Он үшінші тарау. Естеліктер
Арғымықты шобырға ауыстырып мінер, қамқа тонды тастап, шапан-шапқыт киер, келбетің қашып, иінің түсіп, қадірің кетер жасқа жеттік.
Айрандай ашыған ашуыңды шақыруға да шамаң жоқ. Сүйкімі қалмаған бейуағыңа күңгірт ойларыңның қашқан-пышқанын қамалап әлексің.
Ұлғайған арманды аңсадым дегеніңше, бір қайғыдан жүз қайғы қоздатып кәріліктің қақпаны ойыңды да, бойыңды да құрсаулап тастайды.
Содан соң-ақ, «ел – аулақ, мен – саяқ!» деп жер мен көкке көңірсіген кеудеңнің өкпесін көпіртіп төгіп ала жөнелесің.
Өйткені төрден де, төмендегілерден де қайтқан көңіл бар. Төмендегілерге бұрынғыдай үйіп-төгіп ештеңе бере алмайсың.
Төрдегің шын сөзіңнің шымырлығынан шіміркене ме, «өзім» деуге өлсе жоқ. Өзегіңнен түймесе де, өңіріне жолатқан емес. Сол себепті аларыңды бермей, тиесіңді бөгденің қанжығасына бөктере салумен келеді.
Қартайдық, қажыдық білем.
Кемді күнді, бөлектеніп, суық ойдың қамауында қалғанымды тап басып тани қоятын Шәкемнің адам жанып аялағыш қасиетінің ғаламаттығы керемет еді-ау. Тездетіп дастарқанын жайып кеп жіберіп, шәйнегін газдан ысылдатып әкеліп, екеуміздің оңаша тірлігіміздің естелікке берілер сәтінің шымылдығын түріп тастайды-ау. Өзі де күліп, көзі де күліп, сонау, сонау жаз күндеріміздің жасыл жайлауындағы қыз қалпына келе қалғанда, мен де сол жігіт дәуреніме күмп ете қалғандай қиялға еріп кете баратынбыз.
– Әй, Софыян, білесің бе, мен сенің әніңді сондай сағынамын.
– Қандай әнімді айтып отырсың, Шамым-ау?
– Ой, ол әндерің әлі құлағымда. «Түнгі дауыс тым алысқа кетеді. Жаңғыртады тауды дірілдетеді» деуші еді ғой Әбекең Тәжібаев. Ал сенің жүн күзетіп отырып салатын әндерің түн ұйқымнан шырт оятын алып, төсегімнен апыр-топыр тұрғызатын. Терезені ашып тастап, ал тыңдайын, ал тыңдайын. Көзімнен жас тамса да, кеудеме ән құйылып, өзіңе барсам, өзіңді қасыңда тұрып тыңдасам дейтін бір қиял ой-бойымды қоршап алады. Он үште ғанамын сонда, – деп маған сол түнгі күйінің әсерленген кейпінде қуана қарап, ақ тістерге араласқан алтын тістерді жарқырата күледі. – Шынымды айтайын ба, мен сонда-ақ өзіңе ғашық едім.
– Ал, мен ше?.. Мен сол әндерді кімге айтушы ем! Әрине, саған. Гармоньды құлаштай созып: «Ақ дидарың көргенде тұра алмаймын» дегенде көз алдымда жанарың жарқырап өзің тұратынсың. Сен естісе екен, жетсе екен ән сәлемім деп түнгі қаракөк аспанның тамып кетердей боп жымыңдай қалатын жұлдыздарының біразын сенің көзіңе ұқсатып, шалқалай қарайтынмын. Тыңдапсың-ау, естіпсің-ау, Шахминам!
– Жүрегімнің дүрсілі жер жарардай тарсылдағанда, апамдарды оятып алмайын деп жабық есікке жапақ-жапақ қарайтынмын. Сен «Ақ көгершін, көгершін, Қолқанат құс сен едің!» деп мен салатын әнді аңыратқаныңда, Софыяным-ау, сенің мені ойлап отырғаныңды біліп, терезеден тысқа атылып кетердей асылушы едім-ау, – дегенде еңкейіп келіп, қолымды қысып-қысып алды. – Шіркін, сол түндер-ай! Сол әндер-ай! Кетті ғой келмеске. Сағынам. Әлі күнге дейін есіме түссе, сол тып-тыныш түнгі ұйқыдағы Киікті сол беймарал қалпында көргендей болам. Ал, бүгін... – бетіме енді қазіргі бәйбіше бейнесімен қарап, солықтай бір күрсініп алды да, іле құлпыра күліп, он үш жасар қызалақ, қызғалдақ кейпіне орала қойды. Менің көзіме сол қызғалдақ қырмызы қыз болып көрінді. – Ал бүгін, Софыяным-ау, балаларымыздың, немерелеріміздің ортасында жайраңдап, сайрандап жүрміз.
Кеседегі суып қалған шайды үрттай беріп едім, Шәкең орнынан атып тұрды.
– Шай суып кетіпті-ау. Ысытып әкелейін, – деп шәйнекті газға қойып жатты.
* * *
Жалпылдап жыртылған желкендей болып, қайта оралмас қызықты күндер өтті. Шыңғырып жатсаң, шырайын бермес бұлдыр заман жетті. Бұрынғым еске көп түскен сайын бүгінгім түсті қашырып, әжімімен әдіптеуін көбейтті.
Ескі қораны күзетіп қалған кәрідей қайғырамын, қамығамын, налимын. Жабыққан жаным, жамбасы төсекке таңылған тәнім нені іздейді? Өмірден күтер енді не қалды? Қапы кеттік деп өткеніме өкіне алам ба? Әлде алдымдағы тұрлаусыз тірліктің тілегінен айрылып, үмітінен баз кешем бе? Білмеймін. Білетінім – қорқынышым көбейді.
Мен бүгін адамдардан қорқамын!
Қаламгерін елемей, алаяқ амалгеріне алақанын ұсынып, азаматтарын місе тұтпайтын президенттерден сескенемін.
Бұрын мен адамдарды қуана, сүйсіне іздеуші едім. Бүгін мен адамдардан аулақ қашатын болдым.
Өйткені мені жыртқыш адамдар ғана қаумалап қоршап алған. Қарапайым халқым емес.
Еңсемнің түсіп, иінімнің еңкейіп кеткені әрине Шәкемнің жанарынан қалт қалмайды. Шәйнегін отқа қойып, тәтті-дәмдісін алдыма үйіп, тізесінің ауырған буынын ұмытып, бабымды тауып, езуінен күлкісін сауып, бәйек болады да қалады.
– Софыяным-ау, сенің елу жылдығың қалай жақсы өтіп еді, ә! Сол кездегі Жезқазған облысының сені алақанына салып, аялап әлпештегенін қалай ұмытайын. Қызыл-жасыл киінген қыз-келіншектер бір ауданның шекарасынан тосып алып, екінші ауданға өткізерде қимай, қинала қоштасқандары көз алдымнан көлбеңдеп кетер емес. Тіпті бір совхоздан екінші совхозға өтердегі қазақша киінген қыз, жігіттердің әнді аспандатып, күйді күмбірлетіп, даланың төсін дала сахнасына айналдырып жіберуші еді-ау...
Айтпақшы, Жезқазғандағы аэропортта самолеттен түсіп келе жатқанымызда қаздай тізіліп, қазақша киініп гүл шоқтарын тербете әндеткен жастардың ту сыртында ақ боз аттың үстінде құндыз бөркінің үкісін шайқалтып, өзің туралы шын көңілден төгілген термесін әуелете шырқаған Шымболат ағаға сен қолыңды кеудеңе төсеп, мен иіліп сәлем етіп ем ғой. Самолеттен бізбен бірге түскен орыс, қазақ жолаушылар тұра қалып, екеумізге он минуттай қол шапалақтап, тосып алушылардың құшағына сүңгітіп жіберіп еді-ау!..
– Иә-ә, өтті ғой қызылды, жасылды дәурен көзден бір-бір ұшып, – деп күрсініп қалғанымды несіне жасырайын. Сонымды сезіп қалған Шәкем күлімсірей арқамнан қағып әңгімесін жалғап әкетті.
– Біз мінген «Волганың» соңынан ілескен он төрт машинаның ұзын тізбегі бір төбенің шаңын екінші төбеге арқандай шұбатып қосқанда, ұшы-қиырсыз даланың төсін дүбірлеткен батырлардың сарынына мынау сенің құрметіңе қызмет етіп ілесіп келе жатқан «Волга», «Уаз», «Жигулилердің» гүрілі үн қосқан еді-ау. Әсіресе Алматыдан, «Қазақфильмнен» сен туралы кино түсіруге арнайы келген «Чайкадағы» оператор жігіттер эскортымызды тоқтатып, «Сәке, мына ара керемет көріністі сұрап тұр. Үш-төрт минут уақытыңызды бөліп, анау шалғынға аунай кетіңізші!» деп өтінуші еді-ау.
Жаңарқа ауданы, одан Шет ауданы бастығы болсын, жігіт, қыздары болсын бірінен бірі асырып, бес-алты үй тігіп, той жасап, қызық, думанды қыздырып, екеумізді төбесіне көтергендей болушы еді.
Сен сонда бала боп еркелей де, дана болып алқалай да сөйлейтінсің. Аузыңнан шыққан әр лебізіңе ел де, мен де тоймай, қанбай елжірей тыңдайтынбыз.
– Қойшы енді, менікі қай бір даналық дейсің, тебіренген көңілдің шын жүректен шыққан еміренісі ғой.
– Бәрінен де асырған өзіміздің Агадыр ауданының әкімі орыс Леонид Карепов болды ғой. Сенің елу жылдығыңа арнап жиырма киіз үй тіктіріп, қазақтың бар салт-дәстүрін жаңғыртып, жиналғандарға «қымыз мұрындық» бергізіп, ат үстінен құйғытып келіп жарғақты найзамен түйрелеу, құйғытқан аттан еңкейіп орамал алу, көкпар тартудың барлық түрін жасап еді ғой. Ауданның құрметті азаматының куәлігін тапсырып, астыңа ат мінгізіп, иығыңа құндыз жағалы шапан жапқан.
Карепов ертеңінде Босағаның іргесіндегі Айыртасқа үш үй тіккізіп, сол жерде батып бара жатқан күннің қызыл арайында төбенің үстінде билеп жүрген біздерді оператор жігіттер кинобейнеге түсіріп алған-ды.
Жолай Киікке соғып, әкей, шешейдің басына барып құран бағыштадық.
– Сонда мен аулыма тойлап келіп оймен қаусап қайтқам.
– Білем, білем. Қой сойып, қонақ етуге де жарамаған көп достарыңнан көңілің қалып, құлазығаныңды білем.
Ал Балқаш қаласы бізді қалай ардақ тұтты! Бір күнде үш жерде қонақ қылып, көлде қатермен қыдыртып еді. Болат інің мен туысқандарыңның көлдің жағасында кафе жалдап, бие сойып жайған дастарқанынан ауыз тиіп қана ұшайын деп тұрған самолетті бір сағатқа кешіктіріп мінгенбіз.
Сол жиырма күнде Жезқазған облысын аралап көрген құрмет-шафқатымыз кейінгі алпыс, жетпіс, жетпіс бестердегі Қарағанды облысынан көретін құрметімізді еселеп өзімен алып кетпеді ме екен. Алпысыңда маңайлатпай, жетпісіңде жолатпай қойған Қарағандың, жетпіс бесіңді жерлестеріңнің дүмпуімен қарашада әрең-әрең өткізген болып еді-ау. Ерлан Қошанов дейтін әкімсымағың тіпті театрда өткен кешіңе де келмеп еді-ау. Орыс болып кеткен қаладан екеуміз де түңіліп қайтқанбыз.
Шахминам бұл жолы суыған шайын қайта ысытуға асықпай, жаныма жанымен күрсіне қосылған-ды.
* * *
Адам өмірге жылап келеді, күрсініп өледі. Ғұмырдың шегі – қасқағым ғана. Тудың тұрдың. Жүрдің. Құладың – тындың.
Елі бөлек, төрі бөлек, ері бөлек, қытымыр заманның, міскін адамы-ау, құласаң да тынбашы! Ажалыңнан бұрын өлмеші! Шамаң жетсе...
Осындай ойран ойымнан суырып ала қоятын жұбайымның ысылдаған шәйнегіне, ып-ыстық қуырдағына көзімді де, өзімді де тойдырып отырып, Шәкемнің естелігіне ілесе еріп кеткенімді байқамай қаламын.
– Есіңдеме ме, Софыяным-ау, осы кең сарайымыздың 2000 жылы майда үш қабат қаңқасының іші-сыртын өңдетіп, жөндетіп жатқанымыз. Бір күні екеуміз келіп, кеш батып бара жатқанда кіреберісте отырып бұлбұлдың сайрағанын естіп, қызара батқан күннің соңғы шапағына сүйсіне қарағанымыз.
– Иә, сол май айында бұлбұлдың әнін еліге тыңдайтынбыз. Сол бұлбұлдардың сайрауы сирексіді ғой бүгінде. Анау Ауғаннан ауып келген қара торғайлардың бажылдауы сол бұлбұлдың әуенін үзіп тастады ма екен?
– Жо-оқ, бұлбұлдар әлі де сайрайды Дүниенің жартысын қырмызыға бөлеп туып келе жатқан күннің қызыл табағын қарсы алып сайрағанын естігенде, Софыян-ау, содағы сенің түн ішінде Киікте «Ақ дидарың көргенде тұра алмаймын» деп маған арналған әніңді тыңдағандай боламын, – деп сол бір аяулы шағына қиялмен тағы оралды ма, біраз үнсіз отырып қалды. Жөткірініп дыбыс беріп, қиял құшағынан бері шақырып алдым.
– Түу, адасып, алыстап барам-ау сенен. Айтайын дегенім сол 2000-жылы екеуміз осы үйіміздің аңғал-саңғал кіреберісінде тұрып «Шіркін, осы үйімізде енді бір жиырма жыл тұрсақ!» дегенімде сен, «Әй, Шахмина, әлі отыз жыл бірге боламыз! Тоқсанға жетпей, о дүниені ойлама!» деп құшақтап едің. Міне сол отызыңның он бес жылын артқа тастадық. Құдай қаласа, қалған он бесін де бірімізге біріміз сүйеніп, басып өтерміз!» деп кәдімгідей нық сеніммен айтып едің. Бірақ... бірақ... сол отыздың жиырма біріне ғана шыдап, иығыма тіреген иығыңды сусытып босатып әкетіп, қайта оралмас сапарыңа мені тастап кете бардың-ау, Шәкем, Шахминам.
Күрсінемін. Күрсінем де «қайта ашылмастай етіп, Софыян, сен де бір көз жұмасың Ойлан да толған бәрібір өлгенді тірілте алмайсың, өткенді келтіре алмайсың.
Алшы домбыраңды қолыңа. Иегіңді иығыңа төсе де, қос шектің қоңыр үнін аңырата боздат. Бейуақ шағыңның бейуақ кешін сылдыр-сылдыр сиқырлы саздың толтырып ала жөнелгенін көңіліңнің құлағымен емірене тыңдашы-ай бір. Сонау, сонау жалындаған жастығыңнан Шахминаңның мөп-мөлдір әуені қайта оралып келіп, кеудеңнің дір-дір еткен қақпасын тырс-тырс шертіп кетеді-ау бір! Алыс жайлаудан Шамыңның таныс бейнесі көз алдыңа ыстық, ынтық жүзімен жадырай күліп жетіп, еркелей бұлықсып тұра қалады-ау бір! Әрі сүйікті, әрі күйікті екеуіңнің естеліктерің тіріліп сала бергенде, көгілдір көктемдей күндеріңнің құшағына тағы бір бөленіп, мынау күзінен қысына аяқ басқан ғұмырыңды да, жалғзыдықты да ұмытасың. Бәр-бәрін»...
Бейуақ шағымның бейбақ бейуағына сүңгіп бара жатамын. Бәрібір.
Ал Шахминамның естеліктері есімде мәңгілік жайлап қалды.
Отырамын бәйбішеммен сырласып,
Жас кездегі нәзік, ұяң сырды ашып.
Күлгін көзде бір қызыл шоқ жылт етіп,
Қоя берер жүзін ыстық нұр басып.
Ол да, мен де жастық шаққа ауысып,
Қыз, жігіт боп кетеміз де қауышып.
Еніп, батып естеліктің ішіне,
Жұтардай боп тамашасын тауысып.
Шайын демдер бір отырып, бір тұрып,
Баяғыдай бал мінезбен құлпырып.
Қос кеудеде бір сағыныш оянар,
Анау көздің, алау көздің жылты ұрып.
Басыр едім неткен ғана осы мен,
Кімнен мұндай рахат күй тосып ем.
Ұмытамыз кездесуді неге біз,
Бал дәуреннің қайран жастық көшімен.
Сайран жастық Айды жұтып, Күнді асар,
Кешің есте-ау пеш түбінде сырласар.
Елестетіп гүл кескінді сонау бір
Елжіретіп ескі үнімді мұң басар.
Отырамыз өтсе де өшпес сырды ашып,
Қиялменен ойды басып, қырды асып.
Үңілумен іздеріне шөп басқан,
Тіріледі бір аруға бар ғашық.
Достарыңызбен бөлісу: |