12
Қызыл жебе
– Е, батыр, ештеңе етпес. Сүзек екен. Әруақ-құдай қолдаса,
ештеңе етпес, ештеңе етпес, – деп жүзі тайқып, үйден асығыс
шығып кеткен.
Дүниенің бұраңдаған қисық-қисық
жолында маңдайына
бармақтай бақ құралмаған Рысқұл үшін бұл жалғанның бар
қызығы осы балалары еді: Тұрары мен Түйметайы. Жер ортасына
таянғанда көрген жарық сәулелері. Екеуі көзінің екі жанарындай.
Бұлардан бұрынғы бейшараларға бұл фәниден ұзақ дәм-тұз
бұйырмаған.
Сөйтіп жүргенде
көрген Тұрары ғой, Тұрар деген атының
өзіне әке байғұс бар үмітін артып еді. Енді соның өзін есейіп,
ес біліп қалғанда ажал-құзғын айналдырып, тұзағын талша
мойынға аяусыз тастап тұр. Намаз оқымас, ораза тұтпас Рысқұл
енді сасып, амалсыз Аллаға сыйынды.
Ақ пайғамбардың,
сәбилердің пірі Ұмай-ананың есімдерін ішінен әлденеше рет
атады. Бәйдібек бабасына, Домалақ
атанған Нұрилә анасына
сыйынды. Енді осыдан бала оңалып, құдай қуат берсе, Түлкібас-
Жуалыдағы туған жерге бір қайырылып, Қаратау қойнында, Бала-
Бөген бойында тұрған Бәйдібек бабасы мен Домалақ анасының
күмбезіне барып бас иіп, тәжім етуге ант берді. Алдақашан жер
томпайтып қалған Жылқыайдар әкесін, Бердіқұл ағасын есіне
алды. Солардың басына барып құран оқытқызбасам ба деді. Қу
тірліктің тәлкегінде жүріп, оларды еске алып, құран түсіртпегеніне
кешірім сұрады, – Тұрар ұрпағың еді ғой, мейіріміңді сал, – деп
Жылқыайдар әкесінің, Сәлік бабасының әруағына жалбарынды.
Тұрардың қатты құлағанына Ізбайша да қиналып, уайым жеп,
ауру баланың асты-үстіне түсіп, ықыласын салып-ақ бақты.
Төсектен тұра алмай буын-буыны
құрыған дардай баланың
зәрін тосып алып, айналып-толғанып-ақ жүр. Сөйтсе де құрғыр,
өгей шеше өзегі Рысқұлдай өртене қойған жоқ. Нардай Рысқұл
аз күннің ішінде азып-тозып, кәдімгідей шөгіп қалған. Ізбайша
жанашыр болғанмен, жанкүйер бола алған жоқ. «Тәңірінің ісі,
аламын десе де өзі біледі, қоямын десе де өзі біледі. Адамның
жаны – Алланың аманаты, қашан қайтып алуы өзінің ықтияры»
– деп жүрді ішінен. Пендешілік қой,
жас келіншек Тұрардан
Рысқұлды қызғанып та қалушы еді. Күйеуі өз ұлының жолында