53. Оңашаланған тұрлаусыз сөйлем мүшелері туралы баяндап, мысалмен түсіндіріңіз
54. Жақты сөйлемнің анықтамасын, жасалу жолдарын айтыңыз, мысалмен түсіндіріңіз Бастауыштың қатысу-қатыспауына қарай жай сөйлем жақты және жақсыз болып бөлінеді.
Бастауышы қатысқан немесе жасырын тұрғанда баяндауышы арқылы қиыстыра байланыстырып табуға болатын сөйлем жақты сөйлем деп аталады.
Жақты сөйлемнің негізгі белгілері: 1) баяндауыштары бастауышпен жақ жағынан қиыса байланысады. Мысалы, Бұл кезде тоғай да кемеліне келіп толықсып тұрады. Қайсардың шешесі Бәден апай – шалқып сөйлейтін адам.
2) жақты сөйлемдердің бастауыштары сөйлем ішінде ерекше айтылмаса да, оның қай сөз екені айқын болып тұра береді. Мысалы, Бір кезде қасқа атты қалт тоқтатып, артына бұрылды. Былтыр жазда демалыс алып, ауылға бардым. Бірінші сөйлемде бастауыш ашық айтылмағанмен, баяндуышына қарап ол, ал екінші сөйлемде мен деген жіктеу есімдігі екенін тауып алуға болады. Сонымен, жақты сөйлемнің құрамында бастауыш болады.
55. Жақсыз сөйлемнің анықтамасын, жасалу жолдарын айтыңыз, мысалмен түсіндіріңіз Бастауыш қатыспайтын, сөйлемге баяндауыш негіз болатын сөйлем жақсыз сөйлем деп аталады. Мысалы, Менің Тортайдың қасынан кеткім келмеді.
Жақсыз сөйлемнің баяндауышының жасалу жолдары:
1) -қы, -ғы, кі, -гі жұрнақты қалау райлы етістіктен жасалады. Мысалы, Баланың білген үстіне біле түскісі келді.
2) барыс септікті тұйық етістікке бол, жара, тура, кел көмекші етістіктердің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы, Бұл жұмысты оған тапсыруға болады. Бізге шындықты айтуға тура келді.
3) есімше, көсемше тұлғалы етістікке керек, жөн, мүмкін, қажет деген бейтарап сөздердің тіркесуі арқылы және бол етістігі көмекші болу арқылы жасалады. Мысалы, Әр жұмысты өз уақытында бітірген жөн. Тапсырмаға тиянақты дайындалу керек. Болған жайды жасырмай айтып беруі мүмкін.
4) -ып, -іп, -п көсемше тұлғалы етістікке бол көмекші етістігінің тіркесуінен жасалады. Мысалы, Оның мінезін түсініп болмайды.
5) баяндауыштың құрамында тұрақты тіркес – идиома – болады. Мысалы, Жарасбайдың өзін оққа байлап отырғанына көзі жетті.