Экономикалық қауiпсiздiк – экономиканың орнықты дамуы және оның тәуелді болмауы қамтамасыз етілетін, Қазақстан Республикасы ұлттық экономикасының нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден қорғалуының жай-күйі;
Экономикалық қауіпсіздік - тұрақты экономикалық өсу, қоғамдық қажеттердің тиімді түрде қанағаттандырылуы, басқарудың жоғары сапасы, экономикалық мүдделердің ұлттық және халықаралық деңгейлерде қорғалуы қамтамасыз етілетін жай-күйі. Экономикалық қауіпсіздік - ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі, оның іргетасы, материалдық негізі. Тарихи және қисынды тұрғыда Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттіліктің қалыптасуымен, қоғамның экономикалық мүдделерін сезінумен катар пайда болады. Экономикалық қауіпсіздік объектілері - жалпы елдің экономикалық жүйесі, сондай- ақ оның құрамдас элементтері: табиғи байлықтары, өндірістік және бейөндірістік қорлары, жылжымайтын мүлік, қаржы ресурстары, адами ресурстар, шаруашылық құрылымдар, отбасы, адамның жеке басы, т.б
Әлемдік экономиканың жаһандану жағдайында еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету елдің тәуелсіздігінің кепілі, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды компоненті болып табылады.
Және де оны қамтамасыз ету үшін кеден органдарының құзіреттерінің ішінде еліміздің бірден-бір экономикалық мүдделерін сақтауға бағытталған келесілерін атауға болады:
ҚР экономикалық негізі болып табылатын ҚР-ның экономикалық қауіпсіздігін өзінің құзіреттілігі шегінде қамтамасыз ету;
ҚР экономикалық мүдделерін қорғау;
Сауда-экономикалық қатынастарды реттеуде кедендік реттеудің құралдарын пайдалану;
Кеден салықтарын, баждарын және т.б. кеден төлемдерін алу;
Контрабандамен, салық заңдылықтарын және кеден тәртібін бұзушылықпен, кеден шекарасы арқылы наркотикалық заттардың, қарулардың, ҚР және шетел мемлекеттерінің халық жинаған археологиялық, тарихи, көркем заттардың, жоғалып кету қаупі бар жануарлар мен өсімдіктер және т.б. тауарлардың заңсыз айналысымен күрес жүргізеді, сонымен қатар халықаралық терроризммен күресуде жәрдемдесу;
Кедендік сыртқы сауда стратегиясын және арнайы статистиканы жүргізу;
Мемлекет қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті, адам денсаулығы мен өмірін, жануарлар мен өсімдіктерді, сырттан келетін тауарлардан қазақстандық тұтынушылар мүдделерін қорғаудағы шараларды жүзеге асыруға көмектесу;
Өз құзіреттілігі шегінде валюталық бақылауда жүзеге асыру;
ҚР-ның халықаралық міндеттерін орындауды қамтамасыз ету.