Қызыл жебе
тізгінін тартып, кері бұрылып, қарсыласын қуып көріп еді,
қайдан болсын, Қызыл Жебенің бір бұрқ еткен шаңына көміліп
қала берді.
Сол шабыста Қызыл Жебе Тұрарға жарқ ете қалған найзағай
сияқты көрінді. Қызыл Жебенің желбіреген жал-құйрығы
найзағайдың тарам-тарам бұталарындай жалындап бара жатты.
«О, Қызыл Жебе!» – деген дауыс Шолақ Шабдардың үстінде
отырған Тұрардың аузынан еріксіз шығып кетіп еді.
Қызыл Жебе Кесіктөбеге оқтай атылып, аяғы жерге тиер-тимес
бір-ақ топ етті. Ол шапқанда әлдебір қабылан қарғығандай, яки
көлдегі көкала үйрекке аспаннан қаршыға құйылғандай көрінеді
екен. Әйтеуір қалың халық әлгі жануардың аяғы жерге тиді ме,
тимеді ме, соны байқай алмай «өң бе, түс пе?» деп таң болғаны
ақиқат.
Тұсынан Қызыл Жебе мінген көкесі зу етіп өте шыққанда,
Тұрарға көкесі ат емес, найзағайға мініп көзілеспей ұшып
өткендей көрінді. «О, Қызыл Жебе!» – деп тағы да тандана
айқайлап жібергенін байқамай да қалды. Өз даусынан өзі
қысылып жан-жағына қараса, жан біткеннің бәрі: «Қызыл Жебе!
Рысқұл! Қызыл Жебе! Рысқұл!» – деп жамырап тұр екен.
Туған баласының алдында беделі жоқ әке сорлы. Рысқұлдың
бағы бар екен. Тұрар оны пайғамбардай сыйлайды. Жер бауырлаған
жеті жасар бала не біледі дейтіндердің соры қалың. «Әке көрген
оқ жонар» болса, сол жеті жастағы жеткіншек Тұрар туған
әкесінің турашылдығын, күштіден күбіжіктемейтін, мықтыдан
ықпайтын тәкаппарлығын, жарлымын деп жасымайтын жігерін
көріп өсті. Тұрар үшін Рысқұл ер біткеннің ішіндегі одағай оқ
жетпесі.
Ал, енді әкесінің Қызыл Жебеге мініп отырғандағы келбетін
көріп, Тұрардың төбесі көкке жеткендей, аспандағы жұлдызды
қолмен ұстап тұрғандай болды. Қызыл тұлпардың үстіне құрыш
қонғандай әдемі сурет жас баланың жанын әлдилейді. Рысқұл
садақпен атылған Қызыл Жебенің құрыш ұшындай болып барған,
айтулы палуан Мақаштың тастай тақымын талқандап, көкпарды
тартып алғанда, Тұрар бұл өмірдің додалы көкпар екенін,
күреспесе, алыспаса адам өз сыбағасынан, бәлкім бақытынан
37
Қызыл жебе
адасып қалатынын бала көңілмен, көмескілеу болса да аңдады.
Егер әлгінде Рысқұл көп көрерменнің бірі болып, бұғып тұра
берсе, мақтанышқа мастықтан Мақаштың екі көзінің еті өсіп,
есіріп кетер еді.
Тұрар сонда қорқақ болмау керек екенін, адал айқасқа
аянбай түсу керек екенін сұңғылалықпен емес, бала түйсігінің
алғырлығымен сезінді.
Қызыл Жебе мен Рысқұл Тұрар оқыған өмір атты қалың
кітаптың бір парағы.
Бірақ бұл құдірет аямай төге салған ағыл-тегіл қуаныштың
арты ұлы жанжалға ұласа жаздады. Әлбетте, әуелі Саймасай
салды сойқанды. Рысқұлға:
– Сатқынсың! Қарақшысың! Тауфихсыз кірме итсің!
Құртамын да жоямын! – деді.
Бурадай бұрқылдап Мақаш қамшы үйіріп ұрмақ болды. Қанды
жағы Рысқұлды жақтап, олар бір бүйірден килікті.
– Айып менен, алдияр! – деп Рысқұл Саймасайдың алдына
қол қусырғанмен, болыстың көкірегіне қан қатып қалды.
– Аталастың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын деген
қайда? Рысқұл исі дулаттың намысын емес, тұлпар тұяғының
намысын Қамбар ата аруағын, ас-жиынның, ойын-тойдың
намысын қорғады. Оған сенін нең кетті, болыс! Кірме деп қорлай
берсең, мен-ақ сыйдырып аламын, Шымыр дулат маған да алыс
емес! – деп Тұқымбай дәуірледі.
Астан қайтқалы Қызыл Жебе Саймасайдың көз алдында
ойнақтап тұрды да қойды. Түнде кәдімгідей түсіне кіреді. Түсінде
оны біреулер беліне қырық құлаш арқан байлап зынданға түсіреді.
Зынданның бір түкпірінде Қызыл Жебе құлағын жымырайтып,
артқы аяғын көтеріңкіреп тебейін деп тұрады. Саймасай Қызыл
Жебенің жанына жолай алмайды. Қырық құлаш арқанның ұшын
тұзақтап, бұғалық тастамақ еді... ала арқанның өзі ала шұбар
жылан болып басын қайқаңдатты.
Саймасай бастығырылып барып: «Бісміллә! Бісміллә!» –деп
оянды.
– Тұра тұр, Тұқымбай! – деді болыс. – Сенің жазаң Тау-
Шілмембеттен болсын!
|