Сауат ашу технологиясының маңызы, лингвистикалық, психофизиологиялық негізі
Сауат ашу әдістемесі педагогика, психология, лингвистика ғылымдарымен тығыз байланысқа түсіп, жеке тұлғаның қалыптасуының белгілі бір аспектілерін қарастырады.
Сауат ашу әдістемесі психологиямен тығыз байланысты. Психология оқушының психологиялық ерекшеліктерін сипаттайды: жоғары нерв жүйесінің қызметі туралы ілімге сүйене отырып, ол оқытудың әдісі мен тәсілін психологиялық тұрғыда дәлелдеуге көмектеседі. Сөйтіп сауат ашуға байланысты әдістемелік мәселелерді дұрыс түсініп, практика жүзінде шешуге мүмкіндік береді. Оқушының оқу материалын қабылдауы, есінде сақтауы, түсінуі, ойлауының дамуы олардың жан дүниесінің ерекшелігімен байланысты. Осыған орай мұғалім өзінің әрбір оқушысын, оның психикасын, материалды қабылдау және есінде сақтау дағдыларының дәрежесін білуге, жағдай жасайды, оқушыларды жүйелі зерттейтін әдістермен қаруландырады. Оқушылардың психологиясын білмей тұрып, сауат ашу әдістемесі ұсынған әдістер мен тәсілдерді тиімді пайдалану мүмкін емес. Сондықтан материалды игертуде оқушылардың жас ерекшелігін ескеру – ең маңызды мәселе. Оқу бағдарламалары да, оқыту үдерісі де осы факторға негізделіп құрылады. Адамның басты ерекшелігі – сөйлеу қабілеті. Сөз – адам психикасының өмір сүруінің аса маңызды құралы. Өйткені қарым-қатынассыз қоғам да, оның қозғаушы күші адам да өмір сүре алмайды. Ал қарым-қатынас тек тіл, оның көрінісі сөз арқылы іске асатыны белгілі. Психологиялық тұрғыдан тілді меңгеру – жеке тұлғаның қалыптасуының негізгі шарты.
Пән бойынша берілетін теориялық білім тәжірибе арқылы бекітілуі, яғни іскерлік пен дағдыға айналуы тиіс. Дағдыға, іскерлікке айналмаған білім тез ұмытылады. Ал дағды мен іскерлік – психологиялық ұғым. Дағды дегеніміз – адамның әрекетті орындау процесінде жасалатын саналы әрекеттің дағдыланған бөліктері. Дағдылар жаттығу арқылы туындайды. Дағды іс-әрекет процесінде оған бағынышты құрылым ретінде қалыптасады. Демек теориялық білім жаттығудың, қайталаудың негізінде дағдыға айналады. Осыған орай оқулықтарда міндетті түрде жаттығулар беріледі, қайталау сабақтары жүргізіледі. Яғни, оқушының сабақты жақсы немесе жаман оқуы олардың психикалық әрекеттерінің дамуымен тікелей байланысты.
Сауат ашу әдістемесі ғылымы педагогика ғылымымен тығыз байланысты. Педагогика ғылымы: дидактика және тәрбие теориясынан құралатыны белгілі. Ал оқу мен тәрбие – егіз. Дидактика мен әдістеме ғылымының қарастыратын нысандары бір. Ол – оқыту үрдісі. Айырмашылығы: дидактика білім беру, оқыту үрдісін жалпылама қарастырса, әдістеме жеке пәндерді оқыту заңдылықтарын қарастырады. Дидактика педагогиканың маңызды бір бөлігі – оқытудың жалпы теориясы ретінде қазақ тілі әдістемесінің негізі болып табылады. Сауат ашу әдістемесі ғылымы дидактиканың ұстанымдарына, оқытудың әдіс-тәсілдеріне, тексеру формаларына, білімді бағалау нормаларына сүйенеді. Мысалы, оқушыларға ұсынылатын тілдік материалдар ғылым негіздеріне (ғылыми ұстаным) сүйене отырып, жүйелі және бірізді (жүйелілік ұстанымы), саналы түрде (саналылылық ұстанымы), берік, тиянақты (берік, тиянақты болу ұстанымы), өмірмен байланыстыра (теорияны өмірмен байланыстыру ұстанымы) беріледі. Осыған орай әдістеме ғылымы педагогиканың бір саласы ретінде қарастырылады.
Сауат ашу әдістемесі ғылымы тіл білімімен тікелей байланысты. «Сауат ашу» пәнінің оқыту аясы қазақ тілінің дыбыстық және әріптік (графикалық) жүйесі; қазақ тілінен алғашқы грамматикалық мағлұматтар болғандықтан, ол алдымен тіл біліміне арқа сүйейді. Мысалы, тіл білімінен берілетін фонетикалық мағлұматтар: дыбыстарды дұрыс айту, жазу, дұрыс сөйлеу, мәнерлеп оқуға, емлеге үйрету т.т. әдістемелік мәселелермен тығыз байланысты іске асырылады.