Сын есімнің лексика-грамматикалық сипаты
«Сын есім» тақырыбының мазмұнына байланысты оның лексика-грамматикалық сипаты, мағыналық топтары, грамматикалық категорияларға түрлену жолын ашуға берілетін сұрақтар:
Сын есімнің жалпы сипаты, морфологиялық құрылымы
Есімдер деп аталатын сөздердің ішіндегі зат есімнен кейінгі есесі де, еншісі де мол сөз табы сын есім. Семантикалық жағынан зат есім әр алуан ұғымдарды білдіретін сөздердің лексика-грамматикалық тобы болса, сын есім неше алуан сыр сипатымен алуан байланысты ұғымдарды білдіретін сөздердің лексика-грамматикалық тобы ретінде бөлінеді. Сөйтіп, сын есім деп заттың сапасын, сипатын, қасиетін, көлемін, салмағын, түсін (түр-реңін) және басқа сол сияқты сыр-сипаттарын білдіретін лексика-грамматиакалық сөз тобын айтамыз.
Сын есімнің семантикалық мағынасы оның морфологиялық ерекшеліктері де, синтаксистік қызметтеріне де сараланып айқын көрініп отырады.Морфологиялық сипаттары жағынан да сын есімнің өзіне ғана тән, өзге есімдерден басқа ерекшеліктері бар.Сын есім өз семантикалық ерекшелігіне қарай затты сыр-сипат (сапа, түр, рең, салмақ, көлем т.б.) жағынан анықтайды, бірақ ол (сын есім) анықтауыш қызметін атқарып тұрғанда, еш уақытта да тәуелденбейді, көптелмейді және септелмейді.
Сапалық және қатыстық сын есімдердің мағыналық ерекшеліктері
Сын есімдер семантикалық мағыналары мен грамматикалық ерекшеліктеріне қарай, сапалық (негізгі) сын және қатыстық (туынды) сын деп аталатын екі салаға бөлінеді. Бұл сындардың қай қайсысы болса да қандай? қай? (қалай?) деген сұрақтарға жауап береді. Сапалық сын есімдер деп мағынасы жағынан заттың әр алуан сыр-сипатын, атап айтқанда, түрі мен түсін (ақ, қара, қызыл, көк, сұр, т.б.), сыры мен сапасын (жақсы, жаман, тәуір, нашар, т.б.), көлемі мен аумағын (үлкен, кіші, ауыр, жеңіл), дәмі мен иісін (ащы, тәтті, күлімсі) білдіретін және заттың басқа да қасиеттерін білдіретін сөздерді атаймыз.
Қатыстық сын есімдер деп бір заттың белгісін басқа бір заттың я іс амалдың қатысы арқылы білдіретін сөздерді атаймыз. Осы ерекшелігіне қарай, қатыстық сын есімдер тиісті жұрнақтар арқылы басқа есімдер мен етістіктерден жасалады да, заттың сыртқы түрі мен түсіне, кескіні мен келбетіне, сыры мен сынына, ішкі қасиеті мен сипатына, мекен мен мезгілге және басқа да сол сияқты белгілеріне қатысты сындық ұғымдарды білдіреді. Мысалы: балалы үй базар, баласыз үй мазар. Шоқпардай кекілі бар. Ды, ғы, лы, іңкі, кір жұрнақтары арқылы жасалған.
Қатыстық сындар зат есім, үстеу, етістік сияқты басқа сөз таптарынан болатындықтан, олардың нақтылы мағыналары да өздерінің жасалуына негіз болған сөздерімен байланысты. осы себептен қатыстық сындардың мағыналары өздерінің төркіндес сөздерінің синонимі сияқты болып келеді. Мысалы: аталық борыш – атаның борышы, ауылдағы адам – ауылда тұратын адам, ауыспалы қызыл ту – ауыстырылып отыратын қызыл ту.
Достарыңызбен бөлісу: |