Софы Сматаев шахминам – МӘҢгілік махаббатым менің Аса қымбатты Шамшия келінім!


Алтыншы тарау. Тахауи, Мұқағали, мен



бет22/35
Дата14.07.2022
өлшемі302,94 Kb.
#37662
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   35
Байланысты:
Шахминам

Алтыншы тарау. Тахауи, Мұқағали, мен

Алматыға келе сала Шәкеме «Қайтыңдар, үйдемін» деп телеграмма салдым.


Ертеңінде жұмысыма шығып, қызметімді жалғастырып әкеттім. Жалғастырдым деуімнің мәнісі бар. Екі айлық стажировканың кезінде жалақымды бұрын алып қойғам. Сол екі ай біткенше керіліп шіренуіме әбден мүмкіндігім бар еді. Бірақ оған біріншіден қызметке деген жауапкершілік міндетім барғызбаса, екіншіден тап осы айда, шілдеде журналда жарық көретін «Бәсер, Айкүміс және басқалар» атты повесімді тосып, лүпіл қаққан жүрегімнің жетектеуімен «Жұлдыздағы» орындығыма жалп еткем-ді.
Үш күннен кейін журналдың «сигнальный» нөмірі келе қалып, алып-ұша ентігіп «Жұлдызды» ақтара бастадым. Өзім келісім беріп, жүз елу беттік шығармамның отыз бетін қысқартып, баспаханаға жөнелткем. Ал мына повесім әлгі жүз жиырма беттен тағы да қысқарып, алпыс бетке түсіп, шолтаң ете қалғаны ғой. Бас көтермей оқып шықсам... Бас, көз демей кез келген жерінен ойып алып, кесек-кесек қып турап, қидалап өзге түгіл өзім түсінбейтін құбыжық дүниеге айналдырған да қойған.
Содан прозадағы әріптестеріме ал кеп бар ашуымды үйіп төгейін. Әсіресе повесімнің ойқы-шойқысын шығарып, қидалаған адамға айтпағаным жоқ. Әлгінің қолынан келсе, менің шығармашылығымды жеті қырдың астына тыққысы келетінін де бетіне басып жатырмын.

  • Сен, Сматаев, босқа шаптыға берме. Мықты болсаң бас редакторға айт өкпеңді. Ол өзінің інісінің повесін нөмірге салу үшін сенің повесіңнің алпыс бетін қысқартқызған.

Журналды қолыма ұстап Сырбай Мәуленовке дабырлата кірдім. Бас редактор ызбарлана қарады.

  • Неғып дүбірлетіп жүрсің?

  • «Жұлдыз» жұлдызымды жарқыратады деп жүрсем, мынау не сұмдық? Повесімді осыншама пышақтағанша, сол пышақты маған салғызбадыңыз ба?

  • Әй, сен суырдың айғырындай шаңқылдап барасың ғой. Қайдан шыққан классик едің? Темір-терсек қалпыңмен аузыңды жауып, қысатын жеріңді қыспай, қарсы сөйлейтіндей кім едің? Сенің орныңа таласып есіктің сыртында темір-терсек емес жиырма қаламгердің тұрғанын білемісің өзің. Бар, жоғал! – деп сол қолымен үстелін дүрс соқты.

  • Әу, Сыраға! Жас өспей ме, жарлы байымай ма? Мені менсінбей-ақ қойыңыз. Жазғанымды неге кескілеттіңіз. Зауал! Екі-үш күнде сізді де зауал табар! – деп есікті тарс жауып шығып кеттім.

Содан екі күн өтпей жатып Сырағаны екі аяқты мотоцикл қағып кетіп, қолы сынып, ауруханаға түскенін естідім.
Енді өзім мен өзім аласұрайын. Ашумен «Зауал табар!» дегенім есімнен кетер емес. Қанша кейісем де Сырағама осындай қатер кездесуін тілемеп едім ғой деп өзімді өзім алдаусыратқанмен ішкі түйсігім өршелене бой бермейді.
Рахаң, Рахметулла Райымқұлов ағай ауруханаға барып келді. Сырағаның мені сұрағанын айтты. Үндегем жоқ. Барғым да келеді. Бармауға да дайын сияқтымын.
Ертеңінде Жәрдем Тілеков бөлмеге кіріп, төрт бүктелген қағазды үстелім үстіне қойды да, үн-түнсіз шығып кетті.
Бүктеуді ашып ем, Сырағаңның дәл өзіндей ірі әріптермен айбақ-шайбақ жазылған «Әу, Софы, Кешір!» дегені көзімнен жасымды ыршытып жіберді.

Жалған дүние-ай!


Жасын аттым,
Аһ ұрдым.
Аһ ұрдым да тысқа қарай атылдым.
Он минутта өкпем ұшып
Жеттім де,
Қолын алдым,
Қолы сынған ақынның.

Осыдан тура екі жыл өткенде, журналда «Елім-ай» романым басылып, жұлдызым «Жұлдызда» жарқырап туып, темір-терсек аталуымды ұмыттырып, «Қазақ әдебиетінің көгіне құбылыс болып көтерілген» (М.Құл-Мұхаммед) атымды қазақ жұрты аспандатып әкетіп еді.


Софы балам!
Мен сені «темір-терсек» дегендерге,
Еріп те кетіп, сеніп те кетіп қалып ем.
«Елім-айың» лайық нағыз кемеңгерге.
Сен бүгін де, ертеңнің де алыбы ең, –

кешір ағаңды! – деп 22 шілде 1972 жылы Сырағамның жазғанымен түйіндейін.


* * *
Менің салған телеграммамды алысымен Шәкем поезбен жетіп келді. Жетіп келді деуім әрине артықтау. Аяғы ауырлау, оның үстіне үш жасар Алмас пен екіге толмаған Манасты қалай көтеріп жүрсін, қайнысы Болат болмаса, Балалардың күлкісі мен абыр-дабыр ойыны тып-тыныш бөлмелердің қуыс-қуысын отбасылық рахат күйдің ырғағына толтырды да жіберді.


Күн артынан күн өтіп, айды ай ауыстырып, қыркүйекті де орталап тастадық. Шахминамның құрсағы қампайып, жүріс-тұрысы қиналта бастады. Қолымнан келгенше жәрдемдесіп, дүкеннен азық-түлікті де өзім тасуға машықтанып алдым.
Жиырма бесінші қыркүйек жаз күніндей жайнап туды. Орыстардың «бабье летосының» басталған мезеті.
Шәкем тұра сала картоп аршып, қуырып әлек боп жүрген, толғағының басталғанын сездім.

  • Тасташы андағы табаны аударып, төңкермей. Қисайшы төсегіңе, - деп мен бәйек.

  • Қазір, қазір. Балалар жейді ғой, – деп өзін емес, ұлдарының жағдайын ойлаған ананың сондағы қасиетті бейнесін көз алдыма әкеліп едім, тырс етіп бір тамшы қағазыма тамып түсті.

Телефон – автоматтан жедел жәрдем көлігін шақырып, Шахминамның бетінен сүйіп, роддомға шығарып салып, екі ұлдың тамағын алдарына тосып, шарасыз күйде отырып қалдым.
Түстен кейін Алмасты жетектеп, Манасты көтеріп роддомға да жеттім-ау.
Шәкем аман-есен босанып, дүниеге ақ борық әсем қыз Жанарымды әкеліп, менің төбемді көкке тигізді. Ішімнен мультфильмдегі «два сына и лапочка дочка» деген бір шумақ өлеңді ыңылдай созып екі ұлды кезек-кезек көтеріп, қайтып келем. «Да, у меня два сына и лапочка дочканы» енді әндетіп айтып келем.
* * *
Мұқағали аға Мақатаевпен 1971-72 жылдары «Жұлдыз» журналында екі жылдай қарама-қарсы отырып, қызметтес болғанмын.
1970 жылдың қаңтарында «Елім-ай» романымның қолжазбасын «Жазушы» баспасына тапсырған соң, бір данасын «Жұлдыз» журналының проза бөліміне һәм журналдың бас редакторының орынбасары Жәрдем Тілеков ағаға оқытуға бердім.
Бөлім қызметкері Оразбек Сәрсенбаев та, Жәрдем ағам да қолжазбамен танысқаннан кейін онша ықылас білдірмей: «Басу, баспауын Сырағаң ғана шешеді ғой!» деп күмілжи берген соң, бас редактор Сырбай Мәуленовке кірдім.
Редакторым қолжазбамды қос қолымен салмақтай ұстап тұрды да, үстел үстіне тастай салды.

  • Қалың кірпіш қой мынауың... Тақырыбы қандай еді? – (біліп тұр, білмегенсіп сұрады).

  • «Ақтабан шұбырынды» – дей бергенімде,

  • Әй, шырақ! «Темір терсек» қалпыңмен тарихқа малтығып нең бар еді!

Түсімнің өзгеріп кеткенін байқады ма, сөз төркінін ауыстыра қойды.

  • Сен, Сматаев белгілі сыншыларға оқытып, екі рецензия әкел. Содан кейін көрерміз. – Сол қолымен бетін опырардай етіп сипап қалып, жұдырығын үстелді солқ еткізе тастай салды.

Енді сыншы ағаларды шарқ ұра жағалауым басталды. Жерлес Серік Қирабаев ағам қолжазбамды алты ай ұстап, папкамдағы өзім түйген түйінді де шешпестен үн-түнсіз қайтарып берді.
Тілеуін бергір Рахманқұл Бердібаев пен Зейнолла Серікқалиевтардың романымды жан-жақты талқылап, жап-жақсы қолдау білдірген пікірлерін алғанымша жыл орталанып, Сырағаңды ауыстырып, Тахауи Ахтанов бас редактор болып келе қалғаны. Оған қуанбасам, ренжіген жоқпын. «Тамаша прозашы ғой. Оң қабағын берер!» деген үмітпен қолжазбамды қолына ұстатқам.
Содан кейін-ақ Тақаңның жолын тосып, қас-қабағына үңілуім де, әлгі қас-қабақтан ілтипат білдірер жылы леп сезбей түңілуім де басталды. Күнде жолын тосам. Жалтаңдап көзімді сүзем. Сыртын ғана көрсетіп үн-түнсіз Әбдіжәміл Нұрпейісов екеуі кабинетке кіріп кетеді.
Арада ай өтті. Әбдіжәмілді қолтықтаған бастығым үнсіз. Жылжып жарты жыл бел асып кетті. Қайран шешен Тахам – мылқау. Әбдіжәмілдің жетегіне ілесіп, мені көрмегенсіп өте шығады.
Көңілімді құлазытқан күрсінісім Мұқағали ағама да батады-ау деймін. Алып денесін иіп келіп, арқамнан сипай қағып қоятын.
Төзімімді езгілеп, тынысымды тарылтып, тынышымды тонаған тоғыз айды артқа тастадым.
1972 жылдың 23-ақпанында редакция бикелері әскерилер күніне арнап, ер-азаматтардың құрметіне дастарқан жайған-ды.
Іштегі ықылықтатқан ыза мен өксіткен өкпемнің өршіткен әсерімен ішімдіктің ағын да, қызылын да «ташлап-ташлап» жіберген едім. Ызам басыма шапшып, өкпем өңешіме тығылды ма, бір кезде орнымнан атып тұрып бастығыма шүйілгенім ғой.

  • Уай, Тақа! Қашанғы мені көлеңкеңдей етіп соңыңнан көлбеңдете бересің. Тоғыз айдан бері жабық қабағыңның торына қамалумен келемін. «Елім-айлап» елімнің зары мен сорын жазсам да, көзіңе де ілгің келмейтіндей мен халық жауы емеспін! Неге бір ауыз не «бар!» не «жоқ!» деп жақ жазбайсың? – дегенімде Жәрдем ағам қалшылдап келіп, иығымнан жұлқып қалды.

  • Әй, күшік! Сен кімге айқайлап тұрсың! Тахауи Ахтановқа дүрсе қоя беретін сен кім едің!

Ашу – дұшпан. Жәкеңнің жағасына жармаса кеткенімді білемін. Сол сәтте әлдекімнің шапалағы жағыма сарт етіп тигенін білем. Менің үшінші разрядты боксшы екенімді сезбеген әлгіні апперкотпен бір ұрып жалп еткізгенімді білем. Редакция қызметкерлерінің жартысынан көбі Қызылорда мен Шымкенттіктер болатын, солардың мені орталарына алып қалғанын білем.
Дәл сол кезде айналып кетейін Мұқағали ағамның күндей күркіреген дауысы саңқ еткен-ді.

  • Әй, Софы! Арқаңды арқама тіре! Көрейік сон-соң кімнің кімді ұрарын!

Әлгілерім сол-ақ екен состиып-состиып тұрып қалды.
Мұқам енді Тахауиға бұрылды.

  • Уай, Тақа! Адамды неге бекер қинайсың. Мынау жігіт жолыңды қашанғы тоспақшы. Обал деген бар емес пе. Бұның күрсінісінен мен де күйініп біттім. Бітеу жара қыла бермей, романын не бастырам, не бастырмаймын деген тоқетер жауабыңды неге айтпайсың?

Тақаң азамат қой.
Мені сол күні шоферіне тапсырып, үйіме апартып салыпты. Сол күні тұяқ серппей ұйықтап, ертеңінде сәскеде оянып, ес жисам, қасымда жұбайым отыр.

  • Ішпеуші едің ғой... – одан әрі көзінде жиналып тұрған кесек жастарды төгіп жіберді.

Кешегі оқиғаны бастан-аяқ баяндап бердім.

  • Ендігі олар мені жұмыстан шығарып тастаған да шығар...

Шәкем еңкейіп келіп, бетін бетіме басты.

  • Арақ ішкенің артықтау болған. Ішпесең, айта алмас та едің. Ешкімге де қолжаулық болмай, басыңды имей, кеудеңді бүктемей әділет күткеніңді мақтамасам да даттамаймын. Мен сенің «Елім-айыңдай» шығарманың жоқтығына бәс тігем. Сондай мықты дүние жазыпсың... Жұмыстан шығарды деймісің. Мүмкін шығармас. Ал Мұқағали ағаң нағыз азамат екен! – деп қолынан келер құдырет жоғын біліп, кеудесі қысыла, өксіп қоя берді.

Осылай өзімді де өкінтіп, жұбайымды да өксітіп үш күн дөңбекшумен жаттым да қойдым.
Кешке көршім Ахат Жақсыбаев келді.

  • Әу, Софы, мені саған Тахауи Ахтанов жіберді. «Екі-үш күннен бері іздеудемін. Телефон қойылмаған екен үйіне. Сіз үйіне кіріп, ертең журналға келсін деңізші» деп жұмсап отыр мені саған.

  • Жұмыстан шығарам дей ме сонда?

  • Ол жағын білмеймін. Түсін бермейтін адам ғой.

Ахат кетісімен Шахминам қасыма кеп отырды.

  • «Елім-айыңды» оқыса, Тахаң саған еш жамандық жасамайды. Жазушылығының тазалығы басым адам. Романыңды бір себептермен көп ұстауы мүмкін. Бір-ақ түсінуі керек. Мен бірдеме сезетін болсам, «Елім-айың» оған бұра тартқызбайды.

Өзім де осынау пікірге байланып қойғандай айналып келе берем. Мүмкін емес. Шығара қоймас. «Түсінуі керек қой жақсы дүние жазғанымды».
Ертеңінде бастығымның кабинетінің есігінен кібіртіктей аттадым. Құдай сәтін салғанда қасында Әбдіжәміл Нұрпейісов жоқ екен.

  • Ә, батыр, келдің бе, – деді Тақам жайбарақат қана.

Бас изедім. Тілім күрмеліп, көзім бұлдырап тұр.

  • Былай ет, Софы жігіт. Жасың кіші ғой. Қазір барып Жәрдем ағаңнан кешірім өтіне ғой. Келісесің ғой?

Неге келіспейін. Тақаңның мына жылы сөзінен кейін кеудемді басқан зілдің сейіліп бара жатқанын сезіп, Жәрдем ағаның кабинетіне домалай жөнелдім.
Есігін ашып, аузымды икемдей бергенім сол еді, Жәрдем ағам шаптығып шыға келді.

  • Әй, күшік! Әй, оңбаған! Әй, бұзақы, баскесер неме, не бетіңмен келіп тұрсың!

Үн-түнсіз бұрылып шығып, Тақама бет алдым.
Артымнан ілесе балағаттаған Жәкеммен бас редактордың есігінен қабаттаса өттік.

  • Әу, Тахауи! Мына бұзақыны жұмыстан қуған жоқ па едің әлі, - деп көбік бұрқыратқан орынбасарына Тахаң жақтырмай қарап тұрды да:

  • Жәке, орныңызға барыңыз! – деді.

Жәрдем аға кілт тоқтап Тахауиға жалтақтай қарап алды да, шығып жүре берді.

  • Солай Софы шырақ! Ер шекіспей, бекіспейді дейміз, ә, – деп күлген болды. Алдында, үстел үстінде жатқан қолжазбамды маған қарай сырғытты. – Мынау романыңды екі нөмірге ыңғайлап өзің дайында. Июнь, июль айларына жібертем.

Романымды құшақтап кең бөлмеміздің есігінен аттап, босағадағы үстеліме отыра бергем, Мұқағали ағамның мол құшағына сүңгідім де кеттім.

  • Айналайын-ай, келдің бе?

  • Келдім, Мұқа

  • Мынауың қолжазбаң ғой. Шығартам дей ме?

  • Иә, екі нөмірге дайында деді Тақаң.

  • Әй, екі мықты, біріңді бірің түсінген екенсіңдер – деп аппақ тістерінің арасының сызығын көрсете Мұқағали ағам ақтарыла күлді.

Ал мынау өлең – ұлы Мұқағалидың туған күнін еске алуым.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   35




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет