Силлабус 2021-2022 оқу жылының көктемгі семестрі


ТАҚЫРЫБЫ: Сын мен сыншыға қойлатын талаптардың өзгеру тенденциялары



бет15/36
Дата29.01.2023
өлшемі124,26 Kb.
#63581
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   36
Байланысты:
Әдеби үдеріс және сын 2022-23

ТАҚЫРЫБЫ: Сын мен сыншыға қойлатын талаптардың өзгеру тенденциялары.
Әдеби сын көркем шығармаға эстетикалық баға беріп, бейнеленген өмір шындығының көркемдік шындыққа қалайша айналғандығын саралайды, оның мән-маңызын түсіндіреді, әдеби өмірдің бүгінгі ерекшелігін айқындап, бағыт сілтейді. Әдеби сынының әдебиет тарихынан бір айырмашылығы ол – бүгінгі шығармаларды талдап, оларға қазіргі кезең талаптары тұрғысынан баға береді. Әдеби шығарманы оқыған адам ол жөнінде өз пікірін, көзқарасын білдіре отыра алмайды. Әдеби сын – оқушыға тура жол көрсететін ақылшы. Сын көне заманда туғанымен, ол көп уақыт авторлардың көркем шығарманы ұнатуы немесе ұнатпауы дәрежесінен аса алмаған. Әдебиеттің жанрлары жіктеліп, өркен жая бастаған сайын әдеби сынының мақсаты мен міндеті де күшейе түскен.
Әдеби сынның жанрларын жіктеуде бірнеше негіздемеге сүйене отырып бөліп қарастырылады: оның сан сипатты табиғатына қарай, сын жанрларын алдымен көркем-публицистикалық, ақпараттық, аналитикалық деп жіктеуге болады. Сынның жанрларын меңгерген кезде сынның шынайлығын ескере отырып, оның әдебиетпен, әдебиет туралы ғылыммен, публицистика және философиямен өзара әрекеттесу қабілеттілігіне баса назар аударған жөн. Әдетте, жанрлар “таза” күйінде кездеспейді. Сыншы алдына қойған мақсатына жету үшін, алдымен қажетті жанрды таңдап, жанр талабы бойынша жазылады. Қарастырылып отырған әдеби объектінің табиғатына қарай публицистикалық қыры басым болуы мүмкін немесе ғылыми тілі. «Әдетте, жиі айтылатын “жанрын тапқан” деген сияқты тіркестердің ар жағында шеберлікке қатысты көптеген мәселелер жатыр» - деп тұжырым жасаған Д.Ысқақұлы.
Әдеби-сыни жанрлар келесі әдістемелік принциптерге арқа сүйейді: орнықтылық пен ауытқушылықтың өзара байланысы, сын жанрларының мазмұндық формаларының шарттылығы, жанрлардың өзара әсері. Әртүрлі сын жанрларын бөліп алу критерийлері сын мен әдебиет диалогының сипаты, сыни анализ объектілерінің өзара байланысы, ұстанымдар мен дәлелдеу жүйелері ескеріле отырып анықталады. «Тігі бойынша» жіктеу «көлбеу бойынша» жіктеумен толықтырылады, яғни көпшілік жанрларға: хат, пайымдама, эссе, диалог, параллель және т.б. тән болып табылатын жанрларға ортақ болып келеді.
Тарихи даму үрдісінде сынның қалыптастырғыштық фукнциясы (идеологиялық, коммуникативтік, интерпретациялық, болжамдық) тиісті жанрларды туындатады. Қалыптасқан жанрлар әлдебір иерархия бойынша қарастырылуы мүмкін. Оның «жоғарғы жағын» метажанрлар – теориялық мақалалар, трактаттар, манифестер құрайды. Бұларда көбіне сынның эстетикамен, әдебиет теориясымен жақындығы ұшырасады. Өз кезегінде мұнда жанрлардың екі тобы кездеседі: біріншісі әдебиетке, ал екіншісі – сынның өзіне, оның теориялық өзіндік ерекшелігі проблемасына бағытталған. Ал бұлардың ең басым бөлігін сынның әдеби процестің ағымдағы қажеттілігін өтеуге бағытталған жанрлары (рецензия, аннотация, мақала, шолу, т.б.) құрайды.
Сынның көркем жанрлары әдебиеттің тегі (род), түрі (вид) жағынан эссе, пародия, эпиграмма, памфлет, т.б. болып бөлінеді. Сын жанрларын іштей шартты түрде қарасөзбен (рецензия, шолу, эссе, шығармашылық портрет, т.б.) және өлең сөзбен (эпиграмма, пародия) жазылған деп бөлуге келеді. Публицистикалық жанрларға әдеби хабар, аннотация, рецензия, мақала, шолу, творчестволық портрет, әдеби фельетон, әдеби очерк, әдеби есеп, т.б. жатады. Бұларды тағы да хабар (әдеби хабар, аннотация), талдау (рецензия, мақала, шолу, шығармашылық портрет), әдеби-публицистикалық (әдеби фельетон, әдеби памфлет, әдеби очерк, т.б.) жанрлары деп жіктеуге болады. Бүгінгі әдебиет жайлы жазылған көлемді ғылыми еңбекті “монография” деп атайды.
Рецензия (сөзі латын тілінен шыққан «recensio», қазақша бағалау, тексеру, қарастыру, зерттеу, пікір білдіру деген мағынаны білдіреді). - әдеби шығарманы сыни тұрғыдан талдап қарастырып бағалайтын, пікір білдіретін әдеби сынның жанры.
Бұл жанрда ақпараттық-танымдық, бағалаушылық бағыт басым болады, сыншы өзінің ұстанымын негіздеп, анализ жасап отырған шығармаға қызықтыру керек. Рецензия жаңа басылымды хабарлау функциясын артқарады және сол туындының мазмұн, стиль ерекшелігі жайлы көзқарас қалыптастырып, шығармаға деген қызығушылық тудырады. Рецензияның – нақтылығы, тиімділігі, шапшаңдығы секілді қасиеттері басшылыққа алынады. Рецензия шығарма жарық көрген күннен бастап жазылады, біраз жылдан кейін сол туындыға жазылған рецензияны көру мүмкін емес. Кәсіпқой сыншы рецензиясында шығарманың идеялық-эстетикалық ерекшелігі ашылып, шығарманың әдеби үдерістегі орны айқындалады. Сыншы ренцензия жазу барсында оның кімге арналып жазылатындығын, аудиторияның білімін, оқырмандардың қызушылығын да, ескеру маңызды. Яғни, обьектісіндегі шығарма оқырманды қызықтырса, шығарманың мәні, автор идеясы, көркемдеу тәсілі түсіндіріледі. Оқырман аудиториясы қажет етпеген жағдайда, кітап қысқаша сипатталады. Рецензия белсендігімен туындының әдеби өмірдегі алғашқы орнын анықталады, сыншы-автор-оқырман арасындағы байланыс орналасады. Рецензияның көлемі көздеп отырған оьектіге байланысты.
Рецензияны түріне қарай әртүрлі негіздеме, сипаттама бойынша жіктеледі, типологиялық топтарға бөлінеді. Әрине, бұл мәселе даулы, әлі зерттеуді қажет етеді.
- көлемі жағынан: қысқа және көлемді рецензия
-талдау барысында бірнеше шығарма пайдаланған жағдайда:
монорецензия (бір шығарма талданады, бірақ автор кейбір салыстыру үшін басқа шығарма туралы айтуы мүмкін. Бірақ салыстырмалы материалдың көлемі аз болуы керек. Автор әдетте жаңа туындыны оқырманға танымал туындымен салыстырады).
полирецензия (екі немесе одан да көп шығармалар талданады, олар әдетте бір-бірімен салыстырылады және мұндай талдау өте үлкен орын алады. Аудиторияға белгісіз және аз білетін жаңадан жарық көрген туындыларға салыстырмалы талдау жүргізіледі).
- шығарманың жанры сипатындағы рецензия:
эпикалық рецензия
драмалық рецензия
лирикалық рецензия
- обьект бойынша (өнер тақырыбына байланысты):
музыка рецензиясы
кино рецензиясы
әдеби рецензия
театр рецензиясы т.б.
- рецензия авторының дәрежесіне қарай:
кәсіби рецензия
жазушы рецензиясы
оқырман рецензиясы
Рецензия жанры жайлы Д.Ысқақұлы: «Әдетте – дейді ол – рецензияның көпшілігі сәтті делінген туындыларға арналады да, сапасыздыққа қарсы күрес жағы әлсіздеу соғып отырған. Әсіресе, бүгінгі күн сынында әдебиеттегі кемшілік атаулыға қарсы күрес жағы сын көтермейді. Солай бола тұрса да, әдеби сынымыздың әдеби сауатсыздыққа қарсы қажырлы қайрат көрсете білген үлгілерін көптеп көреміз».
Т.Кәкішұлы «Сын сапары» атты зерттеу еңбегінде «Октябрь революциясына дейін шыққан өлең жинақтары мен белгілі бір авторлардың шығармаларына назар аударғанда сын элементі бар дәйектеме материалдарға тап боламыз. Оқушы көпшілікке өлеңнің недей мәні бар, қай уақытта, қандай себеппен жазылғаны, уақиғаның тарихи тегі, шындықтан алынған, алынбағаның айту, өлеңді шығарушы автор өзінің кім екенін аңғартуы, жинаққа алғы, не соңғы сөз жазу сияқты материалдардың бәрін жинақтай айтқанда дәйектеме-сын деп атаған жөн, оны аннотация мен рецензия аралығындағы құбылыс екендігін ескеріп, дәйектеме-сын атау орынды» - деп анықтама берген. Дәйектеме-сынның анықтамасында зерттеушілік қыры басымырақ, аннотациядан гөрі, рецензияға жақындау.
Аннотация – «Қазақ тілі энциклопедиясында" аннотацияға мынадай анықтама берген: Аннотация, аңдатпа (лат.annotatіo – ескерту, аңдату) – кітаптың, топтама жинақтың, қолжазбаның мазмұнын оқырманға қысқаша баяндау. Ол - кітаптың, мақаланың мазмұнын, саяси-идеялық бағытын, құндылығын түсіндіретін қысқаша сипаттама, алайда бұл жанр туралы да әртүрлі тұжырымдар бар.( Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы, 1998 жыл, 509 бет.) Әдебиеттанушы, ғалым Т.Кәкішұлы «Аннотация белгілі бір шығарманың негізгі мән-маңызын қысқаша түйіндейді» десе, прфессор Д.Ысқақұлы былай деген: «Аннотация – сын жанрының ішіндегі ең шағын көлемдісі, шын мәніндегі әдеби сынның бастау алар бұлағы. Алғаш көрінген түрі десе де болғандай. Аннотация объектісі – бір ғана шығарма, кітап. Мақсаты – кітаптың не туралы екендігімен таныстыру. Әдеби сынның басқа жанрлары сияқты алдына көп міндеттер қоймайды, жоғарыда айтылған бір мақсатты шағын көлемде орындау аннотацияның негізгі жанрлық ерекшелігін айқындайтын өлшем болып табылады» - деп анықтама береді. Академик М. Қаратаев аннотацияны "қысқаша мазмұндама" деп атаған. Профессор Т. Амандосов аннотацияны рецензияның "ең шағын да қысқа түрі", ол "шығарманы қысқа, тұжырымды баяндап береді", "кеңірек үгіттеуді көздейді" деп жазады. Айтылған анықтамаларға сүйенсек: әдеби туындылардың құндылығын түсіндіретін, қысқаша мазмұнын сипаттайтын, оқырманға көмекші сын жанры.
Сыни мақала және оның түрлері – мақала - өнер мен өмір арасындағы байланысты сәйкестендіріп талдау, синтездеу, бағалау, түсіндіру сияқты мақсатты алдыңа қойған сыни еңбектер жиынтығы.
Әдеби сын мақаланың композициялық құрылымының мазмұнында сының үш негізгі элементі нақты ұстаным ретінде көрінуге тиіс: әдеби-маңызды мәселелерді қою, шығарманың көркемдік құндылығына талдау жасау және қоғамда болып жатқан маңызды құбылыстарды оқырманға жеткізе білу. Мақала композицияна қойылатын талап – бұл құрылымның тұтастығы мен бірлігі. Сондай-ақ, мақала құрылымында сынның басқа жанрларының элементтерінде кездестіруге болады. Бірақ мақаланы басқа жанрлардан ерекшелендіріп тұратын өзіндік сипаты сол кездегі әдеби үдерістегі және қоғамдық маңызы бар мәселенің жазылуы. Сыншы міндеті – басынан талқыланып отырған тақырыпқа оқырманды тарту, көңілін аударту.
Зерттеушілер мақаланы құрудың мынадай қағидаттарын бөліп көрсетеді: дедуктивті – сыни ойдың қозғалысы жалпы мәселеден әдеби материалға қарай жүреді. Индуктивті – жеке, жалқы бақылаудан жалпы тұжырымға және проблемаға қарай бағытталады. Мақалада бұл екі қағидат та қатар қолданылуы мүмкін.
Ғалымдардың зерттеулері бойынша сыни мақалалар: теориялық, полемикалық, проблемалық, мүшелтой, эссе, айтыс, шолу т.б. деп басылымына, қызметіне, мазмұнына, сипатына, оьектісіне қарай бөліп қарастырған. Жіктеуге қатысты ғалымдардың пікірлері ғылыми негізделмеген. Сондықтан әдеби сыни мақалаларға тоқталғанды жөн көрдік.
Теориялық мақала – бұл мақала түрінің басты мақсаты - қазіргі әдеби материалдарға теориялық мәселелер қоя білуінде. Теориялық мақала әдеби сынды әдебиет теориясының проблемаларымен жақындастырады. Әдебиеттану мәселесі қамтылады. Мысалы, әдебиетші-ғалым Б.Майтанов «Психологизм – прозасындағы жаңашыл арна» атты мақаласында психологизмге теориялық тұрғыда сипаттай келе, қазақ көркем шығармаларындағы психологизмнің қызметі қандай деген сауалға жауап берген. Көркем шығармалардағы әлеуметтік-психологиялық талдау сипаттарын жанр, сюжет, стиль принциптерінен туатын портрет, пейзаж, диалог, монолог сияқты құралдарды теория тұрғыдан талдау жасап, зерттеген. Әдебиеттанудың қандай дәрежеде даму, қалыптасу және кемелдену сатыларын көрсеткен. Сынның өзіндік типологиялық жанрлары қалыптасқан: әдеби, публицистикалық және әлеуметтік материалды кеңінен тарту, дәйектерінің қисындылығы мен рационалдылығы, стилінде жаратылыстану ғылымдарының дәйектілігінің болуы, әсіресе физиология мен психология ғылымдарының бой көрсетуі маңызды.
Теориялық мақалада негізінен сынға дәйектеу тән. Көркем дискурстың да ықпалы елеулі, жиынтық деректерге деген назар күшейеді; дәйек ретінде әралуан философиялық-эстетикалық тұжырымдар қолданылады. Сыншылар қазіргі әдебиеттанудың, философияның, эстетиканың терминологиясын жиі қолданады. Теориялық дискурс эстетикаланады, оған бейнелілік дариды, синкреттік терминдер кеңінен пайдаланылады. Мысалы, 1970-80 жылдардағы сында бұл кең көрініс тапты.
Проблемалық мақала – бұл мақала түрін зерттеу мақала ретінде де қарастырады. Басты дереккөз эстетикалық, адамгершілік және идеялық өзекті мәселелер. Проблемелық мақаланың авторы шығарманың мазмұның сипаттауға тырыспайды, ең басты мәселені аспект етіп алып, жан-жақты талқыға салады. Проблемалық мақалалар тақырып аясы, форма, типі жағынан әрқилы болып келеді. Эстетика, әдебиет теориясы, тарихы т.б. тақырып бойынша жазылған еңбектерге проблемалық мақала болуы мүмкін. Проблемалық мақаланың мәтіні негізінен сыни зерттеушіліктен гөрі, сыншының нақтылы бір проблемаға төңірегіндегі көзқарасын дәлелдеуі басым болады. Композициялық құрылымы дедуктивтік модельді ұстанады, яғни идеядан бастау алады жа, жалпыдан жекеге қарай талқыланады.
Монографиялық мақала. Мұның рецензиядан айырмашылығы онда шығармаға немесе жазушының шығармашылығына кең әдеби және қоғамдық контексте талдау жасалады. Мақала талдау көлемімен, тиісті дәлелімен, күрделі құрылымымен ерекшеленеді. Арнайы әдіс-тәсілдер қолданылып, терең зерттеу арқылы тиісті ғылыми нәтижеге қол жеткізіледі. Арқаулы ойы, концепциясы мен композициясының біртұтастығы арқылы сыни монография жанрын түзеді.
Мүшелтой мақала аты айтып тұрғандай белгілі бір атаулы күнге орай жазылып, белгілі бір жазушының мәдениет пен руханиятқа сіңірген еңбегіне, қосқан үлесіне арналады. Мұнда негізінен тұлғаны мақтау мәніндегі пафос басым болады. Жанрлық-стильдік жағынан алғанда мүшелтой мақала эпидейктік сөзге жақын келеді, салтанатты сипатымен ерекшеленеді. Жанрлық ерекшелігі өтіп жатқан шараның бүгінгі күндегі мәні және той иегерінің жетістігіне баға беріледі.
Полемикалық мақала – оның негізгі мәні – басқа осындай сын мақала. Әлбетте, полемикалық сипат кез келген мақалада кездесуі мүмкін болғанымен, бұл ретте полемика автордың өзге сыншының концепциясымен келіспеуі, оны ашық жоққа шығаруы даулы сипат алады.
Тәуелсіздік жылдары қазақ әдебиетінің ахуалы және ұлттық руханияттың түрлі мəселелері тақырыбында полемикалық сипатта «Қазақ əдебиеті» газетінде қарастырған Ə.Меңдекенің «Əдебиет! Əдебиет? Əдебиет...» (2000.№21.), Ə.Бөпежановамен Ə. Қодардың «Өнер-өмір, өнер-көркем текст, немесе таным тайталастары» (14.07.2000), А. Əлімнің Модернизм... Постмодернизм... Одан кейін қандай...Изм?!»(21.7.2000), «Жетеудің» «Мен» мен «Ол»-дың арасы» (29.03.2002), М.Мағауиннің «Мен»-нен «Ол»-ға дұғай сəлем» (05.04.2002), М.Шашкина мен Ө.Əбдіраманның «Қаламгер тағдыры — атақ шығаратын алаң емес» (1.03.2002), Х.Əдібаевтың «Жазушы З.Шашкинді өлтірген кім?» (22.02.2002), «Отырар ойраны» шайпауға көнетін шығарма емес» (1.02.2002), С.Дауымовтың «Некрасовшыл сыншының аузын білеміз… Ал, беті қандай?» (21.11.2003), М.Есмағамбетовтің «Əдебиетті Алдамжаровша ревизиялау» (28.11.2003) деген мақалалар жарық көрді.
Әдеби хабар. Сын жанрларының ішіндегі «жасы жағынан да ең үлкені де, көлемі жағынан шағыны да, икемділігінен де шапшаңы да, елгезек «тіл алғышы». Хабар жанрының аты да айтып тұрғандай, басты міндет – жаңа болған әдеби оқиғаны, жаңалықты оқырманға хабардар ету. Баспасөз бетіндегі әдеби пікірлер ең алғаш рет хабар ретінде көрінді десе де болғандай. Мәдени өмірдегі елеулі деп табылған әдеби фактілер оқырманға ең алдымен, хабар түрінде баспасөз арқылы жетеді. Қандай оқиғаны хабардың объектісі етіп алудың өзінде де сыншылық бағалаушылық сипат бар. Көбіне оқырманға пайдасы бар, ұнамды оқиғалар хабардың объектісіне айналады. Хабар жанрының аты да айтып тұрғандай, басты міндет жаңа болған әдеби оқиғаны,жаңалықты оқырманға хабардар ету. Хабардың жаны-жаңалық. Жаңалығы жоқ болса, хабар да жоқ. Алғашқы қазақ баспасөзінде көрінген әдеби сынның мұндай түрін профоссорТ.Кәкішұлы жарнама сын деп атады. Сын жанрларының ішкі түрлері дамып жетілмеген кезеңде талдаудан гөрі насихаттау,үгіттеу басым,түсіндіруден гөрі үндеу, шақыру басым, дәлелдеуден гөрі жалпылама айту басым. Эмоциялық сезінуден гөрі , көңіл білдір, тілек айту басым болатыны аян. ”Жарнамасын” пәлендей көркем шығарманың дүниеге келгендігін хабарлау міндетін атқарады”,- деп оның өзіндік сипаттарын көрсетеді. Әдетте, хабарға әдеби маңызы бар оқиғалар өзек болады. Баспасөз бетіндегі әдеби хабарлар жеке түрінде де,немесе ортақ тақырыппен топтама түрінде көрінеді. Хабар жанрының басты шарты-көлемінің шағын болуы. Басты мақсаты әдеби маңызы бар деп танылған оқиға жайлы оқырманды уақытылы хабардар ету.
Мақалада әдеби сынның ғылыми публицистикалық сипаты айқын көрінеді. Журналистикалық сыни мақалада шығармаға ақпараттық түсініктемелік сипат басым болады.
Сонымен қатар, мақала өзекті мәселеге батыл, толымды пайымдаулар жасауымен, шағын көлемдегі публицистика -журналистиканың аналитикалық жанры. Публицистикалық мақала әлеуметтік, өмірлік жағдайларды мен мәселелерді қарастырып, анализ жасау мақсатына қарай ақпараттық, аналитикалық, көркем-публицистикалық мақалалар – деп журналистика саласындағы ғалымдар бөліп қарастырып жүр.
- Ақпараттық –белгілі ақпаратты жеткізетін түсініктемелік сипаттамадағы мақалалар. Оларға, ақпараттық мақалалар, ақпараттық корреспонденция, ақпараттық есеп, ақпараттық сұхбат, блиц-саулнама, сұрақ-жауап, репортаждар, некрологтар жатады.
- Аналитикалық – мақалаларда пайымдау, анализ және қорытынды міндетті түрде көрініс табады. Оларға, аналитикалық есептер, аналитикалық корреспонденция, аналитикалық сұхбат, аналитикалық сауалнама, әңгімелер, комментарийлер, әлеуметтік резюме, анкеталар, мониторингтер, рейтингтер, рецензиялар, журналистикалық зерттеулер, шолулар, БАҚ-ды шолу, болжамдар, эксперименттер, ұсыныстар жатқызылады.
- Көркем-публицистикалық мақалалар. Бұлар, эсселер, очерктер, суреттемелер, фельетондар, памфлеттер және т.б.
Әдеби шолу –бір немесе бірнеше жанрдағы шығармалар жиынтығын қарастырады, белгілі бір кезеңдегі әдеби процесті, оның заңдылықтары мен тенденциясына анализ жасайды. Әдеби өмірдегі көріністі жалпы алып шолу.
Әдеби ағым тарихи бағытқа қарай өзгеріп отырады. Тарихи тұрғыда әдеби шолу жанрының анализі әдеби дәуір үдерісінің түрлі деңгейдегі мағлұматтарын көрсетеді. Бұл жанрдың сында пайда болуы А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Б.Кенжебаев, С.Мұқанов, Ы.Ысмайлов, Қ.Жұмалиев зерттеулерімен байланысты. Бұл зерттеулер екі принципті біріктіреді: әдебиеттің жалпы бағытын анықтау мен жеке шығарманы жалпылық тұрғыдан бағалау. Бірте-бірте әдебиеттік шолу негізіндегі шығарманы бағалаудың негізгі критерийі қалыптасады. Ол критерий – шығарманың негізгі бағытқа сай болуы. Келесі дәуірлерде әдеби шолуларда публицистикалық элементтер көбейе бастады. Яғни, әлеуметтілік, еркіндік. Әдебиеттік шолулар қысқарып, propos тәріздес шегіністер кездеседі. Бұл шегіністер әдебиет формасының философия мен әлеуметтануға өзгеруі кезінде көрінеді.
М.Әуезов «Əдеби шолудың сынның басқа жанрларынан басты ерекшелігі – шолынып отырған əдеби объектінің шынайы көрінісін жасау» - деп көрсеткен болатын. Профессор Д.Ысқақұлы сын жанрының ең бір маңызды түрі әдеби шолуға кеңінен тоқталып, саралап берген. Әдеби шолудың негізгі зерттеу объектісі – әдеби өмір де, мақсаты соны шолып, пікір білдіру. Шолудың негізгі жанрлық белгісі қарастырылып отырған объектінің, яғни əдеби өмірдің, біртұтас панорамасын жасау, сол туралы пікір білдіру болса, осы мақсатқа жету үшін ол сынның басқа жанрларының мүмкіндіктерін еркін пайдаланады. Шолудың ішінде библиографияның, хабардың, аннотацияның, рецензияның, мақаланың, шығармашылық портреттің т.б. элементтері жүре береді. Сыншы айтар ойының бағытына қарай баяндау, толғаныс, суреттеу, талдау, жинақтау секілді тəсілдерді кеңінен қолданады» — деп, сыншы жалпы əдеби шолуға түсінік береді де, олардың құрылымына былай тоқталады: «Əдеби шолудың ішкі анатомиялық құрылымы негізгі үш түрлі құрамдас бөліктерден тұрады. Оның біріншісі — əдеби фактілер, яғни фактілердің жиынтығы. Олар бір-бірімен органикалық байланысты, көркемдік дамуды бейнелей алатын айтылар басты мəселеге тікелей қатысты болуы керек. Екіншіден, шолуда міндетті түрде əдебиеттің фактілеріне негізделген ой айтылу қажет. Үшіншіден, сыншы өз ойын тиімді жеткізудің түрлі жолдарын таңдайды. Бұл ретте əдеби фактілерге берілген түсініктемелер негізгі роль атқарады».
Шығармашылық портрет. Шығармашылық портрет белгілі бір қаламгердің бүкіл шығармашылық болмысына баға беру. Мақсаты – суреткердің тұтастай шығармашылық болмысын көрсету, жеке образын қалыптастыру. Жанрдың көлемі қысқа жазбалардан, монографияға дейін ұласуы мүмкін. Шығармашылық портреттің міндетті түрде әдеби, ғылыми сипаттары болады. Шығармашылық портретті басқа сын жанрларынан ажырататын басты белгілерінің бірі - негізінен талдаушылық тәсілдің басым болуы.
Әдеби портреттің жанрлық нұсқаларын қарастыруға болады:
- сыни өмірбаяндық эссе: шығармашылығын жазушы өмірінің өмірбаяндық құрылымына қосу, өмірбаяндық фактілер мен шығармашылық сәттердің қатынасы; әдетте кеңінен қолданылатын құжаттар, хаттар, естеліктер.
- портрет - кез-келген жұмысты, жиналған еңбектерді, алдын-ала жазушының жұмысын қажет тарихи, әдеби және психологиялық талдауға, оқырманға керекті қабылдауды орнатуға мүмкіндік береді.
Сын тұрғысынан портрет қоғамның, оқырмандардың ірі жазушылардың жеке басына, оның тағдырына, даңқына қызығушылығын, әдебиетке қосқан үлесін көрсетеді. Шығармашылық портрет көбіне қалың оқырманға арналып жазылып, баспасөз бетінде жарияланатындықтан да көркем публицистика түрінде жазылады.
Шығармашылық портрет сынның жанры ретінде қазіргі ғылымда толығымен зерттелмеген. Жанр және түрлері бөлінуі аясындағы мәселелердің жауабы айқындалмаған. Мәселен шығармашылық портреттің поэтикасы, жанрдың белгілері, әдебиеттің мемуарлық-биографиялық, деректі-биографиялық, ғылыми-монографиялық түрлері ретінде толығымен ашылмаған. Осы мәселелер бойынша әдеби сынның теоретигі Д.Ысқақұлы: «Дегенмен де «портреттерге» үңіле қараған адамға байқалатын кейбір іштей жанрлық жіктелістерді көруге болады. Жоғарыда айта кеткеніміздей, портреттік очеркте публицистикалық сипат басым болып, негізгі жанрлық белгіні құраса, эсседе кқркемдік тәсілдер қолданады. Сол сияқты жалпы әдеби портрет мен шығармашылық портреттің де айырмашылықтары бар. Әдеби портреттің ауқымы кең. «Әдеби портретке көркем шығармадағы жеке адамның әдеби бейнесінен бастап, мемуарлық-биографиялық очеркті де, суреткер болмысын аша түсетін қысқа штрихтардан тұратын естелік эссені де, жазушының мінез-құлқының кейбір қырларын көрсететін суреттеме-репортажды да, әдеби-сын мақаланы да жатқызуға болады. (В.С.Барахов. Ленинград, 1985.) Біздің қарастырғалы отырғанымыз – осылардың соңғығ яғни әдеби сынның нақтылы бір жанр түріндегісі. Сонымен бірге шығармашылық портретке очерктік, эсселік, суреттемелік сипаттар да жат емес. Бұлар қажетіне қараай белгілі мөлшерде ғана пайдаланылады да шығармашылық портрет жанрының тиімділігін арттыруға қосымша қызмет етеді» - деп көрсетеді. Әрине, шығармашылық портретте мемуарлық және биографиялық материалдар қолданылады, бірақ бұл бұлжымас шарт емес, өйткені сыншыға жазушының шығармашылық тұлғасына, оның қоғамдық және әдеби позициясына өз түсіндірмесін беруі маңызды.
Эссе - француз тілінен "essai" очерк, ағылшын тілінен "essay", "assay"- талпыныс, жазушылық сынама, очерк; латын тілінен "exagium" – ойлау – деген ұғымын білдіреді. Эссе жанрының негізгі түрлері: салыстырмалы эссе, пайымдық эссе, көркем-әдеби эссе.
Әдебиеттану терминдер сөздігінде: эссе – тұрақталған, қалыптасқан тұжырымдарға жаңа қырынан қарап, өзінше толғап, әрі дағдыдан, әдеттен, көне соқпақтардан бөлек, тың болжамдар мен түйіндеулерге құрылатын философияның, эстетиканың, әдеби сынның, публицистиканың, көркем әдебиеттің жанры.
Әдебиеттегі эссе – соны пікірлерге көбірек мән беріліп, оқырманды ой теңізінде жүздіретін таңдай қақтыратын, өзінше ойлап-сезіну қажеттілігін туғызатын, рухани әлеміңе азық сыйлайтын, дүние құбылыстарын өткір қабылдаумен ерекшеленетін көркем туынды.
Эссенің жанрлық ерекшелігі – оның композициялық құрылымының еркіндік танытуы. Мұнда басқа жанрлар секілді қалыпты стандарт байқалмайды. Автор өз ойларын жүйелі, жүйесіз баяндайды. Пікір білдіру бір кітап, жазушы, тақырып, әдеби өмір жайлы нақтылы болуы да, не жалпы әдебиеттің кейбір мәселелері хақындағы үзік-үзік ойлардан тұруы да мүмкін. Кейде естелік түрінде жазылып, жазушының шығармашылығы жайлы пікірлер оның іс-әрекетін көрсету, айтқан сөздерін келтіру арқылы да білдіреді. Кей эсселер әңгіме-естелік түрінде жазылса, енді біреулері қара сөзді лирика, яғни әдебиет жайлы толғаныс болып келеді.( Д.Ысқақұлы. Сын жанрлары. Алматы. 1999. 230-б.)
Эссе – қазіргі кезеңде өзіндік дара жолмен, рухани оймен, эрудициямен кенеттен жазылатын қайталанбатын жанр туындысы.
Сыни манифест –сынның табиғаты әдебиеттің көркем-теориялық бағдарының, бағытының қалыптасуымен, болашағын алаңдаумен байланысты. Манифесте әдебиеттің болашағы жайлы сөз болады, жаңа ағым мен бағытты жайлы жоспар жасалады. Әдебиетке қатысты туындап отырған теориялық және т.б. қажетті мәселелерді көтереді және жолы көрсетіледі. Өткенге есеп беріледі.
Бұл ретте теориялық мақалалардың бірқатар типологиялық ерекшеліктері мен жанрлық модификациясын көрсетеміз. Олар:
- сыни параллель
- сыни әңгіме –
Жоғарыда қазақ әдеби сынында қолданып жүрген негізгі сын жанрлары атап өтуге тырыстық. Әдеби сынның теориясын зерттеуші ғалымдар сын жанрларынан басқа түрлеріне жіктеп көрсеткен. Ғалым Д.Ысқақұлының сын жанрын зерттеу еңбектерінде жоғарыда аталған жанрларға кең көлемде ғалымдардың пікірлеріне сүйене, мысалдар келтіре сипаттаған. Мақалалар түріне айтыс мақаланы қосады. Д.Ысқақұлы: Айтыс мақаланың басқалардан айырмашылығы – мұнда мәселе өткір қойылады; нақтылы бір мәселе төңірегіндегі пікір барынша дәлелденеді, немесе теріске шығарылады. Осы мақсатына жету үшін ғылыми дәлелдік, публицистикалық ұшқырлық, стиль саралығы баррынша қолданылады. Өз ойын мірдің оғындай, нысанаға дәл жеткізу үшін сөз мағынасының барынша анықтығын, бояуының қанықтығын, бейнелігін қажет етеді. Пікірін неғұрлым ұтымды жеткізу мақсатымен формалық жағынан жетілген түрде Пікірін неғұрлым ұтымды жеткізу мақсатымен формалық жағынан жетілген түрде көрінеді. Айтыс мақалаларының қалыпты стандарты жоқ, әрқайсысы бір-біріне ұқсамайтын пішін танытады. Формалық жағынан келгенде, мұндай мақалалар асқан шеберлікті керек қылады. Сондықтан да айтыс мақаланы кез келген әдебиетші емес, әдетте әдебиеттану ғылымымен толық қаруланған, әдеби өмір тәжірибелерін жақсы білетін, ол туралы қалыптасқан өзіндік көзқарасы бар, өз ойларын жеріне жеткізіп айта білетін сараман сыншылар, ғалымдар, қаламгерлер жаза алады» - деген анықтама береді. Айтыс мақаланың мәселелері мақаланың полемика, проблемалық түрінде де жазылады. Бірақ айтыс тудырмауы мүмкін. Айтыс мақала ХХ ғасырдың 20 жылдары және 40-60 жылдары қазақ әдебиет сынының тарихында жие кездесті. Тәуелсіздік кезең сынының тарихында бұл жанр қайтадан жандана түсті. Қадыр Мырзалиевтің «Жазмыш» (Алматы, 2001), «Иірім» (Алматы, 2004) кітаптарына М.Мағауиннің «Өтірік қостым ішіне…», яғни Қадыр Мырза Əли кейіптеген Ілияс Есенберлин» («Жұлдыз». 2004. № 6) деген мақаласы жарық көрді. Қ.Мырзаливетің қарсы мақаласы «Əулие Есенберлиніңе адами Есенберлинімді айырбастағым келмейді» («Жас алаш»,19.08.2004) деген тақырыппен жарық көрді. Бұл айтыс жазушы Ілияс Есенберлин туралы айтылған естеліктер төңірегінде келтірілген деректерге байланысты болды. Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» романының деректердің осалдығы, поэтикасы мен көркемдік мәселелері туралы жазылған сыни мақалалар да пікірталас тудырды. Сондай-ақ, Ш.Айтматов,. М.Шаханов. «Ғасыр айырығындағы сырласу»атты 2008 жылы жарық көрген диалог-толғамындағы айтылған мәліметтер мен пайымдауларды М.Мағауиннің «Ешкі жетектеген екеу, немесе Зор мен Шоң ақыл айтады» («Жұлдыз». 2003. № 1), «А.А.» ашуланып жатыр» («Жұлдыз». 2005. № 5) мақалаларында тарихқа барлау жасап жоққа шығару мақсатында жазылған сыны еңбек.
Әдеби сынның теориясын зерттеуші орыс ғалымы Л.П. Гросман әдеби портрет, эссе, этюд, мақала трактат, публицистикалық сын, мақала нұсқау, фельетон, әдеби шолу, рецензия, сыни әігңме, әдеби хат, сыни диалог, пародия, памфлет, әдеби параллель, академиялық пікір, сыни монография, мақала үн сияқты түрлеріне сипаттама берген. (Л.П. Гросман. Жанры литературной критики. 1925.) Қазіргі таңда орыс әдеби сыныңда және әлем әдебиетінде аталған жанрлардың біразы процессте болса, кейбіреулері сирек жазылады.

7 ДӘРІС, 7 апта, 1 сағат




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   36




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет