58. Салыстырмалы бағыныңқылы сабақтас сөйлем
Компоненттерінде баяндалатын оқиға, жай-күй бір-біріне салыстырыла, теңдестіріле көрсетілетін сабақтас құрмалас сөйлемдер салыстырмалы бағыныңқылы сабақтас сөйлемдер болады.
Салыстырмалы бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем синтаксисінің зерттелуімен қоса келе жатыр. Ол сонау А.Байтұрсынов пен Қ.Жұбановтың еңбектерінде де кездеседі. Тек атауларының өзгешелігі болмаса, кәдімгі салыстырмалы бағыныңқылы сабақтас сөйлемдер.
Біз салыстырмалы сабақтас сөйлемдерді талдағанда тек шартты рай тұлғасы арқылы жасалатын жалғыз-ақ түріне тоқталатын боламыз. Бұл жайында ғалым Т.Қордабаев салыстырмалы бағыныңқылы сабақтас сөйлемдерде, негізінен, соңғы тиянақты компонентте баяндалған жай-күй, әрекет алдыңғы бағыныңқы компоненттегі жай-күй, әрекетпен салыстырыла айтылатынын көрсете келіп: «Шартты рай формалы етістікке аяқталған бағыныңқы компонент құрамында әрқашан қандай, қанша, қалай деген сұрау есімдіктерінің бірі келеді де, басыңқы компонентте сонымен тұлғалас, соған жауап ретінде айтылатын сондай,сонша, солай деген сөздердің бірі айтылады» , - дейді.
Енді сабақтастың түріне бірнеше сөйлемдер келтіре отырып, талдап көрейік. Мысалы: Бірақ осы күйді урядник қандай сезсе, елдің алдыңғы қатардағы Серікбай, Тұрлығожа сияқты басшылары да сондай сезді (Қ.Жұмаділов). Негрлер үшін Поль Робсон қандай қадірлі болса, біз үшін қайран Шәкен де сондай еді-ау (Қ.Жұмаділов). Қырқа-қырқа жолдардан асып жатқан қазақ даласы қандай шексіз болса, Сәлденнің ойы да сондай алыс (Х.Есенжанов). Өртеңге шыққан көк қандай болса, қасірет өртінен шыққан Заузат та сондай (Ә.Әбішев). Сол жаңа ғана құланиектеніп келе жатқан таңның көкжиектен сығалаған шырайы қандай сұлу болса, оның райын аймалаған таудың асқары да сондай сұлу (Ә.Әбішев).
Мысалдағы бірінші сөйлемнің басыңқы компонентіндегі жай-күй, әрекет (күйді Серікбай, Тұрлықожа сияқты басшылардың сезуі) бағыныңқы компоненттегі жай-күй, әрекетпен (урядниктің сезуімен) салыстырыла, теңдестіріле айтылса, екінші сөйлемнің басыңқы компонентіндегі жай-күй, әрекет (олар үшін Шәкеннің қандай қымбат екендігі) бағыныңқы компоненттегі жай-күй, әрекетпен (негрлер үшін Поль Робсонның қадірлілігімен) салыстырыла, теңдестіріле айтылған. Сол сияқты үшінші сөйлемнің басыңқы компонентіндегі жай-күй, әрекет (Сәлденнің ойының алыстығы) бағыныңқы компоненттегі жай-күй, әрекетпен (қырқа-қырқа жолдардан асып жатқан қазақ даласының шексіздігімен) салыстырыла, теңдестіріле айтылып тұр. Дәл осындай төртінші сөйлемнің басыңқы компонентіндегі жай-күй, әрекет (қасірет өртінен шыққан Заузат) бағыныңқы компоненттегі жай-күй, әрекетпен (өртеңге шыққан көкпен) салыстырыла, теңдестіріле айтылса, бесінші сөйлемнің басыңқы компонентіндегі жай-күй, әрекет (таудың асқарының сұлулығы) бағыныңқы компоненттегі жай-күй, әрекетпен (жаңа ғана құланиектеніп келе жатұан таңның көкжиектен сығалаған шырайының сұлулығымен) салыстырыла, теңдестіріле айтылып тұр. Осы бес сөйлемнің барлығына ортақ грамматикалық мағына – салыстырмалылық. Бағыныңқы компонент баяндауышының жасалу жолдары да бірдей (сезсе, қадірлі болса, шексіз болса, қандай болса, сұлу болса), етістікке шартты рай тұлғасы жалғану арқылы жасалған. Сондай-ақ қандай деген сұрау есімдігіне басыңқы компонентте сондай деген жауап ретінде жұмсалған сөздері бар. Бұл сөйлемдердің барлығында екі толық субъект-предикаттық қатынас, екі ой-информация, екі интонация (тиянақты, тиянақсыз) бар. Ендеше бұл сөйлемдер де – өзіндік грамматикалық белгілері бойынан табылған салыстырмалы бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемдер.
Енді қанша деген сұрау есімдігінен басыңқы компонентте сонша деген жауап сөзі бар сөйлемдерге мысалдар: Мына тобырдың ішінде досы қанша болса, дұшпаны да сонша (С.Жүнісов). Көкше жерінде ит мұрны өтпейтін қарағайлы, шақпақ тасты кішігірім әсем таулар қанша көп болса, айдын көлдер, жайылма қара сулар, шалшық, томарлар да сонша қисапсыз (С.Жүнісов).
Мысалдағы бірінші сөйлемнің басыңқы компонентіндегі жай-күй (тобыр ішіндегі дұшпанның саны) бағыныңқы компоненттегі жай-күймен (досының көптігімен) салыстырыла, теңдестіріле айтылса, екінші сөйлемнің басыңқы компонентіндегі жай-күй (айдын көлдер, жайылма қара сулар, шалшық, томарлардың қисапсыздығы) бағыныңқы компоненттегі жай-күймен (Көкше жеріндегі ит мұрны өтпейтін қарағайлы, шақпақ тасты кішігірім әсем таулардың көптігімен) салыстырыла, теңдестіріле айтылып тұр.
Енді бағыныңқы компонентіндегі қалай деген сұрау есімдігіне басыңқы компоненттегі солай деген жауап ретіндегі сөздің қатысуымен жасалған алыстырсмалы бағыныңқылы сабақтасқа мысал: Көз жанарынан айырылған Алмас қалай қиналса, госпитальдағы медсестра Валя да солай қиналды (Ә.Әлімжанов). Мені айдалсын деп мөрді қалай басса, жүрегі де дәл солай ойылды (Ә.Әбішев).
Мысалдағы бірінші сөйлемнің басыңқы компонентіндегі жай-күй, әрекет (госпитальдағы медсестра Валяның қиналуы) бағыныңқы компоненттегі жай-күй, әрекетпен (көз жанарынан айырылған Алмастың қиналуымен) салыстырыла, теңдестіріле айтылса, екінші сөйлемнің де басыңқы компонентіндегі жай-күй, әрекет (оның жүрегінің ойылуы) бағыныңқы компоненттегі жай-күй, әрекетпен (мөрді басуымен) салыстырыла, теңдестіріле айтылып тұр. Жоғарыда келтірілген сөйлемдердің барлығына да ортақ грамматикалық мағына – салыстырмалылық. Бағыныңқы компонент баяндауыштарының жасалуы да бірдей (қанша болса, көп болса, қиналса, басса), етістікке шартты рай тұлғасы жалғану арқылы жасалған. Бағыныңқы компоненттеріндегі қанша, қалай деген сұрау есімдіктеріне басыңқы компоненттерінде сонша, солай деген жауап ретіндегі сөздер жұмсалған. Бұл сөйлемдердің барлығына да екі толық субъект-предикаттық қатынас, екі ой-информация, екі интонация (тиянақты, тиянақсыз) тән. Ендеше бұл сөйлемдер де – өзіндік грамматикалық белгілері бойынан табылған салыстырмалы бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемдер.
Біз мысал келтіре отырып, етістіктің -са, (-се) шартты рай тұлғасының салыстырмалы бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем жасаудағы маңызына бағыныңқыдағы сұрау есімдіктеріне бірлесе отырып және оған басыңқыдағы жауап ретіндегі сөздер қолданылғанда басыңқыдағы жай-күй, әрекеттің бағыныңқыдағы жай-күй, әрекетпен салыстырыла, теңестіріле айтылатындығына көз жеткіздік.
Достарыңызбен бөлісу: |