Бесінші тарау. «Елім-ай» қалай жазылды. Қордай.
«Уай, Тәңір, қаламымды жорғасынан жаңылдырма!» деп 1968 жылдың оныншы қарашасында «Елім-айдың» алғашқы «Әлқиссасын» бастап, ақ қағазға із түсірдім» деп едім ғой.
Сол із мені ілгері сүйреді де отырды. Кейде төмен құлдилайды. Күрсінісім көбейіп, дәптеріме көз жасым тамып-тамып кетеді. Ал енді бірде әлгі із ойдан өрге шапшиды. Көзімнен жалын атылып, кеудемді кек кернейді. Тұлабойымда намысым ду-ду тіріліп, атойлаған бабалардың соңынан табанымды тасқа тілгізе, балағымды тікенекке ілгізе ілесемін. Жеңілісімнен жеңісімнің көп болуын тілеген көңілімнің ырқымен және кете алмаймын. Өйткені тарихи шындыққа негізделмесе, көркем шындық туралы сөз, қозғау артық. Ойдан шығарылатын шындық болмайды. Және тарихты бұрмалау жеке адамның қолынан келмейді. Сондықтан күрсінісімді жасырмай, қуанышымды асырмай әлгі ізді ұлы дүбірлі даңғылға айналдырмақ болып ерте тұрдым, кеш жаттым.
Бір күлкілі де, жүрек тітіркендірер бүлкілі де бар бір оқиғаны алдарыңызға тартайын.
Әдеттегідей таңғы бесте тұрып алып, экраны алақандай ғана үлкен телевизордың стабилизаторының кішкене лампасының өлусіреген сұрғылт жарығымен терезенің алдына қонжиып алып, Телікөлдегі тартыстың ішіне еніп кеткем. Таң қараңғысы ұйып түскен. Алматының шетіндегі ұйқыдағы Тастақта емес, Телікөлдің жағасындағы төбенің күңгейіне жайғасқан Ошаған бидің, Бұқар, Ақтамберді, Үмбетей жыраулардың, Бөгенбай, Қабанбай, Аралбай батырлардың қасында әрқайыссының аузынан шыққан сөздерін бағып, қылпылдап отырмын.
Бір кез әлдене сықыр ете қалды да, қарсы алдымнан қақпа ашылды.
Иә, иә, біз отырған үймен іргелес салынған үйдің сыртқы есігі дәл менің тереземнің алдында болатын.
Сықыр етіп ашылған қақпадан бері аттаған орыс әжей маған алдымен сығалай, ізінше состия қарап тұрды да, алас-күлес әлсіз жарықтан сұп-сұр суық бейнемді әлдебір сұсты құбыжыққа таңды ма, опырылған теректей төбесімен шаншыла құлады.
Ойбай-ай, өлді-ау, байғұс! – деген ащы даусым өзімді де, ұйқыдағы Шәкемді де аяқтарымыздан тік тұрғызды.
Үстіме пальтомды жамыла салып, сыртқа атылдым. Үйді айналып шығып, шарбақтан секіріп түсіп, әжейді жерден көтеріп алып, алдыма ұстап отырмын. Бір стакан суымен Шахминам да жетті. Жетті де суды ұрттап алып әжейдің бетіне бүркіп-бүркіп жіберді. Әжейдің кірпіктері жыбырлап, әбден тозған езулердің кенересі дірілдеді.
Әжей көзін ашты. Бетіме күлгін жанарын тіктеді.
Бабуля, бабусь, это я. Я – ваш сосед. Квартирант дяди Миши. Вы же меня знаете. Саша я. А за окном был тоже я. Не какой-нибудь дьявол или чертовщина. Баба Зина, я-то начинающий писатель. Сидел за подоконником и при свете стабилизатора писал, – деп жанталаса шұбыртып жатырмын. Шәкем енді стаканын әжейдің аузына тосты.
Пейте, баб Зина.
Ой ли, да это ты, Шура! – деп стаканнан бір жұтқан әжей көзін қайтадан маған төңкерді. Тарамыс қолымен бетімді сипалады.
Ой, сынок, Саша, как я, окаянная, не узнала тебя. Почудилось мне какое-то чудило. А это был ты. Не-а, теперища не боюсь. Нет, не боюсь. А ты, Сашенька, пиши и пиши, - деп орнынан тұрмақшы болып еді, аяғына тік тұрғыздым.
Идите, соколики мои, а мне надо в отхожее место.
Шәкем екеуміз мырс-мырс күліп шарбақтың тесігінен өтіп, үйімізге кірдік.
1969 жылдың қазанында «Елім-айымның» жаңа пәтерімде соңғы нүктесін қойып, арқа-басым кеңіп, бір жұма ұйқыны өкірттім.
Содан бір ай бойы қолжазбамды ақ қағазға әдемілеп көшірдім. Таза қолжазбамды машинист апайға бастыртып алып, 1970 жылдың қаңтарында «Жазушы» баспасына тапсырғамын.
Сол 1970 жылдың наурызынан бастап бір әбігер күйге түсіп есеңгіреп қалғанымды қазір ойласам да, сол бір күндердегі қынжылысқа толы мезетке қайтадан тап болғандай күйзелетінім бар.
Тап сол наурыз айында запастағы офицерлер Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев және маған республикалық әскери комиссариаттан екі жылға командалық сапқа әкетеміз деген шақыру қағазы келген-ді. Жан мұрынның ұшына жетіп, жанталастырған тірліктің қақпанынан қалай құтылуды білмей, жазушылар үйінің кең фойесінде үшеуіміздің бас қосуымыз көбейді.
Әбіш қана арқасын кеңге салып, Мұхтар екеумізге мүсіркей қарайтын.
Сен екеуіңнің жағдайларың қалай боларын қайдам. Менің қолы ұзын ағаларым мені ешқайда жібермей алып қалады.
Ұнжырғамыз түсіп, жүнжи қаламыз. Аспан мен жерді тіреп тұрған көкелерім жоғы өзімізге аян. Әсіресе Мұхтарға қарағанда «темір-терсек» менің халім тіпті мүшкіл.
Шәкем кейде ойдағы жоқты тірілте қоятын «көріпкелдік» сәуегейлігіне құрық созады.
Үшеуіңді таңдап-таңдап тұзақ тастауы тегін емес. Үшеуіңнің әлі-ақ мықты қаламгер болатындарыңды сезген бақталастарыңның әрекеті. Осымды ұмытпа!
Жұбайыма әрқашанда мықты боп көрінетінімді білетін мен онымен несіне дауласып жатайын. Екі ай бойы онда-мұнда жүгіріп, ешбір нәтиже шығара алмай жүдеп біттім.
Фойеде отырғам. Одақтың үшінші хатшысы Қабдыкәрім аға Ыдырысов қасыма жақындады. «Біріншінің қолынан түк келмегенде, бұл ағамнан не қайыр» деп сүлесоқ амандастым.
Әй, сен шырақ, сен әбден қалжырап бітіпсің ғой. Әуелде маған айтпайсың ба. Шұрық етпе. Бүгін Бәйкенов – республика комиссарымен бір үйде қонақта бірге болам. Бір жөнін келтірем.
Қабдыкәрім ағамның комиссарға не айтқанын білмеймін. Бірақ «бір жөнін келтіріп» мені аман алып қалды.
Менімен бірге Мағауин де бұғаудан құтылып, «қолы ұзын ағаларына сенген Әбіш басына пилоткасын баса киіп, аяғындағы керзі етігімен тарс-тұрс аттап екі жылдық әскери тәртіптің сынағына түсіп кете барды.
«Құтылдым-ау!» деп қутыңдап жүрген мен онша құтыла қоймаппын. Қордайдағы бронетанкілік полкта екі айлық стажировкадан өтуге шақыру қағазын енді аудандық комиссариат тоса қойды.
Шәкемді екі ұлымен ауылға аттандырып жіберіп, өзім Қордайға жөнелдім.
Шілденің басы, алда әлі тамыз бар. Кең қазармада отыз адам жатамыз. Кілең танкистерміз. Бір жұмадан кейін танкіге отырып, ұмытыңқырап қалған жүргізуді бастап кеттік. Кәдімгідей жорғалататын болдық темір көлікті. Енді осы броньді техникамызбен таудағы түнгі жорықты жалғастыруымыз керек. Маған аздап қиындау соғатын бір кінәраты – көзәйнегімді алып тастап танкінің мониторына шүйілуім. Минус бес диоптриялық көзілдіріксіз руль орнындағы қос рычагты кезек-кезек лыпылдатып отыруға буалдырланған көз алдым онша көндіктіре бермейді.
Ал түнгі жүріс... Танкіні ойқы-шойқы жыра-жықпылы көп түнгі жартасты жотамен жөңкілту – басқа салған соң еркіңнен тыс бас изеу ғана.
Сондай кезек енді маған да келді.
Етектен тік жоғары өрлеп келем. Прожектор жарығы қойқаңдаған танкімен ілесе билеп, біресе өрге шапшып, біресе төменге секіріп тура жолды ұстатпайды. Инспектор – механик сыртта, башняның үстінде. Екеуміз шлемофондағы рация арқылы байланысып келеміз.
Жотаның үстіне шыққаным да сол еді, алдымдағы жыра тіп-тік төмен кететіндей көрінді ме, әлде көзілдіріксіз көзім алдады ма, машинамды ілгері лықсыта бердім.
Нажми на горный тормоз! На горный тормоз, дурак! – деген механиктің сөзі құлағымды осып жіберді. Дереу горный тормозға аяғымды созғанымды білем.
Одан әрі. Одан әрі сәскеде көзімді ашсам, санчастіде жатыр екем. Басымды сол көзімді бастыра шекелете таңып тастапты. Сол жақ алақаным да бүркеулі бинттің астында боп шықты. Мониторға қадалған маңдайымның екі қасының арасы қатты жарылған ғой, тігіп тастапты. Рычагқа соғылған сол қолымның алақан қыры тілініп, оны да тігіпті.
Үш күннен кейін Мәскеуден бе, Фрунзеден бе полкті тексеруге комиссия келіпті деп естідік.
Бізді әрине оларға көрсетпеуге тырысқан полк басшылары барлық жаттығуларымыздан босатып казармамыздан шығармай ұстады.
Ал комиссия қас қылғандай тексерісті біздің барактан бастағаны ғой.
Басы-қолын таңып алған мені генерал өзі тергей бастады. Кінәны өз мойныма алып, «көзілдіріксіз терең жыраны көрмегендіктен горный тормозды басып қап осындай жағдайға ұшырадым» дей бергенім сол еді, генералым қасында тұрған полк командиріне ал кеп шұқшисын:
Диоптриясы минус бес адамды көзілдіріксіз танкіге неге отырғызасыңдар? Переподготовкаға неге шақырасыңдар?
Сөздің аяғы менің сол күні киімімді ауыстырып, Алматыға қайтып кетуіме тірелген еді.
Достарыңызбен бөлісу: |