Софы Сматаев шахминам – МӘҢгілік махаббатым менің Аса қымбатты Шамшия келінім!


Он бірінші тарау. Тәуелсіздік және «Желтоқсан»



бет28/35
Дата14.07.2022
өлшемі302,94 Kb.
#37662
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   35
Байланысты:
Шахминам

Он бірінші тарау. Тәуелсіздік және «Желтоқсан»

Еліміз егемен ел болып, республикамыз тәуелсіздіктің байрағын көкке көтерді деп, бөркімізді аспанға лақтырып, мәз-мейрам боп далақтағанымыз рас. Егеменмін деп еркінсуімнің, тәуелсізбіз деп тасынуымның кей-кейде кеудемді оқыс солқ еткізген, жүрегімді кенет дүріс еткізген әлдебір үреймен көміліп кететіні бар. Шовинист Путин Евразиялық одағына кіргізіп алып кіріптарлық (тіпті құлдық) кепті кеудемізге жаба салды. Сол шовинистік ықпал күні бүгінге дейін ана тілімізді өгейлендіріп келеді. Уысынан шығып кеткен Украинаға соғыс ашып, анау Белорусь пен біздің Қазақстанды қайтсек те қосып аламыз деп тізгінімізге жармасып қалып отыратын Ресейдің ерік-ырқымызды саусағына іліп алған әндемді саясаты бар. Ол ол ма, миллиардтаған қарызымен қол-аяғымызды шырмап тастаған, кеніміз бен шұрайлы жерімізді сатып та, жалдап та алған, жалмап жұтқалы қаптап келгелі тұрған Қытай көршіміздің көлгір күлкілі жымысқы саясаты тіпті жан түршіктіреді. Осыларды ойлағанда «еркінсіткен егеменімнен, тайраңдатқан тәуелсіздігімнен айрылып қалмасақ екен!» дейтін ішкі түйсікпен тірілетін қорқынышты қаупімді тойтара алмас күй кешем.


Бүгінгі қазақ дейтін ұлтым, Алаш дейтін жұртым ертең екі өңештің бірінде жұтылып кетіп, тарихтан біржола өшетін болса... Сол жоқтау, сарынын осы бастан неге зарлап айта бермеспін. Ұлтым жоғалса, менің жазған-сызғаным кімге керек болмақ?
– Жоғалмайды, өлмейді халқың, – дейді Шәкем жүрегі сыздана күрсініп. – Сенің осы айқай-азаныңды еститін ұлтың, тыңдайтын жұртың бар. Қаулап өсіп келе жатқан Жан мен Марғұлан немереңдей жас ұрпақтың сезімі мен сенімі мұлде өзгеше. Түңілме!
– Оу, Шахминам-ау! Жаңаөзендегі қанды қырғын ұлт трагедиясы, халық қасіреті емес пе. Жеті ай бойы аптап пен аязда өз мұң-мұқтажын айтып жеткізе алмаған мұнайшыларды астаналық биліктің үркітіп, қорқытып, бұғалыққа басын сұғар үйіріне қайта қосам дейтін ұрдажық әрекетінен өрбіген халық қасіреті емес пе. Қазақтың қазақты қырып салуына не себеп? Төменгі мен жоғарғының бірін-бірі түсінуі мүлде жойылған. Биліктің дікілдеуі өтірік ақпар беруі, сайлау біткенді бір де бір рет дұрыс өткізбеуі, дауыс ұрлауы, оппозицияны шеттетуі, қудалауы емес пе. Неге түңілмейін.
– Айтқаныңның бәрі рас. Бірақ түптің түбінде адалдық асқақтайды. Арамдық қашқақтайды. Жетеміз, Софыян, сол күнге, өтеміз мына асудан.
Жұбайымның мені жұбатқан сөздері құлағыма кіргенмен, кеудемдегі қыжылды күреп тастай алмайды.
Өйткені төрдегі төрелерге бүгін төмендегілердің өзі түгіл сөзі де жетпейді. Атақты қаламгер қалпыммен кейбір әкімге, әлдебір министрге бір жылдың мөлшерінде телефонмен де бір мәрте байланыса алмай, мысым құритынын кімге шағым етермін.
Бұқара жұртшылықтың мұңы-қаламгер менің мұңым ғой. Қарашаның қайғысы – менің қасіретім болмас па. Анау «Шаңырақтағы» шаңырағы шайқалған қазақтың зары, жиған-тергенін құйып алданып қалған үлескердің запыран ағызған көз жасы, күн сайын қымбаттайтын азық-түлік, газ су, электрге мардымсыз зейнетақысын түгелдей төлеп, аш-жалаңаш күй кешкен замандастарымның терең күрсінісі, даладан қалаға шұбырып, екі қолға бір күрек таппай, көшелердің қос қабағында жұмыс күтіп, ертеден кешке дейін әркімге бір мөлиіп отыратын қаракөз іні-қарындастарымның кеудесін тілгілейтін күйігі мені қатты қиналтады. Қолдан келер басқа амалым қалмаған соң, өксік-өкінішімді ақ қағазға төгем де, отырамын. Өзімді өзім осылай мүжимін де отырамын.
– Бүгін сен күңірендің. Ертең тағы бір әріптесің айқайлап ілесер. Көп қой қалам ұстағандар. Дауыстарың қосыла шықса, Ақорданың қақпасын қақыратып, терезесін қаусатып енер. Сәл-сәл тосайықшы, Софыяным, – деп өзі де сенер-сенбес күмандануын менен жасыра алмай, Шахминам әлдеқайда асыққан болып шыға жөнеледі.
Қашанғы тосамыз. Менің көргенім Алматының мүшкіл халі. Кеше ғана республикамыздың абыройын асқақтатып тұрған «АЗТМ» мен Киров зауыттарын, «Жетісу» және кілем фабрикаларын, «АХБК» мен «АДК» комбинаттарын тып-типыл жойып жібергеннен шекеміздің шылқ еткені қанеки.
Қазақстанның түкпір-түкпірінен келетін қыз, қарындастарымызға құшағын кең ашып, өндірістік ортаның айтулы іскерлеріне айналдыра қоятын мақта-мата комбинатын жауып тастап, аумағы ат шаптырым алып ғимаратты сауда-саттық орнына ауыстырғанда не ұттық? Әрине ұтқан әлгі кең сарайды тиын-тебенге сатып алып, жалға беріп қана шаш етектен байып отырған жекеменшік қожайын ғой. Ұтылған – бәріміз. Ұтылған – мақтасы бар, мата шығаратын фабрикасы бар елден қытай мен қырғыздың бір жуғанда-ақ іріп-шіріп кететін бөзіне ділгер боп қалған қазақтар.
Сондай-ақ «АДК»-ны сақтап қалғанда, арзан құрылыс материалдарымен қаншама үй салынар еді. Қаншама жұмыс орны ашылар еді. Бүгінгідей баспана үшін басына қайғы-қасіретті үйіп алып, үйсіз-күйсіз үлескерлер ұлардай шуламас еді.
Менің бір түсінбейтінім: фабрика, зауыт, бала-бақша ғимараттарын жеке адамдарға тегін таратып беріп, күнделікті жұмысқа қажетті бұйымдардан бір қағылсақ, бұрын шет елдерге валютаға сатып, кіріс кіргізетін станок, аспап, агрегаттардан екі айрылсақ, бүлдіршіндерге тегін қамқорлық жасап, тәрбие беретін ұясынан және ажырасақ, сөйткізуге қандай зәрулік жетектеп еді?
Қытайдың бір айда жұлығы қақырап, табаны тілініп жататын сүйретпелеріне ыза болғанда, «Құдай-ау, сәні келмесе де, сапасы тым тәуір «Жетісудың» аяқ киімдерін қайта шығара алатын күнге қашан жетеміз?» дейтін жерлестерімнің шағым-мұңы кімнің құлағын шертер екен?
* * *
2000 жылдың қаңтары. Берекем қашып мазасызданып жүргенім Шәкеме қатты бататын.
– Әу, Софыян! Сен уайымдағанмен «АЗТМ» да, «АХБК» да енді оралмайды. Олар кең қалтаға көміліп, жұтылып кеткен. Менің саған қосар бір ақылым – кеудеңде сығылысып жатқан «Елім-айыңның» үшінші кітабының нобайы дайын екенін сеземін. Екінші кітабының жарық көргеніне де биыл жиырма жыл толады. Басыңды бітпес мұңмен шырмамай, еліңе керек шығармаңды қағазға түсірсеңші, – деуімен мен бірінші ақпанда 40 күнге екі путевка сатып алып, «Алматы» санаторийының үш бөлмелі апартаментіне орналастым. «Маған ем-дом қажет емес. Жұмыс істеуге келдім» деп дәрігерлерге ескерткен соң, олар маған онша көңіл бөлген жоқ.
Отыз сегіз күн өтті. Шаршағаным білініп, Алмас ұлыма «мені алып кет» деп телефон соқтым. Шәкем қатты сағынып қалғанын қаншама білдірмейін десе де, көзі айтып, жүзі жайнап, сонау, сонау Сарысудың жағасындағы талдырмаш қыздай болып көңіліме де құшағыма да еніп кетті.
Ертеңінде ертерек оянып, төсектен тұра бергенім сол еді, сылқ етіп құладым. Шахминам ұшып тұрып, басымды сүйеді. Тілім күрмеле: «Ая-ғы-ым қооз-ғалт-па-айды!» дегенді әрең айттым. Үстіме көрпе жауып, Шәкем жедел жәрдемді шақырды.
Жасы елуге таянған армян әйел дәрігер екен. Носилкамен түсіртіп, Совмин ауруханасына әкеліп, айқайлап: «Мен білемін, мұндай инсульт бір тәуліктің ішінде, тағы бір қайталап ұстайды!» деп мені жансақтау бөліміне жатқызды. Бір байқап қалғаным, медбике посты мен жатқан палата есігінің алдында екен. Түнгі он бірдің шамасында көзім ілінгендей болып еді, тұңғиық шыңырауға құлдилап құлап бара жатқанымды сездім де, «падаю! падаю!» деп айқайлағанымды білем, одан әрі меңіреуліктің құшағына шым баттым.
Үлкен сәскеде көзімді жыпылықтата әрең-әрең ашып, кірпіктерімді қимылдата ажыратып, қарсы алдымда отырған әлдекімнің сұлбасын байқадым.
– Енді өлмейсіз. Бақытыңыз бар екен, Софы аға. Кей түні қатты аурулар екеу-үшеу болып, медперсонал да, аппараттар да бөлінетін. Түнде сізге, жалғыз өзіңізге бәріміз жанталаса жүріп, миыңызға қан құйылудан аман сақтап қалдық. Менің атым Бибігүл. Осы жансақтау-реанимацияның бас сестрасымын.
Сіздің инусльтіңіз Марат Оспановтікіндей. Мен Ақмолада Марат ағаның қасында екі айдай отырғам. Ақмолада біздікіндей аппараттар жоқ. Ағаны бірден Алматыға жеткізгенде... өлмейтін еді-ау. Әбден қалжырағанда әкелді ғой, – деп күрсініп жас жуған бетіп бұрып әкетті.
Бір жұмадан соң мені неврология бөліміне шығарды. Бөлім меңгерушісі Уәшев: «Сәке, енді қандай ем жасаймыз?» деп өзі де мазасызданып, мені де мазалаған соң, Шәкемді 12-аурухананың бас дәрігеріне жұмсадым. Өйткені онда Мединституттың профессорлары істейтінін естігем.
Екі күннен кейін екі кісілік бір палатасын дайындап, Шәкем екеуміз сонда орналастық. Баласындай мәпелеп, жатқызып, тұрғызып, басы-қасымнан бір елі ажырамаған жұбайым мен әкелі-балалы Қойшыбаевтардың ем-домымен бір айда тілім әжептәуір шығып, аяғым тәлтіректеп басуға жарады.
Сонымен құлан таза жазылмасам да, таяқ ұстап, үш аяқтап жүруге жарадым.
Көз шіркін – көңіл айнасы,
Өзімді көргем мен одан.
Жайнашы, ғұмыр жайнашы,
Өлімді тоспай жағадан.

Өмірді сүйеді екем-ау,


Өтермін оны ән қылып.
Өмірге қостың, Шәкем-ау,
Жанымдай жарым мәңгілік.

Сен бар да және мен бар да,


Қос жүрек соғар бірігіп.
Алаулап атар таңдарға
Апарсын бізді тірі үміт.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   35




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет