Ғарыпжан (айнала қарап). Осы арадан қырық шақырым жерде Желаев келе жатыр!..
Отырғандар (селк етіп). Желаев келе жатыр?!
Ғарыпжан. Отыз шақырым жерде Андреев келіп тұр!
Отырғандар (ұшып тұра келіп). Андреев келіп тұр?!
Ғарыпжан. Жиырма шақырымда Баян отряды төніп тұр!
(Үйдегілеp отыра қалып). Баян отряды?..
Ғарыпжан. Он шақырым жерде Әлібаев тұр!..
Отырғандар (ұшып-ұшып тұра келіп). Әлібаев тұр?..
Өмірбек ( аз тым-тырыс). Одан басқа ешкім жоқ па?
Ғарыпжан. Осы төртеуі де жететін... Төртеуі төрт бүйірде..: Араларында байланыс бар секілді.
Үйдегілер. Байланыс бар?
Ғарыпжан. Байланыс бар! Ойда орыс, қырда қазақ, бәрі солардың байланысы, сымсыз телеграмы... (Үйдегілер сылқ отыра кетеді.)
Жақып. Олар осы қаланы алмақ па?
Ғарыпжан. Енді екі сағатта шабуылдың шаңын көріп, түтінін жұтасыздар...
Жақып (ұшып тұра келіп). Мен, полковник Жақып, «Алашорда» үкіметінің атынан, осы қаланы тұтас соғыс құшағында деп жариялаймын! Штаб басында Жақып, Кенжеғара? Шоңмұрын үшеуі ғана қалады. Өзгесі түгел әскер қатарына тұрып, қару асынсын! Қаладағы барлық солдатты қаз бастырып, қатарға тізу офицер Төреғазыға тапсырылады! Әскерді қалай жүйелеу штаб қолында!.. Жөнеліңдер орындарына!
Үйдегілер. Мақұл, мақұл! (Шығып бара жатады.)
Жақып. Өмірбек, Төреғазы мен Кәртайды жібер мұнда!..
Өмірбек. Қазір, қазір. (Асығыс шығып кетеді.)
Шоңмұрын. Баян отрядына телеграмма берейік...
Жақып. Не деп?
Шоңмұрын. Өздерің келіп, қару-жарақтарыңды беріп қолға түсіңдер, әйтпесе жарты сағатта қолға алынасыңдар, аяушылық болмайды деп. Мүмкін...
Достарыңызбен бөлісу: |