Саяси қақтығыс - саясат субъектілерінің саяси мәртебе мен институттарды, әлеуметтік тәртіпті сақтау немесе өзгерту, түрлендіру мақсатындағы билік үшін теориялық және іс-жүзіндегі күресі. Саяси қақтығыс ұғымы әлеуметтік-саяси күштердің, саяси қатынас субъектілерінің теке-тірестері өтетін ерекше саяси жағдайды білдіреді.
Саяси қақтығыстар саяси-мемлекеттік билікті жүзеге асыру мен бөлісу үрдісіндегі әр түрлі әлеуметтік-кәсіби, этноконфессиялық және басқа да топтар мүдделерінің сан алуандылығынан туындайды. Саяси қақтығыстардың шығуы саяси саладағы мәртебелік-рөлдік құрылымның сатылығымен байланысты; саяси құқықтар мен бостандықтарды бөлудегі теңсіздік; саяси өмірге қатысу деңгейлері мен түрлері; саяси мәдениеттегі айырмашылықты көрсетуімізге болады. Саяси қақтығыстар пәні - билік, өкілеттілік, т.б.
Саяси қақтығыстарды шешудің жолдары: қақтығысты мәмілеге келу арқылы бейбіт жолмен шешу. Мәміле деп даужанжалға қатысушы тараптардың өзара кешірімділік білдіріп, ымыраға келуін айтады; зорлық негізінде бітістіру, келістіру. Мұндай жағдай бір жақтың күші айтарлықтай басым болып, екінші жақ жеңілгенде немесе оны толық жойып жібергенде туады. Тараптарды татуластырудың ең кең тараған түрі - келіссөздер. [1]
Саяси қақтығыстар келесі түрлерге бөлінеді:
Саяси дағдарыс - қоғамның саяси жүйесінің қызметі мен дамуындағы ерекше жағдай, әсіресе, оған мемлекеттік-биліктік құрылымындағы саяси институттар қызметіндегі түрақсыздық, тепе-теңдікті жоғалту, экономикалық үрдістерді басқару деңгейінің төмендеуі, бұқараның сыни белсенділігінің өсуі сияқты құбылыстар тән.
Саяси дағдарыс өз дамуында бірнеше кезеңдерді басынан кешіреді:
қоғамның немесе саяси жүйенің дағдарыс алдындағы жағдайы;
өкіметтің қоғам алдындағы мәселелерді саяси құралдармен шеше алмауға қабілетсіздігін көрсететін дағдарыстың туындауы;
дағдарыстың дамуы, әрі шиеленісуі.
Қоғамның саяси жүйесі шеңберіндегі ішкі саяси дағдарыстар:
1) конституциялық дағдарыс (мемлекеттің негізгі заңының қызметін тоқтатуын білдіреді);
2) өкіметтік дағдарыс (өкімет беделінің жоғалуы);
3) ішкіпартиялық дағдарыс (саяси партияның жікке бөлінуі).
Сонымен бірге мемлекетаралық, аймақтык және халықаралық қақтығыстарға байланысты сыртқы дағдарыстар да болады.