыдағы аталған аймақтардағы иеліктерінен Қаңлы мемлекеті б.з. ІІІ ғасырынан бастап біртіндеп айырыла бастаған. Б.з. V ғасырдағы деректерде қаңлылар Қытай императорына елші жіберген ел ретінде ғана белгілі. Сөйтіп, б.з. V ғасырында Қаңлы мемлекеті бірнеше ұсақ иеліктерге бөлініп, мемлекет ретінде жойылды.