Шоңмұрын. Оны кім біледі, қол қоя ма, жоқ па? Өзі үш күннен бері мас, басын бір көтерген жоқ. (Антонов кіреді.)
Антонов. Кім мас?.. Шоңмұрын, сен трибунал болмақ түгіл, құдай болсаң да, адмирал Колчактың офицерін мас деп сөгуге өрең жетпейді!.. Білдің бе? Көзіңді ашып қара, жағынды сындырып жіберермін!..
Жақып. Сабыр ет, Антонов офицер! Мас деп сені айтқан жоқ, солдаттарды айтып отыр еді. Біз бір телеграмма берейік деп едік, қол қоясыз ба? (Телеграмманы береді.)
Шоңмұрын. Офицер Антонов, сіздің мінезіңіз өзіңізге лайық емес! Мен крестьян емеспін ғой...
Антонов (оған қарамастан, телеграмманы оқып тұрып). Мені айтпаған болсаң, кешірдім... Сенде...
Шоңмұрын (Кенжеғараға). Міне, иттің баласы!
Антонов (телеграмманы Жақып қалақтырып). Қол да қоймаймын, ештеңе істемеймін де... Бүгін Омбыға жүрем. Маған отпуска бересің. Телеграммаларыңды өздерің бере бер. Мен өзім барып адмиралға хал-жайды ауызба-ауыз айтам. Жердің бетін жауып кететін көп әскер әкелем, ризасыңдар ма? Мен бұлай сандалып жүре алмаймын... Сендер...
Айбала. Неге асықтыңыз, офицер Антонов?.. Әлде бір...
Жақып. Ризамыз... Барсын... Барсын...
Отырғандар. Жарайды, барсын... Бірақ тез жәрдем әкел!..
Антонов. Мен енді амандасуға ғана келем...
(Кетерде Айбалаға қарайды, Айбала да артынан шығады.)
Кенжеғара. Кетсінші осы иттің өзі... Жазатайым қашуға тура келсе, мұнымен жүріп елге сыя алмайсың... Барсын!..
Жақып. Апырмай, халіміздің өзі қайтер екен?.. Ақаннан да хабар болмады... Оны Мәскеудің түрмесіне тығып жіберген шығар-ақ!..
Шоңмұрын. Ие, Ақаң бас бостандығынан айырылған шығар... Әйтпесе, ұшқан құстан болса да бір хабар берген болар еді... Әдібаевтың келісімін Мәскеу неғып ұната қойды дейсің...
Өмірбек. Оның үстіне, артынан переворот жасалғанын: Баяндар Мәскеуге әлдеқашан білдірген... Дүние сабасына түскенше, Ақаннан айырылған шығар-ақпыз... (Ғарыпжан кіреді.)
Достарыңызбен бөлісу: |