Археологиялық ескерткіштері. Қаңлылар мекендеген Сырдария өзенінің алқабынан археологтар б.з.б . ІІІ ғасыр мен б.з V ғасыры аралығындағы көптеген қала-қоныстар мен қорымдарды тапты. Табылған археологиялық ескерткіштерді ғалымдар Қауыншы, Отырар-Қаратау, Жетіасар археологиялық мәдениеттері деп атады. Қауыншы археологиялық мәдениеті Ташкент жазирасында тараған. Бұл мәдениеттің жақсы зерттелген ескерткіші, Шардара маңындағы Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан Ақтөбе қонысы және Шәушіқұм, Жамантоғай, Төребайтұмсық қорымдары. Отырар-Қаратау археологиялық мәдениетінің тараған аумағы Сырдария өзенінің орта ағысымен шығысқа қарай Қаратау бөктерімен бойлай Талас өзеніне дейінгі аралықты алып жатты. Аталған мәдениеттің ескерткіштерінің шоғырланған жерінің бірі, Арыс өзенінің сол жағалауында 100 шаршы шақырым жерді алып жатқан, көлемі жағынан әр түрлі жиырма шақты төбелер. Ең ірісі мен орталығы болған Көк-Мардан қалашығы Арыс өзенінің ескі екі арнасының қосылған жеріндегі аралда орналасқан. Көлемі 2 гектардан сәл астам, ал ең биік жері 15 метр.
Жетіасар археологиялық мәдениеті Қуаңдария мен Жаңадария аңғарында тараған. Бұл мәдениет б.з.б І мыңжылдықтың ортасынан б.з. І мыңжылдық ортасына дейінгі уақытта Арал теңізінің бүкіл шығыс аймағына тарады. Мәдениеттің шоғырланып тараған жерлерінің бірі, Сырдария өзенінің солтүстіктегі ең ежелгі тармағы Қуаңдария өзенінің бойы. Ол жерде жүз елуден астам бекіністі қалашықтар мен жүзден астам обалы қорымдар орналасқан. Жетіасар мәдениетінің бір ерекшелігі ірі қоныстардың барлығы дерлік мықты қорғаныс жүйесімен салынған. Қалалардың көбі бір жерде мың жылдай өмір сүргендіктен, ежелгі қабаттарының кейінгі қабат астында қалып қоюы мамандардың зерттеу жұмыстарына қиындық туғызып отыр.
Қаңлылар қазақ шежіресінде Майқы биден тарайды делінген. Әрине тарих ғылымы үшін ол жеткіліксіз дәлел. Көптеген ғалымдар Сырдария өзенінің бойында б.з.б. ІІІ ғасыр мен б.з. V ғасырда мекендеген қаңлы тайпасы бірлестігін парсы тіл тобындағы халықтарға жатқызған болатын. Алайда кейінгі уақытта қаңлылар ежелгі түркі тілінде сөйледі деп, алтай тіл тобына жатқызатындар да шығып жатыр. Айта кету керек соңғыларының да дәлелі салмағы жағынан айқын болып жүр. Қалай дегенмен де ежелгі қаңлылар «Халықтардың Ұлы қоныс адаруы» кезінде шығыстан келген басқа түркі тілдес тайпалармен араласып, бүгінгі қазақ халқынын құрамына кіргені ешбір күмән туғызбайды.