10
Қызыл жебе
жалғыз тіреуге әр жерінен шеге қағылып, қайыс-жүген, қамшы,
орама қыл арқан, бір десте адыраспан ілінген. Рысқұлдың жалаң
қабат көне шекпені мен ескі киіз қалпағы да сонда.
Босағада қотыр қабырғаға арқасын сүйеп, жүресінен отырған
алпамса кісі мазасыз көк шыбын жаққа атырыла бір қарап қалды.
Егер шыбын орнында адам болса мына бір алмас қылыштай
жарқ ете қалған қаһарлы көзден зәресі зәр түбіне кетер еді. Бірақ
шыбын деген мақұлыққа адамның көзқарасы әсер етпейді: көк
шыбын зарлағанын қоймай, жаман әйнекті сабалай берді.
Алпамса тұлға босағадан атып тұрып, басындағы киіз қалпағы
мен терезедегі шыбынды салып қалайын деп бір оқталды да,
тәуіп атаның көңілін бөлмейін деп қайта сап болды.
Қос тұлымшағын шуда жіппен түйген, кекілі желпілдеген
кішкене қыз айран құйған аяққа қолын соза беріп, дүңке
инеліктің баулығын сылдыратып алып еді, бағанадан бері бетін
қырын беріп, тізесін құшақтап үнсіз отырған әдеміше келіншек
әлгіміздің жалаңаш топ-толық балтырынан шымшып алды.
Қыз бала не
дауыстап жыларын да білмей, не әкесіне арыз
ғып айтарын да білмей аузы кемсеңдеген, айранға созған қолы
ербиген күйінде тақыр жерде отырды да қалды.
Осы үйдегі жалғыз аласа ағаш төсектің үстінде жатқан ауру
бала қарындасы Түйметайдың түрін көріп күліп жібере жаздады.
Бірақ күлуге шамасы келмей,
қан-сөлсіз, көгерістеу ерні сәл
ғана жыбыр етті. Аласа төсектен салбыраған арық қолын қоңқақ
мұрын тәуіп шал әлі ұстап отыр. Топ-толық,
қарулы бала енді
қауқарсыз сүлде-сүйек боп қалған. Қараторы өңі қазір боп-боз.
Көзінің айналасына көгеріс көлеңкесі түскен. Бұрын тәмпектеу
мұрны енді ерекше сопайып, ебедейсіз көрінеді. Жанарында
ұшқын бар екен. Көк көлеңкелі ажал қанша төңіректесе де сол
ұшкынды өшіре алмапты. Кәрі тәуіп жұмулы көз бен салбыраған
қасының арасынан соны көріп отыр. Кәрі тәуіптің аңғарымпаз
көзі баланың шеке тамырының бүлкілінен-ақ
бар жағдайды
пайымдаған. Ал енді қолын ұстап тамыр басып отырғаны, мына
өз аузын аңдыған ата-ананың көңілі үшін, әрі десе емнің түрін
айтуға уақыт ұтып, ойланып алмақшы.