Байланысты: Саяси ілімдер тарихыны п ні, оны о ыту міндеттері
Ә. Бөкейхановтың көшпелі қоғам дамуын үдемелету, ұлттық-демократиялық партия құру туралы саяси көзқарастары.
Конфуцийдың мемлекет пен оның басқару институттары туралы ілімнің мәні:
Саяси ілімдердің бағзы отанының бірі – Қытай. Қытай халқының күрделі саяси өмірін түсіндіретін, реттейтін елде бірнеше мектептер болды. Сол заманда негізі қаланған идеялар қазіргі кезде де қытай халқының негізгі идеологиясына айналып отыр. Қытай қоғамында конфуций ілімі негізгі доктринаға айналғанға дейін, мемлекеттің саяси өмірінде даосизм мен буддизм ілімдері саяси-идеялық тәртіпті қалыптастырып үлгерген еді. Буддизм адам мен ғаламның үйлесіміне назар аудара отырып, қоғамда әділетті мемлекет орнатуға болады деген идеяны қолдады. Кун-фу-цзы (б.э.д. 551–479 жж.) Конфуций әлеуметтік және саяси қайшылықтар заманында өмір сүрді. Мемлекет іргесі шайқалып, патриархалдық-рулық нормалар дағдарысқа ұшырап, елді хаос жайлаған кез болды. Осы жағдайдан шығу үшін Конфуций әлеуметтік үйлесімділік идеясын ұсынды, сонымен қатар, ол Қытайдың рухани және қоғамдық өмірінде маңызды рөл атқарған даналар мен ел билеушілерінің беделіне сүйенді. Конфуций идеялары көрініс тапқан «Луньюй» жинағында (оның шәкірттерімен арадағы сұхбат ретінде жазылған еңбегі) жетілген адам (цзюнь цзы) идеясы ашылады, адами тұлға өзіндік тұлға ретінде қарастырылады. Ол ғарышпен үйлесімділікте болатын рухани кемелденген тұлға деңгейіне жету мақсатында жетілген адам бағдарламасын жасады. Мейірімді адам – бүкіл қоғам үшін адамгершілік мұраттың бастауы. Тек соған ғана үйлесімділік сезімі мен табиғи ырғаққа сай өмір сүру тән. Ол ішкі жүрек әрекеті мен сыртқы іс-қимылдың тұтастығының көрінісі. Дана табиғатқа сәйкес әрекет етеді, өйткені «алтын үйлесімділік» ережесін сақтау, оған туа біткен қасиет. Оның мақсаты – ғарышта орын алған үйлесімділік заңына сай, әлеуметті қайта құру, барлық тіршілікті тәртіпке келтіріп сақтау. Конфуций үшін бес «тұрақтылық»: әдет-ғұрып, адамгершілік, әділетті парыз, білім мен сенімділік аса маңызды. Әдет-ғұрыптан ол әрбір тұлғаға, қоғам мен мемлекетке шексіз ғаламнан өз орнын табуында, Жер мен Аспан арасында «негіз және арқау» болатын құралды көрді. Осы тұрғыда Конфуций отбасылық этиканы мемлекеттік деңгейге дейін көтереді. Иерархиялықтың негізіне ол білім, кемелдену және мәдениетке жақын болу қағидатын алады. Осы қасиеттерді тәрбиелей отырып, даналар қоғамдағы иерархияны өміршеңдігін қалыптастырады. Әлеуметке берілген табиғи ырғақ қоғам мен мемлекеттің дамуына негіз болады. Ұстаз бен шәкірт арасындағы сұхбат табиғи үйлесімге негізделіп, шиеленіс пен қақтығысқа жол бермеу керек деп түсіндіреді. Саясаткер ретінде Конфуций ел басқарудағы әдетғұрыптың құндылығын өте жақсы түсінеді. Үлкен және ұсақ істерде ол қол астындағы адамдардың өз шамасын білу сезіміне тәрбиелей отырып, әдет-ғұрып, тұлғалық және әлеуметтілік деңгейдегі адамды «сыртқы ортаға» бейімдейді, қақтығыстардың алдын алады. Әдет-ғұрып қоғамдағы қалыптасқан саяси өмірді жалғастыруға, аман болуына себеп болады. Қазіргі қытай қоғамы өзінің саяси және мәдени-экономикалық дамуында, тұрақтылығында негізін Конфуций қалаған, әдет-ғұрып пен моральдық-этикалық нормаларға көп қарыздар. Конфуций саяси идеясы жағынан алып қарағанда консерваторлық бағытты ұстанған, гуманист ойшыл болды. Конфуцийшілдікті әрбір жаңа ұрпақ өзінше талқылап, қабылдады. Мысалы, Мен-цзы (б.э.д. 372–289 жж.) ұстаздың билік мәні туралы тезистерін қайта қарады. Қоғам мен мемлекеттің пайда болуын ол қоғамдық келісім нәтижесі деп түсіндірді. «Көк жарлығы» идеясы арқылы қоғамдағы жоғарғы тап пен төменгі таптар арасындағы келісімділікке жетудің жолын көрді. Идеалды мемлекетте биліктің қайнар көзі халықта және бұқара барлық қажеттіні өз қолына алады деп түсіндірді. Әділеттілік бұзылған жағдайда бұқара халық «Көк жарлығын» жаңа, игі ел басшысына ауыстыруға болады деген ескерту айтады. Легистер конфуцийшілдік гуманистік идеяға сын айтушылар еді. Көне легистер идеясы, негізі б.э.д. IV ғ. аралығында дүниеге келген «Шан цзюнь шу» (Шан облысы басқарушысының кітабы) еңбегінде айтылған еді. Шан Ян конфуцийшілдердің әдет-ғұрыпқа арқа сүйеп, елді басқару идеясын қатты сынады. Легистер мемлекеті басқаруда қатал заң мен тәртіп қана тұрақтылықты қамтамасыз етеді деп түсіндірді. Олар «Егер халық мемлекеттен күшті, басым болса, онда мемлекет әлсіз, ал керісінше мемлекет – билік халықтан мықты болса, онда армия (әскер) мықты болады» деді. Легистер заңға бағыну деп халықты тұтастай қанау мен қудалауды түсінді. Шан Ян тіпті «Ақылдылар ғана заң шығару құқығына ие, ал ақымақтар оны орындаумен ғана шектелу керек» деген екен.