14
Қызыл жебе
Рысқұлдың табиғаты тарғыл көкектен басқалау. Қазір тарғыл
тастың тасасынан тауешкі аңдыған мергендей, тәуіп атаның
қас-қабағынан көз алмай отыр. Баланың бар тағдыры енді осы
Ахаттың
қолында сияқты, оның аузынан шығар сөзге зарығып
отыр. Бір сәт Тұрарға көзі түсіп еді, бала өзіне тесіле қарап жатыр
екен. Рысқұлдың тұла бойы шым ете қалды. Сонда ол Тұрар өзі
өле кетсе, мына әке күллі әлемнің адамдары жиылып арши алмас
қалың қайғыда қалатынын ойлап, уайымдап жатқанын айтпай
сезді.
Әке мен баланың арасында үнсіз ұғыныс, тілсіз махаббат,
жіпсіз жалғанған жүректер барын осы жай аңдатар еді. Жасына
жетпей көзіне ой тұңғиығы ұялаған
жәдігерді қу құдай көп
көрмесе екен, маңдайымды тайқитып, сорымды сорадай ағызып
кетпесе екен деп, Рысқұл іштей шырылдады.
Мамырбай Рысқұлдың аламан, албырт мінезін ұната бермейді.
Жасы егде тартқанша орнығып, орта түсіп, жуаси қоймағаны
ұнамайды. Осынша тақыр кедей болғаны, анда да,
мұнда да
сыйыспай жүргені қу мінезінен деп ойлайды. «Күштіменен
күреспе, мықтыменен тіреспе» деген бұрынғылар. Шамаң
келмейтін болған соң құр тыраштанып не керек, одан да ақырын
жүріп, анық басып, құба төбел қу тіршілікте біреуден ілгері,
біреуден кейін дегендей, бала-шағаңды асыра. Адыр болғаныңмен
ірі болмасаң – бәрі бекер. Бәрінен де осы Рысқұлдың Қалипаны
елең-алаңда қолынан тартып әкеткені Мамырбай шалдың кәрі
көкірегінен шемен болып кетпейді-ақ. Шал да болса Түлкібас-
Жуалыдан ауып келген Шымырдың
бір тентегінің қорлығына
көнбек емес еді. Қалипа марқұм:
– Жөкеме айтыңдар. Өз ықтиярыммен шықтым. Шатақ
шығарып, ұятқа қалмасын, – деп сөз салыпты деген соң барып
Мамырбай өз шынтағын өзі тістей алмай қапа боп қалған.
Көк шыбын біраз үні өшіп, жым-жырт болған соң қайтадан
безілдей бастады. Құрақ терезені тесіп шығуға мың жылда
да шамасы жетпес, бірақ шыныны соққылап, ызыңдағанын
қоймайды. Далаға, кең дүниеге
шығуға деген құштарлық
қыстаған бір мақұлық.