Солдат. Мына бір телеграмды әкеп кетті. (Жақыпқа береді де шығады.)
Жақып (оқып). «Қарасай қаласынан қашып шығуға тура келді. Артымызда Баян. Алдымызда Андреев. Жау күшті, жәрдем беріңдер. Әскердің жартысы оларға қашып кетті... Мусин.» (Телеграмды лақтырып жіберіп.) Жасаған-ау, не болдық? Жеңілдік, қаштық деген хабар қашан тоқталады? Кімнің ғана қолынан келеді мұны тоқтату?!.
Шоңмұрын. Колчактан күш сұрау керек... Қостанайдағы әскерін бізге жіберсін. Орынбор жаққа Дутовие болсын. Әйтпесе, Орынбор мен Түркістан арасы бір қосылып алса, қызылдар бет қаратпайды.
Жақып. Жаза қойшы, құрғырды!.. Одан да не шығар дейсің?.. (Шоңмұрын жазуға отырады.)
Өмірбек. Баян мен Соколов отрядынан осынша шабылып отырмыз, егер Андреевтің өзімен ұшырасып қалсақ, не боламыз?.. Қобызовтар бір ақырып қалса-ақ, торпақтай томыраңдап, алдына түсе жөнелеміз бе? Сендердің арқа сүйер, мықты белдерің қайда осы?..
Жақып. Қайда болсын, осы отырған өзіміз... Іс бітіріп, мал тауып жатқан анау ақсақал-билерің... Атқа жаңа мінген баладай қомпаң-қомпаң етіп отырған анау Калшақ... Міне, арқамыз да, белімізде, жұлын-жотамыз да осылар емес пе?..
Шоңмұрын (жазғанын оқып). Телеграм былай болып шықты:
«Қазақтың құрметті ақсақалы, Сібірдің дара билеушісі, бәріміздің арқамыздағы панамыз, маңдайдағы саямыз, адмерал Колчак!.. Айбынды «Алашорданың» мұндағы бөлімінің халы ауырлай бастады, әскеріміз азайды әрі қашып жатыр... Егер бізді күшейтпесеңіз, Орынбор мен Түркістан арасы айқасып алады. Одан кейін большевиктер бет қаратпайды. Құрылмаған біздің «Алашордамыз» түгіл, сіздің мықты үкіметіңіз де шайқалуы мүмкін. (Әдейі жазып отырмын «мықты үкіметіңіз» деп.) Сондықтан, тезінен Костанайдағы Могилев полкын бізге жәрдемге жіберіңіз. Жәрдеміңізге сеніп – Күншығыс Алашордасынан:
Жақып, Шоңмұрын, Кенжеғара».
Кенжеғара. Әлгі офицер Антоновтың қолын неге қоймадың?
Достарыңызбен бөлісу: |