Тоғызыншы тарау. Арбау мен алдау
«Жылдың ең үздік кітабы» аталған «Елім-айымның бірінші кітабы 1980 жылы берілетін «Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Үздік кітаптың лауреаттық атақты шаппай алатынынан хабары бар Шахминам сол атақты өзі алып қойғандай-ақ әлден мәз-мейрам. Аяқ-қолымды жерге тигізбей, тек шығармашылығыммен айналыссын дей ме, маған қажеттінің бәрін жасауға жан-тәнімен тырысады.
Бір күні «Жұлдыздағы» бөлмеме Одақтың екінші хатшысы Қалтай Мұхамеджанов келіп: «Он минут уақытың болса, оңаша сөйлесейікші» деп мені кабинетіне ертіп әкелді.
– Ой, арыстаным! Алдыңа жан салғызбай қарыштаумен келесің! Менің өзіңе деген ниетімді білмейсің ғой. Біздің үйдегі апаң, әпкең... Айтпақшы, сен маған балдыз болғаныңды біліп қой, жолбарысым. «Шөпте – жалбыздан, ағайында балдыздан жақын жоқ» деп бір мақалды құдай аузыма сала салғанын қарашы. Сол біздің үйдегі әпкең сенің «Елім-айыңды» аузының суы құрып, мақтап, өзіңді сыртыңнан бір көрген екен, маған «ертіп кел де ертіп келмен» әбден-ақ мазалап бітті, – деп бетіме сығалай қарап сөз тосты. Мен үндегем жоқ. Қалекем тағы жорғалады.
– Сенің «Елім-айың» бәйгемді шапқызбай бер деп ауыздығын шайнап, жүгенін жұлқып-ақ тұр. Ол енді ақиқат дүние, – деп бір күрсініп алды. – Ал өзіңмен үш ағаң жарысқа қабат түсіп тұр. Әзілхан ағаң Нұршайыхов, Ғафу Қайырбеков және Қадыр Мырзалиев. Түскендерің төртеу. Үзеңгі қағыстыратын осы төртеудің біреуі бәйгеге бөлінген үш орыннан мақұрым қалмақ. Өйткені бас бәйге осы бастан сенікі, оған ешкімнің таласы жоқ, – деп қоңқақ мұрнын шымшып ұстап біраз отырды.
Мен ләм деп аузымды ашқам жоқ.
– Ал екі орынға үш ағаң таласып, біреуі мұртпай ұшпақ. Қайсысы болса да обал-ақ. Солай ғой, ә, Софыжан?
Бетіме көзін сығырайта үңіле қарады. Қайдан шыға беретінін білмеймін, кең кеудеден ысылдап төгілетін күрсінісі көбейді. Мен әлі мылқаумын.
– Сенің анау былтырғы журналға басылған екінші кітабыңның оқырмандарының құлшынысы асып-төгіліп жатқанына жұрттың бәрі куә.
Биыл жарық көріп, кітабың келесі жылдың қорытындысында тағы да ең үздік кітап аталатыны және айқын, – деп сәл бөгелді. Сәл күшене ыңыранды. Бетін бетіме тақап әкелді де, – Көп созып уақытыңды алмайын, арыстаным. Сен биыл мынау жарыстан өз кандидатураңды алып тастасаң, екі жылдан кейін лауреаттықты қанжығаңа бөктересің. Ал үш ағаң биыл бәйге алып, саған ғұмыр бойы ырзалығын айтып өтеді.
Менің пенделігім қозып кетті. Үндемей тұрдым да, шығып жүре бердім.
Кешке Шәкеме, жұбайыма Қалтайдың айтқанын түгел қайталап жеткіздім.
Шахминам екі алақанына иегімен басын сүйеп, біраз ойланып отырып қалды. Көз қиығы біресе маған түсіп, біресе сөредегі беті бері қараған «Елім-айға қадалып, ештеңеге тұрақтар емес.
Кенет тамағын қырнады.
– Мені қатты қинадың-ау. Ал менің айтарым сені қанайтынын білем. Кітабыңның мықты екенін де, екі жыл тосу онша қиын емесін де білем. Бірақ осы екі жылда осы ағаларыңның қандай да бір сылтау тауып, бәйгеңді ұстатпай, басыңды шығарғалаңға салып қоймасына кім кепіл бергендей, – деп Қалтайшылап емес, өзінше әлденені сезгендей қапалы күрсінді, – Бұлар өзінің Мырзалиевін алып шығады. Ал саған әкеңдей болып үнемі қолынан келген бар жақсылықтарын, барлық көмек-жәрдемдерін жасап жүрген Әзағаң мен Ғафаңның бірі құласа... – деп тоқтай беріп, қайта жалғады. – Құлатпайын десең, келісіміңді бер.
Сөзінің соңын өксігі көміп кеткен Шәкемді енді өзім жұбата бастадым.
Ертеңінде Қалтайға кіріп, тізімнен өзімді сызғызып тастадым.
* * *
Содан бір айдан кейін «Елім-айымның» екінші кітабы жарық көріп, қалың оқырманды тағы да дүбірлете елең еткізгенін бүгінде күбірлеп қана еске аламын. Өтті ғой қайран махаббаты мен шапағаты, қызығы мен қызуы мол жылдар. Ізімді аңдыған жастардың, өзімді іздеген кәрілердің сұлбасын оймен қатарлап тізсем, бұрынғы бас қала мен бүгінгі астананың арасын тізбегімен-ақ қосып тастар еді-ау...
Желпінгенімді дәлелмен тұздықтайын.
Бірде жұмыс телефоным шар ете қалды. Трубкадан Ғабеңнің (Мүсіреповтың) ыңырана жеткен үні естілді.
– Сматаевпысың? Оу, сендер, жастар ағаларыңа кітап сыйлауды білмейтін болыпсыңдар ғой, – деп біраз кейіп алды да, – Сенің, қарақ, анау жұрт аузынан түспей жүрген «Елім-айыңның» екінші кітабын маған әкеліп беруге ыңғайың келе ме? Айтпақшы, романыңның бірінші кітабын әлде-біреу үйімнен алып кетіпті, таба алмай қалдым. Өзіңде бар болса, оның да бір данасын қолтықтай кел, – деп, жауабымды тоспастан трубканы тастай салды.
Әдебиетіміздің ақсақалы қолқа салса, қолқ ете түспей тұра алам ба. Алып ұшып үйіме жеттім. Екі кітапты орап жатқанымда Шәкем қасыма келді, бетіме сұраулы жүзбен қарады.
– Ғабең, Мүсірепов аға ғой сұрап жатқан. Апарып берем қазір. Өзі сұрап, телефон соғып еді.
Шәкем бетіме үңілді де, теріс айналып кетті. Бұрын мұндай мінезі болмайтын. Иығынан ұстадым.
– Неге үндемейсің?
Шәкем қабағын шытты.
– Қайдам... Тым сенгішсің Жұрттың бәрін өзіңдей көресің... Ғабеңнің жақсы жаманын айта алмаймын. Бірақ балаларының анасы болған әйелі өлейін деп жатқанда, ашынасын үйіне әкеліп туған күнін тойлатыпты дегенді естігенде, жаным күйгенін ұмыта алмаймын. Жанының тазалығына кір жұқтырып... – деп булыға жылап жіберді.
– Қойшы, қайдағыға бола босқа босамай, – деп кітаптарымды Ғабеңе апарып бергем.
Романымды Мұхамеджан Қаратаевқа, Серік Қирабаевқа хатшыларым Жұбан Молдағалиев пен Қалтай Мұхамеджановқа да қолтаңбаммен ұсынғам. Тақырыбымыз ортақ болған соң анау-мынауды айтып, іштарлық танытып жүрер ме деп секемденіп кітабымды тек Ілияс Есенберлинге бермеп едім.
Енді сөзімнің тоқетеріне көшейін.
Мемлекеттік сыйлыққа ұсынатындардың тізімін анықтайтын комиссяның отырысы басталған. Күмілжіген дәмелілер мен дүбірлеген әуесқойлар дабырласып, Жазушылар одағының кең фойесінде жиналыстың нәтижесін күтіп отырмыз.
Бір кезде іштен Ілияс аға Есенберлин атып шығып, маған жетіп келді де:
– «Елім-айыңның» екінші кітабы қашан шығуды еді? Анау Жұбан мен Қалтай сенің сол кітабың әлі жарық көрген жоқ деп, сені тізімнен сызғызып тастатты ғой!
Ішім әлденені сезді білем, Ілекеңді жетектей кең кабинетке асыға аттап кірдім де, еденде үюлі жатқан конкурске түскен кітаптарды апыл-құпыл ақтарып, ең астында «көміліп» қалған романымның бірінші, екінші кітаптарын Есенберлин ағаның қолына ұстата салдым. Ілияс ағаның түсі күреңіте бұзылып кетті. Әлгі кітаптарды қос қолдап қысып апарып, Жұбан мен Қалтайдың көз алдарына тоса қойды.
– Астапыралла! Шыққан кітапты шықпады деп тығып тастағандарың қалай? Мыналарың қастандыққа бергісіз сұмдық қой! Әй, Қалтай! Мына кітапты көрдің бе? Әлде көзіңді бүркеп алған пердеңді ашқың келмей ме? Енді не деп ақталмақсың?
Екі хатшы да тіл қатқан жоқ. Орындарынан үрпиісе тұрып кеткен комиссия мүшелері Жұбанға сұраулы көзбен қадала қалысты. Ал Молдағалиев болса Ғабеңді (Мүсіреповты) қолтықтап есікке қарай бет алды.
Осы сәтте Евгения Лизунованың даусы оқыс естілді.
– Оу, азаматтар! Кітап шыққан екен ғой. Отырысымызды төрт-бес минутқа жалғастырайық. Тоқтаңыздар!
Ғабең де, Жұбақаң де іркілген жоқ. Соны көргенде Дмитрий Снегин: – Эй, вы, казахи! Без нас друг друга съедаете! – деп басын жұлып жіберердей шайқап бар ызасын төге салды. «Без насының» жалпы орыс жұртын меңзегені ме, әлде Лизунова екеуінің көзқарасын танытқаны ма, ол арасын анықтауға ол кезде шамам да жоқ еді. Фойеге жүгіріп шығып қолтықтасқан екеудің алдын кес-кестедім:
– Ғабе! Біз сізді әдебиеттің пайғамбары, әділеттің көзі деп танушы едік. Сыйлыққа ұсынбасаңыз да, өзіңіз сұратып алған кітаптың шыққанын неге айтпадыңыз? Әділеттен неге аттап кеттіңіз? Сіздің отыз жетінші жылғы қырғыннан қалай аман қалғаныңызды енді түсініп тұрмын-ау...
Қатты ашындым білем, ардақ тұтқан ағаға айтпас кінәні ақтарып салғанымды ескеруге сол сәтте мұршам да қалмап еді.
Ғабең тырс етіп тіл қатпады. Бетіме тура қарай алмай, жүзін тайдыра берді.
Енді мен Мұхамеджан Қаратаев ағаның қарсысына жетіп бардым:
– Екі кітабыңа пікірімді білдіріп, көлемді рецензия жазам деп, романыма автограф жазғызып алып едіңіз ғой. Анау екеуінің кітабымды неге жасырып отырғанын білдіңіз бе? Білсеңіз, сіз де адалдықтан аттап кете беретін пенде ғана екенсіз. Отыз жетінші жылғы әркімді бір қаралаған етектей-етектей материалыңыздың бекер жазылмағанын ұқтырдыңыз бүгін.
Мұқаң да үндей алмай қалшиып тұрып қалды.
Серік Қирабаевқа айтарымды айтып, тұлабойымды кернеген ашулы ызадан жарылып кетердей болып аласұрағаным сонша, бірін-бірі қолтықтап, состиып тұрып қалған Ғабең мен Жұбанның қасына жетіп бардым:
– Түгендеп алдық деген бүгінгі қитұрқы есептерің тұптеріңе жетеді әлі. Уай, Жұбақа! Анау Қалтай екеуің «Сматаев өлді!» деп ертең газеттерге некролог беруден тайсалмайтындарыңа сенем. Өйткені мына Мұхамеджанов екеуің қолдарыңда тұрған менің кітабымды «жарық көрмеді» деп өлтіруден аянбадыңдар-ау!
Ілияс аға мені иығымнан құшақтап бауырына басып, тыныштандырмақ болды. Тығыла өксіп-өксіп жібергенім есімде. Сәлден соң, ағаның құшағынан күшене босап, сыртқа ұмтылдым. Есік алдындағы «Волгаға» Жұбағаң Ғабеңді сүйемелдеп отырғызып жатыр екен. Ағаларымның көрінеу, көзге жасаған қысастықтарына түк істей алмай, машинаның артқы дөңгелегін теуіп-теуіп жібердім. Қолымнан бар келгені сол ғана.
Соңымнан ілесе шыққан нағыз азамат Ілияс ағам иығыма тағы да қолын салды.
– Софыжан, дәл мына ашынған түріңмен не біреуді мерт етесің, не біреудің қолынан өлесің. Жүр, балам! Біздің үйге барайық. Сабаңа түс, ашуыңды бас, – деп ерте жөнелді.
Ас дайын болғанша кабинетке оңаша жайғастық. Ілекең бүгінгі комиссияда болған жағдайды баяндап кетті.
Одақтың екінші хатшысы Қ. Мұхамеджанов мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармаларды отырғандарға таныстырып, солардың арасынан менің «Елім-айымның» екі кітабын біраз мақтапты. Сөзінің соңында екінші кітапты «Жұлдыз» журналынан ғана оқығанын, ал ол кітаптың әлі жарық көрмегенін, әйтпесе сыйлыққа нағыз лайықты шығарма екенін дүбірлете айтып-айтып келіп, әзірше сыйлыққа ұсынылған шығармалар тізімінен алып тастауды ұсынған екен.
Ілекеңнің: «Кезінде Олжас Сүлейменовке кітап болы шықпаған «Простор» журналында жарияланған цикл өлеңдеріне Мемсыйлықты беріп едік қой. Ал Сматаевтың бұл романы 250 мың тиражы бар «Жұлдызда жарық көрген өте құнды шығарма. «Жылдың ең үздің кітабы» болған бірінші кітабын өткен жолы сыйлыққа ұсынылған тізімнен алғызып тастап едіңдер. Тағы да жас қаламгерге обал жасап, сөйтейін деп отырсыңдар!» дегеніне қос хатшы да, Орталық Комитеттен келгендер де, хатшылардың өз адамдары да өре тұрып, кітабымды енгізбепті.
Ілекең бір күрсініп алды да:
– Сенің сол бірінші кітабың енгізілген тізімнен сонда қалай түсіп қалып еді, – деп бетіме қарады.
– Мені Қалтай шақырып алып, мүйізі қарағайдай үш ағаң өзіңмен қатар түсіп отыр. Олар енді мықты дүниелерін жаза алар ма. Сенің «Жұлдыздағы» екінші кітабың тағы да бәйгімді шаппай бер деп тұрғанын жұрт аузынан сілекейі шұбырып айтып жүр. Өзіңді мынау тізімнен алғызып тастасаң, небәрі екі-ақ жыл тосуға келіссең, үш ағаңа інілік жақсылық жасар едің деп мен көндірген, – деп едім Ілекең басын шайқап, орнынан тұрып кетті.
– Әй, содан... Сол Қалтайдан келген кер деп ойлап ем-ау. Алдап соққан екен сені. Ымы-жымы бір ғой олардың. Көкейдегі құрт жеп жатқан сөзін айта алмайды саған. Бөтенсің. Бөлексің. Тазасың!
Қалтайдың көкейін қандай құрт жеп жатқанын ол кезде білмесем де, кейін талайлармен тайталаса жүріп, талай биік кеңсенің үстеліне иек артқанымда сезген едім.
Ілекең қасыма отырып, арқамнан қағып-қағып жіберді.
– Әттең-ай, кітабыңды маған бергеніңде... Жарайды, ол өкініш емес. Өкініш енді сенің алдыңнан үнемі тосар қызғаныш пен күншілдіктің кедергілерінің көп болмағында. Сенің бар кінәң... кемшілігің – ұлы кітабыңды, ғұмырлық кітабыңды тым ертерек, жас кезіңде жазып қойғаның. Ағаларың да, әсіресе тұстастарың да сенің енді иығыңнан тұқыртып баса беретін болады. Софыжан, көңіліңе келмесін, саған енді ешқашанда мемлекеттік сыйлықты бұл қоғам бермейді. Бергізбейді.
* * *
Мені тізімге қалай енгізбегенін естігенде Шәкем еңіреп қоя берді. Біраздан соң өксігін басып, қасыма отырып, иығымнан құшақтады.
– Жауың да, жауызың да көп қой, Софыяным! Өткенде бірінші кітабыңды сызғызбасаң, алатын едің-ау. Мен ғой... Мен кінәлі соған.
– Келісім берген өзім. Сенің түк кінәң жоқ.
– Ғабең осындай опасыздыққа барса... барған қандай екі жүзді адам еді? Двуликий Янус болғаны ғой. Дүниеде тазалықтың қалмағаны ма? Әділеттің өлгені ме шынымен? Бұларға енді не істеуге болады. Арамдық қандай күшті еді... Құртты ғой амалымызды. Құртты-ау! – деп қайта өкси беріп, қалт тыйылды.
– Жоқ! Сен мүжілме де мұңайма! Халқыңның алғыс, құрметінен артық атақ жоқ. Ерегіскенде қаламыңды қайрап, еркін көсіл! Түбінде сен жеңесің, Софыяным! Жеңесің!
Жүгім ауыр арқамдағы
Еңсем төмен бүгілген.
Үмітті алға тартам-дағы,
Өзің бар да түңілмен
Артып өтем сеніміңді,
Арым менен намысқа.
Асқақтатып көңілімді,
Сала бер көп жарысқа.
Жеңілсем де жеңілмеймін,
Арқа сүйеп халқыма.
Қақ бөлініп сөгілмеймін,
Бүтінімнен жартыға.
Достарыңызбен бөлісу: |