Байланысты: Саяси ілімдер тарихыны п ні, оны о ыту міндеттері
Демокриттің саясат міндеттері туралы маңызды қорытындылар.
Демокрит (б.э.д. 460–370 жж.) өзінің саяси ойларында алғаш рет адам мен адамзат және қоғамның дамуы әлемдік даму үдерісінің табиғи жалғасы деп қарастырды. Осылайша адамзат қоғамы прогрессивті эволюциялық өзгерістерден кейін өзінің қалыпты жағдайынан шықты. Осы тұрғыдан алып қарағанда полис, қоғам және заңнамалар қолдан жасалған, ол табиғаттан алынбаған. Сондықтан да олардың пайда болу үдерісінің өзі қажеттіліктен туылған, яғни кездейсоқ процесс емес деп көрсетеді. Осыдан да болар Демокрит үшін табиғи және қолдан жасалған дүниенің байланысы саясат пен этикалық нормалардағы өлшеммен анықталады. Сондықтан да ол адам табиғатына қарсы келетін дүниенің барлығын әділетсіз деп қабылдайды. Демокрит үшін мемлекетте әділеттілік пен жалпыға бірдей мамыражай жағдай қалыптастыру керек. Мемлекеттік мүдде барлығынан да жоғары тұруы керек, ал азаматтар мемлекеттік құрылым мен басқаруды жетілдіруге ат салысуы тиіс деген. Демокрит «жақсы басқарудағы мемлекет – зор қорған, өйткені ол жалпы тұтастықтың негізі, егер де ол өлсе, онымен бірге барлығы да өледі» дейді. Мемлекеттілікті дамыту барлық мемлекет тұрғындарының ісі, олардың бір-біріне өзара көмегі мен туысқандығында. Қоғамдағы азамат соғысы екі жаққа бірдей тиімсіз. Қоғамдағы тепе-теңдікті ұстап тұруда мүліктік жағынан алшақтық болмау керек, өйткені мемлекеттегі әлеуметтік тұрақтылыққа кері әсер етеді деп санайды. Демокрит үшін ел басқару ісі ол тек аристократияның үлесі. «Ақымақтар үшін бағынышта болу абзал, өйткені ел басқару тек жайсаңдардың үлесі. Әдеп бойынша заңға, билікке, ақылы асқандарға бағыну керек, ақымақтардың қол астында болу қандай қасірет» деген екен. Ақымақ азаматтарға биік мансап беруге болмайды, өйткені олар әдепсіз және топас болады дейді Демокрит. Ел басқару ісінде Демокрит тектілікке, көрегендікке және жауапкершілікке ерекше мән береді. Заңдар тек қарапайым адамдар үшін керек, өйткені олардың арасындағы қызғаныш пен бірбіріне деген алауыздықтарды жою үшін, ал даналар үшін, қай қоғамда өмір сүрсе де, олар әділетті болады, себебі әділеттілік даналар үшін мызғымас қағида дейді.