Сатылханова гульмира алихановна



Pdf көрінісі
бет28/66
Дата07.01.2022
өлшемі1,74 Mb.
#17302
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   66
Байланысты:
Satylkhanova Disser

мыңға  балап  ұстайтындығы  бүкіл  ауылға  мәлім.  Салақ  қатындар  Айшаны 
жаратпай,  мін  таққысы  келеді»  деген  бір  ауыз  деталь  басты  кейіпкеріміздің 
кім  екені  жөнінде  сұрақ  қалдырмайды.  Күйеуі  Бірмағамбет  екеуі  малайлықты 
да,  күңдікті  де,  байдың  таяғын,  бәйбішенің  бақыруын  –  бәрін  басынан 
кешірген.  Үй  болып,  түтін  түтеткесін,  өз  алдарына  өмір  тілеген  үш-төрт 
жылында Айша кәмпескеден екі-үш қара тиіп, басы босағасын аз дүниесін тап-
тұйнақтай  қып  ұстап,  тазалыққа  әдет  алған  жан  еді.  Ал  оның  Кәстенкенің 
дүкенінен  алдырған,  үш  жылдан  бері  атасының  басындай  сақтап  жүрген  қара 


53 
 
шелегін сұрап алған адам – «жаулығы салтақ-салтақ кір. Аяғындағы кебісі бір 
жамбастап  қисайып  кеткен»  Қожағұлдың  тоқалы.  Аяқ  астынан  «Жаңа 
тұрмыс» артелінің басқарма ағасы болып сайланып, не істерін білмей дағдарып 
қалған  Айша  ойламаған  жерден  тоқалға  шелегін  беріп  жіберді.  Есін  жиып, 
шелегі  жоқ  екенін  көргенде,  жаны  шығып  кете  жаздады.  Өйткені,  қара 
тоқалдың қолына түскен ыдыс сау қайтқан емес: кесе алса, екі бөліп қайтарады, 
құманша алса, шүмегін сындырып қайтарады, шелек алса не боларын түсінген 
Айша үйінен шыға жүгірді. Екі үйдің арасына жалданып тұрған қарға тізесінен 
батып  малтықты.  Оған  да  тоқтаған  жоқ,  қара  тоқалдың  үйіне  жеткенше,  қара 
шелекті көргенше асықты. Келсе, «шашы обырап, күлді бұрқыратып қара тоқал 
пештің алдында отыр еді [97,379]. Есіктен кірген Айшаны көрді де, ашуланған 
пішінмен  шымшуырмен  отты  көсеп-көсеп  қалды.  Күл  бұрқырап  пештің 
аузынан көлбеп ұша берді» деген детальдар оқырманға шелектің күні біткенін 
алдын ала ұғындырады. «Айша босағаға қараса, екі бүктетіліп, түбі аламайымен 
сөгіліп,  қара  шелек  жатыр!  Жаны  шығып  кете  жаздады.  Жалма-жан  шелекті 
алып,  қара  тоқалға  жіберіп  ұрды.  Ызаланып  көзінен  жасы  ыршып-ыршып 
кетті»  [97,379].  Міне,  қара  шелектің  қысқаша  оқиғасы  осы.  Шелек-деталь 
Айшаның  характерін  толықтай  ашып  береді.Шағын  новеллада  заттық 
детальдар  арқылы  автор  әйелдің  образын:  пысықтығын  да,  артель  басшысы 
болып сайланған өткірлігін де, шелегінен айрылған сәттегі психологиялық хал-
ахуалын  да  әдемі  жеткізе  білген.  Жазушы  образ  характерінің  ішкі  жан-
дүниесін,  нанымдылығын  көрсетуде  детальды  орынды  пайдалана  білген. 
Новеллаға  желі  болған  қара  шелек  оқиға  динамикасына  ажар  кіргізе  алған. 
Жазушының  халық  санасындағы  өзгерісті,  жан  дүниесіндегі  жаңаруды 
тамыршыдай тап басып, шеберлікпен өрнектегені жөнінде Қ.Ергөбек салиқалы 
ой  айтады:  «Би  ағаң  қаламы  тиіп  кеткен  жері  өмірдің  өзіне  айналып  жүре 
береді.  Кейіпкерлері  өмірден  қалыпқа  қалай  көшсе,  кітаптан  өмірге  дәл  солай 
қоныс  аударып,  тірі  адамға  айналып,  өзара  айтысып-тартысып,  болыстыққа 
таласып,  ерлі-байлы  екеуі  ренжісіп  қалып,  байқаусызда  ерінен  «талақ»  деген 
епетейсіз сөз шығып кетіп, екеуінің де зәре-құты қашып жүріп жатады» [99,9]. 
Бұл әрине, жазушы сомдаған кейіпкерлерінің соншалықты жанды, соншалықты 
таза әрі шынайы шыққандығы қатысты айтылғаны даусыз. 
Қаламгер  туындыларындағы  детальдың  қолданысына  ғалым  Г.Пірәлиева: 
«Б.Майлиннің  шығармаларындағы  тұрмыстық  заттық  әлем,  ондағы  әрбір 
деталь – кейіпкердің ішкі әлемін ашуда, адам жаратылысының, түйсігінің небір 
қатпар  қырларын,  құпия  сырларын  әшкерелеу  үшін  әдейі  алынған  және  ішкі 
иірімдерге  енудің  бірден-бір  жолы,  соны  көркемдік  тәсілі  болып  табылады. 
Майлинде  зат  адамды  алмастырмайды,  бірақ  ол  зат  сол  адам  үшін  оның 
табиғатын,  характерін,  болмыс-бітімін,  бүкіл  тағдырын  шешетін  бірден-бір 
көркемдік деталь болып кейіпкердің образын ашып тұрады. Және жазушының 
әңгімелеріндегі  заттық  әлем  поэтикалық  ойдың  үзіліссіз  жұмыс  істейтін 
материалы  ретінде  көрінеді.  Ол  әңгіменің  сюжеттік  желісін  одан  әрі  үзбей 
жалғастыра 
отырып, 
өзі 
арқылы 
үлкен 
әлеуметтік-экономикалық, 
философиялық  ой  түйеді»  деп  жоғары баға береді  [22,279].  Расында да  шелек 


54 
 
арқылы Айшаның характері айдан анық көрінеді. Ол көп дүниеге құмар емес, 
қолда  бар  аз  дүниесін  ұқыпты  ұстауға  дағдыланған,  біреудің  затын  алғанды 
жаны сүймейтін жан екені; ал шелекпен тоқалды ұрғаны – өктемдік емес, көп 
сөзге жоқ жанның ашынғанының, ренжіп, таусылуының, өкінішінің белгісі еді. 
Б.Майлин  новеллаларында  қолданылған  детальдар  мынадай  көркемдік 
қызмет атқарады деуге болады. Біріншіден, заттық детальдар адамды ауыстыра 
алмаса да, сол пайдаланылған заты арқылы оның характерін танимыз. Ішкі жан-
дүниесінің тереңінде тұнып жатқан сырына қанық боламыз. Екіншіден, заттық 
деталь  арқылы  негізгі  кейіпкердің  әлеуметтік  статусын  ажыратамыз. 
Үшіншіден, сол заттық деталь арқылы кейіпкерді толғандырған мәселенің басы 
ашылып,  оның  әлеуметтік,  материалдық,  экономикалық  проблемасы 
айқындалады.  
Бейімбеттің  әлеуметтік-психологиялық  новеллаларында  өмір  құбылыстары 
кейіпкердің  ішкі  әлемі  арқылы  өтіп,  оның  жан  дүниесіне  сыртқы  жағдайдың 
еткен әсері, жасаған өзгерісі көрінуге тиіс. Бірақ, автор кейіпкер психологиясын 
бейнелеуді  желеу  етіп,  көп  сөзділікке  салынбайды,  бір-екі  ұтымды  детальды 
пайдаланумен  шектеледі.  Яғни,  адамның  ішкі  сарайын  ашатын  кілт-детальды 
таба білген. 
Новеллистің    тағы  бір  ерекшелігі  –  оқиғаға  ең  қажетті  оқиғаны  таңдай 
білуге икемділігі, қабілеттілігі.  
Қазақ  әдебиетінің жанрлары өрісін  кеңейтуші,  сөзге  тым  сараң  көркем  сөз 
шебері,  классик  жазушы  Ғ.Мүсірепов  –  мықты  новеллист.  Тіршіліктің,  бүкіл 
шығармашылығының түп қазығы етіп алған ана тақырыбын новелла жанрында 
қаламгер  ерекше  безбендеп  көрсетті,  оқырманына  ой  сала  білді.  Ана 
тақырыбын  көтеру  арқылы  ол  қазақ  әдебиетіндегі  новелла  жанрын  жаңа  бір 
белеске  көтеріп,  өркендетсе;  ана  образын  жасаудағы  жазушы  жетістігін  әлі 
күнге  ешкім  қайталаған  емес.  «Бұл  тақырыпты  қамтудағы  Мүсіреповтің 
шеберлігі өзге суреткерді еш қайталамайды. Оның шығармаларында өзіндік үн, 
өзіндік сөз, өзіндік әуен жатқандай» [100,261]. Кейіпкерлері арқылы бір романы 
циклданған дүниеге айналған реалист жазушы Оноре де Бальзактың «Адамзат 
комедиясы»  секілді  Ғ.Мүсірепов  те  ана  тақырыбында  қазақ  әдебиетіне 
«үйірімен  үш  тоғыз»  тарту  таралғы  жасады.  Яғни,  ана  тақырыбында  «Ана 
туралы»  тоғыз туынды тудырды. Басты кейіпкерлері – аналар, негізгі тақырып 
–  ана,  идеясы  –  ананы  дәріптеу,  ананы  қастерлеу,  ананы  ұлықтау.  Классик 
новеллаларын  бір-бірінен  бөліп  жара  алмаймыз,  өйткені  бірі  екіншісін 
толықтырып отырады, сол арқылы ананың аяулы бейнесі әр қырынан жарқырап 
ашыла түседі. Сонысымен де ол тұтас дүниедей әсер қалдырады.  
«Жазушы  қаламының  сатиралық  іздері  айқынырақ  байқалатын  тұстары  – 
әңгімелері.  Тіпті,  ана  туралы  романтикалық  новеллаларының  өзінде  жасырын 
юмор,  отты  мысқыл  штрихтарын  аңғару  қиын  емес.  Ана  қасиетін  дәріптей 
отырып,  ана  төңірегін  торып  жүрген  қасиетсіздерді  суреттегенде  жазушы 
қаламы өткір семсер секілденіп кетеді» [100,261]. 
Суреткердің  стилінің  ерекшелігі  –  ол  ана  тақырыбын  сөз  еткенде  тілі 
түрленіп,  өткірленіп  кетеді.  Новелла  жанрының  көлемі  көп  сөзді 


55 
 
көтермейтіндігін  жадына  мықтап  түйген  жазушы  баяндауларға  жол  бермейді. 
Қай новелласын оқысақ та, оқиға құрылымы шымыр, бас-аяғы жинақы келеді. 
Тіпті  өз  ойын  да  кейіпкер  ойымен  сабақтастырып,  кейіпкер  сөзімен  жеткізіп 
отырады.  Жазушының  мұндай  шеберлікке  жетуінің  бір  ұшқыны  –  детальды 
шеберлікпен  қолдануында  деуге  болады.  Қаламгер  новеллаларындағы  деталь 
қолданысын сараптап, қарастырған ғалым Т.Ақшолақов: «детальдарды іріктеп, 
таңдап  ала  білуі,  соны  көздеген  мақсатына  орай  ала  білуі  –  жазушының 
суреткерлігі, шеберлігі» [90,117] деп бағалайды. 
Новеллада  кездесетін  заттық  детальдар  кейіпкердің  басындағы  шындық 
оқиғаны бейнелей отырып, оның өмір сүрген тарихи кезеңі, әлеуметтік ортасы, 
мезгіл-мекенінен толық хабар береді. Детальдың негізгі қызметі де осы бір ғана 
сөйлем, бір ғана бөлшек арқылы тұтас шындықтан хабар беру. Мысал ретінде 
жазушының  «Өлімді  жеңген  ана»  новелласын  алуға  болады.  Автор 
суреттеуіндегі Әмір Темірдің ханшатырына көңіл бөлсек: «Алаңға тігілген бес 
мың  ақ  шатыр,  бәрі  де  дөп-дөңгелек,  ақ  қызғалдақ,  ақ  гүл  секілді.  Бәрінің 
төбесінде де бір-бір жалау Темірге табынып, басын иіп тұр. Бәрінің ортасында 
Ақсақ Темірдің ала шатыры  – алып ордасы тұр. Бұл төрт бұрышты, айналасы 
жүз қадам, үш найза бойы биіктігі бар күмбез. Ортасында он екі алтын баған. 
Төбесінде көкпеңбек мұнара. Сары, қара, көк жібектен қиюластырып жасалған 
ала  шатыр.  Кім  білсін  қанша  әйел,  қанша  уақытта  тоқып  шығарғанын? 
Шатырды бес жүз қызыл баумен жерге таңып тастапты [101,149].Әйтпесе, жер 
тәңірісі Темірдің ала шатырын жел ұшырып әкету де мүмкін емес пе... . 
Шатырдың  төрт  бұрышында  төрт  күміс  қыран.  Ортасында,  көк  күмбездің 
дәл ортасында, биік тақта, ешкімге жеңгізбеген, жеңгізбен де деген бесінші ақ 
иық Ақсақ Темір Көрегеннің өзі отыр. Темір аспан түсті көк жібектен киінген. 
Үсті-басы от шашып, жалын жалап тұрған інжу тастар. Бұл тастар оның үстінде 
бес-ақ мыңдай екен! [101,149]. Қаһарынан қар төккен аппақ басында ақ бөрік. 
Бөркінің шошақ төбесінде жұдырықтай қып-қызыл жақұт. Темірдің қып-қызыл 
көзі  дүниені  жалмап,  жалт-жұлт  етеді.  Қанды  көзі  қан  шашып,  төңкеріліп 
қояды... 
Осы күні дүниеде жоқ кілемдердің үстіне арақ құйған үш жүз алтын бокал» 
[101,149]  –  деп  берілетін  заттық  детальдар  төрткүл  дүниені  дір  еткізіп,  ашса 
алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Әмір Темірдің айбынын, асқақтығын 
айғақтайды.  Автор  қанға  тоймайтын  қып-қызыл  көзді  Темірдің  жорықтарын, 
қанша елдің қанын дария қып ағызып, жаулап алғанын баяндауға жол бермейді. 
Новелла жанрының қатал шартына бағынып, бір ғана хан шатырының ішіндегі 
заттық детальдарды суреттеу арқылы ешкімге жеңгізбеген, жеңгізбен де деген 
ақ  иық  Ақсақ  Темірдің  асқақ  құдіретін  көрсетеді.  Ж.Молдағалиевтің  Ғабит 
Мүсіреповтың  аналар  жөніндегі  новеллалары  жөнінде:  «Ғ.Мүсірепов 
суреттеген  аналар  бейнесі  –  қазақ  әдебиетінде  бұрын-соңды  мұншалықты 
жарқырап  көрінген  емес.  Романтикалық  батыр  анадан  бастап,  кешегі  төңкеріс 
жылдары болысты өлтірген қаһармандыққа дейін бір көтерілсе, баласын, ішінен 
шыққан  құлынын  іздеп  адамның  арыстаны  Ақсақ  Темірдің  өзіне  әмір  берген 


56 
 
ана жауын өртеп, өзі де қаза болған ер аналар төл әдебиетіміз үшін қайталанбас 
бейнелер болып отыр» [100,261] деп айтылған пікірі негізсіз емес. 
Шындығында  «Оның  ой  айтпайтын,  ешқандай  көркемдік  қызмет 
атқармайтын бір артық қимылын, бір артық ауыз сөзін, далада жатқан деталін 
көрмейсіз.  Әрбір  сөзге  сауысқанша  сақ  та  сараң  сырбаз  суреткер  көркем 
текстегі  кейіпкерлерінің  әрбір  қимыл-қозғалысын,  денедегі  әрбір  динамикалы 
әрекеттің  әдемі  поэтикасын,  өзіндік  дене  образын  дененің  ішкі  және  сыртқы 
құпия-сырын,  жалпы  дененің  пластикалық  бояуының  көркемдік  кеңістік  пен 
көркемдік әлемдегі көрінісін, оның жеке тұлғалық поэтикасын, философиялық, 
эстетикалық құндылығын асқан көркем шеберлікпен ашып, өз оқырмандарына 
жеткізе біледі» [102,78].  
Новеллист  Ғ.Мүсіреповтың  «Ер  ана»  шығармасындағы  көрнекі  заттық 
деталь  – мүсін.  Мектепке  орналасқан неміс  офицерлері  сынып бөлмелеріндегі 
өздері ескі салтты, өткен ғасырдың тағы адамдары санаған талай ақ сақалды, ақ 
бас  дана  қарттардың  суреттерін  жұлып,  гипстен  жасаған  мүсіндерін  далаға 
лақтырып  тастайды.  Автор  «Наталья  қарға  кеудесінен  кіріп  отыра  қалған 
Толстой  мүсінін  көрді»  [101,178]  деген  деталь-мүсінді  бекер  енгізіп  отырған 
жоқ. Бұл мүсін-деталь – шығармадағы бүкіл композициялық тұтастықты сақтап 
тұрған,  автордың  айтпақ  болған  идеясы  мен  авторлық  позициясынан  хабар 
беретін,  бір  сөзбен  айтқанда  шығарманың  өн  бойына  сым  болып  тартылған 
негізгі  желі,  өзегі.  Себебі,  алғашында  Наталья  ана  қызын  алып,  аман-есен 
орманға  жетіп  алуды  көздегенімен,  ақ  қарға  шаншылған  Толстой  мүсінін 
көрген бойда тас-түйін боп бекіп, бірден нық шешім қабылдайды. Ол шешім – 
кек алу болатын. Мүсін анаға қатты әсер етті. Қалың қабақтың астынан түйіле 
қараған жазушының шүңірек көздері Натальяға әлденені айтып, әмір еткендей 
әсер  етеді.  Сол  сәтте  оның  ойына  Толстойдың  «Анна»  шығармасын  бастарда 
жазған  «Егер  кегім  алынса»  деген  сөздері  түседі.  Толстойдың  «кегім  алынса» 
деген  арман-ызасы  –  Наталья  ананың  бойында  «кегім  алынса»  деген  мақсат-
мұратты  оятты.  Ол  бәрін  ұмытты,  өзін  қоршаған  жауды  да  ұмытты, 
қорқынышты  да  ұмытты.  Жауған  оқты  да  елемей,  өлім  қаупін  де  ұмытты. 
Бойын тек бір ғана сезім – кек алу сезімі биледі. 1918 жылғы соғыста дәл осы 
немістердің қолынан қаза тапқан күйеуі Степан үшін де, сүзек ауруынан оңала 
алмай жатқан немересі Лида үшін де, қала берді жазықсыз жазым болып жатқан 
ауылдастары үшін де кек алу үшін шешімге келген ер ананың жүрегі бүлк еткен 
жоқ.  Партизандардың  мектеп  астын  дәріге  толтырып,  снаряд  қазып  кеткен 
ұңғыға  от  беретін  сымның  ұшын  көміп  кеткенін  өз  көзімен  көрген  ер  ана 
сатырлаған қу тақтайларды жинап алып, от тұтатып алып, ұңғының аузына от 
қойды да, қара түнге сүңгіп кетті. 
Бір ғана гүрс етіп, мектеп үйі аспанға ұшқанда Ана жүрегіндегі ақтық кесім 
алынып тасталды.  
Соғыс  қасіретін  айтылған  Б.Бұлқышевтің  «Жауыздық  пен  махаббат» 
новелласында  оқ-дәріні  қапшығына,  қойны-қонышына  толтырып  алған 
солдаттың  аузынан:  «Шымкенттің,  Жезқазғанның  дорбасын  ашып  қойдым» 
деген  сөз  шығады.  Осы  бір  ауыз  сөз-деталь  арқылы  соғыс  тылы  болған  қазақ 


57 
 
даласының,  оқ  жасайтын  Шымкент,  Жезқазған  заводтарының  мыңдаған 
шақырым  жерден  майдан  даласындағы  окоптармен  жалғасып  жататындығын 
автор  мақтанышпен  жеткізеді.  Жеңісті  жақындатуда  қазақ  халқының  рөлі 
қаншалықты  күшті  болғанын  бір  ауыз  сөздің  аясына  сыйғызады.  Сол  арқылы 
перзенттік  мақтаныш  сезім,  Отанына  деген  құрмет  сезіледі.  Туған  жер 
заводтарының  гигант  қабырғаларына  арқасын  сүйеп  отырғандай,  еркін  тыныс 
алады.  Қиян-кескі  майдан  даласының  қаншалықты  адам  төзгісіз  екенін  автор 
«біздің  үстімізден  он  жауындай  жауды»  деген  гиперболалық  теңеу  арқылы 
жеткізе  отырып,  «Әділдіктің  анасы  адампаз  жалпақ  қара жер,  мен үшін жауға 
ұмтылған  балаларымның  уылжыған  жас  қаны  қарға-құзғынға  жем  болмасын 
дегендей,  бетіне  жиналған  қанды  өзіне  сіңіріп,  ішіне  тартып  алып  жатты.  Уа, 
қара  жер,  қара  жер,  сенен  береген,  сенен  әділ  кім  бар!  Тіршілікте  анадай 
қамқоршысың,  тіршілікпен  қоштасқан  күнде  де  адамның  сүйегі  шашылып 
жатпасын  деп  өзіңнің  жалпақ  денеңмен  жабасың  дедік  біз  алдымыздағы  қан 
төгілген окоптан көзімізді алмай тұрып» [49,30] деген детальдар Жер-Ананың 
кеңдігін, мейірбандығын суреттейді. 
Соғыс  өрті  салған  дерттің  кімге  болса  да  оңай  тимегені  анық.  Ө.Қанахин 
«Қарындастың  көз  жасы»  новелласында  ер-азаматының  бәрінен  айрылған 
соғыстан  кейінгі  қазақ  аулының  кейпін  суреттегенде  заттық  детальды  өтетін 
оқиғаның  жалпы  фоны  ретінде  алады.  «Құлаған  шым  дуал,  қисайған  ағаш 
қақпа,  жарымының  әйнегі  жоқ,  соқыр  терезе,  былтырғы  жауынның  айғызы 
үстіне  биылғысы  қосылып,  қабырғасынан  таспа  тілгендей,  ырым-жырым 
арсиған көне үйлердің төбесін жапқан қамысының өзі кетіліп, мүжіліп, қараған 
кісінің  жүрегіне  қаяу  түсіреді.  Тіпті  бір  үйдің  іргесінің  көмілгені  сонша,  өлі 
жүні әлі түспеген арық ақ қаншық еркін секіріп төбесіне шықты да, қабырғасы 
тыржыңдаған аш бүйірін күнге беріп тырия құлады» [103].    
Қазақ  прозасында  Ғ.Мүсіреповтен  кейін  көрінген  новеллист  Қосжан 
Мүсіреповтің «Асылық» новелласында автор адам бойындағы кеселді мінездер 
арқылы үлкен әлеуметтік проблеманы көтереді. Новеллада халық танымындағы 
жақсы  мен  жаманның,  адал  мен  арамның,  көнеден  жеткен  салт  пен  жаңадан 
енген  қалыптың  ара  жігі  ашылады.  Өздерін  интеллигенция  өкілі,  жаңа  ұрпақ 
санайтын  жастар  санасының  өзгеріске,  деградацияға  ұшырауын,  ұлттық 
дәстүрден  баз  кешуін  баяндайды.  Қартын  қазынасына  балаған  ұлттың  Садыр 
мен  Шарапат  сынды  оқығандарының  көргенсіз,  дөрекі,  мұрнының 
алдындағыдан  артық  ештеңені  көре  алмайтын  көрсоқыр,  өзімшіл  қараулығын 
оқырман алдына еш бүкпесіз жайып салады.  
Үйінде  қонақ  күтіп,  екі  беті  албырап  отырған  Садыр  бүгінде  тасы  өрге 
домалаған,  шығармашылық  таланты  шырқап  тұрған  ақын  ғана  емес,  өзін 
ойшыл сезінетін халге жеткен. «Қазақта өлең әзірлеуге, құдайға шүкір, мақал-
мәтелдер, нақыл дана сөздер жетеді. Соның бәрін нақтылап бейнелей білсең  – 
бір-бір  асыл  өлең  ғой»  деп  ұғатын  арамза  Садырдың  бүгінде  өзін  асқақ 
ұстайтыны соншалықты «жас екенмін деп, кейбіреулер ұқсап, жымиып немесе 
күлімсіреп,  фотоға  ақжарқын  түсуді  әлдеқашан  қойған,  газеттерге  суретін 
бергенде  терең  бір  ой  дариясында,  өткен-кеткенді  толғаған  бейнеде  түсіп 


58 
 
жүрген» мінез-деталь данышпандығы да автор назарынан тыс қалмайды. Садыр 
ғана  емес,  қонақпен  қонақ  болып  жағаласып,  өз  дастарқанына  зорға  үлгерген 
оның ақ сазандай келіншегі Шарапаттың ойы да, көңілі де өзгергенін новеллист 
«Өңі  де,  түсі  де  адам  танығысыз:  таңертеңгі  мақпалдай  қара  толқын  шашы 
жүгерінің қурай бастаған шашақтарындай сап-сары боп қобырап шыға келген» 
деген  портреттік  деталь  арқылы  анық  аңғартады.  Ұлттық  тәрбие,  ұлттық 
мәдениет  адыра  қалған.  Шарапаттың  жүріс-тұрысы,  киім  киісі,  тіпті  сөйлеген 
сөзінен  де  өзге  ұлт  мәдениетіне  тән  белгілер  білінеді.  Автор  Шарапат  образы 
арқылы  қалалық  ұлттық  мәдени  деңгейімізді  көрсеткісі  келетіндей.  Негізінде 
ұлт  санасының  мәдени  экспансиялануы  әдебиет  тарихында  бар  үрдіс.  
Ж.Аймауытовтың  Ақбілегі  қалада  оқып  келген  соң,  туған  ауылын  менсінбей, 
киіз  үйге  жиіркене  қарайтыны;  Б.Майлиннің  коммунист  Раушаны  да  қалада 
алғаш  ішімдікпен  ауызданып,  орысша  киініп  үйіне  келгенде  күйеуін  танымай 
күлкі  тудыратыны  белгілі  [95].  Міне,  ой-өрісі  осындай  деңгейдегі,  өздерін 
бәрінен  артық,  бәрінен  ақылды,  бәрінен  жоғары  қоятын  көрсоқырлардың  ең 
үлкен  қателігі  –  поправка  жасау  деталі  еді.  Балаларына  қарап,  асын  даярлап, 
үйінің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген абзал ананы келген қонақтар осы 
шаңырақтың  ақ  шашты  анасы  деп  тілек  айтқанда,  ойшыл  Садыр  қолын 
шошайтып, орнынан ұшып тұрып: 
-  Менде  бір  ауыз  поправка  бар...  бір  түзету:  мынау  қария  Нұржан  мен 
Гүлжанның  әжесі  емес,  менің  апам  емес,  біздің  служанкамыз.  Енді  тост 
көтергенде естеріңізде болсын. 
-  Иә, служанкамыз – деді Шарапат та [104,16]. 
Бірақ,  бұл  поправка-деталь  әуелі  екі  адамның  жүрегіне  сызат  түсірсе,  бір 
күннен  соң  сөз  авторларының    өздерін  пұшайман  халге  түсірді.  Бұл  сөзді 
естігенде «Қалимаш шешейдің денесін мұз қарып өтіп, әлдеқандай бір кермек 
тамшы  үзіліп-үзіліп  тамып  түсті.  Орамалының  ұшын  бетіне  апарып  еді,  көз 
жасы  екен»  [104,16].  «Манағы  «поправкадан»  кейін-ақ  құрметті  қонақ  болып 
төрде  отырған  үлкен  кісінің  жұбайы  Әлима  жеңгей  салмақты  қалпынан 
ауытқымаған  күйі,  ойын-күлкісіз  сазарып  отырып  қалған.  Қалимаш  шешейдің 
жан  күйзелісін  сезіп,  көңілі  құлазып  кеткендей.  Қонақтан  қайтқаннан  кейін 
Әлима  жеңгейдің  қан  қысымы  көтеріліп,  түнімен  тұншыға  жаздап  шықты. 
Міне,  поправканың  екі  шешенің  көңіліне  салған  жарасы.  Өмір  де  адамзаттың 
астамшылығына арқасын дарқандықпен тоса бермейтіні ақиқат. Дүйім жұрттың 
алдында  өзін  «служанка»  деп  қорлаған  екеуді  көпті  көрген  Қалимаш  ана 
сабасына түсірді. Халық тілімен айтқанда, таспен ұрғанды аспен ұрды десек те 
болады.  Қонақтарды  шығарып  салған  күннің  ертеңіне  ақын  жігіт  пен  ақ 
келіншекті  үйіне  қонаққа  шақырды.  Әрине  олардың  реакциясы  белгілі  еді, 
өйткені  жан-дүниесін  атақ,  байлық,  мансап,  ақша,  дүние  жаулаған  бұл 
бейбақтар  адамның  жанын,  көңілін  танып-білуден  әлдеқашан  қалған  болатын. 
Сондықтан  да  олардың  алғашқы  сәттегі  бір-біріне  көз  астымен  қарап,  «бұл 
бейшараның  жомарттығына  жол  болсын»  деген  әнтектіктен  туған  әжуаның 
бықсыған түтінін түсінуге әбден болады.  


59 
 
Қалимаш шешейдің  үйіне  емін-еркін  енген  екеу  аз  уақыттың ішінде  шөгіп 
қалды.  Оларды  шөктірген  Қалимаш  шешейдің  тұрмысы  еді,  дәлірек  айтқанда 
заттық детальдар болатын: «мынау үйде не жоқ дейсің, бәрі де бар екен: әдемі 
мебельдер көз тартады, бұл екеуі армандайтын түкті, түксіз кілемдер де, алтын 
жалатқан  ыдыс-аяқтар  да  бар,  сервиздерің  де  қабат-қабатымен.  Төргі  бөлмеде 
қос  ауыз  мылтық  қабырғаға  ілінген.  Оның  қасында  қалың  қасты,  қыран 
қабақты,  тұлғалы  жігіттің  портреті,  портреттің  жанына  ою-өрнекті  ақ  шайы 
матаға ордендер мен медальдар ілінген. Садыр мен Шарапат бейне бір музейге 
немесе  көрмеге  кіргендей»  күй  кешті.  Өздері  қолбалаша  жұмсап,  менсінбей 
жүрген  жанның  –  жиырма  жыл  бойы  абыроймен  ұстаздық  қызмет  атқарған 
сыйлы  жан  екенін  де  енді  білді.  Кемтарлық  көріп,  олардың  арқасында  күнін 
көріп  жүрмегенін  білген  сайын  бұға  берді.  Автор  өзі  жақтырмаған 
кейіпкерлеріне  ызаланбайды  да,  ашуға  толы  ауыр  сөздерін  де  шығын 
қылмайды.  Новелланың  көлемін  де  ескеріп,  уақытты  да  үнемдеп,  тек 
детальдарды  қолданады.  Сол  арқылы  өз  мақсатына  жетеді.  Тұрмыстық 
детальдар арқылы екеуінің ішкі жан-дүниесін жіті түсінген оқырманға ауыр ой 
арқалатып  жібереді.  Ненің  дұрыс,  ненің  бұрыс  екенін  оқырман  айтқызбай-ақ 
түсінеді деуге болады. Әр нәрсенің өз шегі бар. Атақ пен мансаптың,  дүниенің 
құлы болып, қанағат сезімінен айрылып, өркөкіректікке ұрыну – түптің түбінде 
опық  жегізуі  мүмкін.  Новеллада  суреттелген  детальдар  басты  кейіпкердің 
рухани  әлемін  сипаттаумен  қатар,  автордың  айтайын  деген  идеясын  да  ашып 
тұрған амал-тәсіл деуге болады. Демек, деталь авторлық идея қызметін атқарып 
тұр.  Авторлық  шешім,  шындық  логикасы,  оқиға  дамуының  нанымдылығы 
детальдар  дәлдігіне тікелей байланысты. «Кейіпкердің ішкі әлемін суреттеуде 
заттардың  маңызы  зор.  Заттар  әлемі  кейіпкер  туралы  ақпарат  беріп  қана 
қоймай, оның ой-санасына, ішкі дүниесіне бойлауға мүмкіндік береді» [96,115] 
деген  Қ.Жанұзақованың  пікірі  біздің  ойымызды  бекіте  түседі.  Автор  заттық 
детальдарды  –  Қалимаш  шешейдің  үйіндегі  дүние-мүлікті  суреттеу  арқылы 
боқ-дүниені  қуалап,  армандаған  Садыр  мен  Шарапаттың  жанында  Қалимаш 
ананың абыройын биіктетіп, рухын жоғарылатады. Және автордың бұл әдісімен 
кез келген оқырман іштей үнсіз ғана келісіп отыратындай. Екі жастың өзімшіл 
қараулығы мен бұзылған пиғылын түсіндіру арқылы өз оқырмандарын мұндай 
жандардан жирендіреді. Автор дүниенің құлы болып, ақшаны, байлықты, атақ-
дәрежені, жиһазды, заттарды пір тұту, сөйтіп қанағат сезімінен айрылу – түптің 
түбінде опық жегізуі мүмкін екенін ескертеді. 
Оқиға күтпеген жерден басқа арнаға бұрылды. Қалимаш шешей енді өкініп, 
опық  жеген  екеудің  балаларын  бағудан  ғана  бас  тартып  қана  қойған  жоқ,  бір 
жыл  бойына  олардың  төлеген  жалақысына  алған  ыдыстарды  рюкзакқа  салып, 
«дүние деген қоңыз, маған мұның қажеті жоқ» деп қолдарына ұстатып жіберді. 
Осылайша,  рухани  жан  дүниесі  бай,  адам  алдындағы  парызына  адал  жан  өз 
биігінде  қала  берді.  Ержетіп  азамат  болып,  ел  таныған  баласына  ана  деген 
жарықтық аңқылдап жүгіретіні белгілі. Бірақ, ауылым артық деп, келмей, қара 
шаңырақта  жалғыздан-жалғыз  шошайып  отырған  туған  аналарының  күйін  де 


60 
 
«ақын  жігіт  пен  ақ  келіншектің»  шикіліген  екенін  жақсы  түсінген  Қалимаш 
шешей осындай шешім қабылдады.  
Новеллист  Қ.Мүсірепов  кейіпкер  сырына  қанықтыратын,  характер 
табиғатын,  персонаж  бойындағы  моральдық-этикалық  сапаларды  ашуға 
мүмкіндік беретін детальдарды мейлінше шебер әрі дәл қолдана білген. Осыған 
ұқсас  сюжетті  арқау  еткен  Рамазан  Тоқтаровтың  «Адам  Ата  алмасы» 
новелласында  оқиға  мазасызданған  жанның  күйін  суреттеумен  басталады: 
«Қартайғасын  аспан  да  тозған  секілді,  шұрық-тесік  бірдеңе.  Шай  үстінде 
қабағы  салбырап,  ауырып  тұрған  кісіше  қуарыңқырап,  жүдеп  отырады. 
Ештеңеге  зауқы  соқпайды.  Шайдың  дәмі  кірдің  суындай,  құр  босқа  жүрек 
топтандырады.  Түннен  қалған  ет  өрмекшінің  сілбісінде  қалған  секілді,  қолға 
суық желімбей жабысып, өне-бойын тітіркендіреді. Содан назаланды ма, төмен 
тұқыртқан  басын  жұлып  алып,  күйбеңдеп  өз  шаруасымен  отырған  әйеліне 
шаншыла  қарады.  Қанипа  бейшара  да  отыз  жыл  отасқан  жан  жолдасына 
ұқсамайды,  орындыққа  сүйеп  қойған  құр  сүлдер;  осы  үйге  аяқ  астынан  пайда 
бола алған кемпір сияқты» [105,12].  
Автордың жан-дүниесі жабырқап, көңілі нілдей бұзылған санасы берік, жан 
сарайы  сау  болса  да  қатты  қажыған  сәтінде  көз  суарып,  көңілге  ләззат  алар 
ештеңе  таппай,  айналасының  бәрі  әрі  жоғалып,  нәрі  таусылғандай 
сұрғылттанып,  жадау  тартқандай  халін  сонша  суреттеуінің  себебі  неде  және 
оны  осындай  күйге  түсірген  не  нәрсе  деген  сұрақ  туады  оқырман  көкейінде. 
Жауабы  жазушы  көтерген  үлкен  әлеуметтік  проблемада  жатыр.  Сырттай 
қарағанда  ұйыған  отбасы,  бала-шағасы  дін  аман,  немерелері  өсіп  келеді, 
қызметі де жаман емес. Жанына керектің бәрі бар, үйінің төрт бұрышы дүниеге 
тіреліп тұр, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Осы жанның шала бүлінуінің себебі 
не  расында.  Жауапты  автор  новелла  тақырыбы  арқылы  беріп  отыр.  Алмада. 
Қасиетті кітаптарда Адам Ата мен Хауа Ананың шамадан тыс қызығушылығы 
үшін  –  алманы  жеген  күнәлары  үшін  жұмақтан  қуылып,  жерге  түсті.  Көз 
арбаған  алманы  жеу  арқылы  жазықты  болған  Адам  Атаның  алмасы  –  ұлы. 
Проблема  –  ұлда.  Жалғыз  ұлы  қара  шаңырағын  тастап,  пәтер  жалдап  бөлек 
кетеді,  тіпті  ата  дәстүрімен  бөліп  берген  еншісін  де  алмайды.  «Өзім  істеймін, 
өзім  жинаймын»  деп  өзім-өзім  деп  өзеуреген  бірдеңе.  Сондағы  айтар  уәжі: 
кейде  достармен  шулап  өлең  айтқанды  ұнатамыз,  кейде  қайтып  көрместей 
айтысып,  дауласамыз  болды.  Бала  әке  өмірін  өз  өміріне  баспалдақ  еткісі 
келмейді,  бірге  тұру  шарт  емес  деп  түсінеді.  Әке  сынықсып  жұртқа 
білдірмегенмен,  осы  жай  өзегін  өртеп,  жан  дүниесін  аласапыран  етті.  Ата 
дәстүрі,  қара  шаңырақ  деген  түсінікке  сызат  түсіп,  қоғамда  бұл  мәселеге 
немқұрайдылықпен  қарайтындығын  алға  тартады  автор.  Баласының  өз 
әрекетіне еш қымсынбайтындығы, керісінше дұрыс санайтындығы үйге кірген 
сәттен  сезіледі:  «Есікті  ашып  қалғанда  үйдің  іші  күлкіге  буынып  тұрғандай 
көрінді.  Бәлендей  айқай-шу  естілмесе  де,  терезесі  кішкентай,  аласа  бөлмені 
кернеп  тұрған  ың-жың  бірдеңе  бар.  Баласы  мен  келіні  қатты  қуанған  түр 
байқатып,  секіріп  билей  жүріп  өз  балаларын  көтеріп  әкетті.  Мұрат  инеліктей 
қатып киінген, қолын салбыратып, бұрыла алмайды. Үй ішіне әжептәуір мүлік 


61 
 
жиналып  қалған.  Стол,  орындықтар  жаңа,  бетінде  ағараңдап  сәуле  ойнайды. 
Қабырға  бетін  шынылаған  арзан  сурет-картиналармен  безендірілген.  Жұпыны 
кедейлік аңғарылмайды, бәрі де бір көрмеге жарқырап, көз қуантып тұр. Келін 
стол  үстіне  қалайы  қасықтар  әкеп  тастады.  Жиегінде  гүлі  бар  кішкентай 
тәрелкелер  қойды.  Өздерінің  сатып  алғаны.  Бұрын  үйде  тұрғанда  ештеңенің 
парқын  айырмайтын  еді;  күнде  бір  ыдыс  сындырып,  қалай  болса  солай 
қарайтын. Енді қарасаң қасық ұстаған қолы қармақтай майысады. Стол үстіне 
әкеп  қызыл  ала  палауды  қойғанда  да  бұрынғысына  қарағанда  жинақылығы, 
ептілігі  байқалады»  [105,14]  деген  заттық  детальдар  көп  нәрсені  аңғартады. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   66




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет