163
Қызыл жебе
Жерошақтағы от қара қазанның желкесінен сытылып шығып,
қамалап тұрған қараңғылықты кеудесінен итеріп,
жібермей,
қазанды қорып тұрғандай. Қара қазан – қара шаңырақтың қазығы
ғой. Қазан босаса – шаңырақ шайқалмақ. Қазанды қараңғы
зұлматтан қызғыштай қорыған оттан айналып, садағасы кеткің
келеді. Сірә, баяғы бабалар отқа бекер табынбаған.
От сәулесі жеткен жерден шалбары ағараңдап, аяғына кебіс
ілген біреудің әуелі белінен төмен жағы көрініп, бірте-бірте кеуде
жағы да көзге шалынды. Ахат көрші екен. Қақырынып қойып,
белгі бере келді. Ошақ басында, қазан қарап, от түзеп отырған
Қатшагүл келіні сылдыр
еткізіп көсеуді тастай салып, ұшып
тұрып, қайнағасына сәлем қылды.
– Көп жаса, шырағым, – деді Ахат. Кішкене шоқша сақалы
бар, кең кеуделі, екі иығы екі кісі мінгендей,
көзінде оты бар,
шоң мұрын, ат жақты кесек тұлғалы кісі қырықтар шамасында
көрінді. Сақан палуанмен қатар еді, қалжыңдап:
– О, дәу, жараған бурадай бұрқырап неғып отырсың? – деді.
– Ел тыныш па? Болыс ауылында не боп жатыр? Ояз келді деп
еді? – деді.
Жайшылықта болса Сақан палуан Ахаттың бұл қотыр сөзіне
лайық жауап беріп бір шайнасар еді, дәл қазір реті келмеді. Ахат
осы ауылдың сыйлы адамы. Бұған бәрі де жез сымдай жұмсақ
иіледі. Мына Әлімбектің бірбеткей қарсы бұтақ сияқты қасқыр
немерелерін осы Ахат алақанына салып саз балшықтай жұмсарта
алады. Ендеше онымен қазір шайнасудың орны жоқ. О баста бұл
шаруаға осы Ахатты араластыру керек еді. Әлі де болса кеш емес.
– Ей, Ахат, – деді Сақан палуан гүрілдек дауысын жайырақ
шығаруға тырысып. – Мені болыс жұмсап отыр. Ояз келіп
жатыр. Соған күміс ердің майын бере тұрсын дейді. Ояз біраз
серуендеп, құмардан шыққан соң қайтып мен өз қолыммен әкеп
беремін. Соған мына інілерің көнбей отыр. Айтсаңшы ақылыңды.
Дауылбаймен қырғиқабақ болғаннан аз ғана Алсайға оңай тимес.
Құдай ақыңа, түн жамылып отырмын ғой, өз қолыңды өзің кесе
алмайды екенсің. Мен өзім деп айтып отырмын сендерге. Мен де
осы Алсайдың бір баласымын ғой.