19.Шағын жинақты бастауыш мектепте сабақты ұйымдастыру.
Екі сыныппен жүргізілетін жұмыстың сапалы болуы үшін күнұзаққа жүргізілетін жұмыстың дұрыс ұйымдастырылуының да шешуші маңызы бар. Кейбір мұғалімдер екі сыныпты бір мезгілде оқытудан қашып, сабақты екіге бөліп жүргізеді. Бұлай жасауға үзілді-кесілді қарсы болу керек.
Мұғалім күніне сегіз сағат жұмыс істейтін болса, онда ақырғы сабақтарда мұғалім жұмысының сапасы төмендейтіндігі сөзсіз, сабақты бұлай етіп жүргізу көбінесе сабақтың жетілік сағат санын азайтуға әкеліп соғады. Сонымен бірге, ауылдық жерлерде сабақты екіге бөліп жүргізу кейде мектепке 2-3 км қашықтықтан келетін балалар үшін бірқатар қолайсыздық туғызады.
Шағын жинақты бастауыш мектептің оқу-тәрбие ісінде уақытты дұрыс пайдалану − ең маңызды мәселелердің бірі. Уақытты дұрыс пайдалану үшін, мұғалім ең алдымен, орындалатын жұмыс түрлерін: мазмұндама, шығарма жоспарын, қазақ тілі, дүниетану, орыс тілі, сурет, еңбек сабағына керекті сызбалар, лото, түрлі-түсті суреттер сериясын күні бұрын даярлап алудан бастайды. Бұл жерде уақытты үнемдеудің оқушылардың сабаққа деген ынтасына да елеулі ықпалы барын ескерген жөн. Мысалы, балалар бірден жұмысқа кірісіп кету үшін 5-10 минут шамасында тапсырма берілді. Бұл кезде басқа сынып оқушылары өздігінен орындайтын жұмыстармен айналысады. Ал өздігінен орындалатын тапсырманың мақсаты айқын болуы тиіс. Екі немесе үш сыныппен өткізілетін сабақты ұйымдастырғанда оқушының білімін бағалау, жеке жұмыс жүргізу, тапсырманы өздігінен қалай орындағандықтарын бақылап, жұмыстарын тексеріп отыру да педагогикалық шеберлікті, жете мән беруді талап етеді. Яғни, 45 минуттық бір сабақтың ішінде шағын жинақты мектеп мұғалімі 3, тіпті кейде 4 сабақты өткізіп, 3 не 4-сынып оқушыларын қатар оқытуға әрі әрбір «кіші сабақтың» білімділік, тәрбиелік, дамытушылық мақсаттарының орындалуын қадағалауға мәжбүр болады. Осыған орай сабақтың құрылымы да өзгереді. Бүгінгі күнге дейін сабақтың екі кезеңі анықталған болатын: мұғалім басшылығымен жұмыс және өздігінен орындалатын жұмыс. Бұл екі кезең «үлкен сабақтың» өн бойында бірнеше рет қайталанып отырады. Енді осы сабақтардың ұйымдастыру барысына тоқталайық: ортақ тақырыптық қағиданы ұстанғандықтан белгілі бір тақырыпты барлық сыныпқа бір мезгілде өткізуге болады. Ал, жаңа сабаққа байланысты жаттығулар мен тапсырмаларды жас ерекшеліктеріне қарай әрбір сыныпқа лайықтап, саралап, әрқайсысына жеке орындатуға болады. Мұнда сабақ екі кезеңнен: біріктірілген (ортақ) бөлімнен және сараланған (дифференцияланған) бөлімнен тұрады.
20.Шағын жинақталған мектептерде оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыру ерекшеліктері
Шағын жинақты мектеп параллель сыныптардың болмауы, сыныптар санының аз болуы және бір сыныптағы оқушылардың жас шамалары әртүрлі болуына байланысты өз қызметін ұйымдастыру формалары мен әдістерін таңдауына құқылы.
Сыныптарды бiрiктiру тәжiрибесi екi нұсқада қарастырылады: аралас және әр жастағыларды бiрiктiру. Әртүрлі жастағы оқушылары бар сыныптарды ұйымдастыру педагогикалық тұрғыдан неғұрлым тиімді, өйткенi ол балалардың ауыспалы жұптарда жұмыс iстеуіне, жоғарғы сынып оқушыларының өзiндiк жұмыстарын ұйымдастыруға, сөйтiп көбiрек көңiл бөлудi керек ететiн төменгі сынып оқушыларына сабақ түсiндiру үшiн уақыт бөлiп алуға мүмкiндiк бередi.
Біріктірілген сыныптарда пәнішілік кіріктіре оқыту мұғалімдер мен оқушылар үшін төмендегідей ерекшеліктерді көрсетеді:
- оқушылар әртүрлі сыныпта оқығанымен, олардың назарын бір пәннің мазмұнындағы ұқсас тақырыптарға аударуға мүмкіндік жасалады;
- әр оқушы білім деңгейіне қарай өзіндік жұмыс түрлерін орындайды;
- өзіндік жұмыстарды оқушылардың жас ерекшелігіне қарай деңгейлеп беруге жағдай жасалады;
- оқушылардың бір-біріне көмектесіп, ұжымдық қарым-қатынасқа түсуіне мүмкіндік беріледі;
- оқушылардың бірін-бірі тексеруін, өзін-өзі тексеруін және бағалауын жүзеге асырылады;
Бастауыш шағын жинақты мектеп жағдайында балалардың бағдарламалық материалдармен ұйымдастырылатын өзiндiк жұмысына кететiн уақыт мөлшерi сақталуы керек:
- жазу сабағы бойынша 2-сыныпта 20 минуттан, 3-сыныпта 25 минуттан;
- математика сабағы бойынша 2-сыныпта 15 минуттан, 3-сыныпта
20 минуттан аспауы тиiс.
Шағын жинақты мектепте оқу үдерісін ұйымдастыруда тиімді педагогикалық технологиялар (деңгейлеп, саралап оқыту, ұжымдық оқыту, дидактикалық бірлікті ірілендіру, дамыта оқыту, модульдік оқыту, ақпараттық-коммуникациялық технология және т.б.) қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |