Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан. Бұл сақ тайпалары мекендеген аса көлемді аймақ: тиграхаудтар - Жетісуда, ал массагеттер Арал өңірі мен Сыр бойында өмір сүрген. Сақ тайпалары көп қоныстанған орталықтардың бірі- Іле алқабы болған. Бесшатыр, Есік, Түрген, Кеген, Алексеев оба мазарлары осы алқаптан табылған. Жетісудағы сақ мәдениеті өз дамуында екі кезеңді басынан өткерген: ерте кезеңі (б.з.д. ҮІІІ- ҮІ ғғ) және кейінгі кезең (б.з.д. Ү-ІІІ ғғ.). Соңғы кезеңдегі патша обалары ескерткіштері жөніндегі ең толық мәліметті б.з дейінгі І мың жылдықтың орта кезеңіне жататын Бесшатыр қорымы мен Есік обасы береді. Бесшатыр қорымы Іле өзенінің оң жағалауындағы Шылбыр деген жерде, ол 31 обадан тұрады. Қорымның обалары баяғыда тоналған, бірақ тонаушылар барлық затты көтеріп кете алмаған. Шолақ темір қанжар-акинактар, садақ оғының қола жебелері мен қорамсақтары табылған. Жетісу сақтарының тамаша ескерткіштерінің бірі- Есік обасы- біздің заманымыздан бұрынғы Ү-ІҮ ғасырларда өмір сүрген сақ тайпаларының тарихы мен мәдениетінен хабар беретін аса көрнекті ескерткіш. Есік қорғаны Есік қаласының жанындағы Есік өзенінің сол жағалауында, Алматы қаласынан 50 шақырым жерден табылған. Мұнда табылған 4 мыңнан астам бұйымдардың көбі алтыннан жасалған. Осылардың ішіндегі екі нәрсе біздер үшін ерекше құнды дүниелер. Бірі- 26 таңбадан тұратын жазуы бар тостаған ыдыс. Екіншісі- атақты Алтын адам. Таңбалы тостаған. Бұл тостаған сақ дәуірінен сақталған, жазба ескерткіш болып танылады. Бұл жазу біздің ата- бабаларымыздың өркениетінің ерте қалыптасқанын әлем жұртшылығына танытты. Жұмбақ жазуды атақты турколог- ғалым- Алтай Аманжолов оқыған: «Аға саған бұл ошақ! Бөтен ел адамы тізіңді бүк! Халықта азық- түлік мол болғай» - деп аударылады екен. Бұл жазудың құндылығы: Қазақстан жерін мекендеген сақтардың тілі- түркі тілі екендігін дәлелдейді.
Әшекей жапсырмалар.Есік қорғанынан табылған әшекей жапсырмаларда түрлі аңдардың бейнелері ерекше талғаммен безендірілген. Пышақ, канжарлардың сабында бейнеленген жапсырмалардағы бұланның, аттың, бұғының суреттері сақ мәдениетінің бір айғағы.