1.1 Синонимдердің пайда болу жолдары. Тілдегі синонимдер әр түрлі жолдармен пайда болады. Қазақ тіліндегі синонимдердің келіп шығуының мынадай жолдары бар:
1. Синонимдер көп мағыналы сөздердің есебінен жасалған. Мысалы: көз – жанар, көз – әйнек, көз – жасу, көз – бұлақ – бастау – қайнар, арту – асу – озу, арту – көбею, моаю т. б.
2. Синонимдер сөз тудыру тәсілдері арқылы пайда болған:
а) аффикстер арқылы: ауыздық – сулық, жемтік – өлімтік, басшы – жетекші, жемқор – парақор, өнім – түсім т. б. ә) біріктіру арқылы: ақсақал – отағасы, еңбекақы – жалақы, қанішер – қанқұйлы – қаныпезер т. б. б) қосарлау арқылы: ат-тұрман – ер-тоқым – ер-тұрман, жоқ-жітік – кедей-кепшік – жарлы-жақыбай т. б. в) тіркесу арқылы: иіс су – иіс май, іш мезер, жылым құрт, көк ет – бауыр ет;
г) омонимдер арқылы: тартпа – суырма, тартпа – төс айыл – алдыңғы айыл, табандау – ұлтандау т.б.
3. Синонимдер кірме сөздер арқылы пайда болған: а) араб сөздері арқылы: азамат (ғәзәмәт) – жігіт, тағдыр (тәғдир) – жазмыш, отан (уәтан) – ел, туған жер, т. б. ә) парсы сөздері арқылы: батыр (бәһадор) – ер, дихан (деһан) – егінші, шәкірт (шагерд) – оқушы, т. б. б) монғол сөздері арқылы: аймақ (аймаг) – өңір – атрап – төңірек – маңай жасақ (жасаг) – әскер – қол т. б.
в) орыс сөздері арқылы: бөтелке (бутылка) – шыны – шөлмек, шен (чин) – атақ – дәреже – лауазым т. б.
4. Синонимдер диалектизмдердің есебінен жасалған. Диалектілік синонимдер әдеби тілдегі сөздермен мағыналас, мәндес келуіне қарай екі топқа бөлінеді: а) сыртқы тұлғасы (дыбысталуы) бөтен (әдеби тілде кездеспейді), бірақ әйтеуір бір сөзбен мағынасы үйлес келетін сөздер. Мысалы: аданас – аталас, ағайындас; атайман – өте, тым, аса; атымды – құнарлы, шығымды; башалау – салалау, жіктеу, жекелеу; дәйіс – ұятсыз, арсыз т. б.
ә) сыртқы тұлғасы таныс (әдеби тілде кездесетін), бірақ білдіретін ұғымы басқа сөздер. Мысалы: астана – табалдырық; жар – қабырға; жедел – ерегіс, жанжал; көң – қыстау; сым – шалбар; талап – жұмыс, іс; таға – нағашы; тонау – сонау, анау; ұрпақ – кебек т. б.
5. Синонимдер фразалық тіркестердің есебінен көбейген. Мысалы: ат ұстар – ұл, еркек, бала; ауыз бастырық – пара; қара халық – бұқара, еңбекші; қара мал – сиыр; о дүние – махшар; от басы – семья; туған жер – отан; ұзын құлақ – сыбыс, өсек; шикі өкпе – бала, нәресте және т. б.
6. Синонимдер табу мен эвфемизмдердің есесінен молайған. Мысалы: әулие – шешек, ит құс – қасқыр; жасыл – жай; қолды болу – ұрлану, жоғалу т. б.
Синонимдердің сөйлемдегі атқаратын қызметі де қосымша айырым белгілерге кіреді. Синонимдер бір ғана ұғымды білдіріп, бір ғана сөз табынан болғандықтан, белгілі сөйлем ішінде, бірінің орнына екіншісі ауыстырылып қолдануға келген жағдайда, бір ғана сөйлем мүшесінің қызметін атқарады. Яғни белгілі сөйлемде синонимнің бір сыңары қандай қызметте жұмсалып келсе, оның орнына келген төлеу сөз де сол қызметті айнытпай атқаруға тиісті. Мысалы «Қоңырау сылдырлағанда ғана бір көркем орыс әйелі кіріп-шығып жүр.» (С. Сейфуллин) дегендегі көркем сөзін осындағы кез келген сөзбен алмастырып, бәріне балама етіп қолдануға болады. Бұлар да сөйлемнің бір ғана анықтауыш мүшесі болып қызмет атқарады.
Синонимдер өз ара мәндес сөздер болғандықтан, кейде бір-бірін ауыстыра алады. Мысалы: сымбатты қызды сұлу деп те, ажарлы деп те, әдемі деп те айтуға болады. «Айшаның майысыңқыраған сымбатты ұзынша бойы ашаң, құба жүзі қоп-қою құндыздай екі қасының арасы қосылған қабағы, тереңдеп мұңайған керкөзі оның кешеден бері қиын, қалың ойда, ауыр қайғыда екендігін білдіретін еді.» («Айша»). Бірақ синонимдер әр уақытта бірінің орнына бірі жұмсала бермейді. Синонимдік қатардың құрамындағы кейбір сөздер тек белгілі бір сөздермен ғана тіркесіп айтылады. Мысалы, «Ортадағы Асаутайдың баласы, есімі Құрман» («Қыр балалары»). Мұндағы есім сөзінің синонимі ат. Есім, ат деген синоним сөздердің есім дегені тек адамға байланысты айтылады. Ал мекеме, қала, өзен, тау т. б. атауларға байланысты ат сөзі айтылады да (Мысалы: өзеннің аты, көлдің аты, Бұл ағаштың аты – ақ қайың), есім сөзі олармен тіркеспейді. Сондай-ақ, көрікті, келбетті, ажарлы, өңді, көркем, әдемі, сұлу деген сөздер өз ара синонимдес сөздер болғанымен, қолдануға келгенде, бірінің орнына бірі жүре бермейді, олар сөздерге таңдап барып тіркеседі. Мысалы: көрікті адам, келбетті адам, ажарлы кісі, өңді кісі, сұлу қыз деп айта береміз, ал бұл синонимдердің әрқайсысын қала, үй, ат деген сөздермен тіркестіріп айтуға, мысалы, «келбетті қала, ажарлы қала, өңді үй, келбетті үй немесе өңді ат» деуге болмайды, өйткені осы сөздердің бұлай тіркесуі дағдыдан, тәжірибеден тыс және жат болып танылады. Әлбетте бұл синонимдердің ішінен көркем, әдемі, сұлу деген сыңарлары ғана қала, үй, ат деген сөздермен тіркесіп, көркем қала, сұлу қала, әдемі үй, сұлу ат түрінде айтылады.