Жақып. Ия, ия... Сендердікі дұрыс екен. Бұл мұжық көтерілсе, араның ұясындай шулайды... Соғыста бұлардың біреуі қазақтың оныңа тұрады...
Кенжеғара. Оның үстіне сыртқы соғыс тоқталғалы қайтып жатқан солдаттың бәрі қызылдар жағында... Солардың үгіті крестьянды бізге удай қарсы қылып қойып отыр... Большевик отрядтарының кебі солар...
Жақып. Әйтеуір, халымыз қалт-құлт етіп, құлдырап барады. Әскеріміз күнде қашып жатыр. Қолдағы әскер жидіп, шіріп барады. Білмеймін...
Өмірбек. Қолдағы әскерің мықты ауру көрінеді. Бізбен келгендерді араларына кіргізбей, әлі мүйіздеп жүр ғой: «аяғынан келген, сендерді кім шақырды, нан өзімізге де жетпей жатыр!..» – деп, кез келген жерде көзге шұқитын көрінеді... Содан шығар деймін, бізбен келгендердің көбі қайта қызылдарға қашып кетіп отыр...
Жақып. Қайта қашып кетіп отыр?
Өмірбек. Ия, қайта қашып кетті... Бізден бөлінгенде Баян мен Соколов жиырма шақты-ақ адаммен кетіп еді, қазір екеуі екі отряд жасап алыпты.
Телқозы. Отряд болғанда қандай! Қарабұтақта кездескенімізде дал далымызды шығарды той... Көзге іліккен жерден шабуыл жасады. Баянның отряды бізден екі есе аз еді, сонда да шыдатпады ғой. Олар нығайып алған. Қауіптің өзі торлап...
Жақып. Жеңілгендеріңді көтеріп айтпай, жеңгендеріңді айтатын да күн болар ма екен!.. Ұят та жоқ, ар да жоқ... «Дал далымызды шығарды!»–деуін қарасайшы! Сендер немене, қоймысыңдар, қоянбысыңдар?..
Кенжеғара. Әңгіме бұларда ғана емес, бәрімізде. Біздің артымызда ел жоқ, екендігі енді-енді айқындалып келеді... Қазақ деп жүргеніміз бір уыс байлар екен. Қалың бұқара бізден қашып, жуымай отыр... Ә, олар ереді, еріп жүр дейтінбіз... Ерте алмадық... Біз құсап Колчак, Дутовтар да қалың мұжықты бездіріп алды. Қатты бір соққы көрсек болғаны, бір күшті әскердің қолтығына кірмесек, бас паналайтын да жер қалмайды... Қолындағысынан айырылса, Колчак-Дутовтар да көшкен елдің жұртын да қалады...
Шоңмұрын.Ал енді большевиктер олай емес: жұмыскері; кедейі, орташасы бар жерге ұшыраса болғаны – отряд құралып сала береді, ат та табады, ас та табады... Қалың бұқара соларға ауып болды. Бұл толқынды тоқтату өте қиын... (Есіктегі солдат кіреді.)