Софы Сматаев шахминам – МӘҢгілік махаббатым менің Аса қымбатты Шамшия келінім!


Он екінші тарау. Шәкем де, мен де ауырдық



бет29/35
Дата14.07.2022
өлшемі302,94 Kb.
#37662
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   35
Он екінші тарау. Шәкем де, мен де ауырдық

Ал осы Шахминамнан айрылып қала жаздап, ботадай боздағаным есіме түсіп отыр.


1998 жылдың күзінде Шәкемнің ішқұрылысын тексеруге Совминнің емханасы қалалық диагностикалық орталыққа жіберген екен. Орталықтың директоры – Марат Еламанов менің жақын жездем еді. Тексерістің нәтижесінде жұбайымның шегінде шоғырланған қатерлі-ісік (обыр, рак) бар екені белгілі болыпты. Әлгіні естіген Марат Шәкеме емтеңені сездіртпей, дереу маған телефон соқпай ма. Төбемнен жай түскендей есеңгіреп те қалдым. Ол кезде рак дегенді есіктен ентелей еніп келе жатқан ажал-тажалдай көруші едік қой. «Не істеу керек?» Осы бір сұрақ миыма темір істігін қадап, шаншылды да алды. Телефонмен күн құрғатпай хабарласатын Жезқазған облысын өткен жылы қайтадан Қарағандыға қосып жіберген. Орыс боп кеткен Қарағандыға қайта-қайта телефон шалып әкімі түгіл орынбасарымен де сөйлесе алмай, тауым шағылды да қалды.
Шәкемді Совминнің ауруханасына жатқызып, отаны кім жасағаны дұрыс деп сұрауым-ақ екен бәрі: «Құлыбеков Еділман ғана жасар еді. Ол бірақ бізден кетіп қалған» деп шуылдап қоя берді. Әлгі құдайдай болған хирургтың осал жері-ішімдікке тым әуестігі екен. Сол кінәсі – оны жұмыстан да қуып жіберткен. Сұрап білсем, Кегендегі әпкесіне кетіпті. Шоферім екеуіміз Кегенге тартып кеттік. Ізін сипап қалдық. Екі күн бұрын төменгі жаққа жаяу шығып кеткенін естідік те, Алматыға оралдық.
Шәкемнің палатасында қасында отырмын.
– Сен неменеге жүдеп барасың? Еркек басыңмен езіле бермесейші, – деп Шахминам басымды сипады.
– Сенің операцияң жақсы өтсе екен... – деп күмілжи күрсініп, бетімді кеудесіне жасырдым.
– Жақсы өтеді, уайымдама, – деп сәл сөзін үзді. – Балаларға, немерелеріңе бас-көз бол.
«Мен кетсем де сен қаласың ғой» дегенін сезіп, енді еңірей жөнелдім.
Шәкем екі қолымен басымды қаусыра ұстап екі бетімнен кезек-кезек сүйді.
– Еңкейме, еңіреме, еркексің ғой, – деп шығарып салды.
Ертеңінде хирургия бөлімінен Әшім інім телефон соқты.
– Тез жетіңіз, Құлыбаев осында!
Құштай ұштым. Поликлиника жақтан жоғары көтеріліп, ауланы кесіп өтіп бара жатқам, ескі корпустың алдындағы террасадан: «Әй, Сматаев!» деген дауысты естісем де, бұрылмай кете бердім. Әлгі дауыс енді «Әй, Елім-ай!» деп ышқынғандай болды. Нұрғиса аға Тілендиев екен. Қолымды бұлғай-бұлғай корпуске еніп кеттім.
Еділман інім сәл бусаныңқырап отыр екен. Ертіп шығып, үйіме алып келдім. Екі күн, екі түн ет пен сорпаны алдынан үзбей, ес жиғызып, үшінші күні таңертең хирургия бөліміне алып келдім.
Еділманым кәдімгідей ширап, хирургиялық киімдеріп киіп, маған қутыңдап:
– Жеңгейді тік тұрғызып, қолыңызға құс қылып қондырам, – деді әзіл-шыны аралас.
Ота сәтті өтіп, қалжыраған Еділман інім дәрігерлер бөлмесінде орындыққа сылқ етіп отырды.
– Аға, операция жақсы өтті. Ну, білесіз. Организм боролся. Тесікті бітеген. И образовался доброкачественный большущий ком. Шектің екі жағынан отыз сантиметрдей кестік. Комды алып тастадық. Шекті қайта жалғадық.
Бір жұмадан кейін Шәкемді үйге шығарып, туысқандар бас қосып, кішігірім той жасадық.
Арманым жоқ. Аяулым құшағыма еніп, күнім қызарып атып, күреңітіп батып, төрт құбыламды толтырды да қойды.
Ал мені аурухана ауласында «Елім-айлап» шақырған Нұрғиса ағам он күннен кейін пәниінен бақиына аттанып кете барыпты.

...Ал, Нұрағам...


Кеше ғана тірі адам.
«Елім-айлап» тоқтауымды сұраған.
Сол күндерде жылжып кете барыпты-ау,
Бұл пәниден бақиына ірі адам.

Жатқан сайын палатамда емделіп,


Қиялға еріп кетем мүлде сенделіп:
«Неге сонда бұрылмадым ағаға,
Құлдыратты-ау, құрығында пенделік!

Белгілі ғой өкпелетіп алғаным,


Білемін ғой өкпеде шоқ жанғанын.
Тыпырлатып қойған мәнсіз тірліктің
Қашан ғана түсінеміз жалғанын?!»

Мүмкін сонда өкініште сөнді дем.


Сағынып жүр құстар үнін ән кілең.
...Қондыратын айдынына көңілдің,
Аққуымды таба алам ба енді мен?..

* * *
«Не бітірдім? Не тындырдым? Не бердім?» – дейтін қанжар сұрақтар қартая бастағаныңда көкейіңді тесіп, көмейіңнен ақтарылып, төгіле береді. Дөңбекшіткен төсегіңде жатып-ақ таусылып бара жатқан төңірегіңнің үрейлі үнсіздігінен шорши шошып, қимас серігіңе айналған қаламыңа жармасасың. Айтарың бар-ау. Ауырған жаныңның ыңқыл-сыңқылды зар-запыранын қотарасың-ау. Бірақ соныңды зер салып тыңдар құлақ, қабылдар көңіл таба алармысың?


«Бар тыңдайтындарың, көңіл қоярларыңыз да біраз» деп әлдебір зәндемі тіл құлағыма сыбырлап кетеді.
2001 жылдың жазында Алматы-Бішкек күре жолының бойында қазақ-жоңғар шайқастарының қаһармандарына орнатылған ескерткіштің ашылуына қатысқам. Бір топ жазушылардың ортасынан мені көріп қалып, бөлектеп қасына шақырып алып Нұрсұлтан Әбішұлы алпыс жасыммен құттықтап: «Елім-айды» жазған, Сәке, сіз биыл «Халық қаһарманын» аласыз» деп аңыратып уәде берген. Сол жылы қалайы медаль да бұйырған жоқ.
2011 жылдың 19-қаңтарында ауруханада жатқан жерімнен шақыртып алып: «Сіздің 17 том жинағыңызды бас жағыма қойып қойғам. Шаршаған кезде кез келген томыңызды ашып, бір сергіп қалам. Сәке, «Халық қаһарманы» жазушыларға берілмейді екен. Сіз биыл Еңбек ерінің медалін кеудеңізге тағасыз» деп тағы уәдесіне мінгізіп жіберген-ді Назарбаев. Жылдың аяғында қалайы медаль да төсіме тағылмады.
Содан 1916 жылдың 22-маусымы да өтіп 75-ке толғамын. Тамыздың 14 күні Нұрекеңнің арнаулы жұмсауымен «НұрОтан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед келіп, менің Еңбек Ері аталатынымды айтып кеткен еді. Сол жылы да жай медаль де маңайыма маңайла,спады.
Нұрекең кетіп, Қасекең орнына жайғасты. Жылжып жортып сексен жылым да жетті. Дәл 22-маусым 2021 жылы туған күнімде Президент аппарат әкімшілігінен Ерлан Қошанов телефон соқты. «Мен Тоқаев мырзаның сәлемдемесін сізге жеткізбекпін. Сіз Еңбек Еріне лайықсыз» деген. Рахмет айтқаннан басқа не дейін. Бұл жолы да мерекелік медаль де ұстатқан жоқ.
Осы екі «мықтының» қайта-қайта мені алдап ойнайтын уәделерді неге беретінін түсінбей-ақ қойдым. Жалпылдап сөз бергіш президенттерден, өзгелерді білмеймін, өз басым әбден түңіліп бітті. Олар мейірімін мерездікпен, қайырымын қатыгездікпен алмастырып алғанын түсінбей ме, түсінсе де түбіне бойлап үңілмейме, ар-ұятына мүлде жүгінбейді-ау.
Соған қарағанда болымсыздың ең жаманы – тазаның азғаны, елдік адал көңілдің тозғаны-ау деп түршігіп, қаламымды қолымнан тағы бір сусытып жібердім.
Шәкем баяғы байсалды қалпын өзгертпей өзегінде өрт лапылдап жатқанын маған сіздіртпейін дейме, күлімсіреген болады.
– Колбинмен жалғыз айқасқаныңды көрген Елбасы сенен жасқана ма деп ойлаймын. Сондықтан жақсы көрінгісі келеді. Жазған-сызғаныңды шынымен ұнатуы да мүмкін. Бірақ топалаң тиген төңірегінен аса алмайтын шығар.
Кешегі Абай, Мағжандар да сол жылтырақтарсыз-ақ көш бастаған, бекер қобалжи берме.
Бұл сөздер естілмес еді,
Кеудемді қыжыл бумаса.
Бәрібір өкпем ескірмес еді,
Бұғаулы еркім туласа.

Кетеді әлі-ақ тақтағыларым,


Батады түн боп таңдары.
Келеді күнім жағып қылаңын,
Жарқырап туып жанғалы.

* * *
Сан күйзелдім. Сан күрсіндім, сан күлдім…


Өлімін бе, тірімін бе
– Мен кіммін?
Көз алдымнан көше берді дүние
Естігенде жаман атын дертімнің.

Жарық Күнді қара түнек жұта ма,


Ажал – шеңгел тырп еткізбей тұта ма?
Шырылдаған бозторғай боп жүрегім
Аман қалар тығылса қай бұтаға?

Қылтамақ!…


Қандай суық, қандай қорқынышты, кеудеге үрей сызын үскіріктен бетер айдап енетін сөз! Қылтамақ! Әлгінде ғана аспанымнан ып-ыстық шуағын төгіп Күнім күлімдеп тұр еді. Табанымның астына гүлі мен түгінен кілемін төсеп Жер-анам көтеріп жүр еді. Бір-ақ сәтте бәрінен айрылам ба?


Жанды бүрді-ау «Ажал!» атты азалы үн.


Шаншып миға ойды үркітер азабын.
Мен халқымнан жыртылам ба бөлініп,
Ауырар ма қаны тамған қазағым?..

Үрей билеген бойдан ой қаша ма? Әлде қорқыныш дірілдеткен бойды аласұрған ой баса ма – түсініксіз халдің тұңғиық тұманына оранып, емханадан сыртқа атып шыққанымды білемін. Шалқалап көк аспанға көз тіккенім есімде. Қонылтақсыған көңілмен көк Тәңірісін іздедім бе екен? Әлде аяқ астынан ғұмырымның қыл ішегін үзіп жібермек болғанына налыған өкпе-өкінішімді айтпақшы болдым ба? Әлде шыбын жанымды шырылдатып мұрнымнан сығып алмай, кеудемнің қуысында біраз-біраз сақтай көр деп жалбарындым ба? Білмеймін. Көк аспанның көз суырар биіктігі, жаз күнінің жанды иітер жайсаңдығы бұрын-соңды кездеспегендей әсемдігімен, әсерлілігімен жүрегімді солқ еткізді де, көзімнен екі түйір сараң еркек жасын ыршытып жіберді.


Әуелетіп ән салмасам мен енді,
Өр мен төрге шығармасам төбемді,
Аурухана төсегіне таңам ба,
Ісік шалып, отқа оранған денемді?

Машинадан түсіп, шоферды қайтарып жіберіп жаяу ілбіп келем. Дүние бөлек, мен бөлек. Өмірдің қызу, қырғын дүрмегінен әп-сәтте ажырап, айрылып қалғандаймын.


Өмір, ғұмыр! Қандай қымбат едің сен! Сенің өлшеусіз бағаңды, сенің ғаламат құдірет екеніңді іп-ілезде… іп-ілезде сезе қойғанымды кімге ұғындырып жеткізермін. Көзді ашып-жұмғанша қиқулап жетіп, аш өзегімнің қыл өңешін қылқындыра бүрген ажал шеңгелінен құтыла алармын ба? Дүниеде ажал барын мүлде сезбейтін мен сияқты арқасын қазағының құшағына тіреген, көңілін Алашының қошеметімен күлдірген шығармашылық иесіне тіршіліктің шеті, шегі болмастай ұзақ… тым ұзақ болып көрінбеуші ме еді. Енді неге тез қайрылмақшы? Енді неге жып-жылдам, оп-оңай үзілмекші?…
Қап-қара бұлт торлады ма Күнімді?
Суық ызғар солдырар ма гүлімді? Мен
жырымды еліме айтып бітпем ем.
Қайтіп шертем оған енді мұңымды?
Не тындырдым, не бітірдім, не бердім?
Шыға алдым ба көңілінен мен Елдің?
Қайтіп енді толтыра алам олқымды,
Ертеңіммен аяқталса келер күн.

Ілбіп келем. Әлем бөлек, мен бөлек. Кенет…


«Аталаған!» қос бірдей дауыс жамыраған ойымды да, тәлтіректеген бойымды да селк еткізіп, сілкіп-сілкіп жіберді.
«Аталап!» құлдыраңдай жүгіріп алдымнан шыққан немерелерім - Жан мен Марғұлан екен!…
Бар екем өмірде. Бірге екенмін дүниемен. Әлемнен әлі кіндігім үзіле қоймапты. Жалғастырған, байланыстырып тұрған мынау өзім боп, көзім боп, ізім боп шұрқыраған немерелерім екен.
Жан мен Марғұланның еркелеп естілген дауыстары енді маған өзімнің үзілмес, өлмес, өшпес үнімдей болып жетті. Мен өлмейді екем. Өле алмайды екем. Мен ұл-қызымда, ұрпақтарымда тірі қалады екем.
Жаңаруын қайталай алар болса, бітпейтін іс болмайтынын, ел есінде жаңғыруын орындай алар болса, өлмейтін адам болмайтынын ұқтым ба, екі немеремді құшағыма қысып кеп алдым.

Өңешімнен білдірмей дәм өтпесін


Езуімнен күлкі табы кетпесін.
Әлсіз кеудем іштен толқын ытқытып,
Бір саңқ етіп тіліп түссін көк төсін!

Сергідім. Серпілдім. Бір туғаныңды рас десең, бір өлерің хақ. Бірақ сол шіркін ертерек емес, өз мезгілінде жетсін. Тұяқ серппей, мойын сұну – маған жат.


Ендеше жабылғалы тұрған өмір қақпасын қос қолдап кері итеріп, сарт еткізбеуге барынша тырысамын. Уәдем де, сертім де осы.
Уайым – ер қорғаны десек те, үмітті – ер қанжары етіп қарсы қоямын.
Сөйтем. Ажалдан қорқа-қорқа тажалмен тез табысудан өтер ақымақтық жоқ.
Жоғалады жанды илеген азабым.
Өз ағзамды өзім емдеп, жазамын.
Жеңе алмайды еш құдірет рухымды,
Жеңе алмайды кең Даланың казағын!

Нартәуекел! Бәр-бәріне дайынмын.


Уай, жұбайым! Сілкші бұлтын уайымның.
Пышағына түсем де, аман шығамын.
Жақсарарын тіле Хақтан жайымның.

Шәкем-ай, жұбайым-ай, жалғызым-ай, жан серігім-ай! Сенің маған көрсетпей еңірегеніңді, балаларыңа білдірмей егілгеніңді қалай ұмытайын. Шыбын жан кеудеде тұрғанда, шырылдаған жүрек үні жүрек үнімен қосыла жамырай жылап қоя береді екен-ай!


Бірақ мен бекіндім. «Ештеңеден үрейленбеңдер!» –деп ауруханаға жаттым. Сол отаны ертең жасар деген күні туған құдамның қарындасы күйеуімен Германиядан келе қалғаны ғой. Алыстан аңсап жеткен туыстарға жайылған дастарханға көңілімді көтермекке тырысқан құда-құдағиым мені шақырмай ма. Әрине олар мен келе қояр деп ойламаса керек, есіктен кіріп барғанымда... Шәкем де, басқалары да әрі таңданып, әрі қуанып, әрі үрпиісіп қалғанын неге сезбейін.
Төрде отырып алып, Шахминама қосылып бірде ән салып, бірде әзіл-қалжың айтып, отырыстың өң-шырайын кіргізіп-ақ жібергенімді білемін.
Жалғыз-ақ күндік ғұмырым қалар болса, жан жарымның қасында оны неге күлімдеп өткізбеймін деген тілекпен елтіп кетсем керек...
Түннің бір уағында палатама келсем, кезекші дәрігер де, кезекшінің шақыртуымен түн қатып жеткен бөлім меңгерушісі Нұртас Қазыбаев та мені екі көздері төрт болып алаңдап күтіп отыр екен. Оларды да әзіл-қалжыңмен сабасына түсіргенім бар.
Әрине белгісіздікке алаңдамайтын, үрейлі түйсікке елеңдемейтін жан иесі болуы мүмкін де емес. Мынау шуағы мен дауылы, жеңілі мен ауыры мол жарық дүниеден қас пен көздің арасында жоқ болып кетеріңді сезсең... тамағынан күн көрінетін хор қыздарының қоршауына алар бақиыңнан жан жарың Шахминаңның қасында төрдегі төрелердің төбеңнен төмпештейтін пенделік тіршілігін қимайсың...
Ота жасалды. Әупірімдеп наркоздан оянып, көзімді ашқанымды білем. Қасымда отырған біреудің (сірә, Нұртас болар):
– Аға, енді өлмейсіз! – деп басымды құшақтай алғанын білемін. «Неге өлейін. Өлмеймін енді!» деген бір түйсікке іштей саусақ іліктірдім.
Оң жағымда да, сол жағымда да құрулы ақ жайма. Оң жағымдағы адам тынымсыз айқайлап ыңылдауда. Сол жағым үнсіз.
– Мы-ына-ау кім? – деппін оң жаққа көз тастап.
– О-о, оның аппендикісін алып тастағанбыз. Ал мынау сол жақтағы келіншектің төсіне операция жасағанбыз.
– Оң жақтағыны шығарып тастаңдар да, мына сол жақтағы жайманы ашып қойыңдар, – деппін.
Тоқан да, Нұртас та, басқалар да мәз болып күліп, дуылдасып жатыр.
– Енді өлмейтіңіз хақ, – деп Тоқан қолымды қысты.
Екі күннен кейін мені палатама шығарды. Қасыма раскладушка қойып, Шәкем жайғасты. Шахминам бар да дүнием жанып, жайнап кететінін бұрыннан білсем де, дәл сол жолы соның анықтығына көзім әбден жетті. Бет-аузымды сулы шүберекпен шайып, сүрткені, маңдайымдағы терді жұмсақ орамалмен деміл-деміл аялай сипап кептіргені, кеберсіген ерніме қасықпен су тамызғаны, құдай-ау, қайсыбірін айта берейін, жанымның рахатын енгізіп, көңілімнің көкжиегіне күн орнатып қойғандай сезілетін. Қай кезде ұйықтап, қай кезде дем алатынын да білмеймін. Қашан көз ашсам, қасымнан бір елі алшақтамай бәйек боп жүргені.
Тоғыз күннен кейін үйімізге оралдық.
Шәкемнің енді мені аман-сау сақтап қалмақшы болған арпалысы басталды. Ота жақсы өтті дегенмен, өңешімді тік ішекке жалғастыра салған менің жағдайым шынымен де мүшкіл еді. Асқазанымды алып тастаған маған режимді қатаң сақтап, тек қана қоймалжың ас пен сұйық сусынмен қоректенуім қажет. Қатты тамақ жеп қойсам, ота жасап тігілген тұсы сөгіліп кету қаупі мол.
Шахминам мені ұйқтатып тастап түнгі 2-ге 3-ке дейін отырып медициналық энциклопедияға шұқшиып өзіне керектілерін көшіреді де отырады екен. Одан қалса, кулинария кітабын ақтарып, маған қолайлы тағамдардың ас мәзірін тізеді екен.
Осынау түртінектеуі бір-екі айға созылып, маған қажет болатын ем-домды да ретке келтіріп, ас мәзірін тыянақтап алған ғой.
Ота жасалмай тұрғанда тоқсан бес кило тартатын мен алпыс тоғызға түсіп, кей адам танымай қалатын күйге енгем. Содан ба, бір стакан көлеміндей сиятын жасанды асқазаныма тамақсаулық жасап, артық ішіп қойып, өңешім бітеліп, өкпеме ауа бармай, сүп-сүр боп талықсып, кетіп бара жатқанымды көріп Шәкем: «Манас! Манас!» деп айқай салады. Манас ұшып жетіп келіп, екі қолтығымның астынан қолдарын сұғып жіберіп, тік тұрғыза сілкілейді, сілкілейді кеп. Өңешімдегі ас төмен түсіп, өкпеге жол ашылып, мен ауа жұтып жан шақыратын едім. Талай рет о дүниеге аттанып кете жаздағанымды көрген Шәкем мен Манас мен ауқаттанып отырғанда қолым мен аузымды аңдып, қасымнан бір елі ұзамайтын.
Алғашқы алты айда өтім аузыма шапшып, екі езуімді күйдіріп, есімнен әбден тандырды. Шәкем екеуміздің осы өт шабуылынан қалай құтыламыз деп кірмеген есігіміз қалмады. Жебірей, орыс дәрігерлері Израйль, Ресейге кетіп, өңкей қазақ мықтыларының көмек-кеңесіне тап болдық. Бірі қызылмай ішіңіз деп, бірі өзгеше дәрі-дәрмек беріп, үш, бес мың теңгемізді қағып алып, шығарып салатын. Ол дәрі-дәрмектердің еш жәрдемі болмады. Содан мен Мәскеудегі елшіміз Алтынбек Сәрсенбаевқа өңешімді өртеген өтім туралы айтып, Кремлевка ауруханасына жеті, он күн жатуыма ықпал жаса деп телефон шалдым. Бір жұманың мөлшерінде Алтынбек телефон соқты: «Аурухананың қажеті жоқ. Бір еврей шал профессор: Ежелгі бабалар дәстүрімен кисель жұта берсін. Ол өтті жұмарлап, қуысына қуып тығады дейді. Сіз, Сәке, кисель ішіп көріңіз» дегені. Құдай сәтін салып, әлгі кисель менің жанымды аман алып қалғаны ғой. Алты айға дейін түнімен ұйқы көрмей теңселіп жүретін менің қасымда қоса тербелетін Шәкем екеуміздің төсекке жамбасымыз тиіп, кірпігіміз кәдімгідей ілінетін болды.
Міне содан бері жиырма жылда үйде де, ауруханада да бас жағымдағы тумбочкадан кисель кетпейтін болды.
Алғашқы бір-екі жылда туысқандар мен әріптестерімнің той-томалағына барғанымда, Шәкем жарты литрлік құтыға кисель құйып алып, үш-төрт кесек сухарь нанды пакетке салып алатын. Елдің бәрі той дастарқанындағы тағамдарға бас қойғанда. Шахминам маған кисель құйып беріп, алдыма бір кесек сухарь қойып әлдебір көз қызықтырар тағамға қол созбауымды қатты қадағалап отыратын да тойдан мен аш қайтатынмын.
Бірақ сол сәттерде екеумізден мәз, екеумізден бақытты жан кездесер деп ойламайтынбыз. Өйткені мен Шәкем бар да осы қалт-құлт еткен күйімнен бірте-бірте оңалып келе жатқанымды байқап, шексіз қуанышқа бөленсем, Шәкем менің өз қасында қарайып жүргеніме шүкіршілік етіп, Тәңіріне таңдайы тақылдап алғыс, рахметін жаудырып жатынын сезем.
Жазу-сызудан тартыншақтап жүргенімде байқаған Шәкем бір күні бір қолжазбамды төсегімнің үстіне әкеліп қоя салды.
– Босқа жата бермей, мына қолжазбаңды бір шолып шықшы. Босқа үстеліңде қамай бермей, жиған-тергенгенімізбен, балаларыңның көмегімен өзіміз бастырып алайық та, – деп бетіме дәмелене қарады.
Шәкеме бас изеп келісіп, қолжазбаны ақтара бастадым. Бұл – «Біз – құлмыз ба, кімбіз?» деген ағымдағы адамдар арасындағы қарым-қатынастың, зұлымдық пен игіліктің айқасын, адалдық пен сатқындықтың тайталасын көрсететін аса құнды туындым еді-ау. Осы роман тура он бес жыл бойы Шәкем айтқандай үстелімдегі абақтыда қамаулы жатқан.
Өйткені, «Жұлдыз» бен «Жалын» журналының редакторлары, «Жазушы» мен «Жалын» баспалары директорлары «кеңестік тұрмысымызды жамандады. Колпартияны қолжаулық етті» деп ат-тондарын ала қашып, құбыжық көргендей итеріп тастап келген-ді.
Сонымен романды 2005 жылы өз қаражатымызбен аз тиражбен шығарғам. Жылдың қортындысында тағы да «жылдың ең үздік кітабы» аталған соң 2006 жылы Мемсыйлыкқа ұсынған едім.
Ендігі сөзді Тұманбай Молдағалиевқа берейін: «Мемсыйлықтың 25 адамнан құралған комиссиясы жинала қалдық. Конкурске түскен он тоғыз кітаптың төрт-бесеуін ғана тізімге кіргізуіміз керек. Үйіліп жаткан кітаптардың арасынан сенің романың көзіме оттай басылғаны. Орнымнан қалай тұрып кеткенімді байқағам да жоқ. Сөйлеп кеттім: «Жолдастар, Софы Сматаевтың қандай жазушы екенін бәрің білесіндер. Өткенде де оның «Елім-айының» үш кітабын да елеусіз қалдырдық. Бүгін мына үздік аталған романы алдарыңа келіп тұр. Лауреат атанар-атанбас, ал бүгін осы кітапты сызбай, тізімге жіберейік» деп едім, отырғандар «дұрыс!» «Софыға әбден обал болды» «Келістік!» деп шулап қоя берді.
Дауыс жасырын беріледі. Әрқайсымыз он тоғыз автордың фамилиясына шұқшиып, әр тұста шоқиып отырмыз. Осы кезде бір оқыс оқиға болды. Ақселеу Сейдінбеков парақтағы сенің бір ғана фамилиянды қара фломастермен баттита сызып, урнага тастай салды.
Сайлауымыз аяқталып, тексеруге кірісіп кеттік қой. Әй, Софыжан, күншілдеріңнің құдайдан безгенін сонда көрдім-ау. Әлгі жиырма бестің жиырма төрті сені сызып тастапты. Жаман кейідім: «Әу шіркіндер. Әлгінде сызбаймыз, обал болмасын деп, келіскеніміз қайда?» дегеніме кұлақ асқан біреуін де көрген жоқпын».
2010 жылдың желтоқсанның 15-де Қадір Мырзалиев екеуіміз бір күнде Совминның ауруханасының 2-терапиясына түстік. Менің оқшау диетама байланысты күніне бір литр сок пен бір графин кисель столымнан үзілмейді. «Шөлдеп кеттім! » деп Кадекең соктан, не кисельден келіп ішіп кететін.
Бірде ағам: «Софыжан саған бір сұмдық айтайын ба, сенің «Біз – құлмыз ба кімбіз?» романыңды жасырын дауыс берудің орнына Ақселеу бізге көрсете баттитып сызып тастап еді. Саған соны біле жүрсін деп, ескертіп айтып отырмын. Сонда Тұманбай: «Софыны сызудан жалықпайсыңдар, бүгін аман-сау өткізейік» деген-ді. Ал қорытысында үш-ақ адам сені сызбаппыз ғой» деп бетін бұра берді. Бетіне бетімді аудармай қарап отырып бас шайқадым:
«Қадеке, мұны маған несіне айтып отырсыз? Мені сіздің де сызып тастағаныңызды білемін ғой» дегенімде өңі бұзылып кеткен Қадір ағам орнынан лып етіп тұрып, палатамнан ата жөнелген. Содан бір айға жетер-жетпесте көз жұмды ғой. Қатты айтып өкпелетіп алмадым ба деп кейде өкінетінім бар.
Кейінгі жылдардың тағы да үздіктері аталған «Мен тірімін», «Ағаларым – жағаларым», «Мұңлы ойлар», «Ботасымын боздаған боздаламның», «Сөз қадірі өз қадірім» атты бес кітабымды да Мемлекеттік сыйлыққа ұсынатындардың тізіміне де жолатпастан «достарым» алғашқы отырыста жолдарын қиып тастады да отырды.
Әр кітабым кұлаған сайын маған сездірмей жылаған жап-жарымның кеудесін кернеген шеріне мені құлатқандардың ары бар болса кеңірдектеп тұншығар еді. Бірақ олардың ар-ұяты баяғыда өлгенін білемін де, күрсініп қойып жүре беремін.
Жүрегің талай бұлқынды,
Шығармай бүркеп мұң әнін.
Сағынып сонда күлкіңді
Ішімнен тынып тұрамын.

Бәрібір үзбей үмітті,


Сүйрейсің мені тағы да.
Көгімнен сілкіп бұлтты,
Мендік боп тудың бағыма.

Қасыңда-ақ жүріп сағынам,


Сағымға сіңіп кеткендей.
Өтер ем саған салып ән,
Өзім боп кетсең тап мендей.

* * *
Кейбір кісіге кіржие қалар іштей айықпас кикілжіңім барын сеземін. Бірақ адамға деген ақкөңіл аңқылдақ пейілден ауытқып кетпесіме кәміл сенемін. Ал кекірттігін көлденеңдетіп, сенің бар-жоғыңды елемейтіндей тәкаппарлықты маңдайына талақтай етіп жабыстырып алған өркөкірек кейбіреуді анадайдан айналып өтемін. Әлгілердің әлдебір құдырет иесі болғанын да, алдарына сүмірейіп барып, сұрана қарасаң, тілегіңнің баз-базда орындалатынына көзім жетіп тұрса да, сондайлардың маңайына маңайлатпас бір тежегішім қашқақтата берумен келеді. Жолымның бола бермеуі мүмкін осынау мінезімнің талғампаздығынан шығар. Мүмкін менің әлгілерге килігуім мен илігуімнің мүлде жоқтығынан шығар. Әйтеуір аңсағанымды алқынбай ала қояйын деп арсыздық танытпағаныма Тәңірім куә.


Ұзақ жылдар бойы оның мені жатындай көріп жаратпас, ал мені оған жадыратып қаратпас бір адамым болды. Ол – Әбдіжәміл Нұрпейісов еді. Содан ба тура отыз бес жыл бір-бірімізге деген іштегі әлдебір қыжылды сұп-суық көзқарастарымызбен атып жеткізуден шаршамап та едік. Бірақ... Өмірдің өзгертпейтін өзегі, тірліктің түземейтін қисығы болмайтынын ежіктесек, әлгі суық қарастардың жылынған жүздердің шуағында еріп кеткенін байқамай қалыппыз.
Соңғы он сегіз жылдың мөлшерінде Әбең екеуміз кесел меңдеген ағзамыздың «арқасында» аурухананы екінші үйімізге айналдырып алғандай халге тап болғанбыз.
Алғашқы төрт-бес жылда бөлімшеміздің дәлізінде, асханада кездесіп қалғанымызда, бас изесіп амандасу түгілі, бірімізден біріміз құбыжық табатындай тезірек теріс айналып кетуге тырысатынбыз. Әйтсе де, келісіп алғандай үш айда бір жатып шығатын палаталарымыздың көршілігі ақыры екеумізді жұғыстырып та, табыстырып та жіберген еді. Әлде ол Әбенің ініге деген ағалық мейірімінің алдымен ақтарылуынан көз ашты ма, әлде ағаның жадыраған жүзінің жылуына мерейленген інінің ілтипатымен сабақтасты ма– екеуара түсінісу әлдебір ішкі түйсіктермен үнсіз қалыптасқан-ды. Сөйтіп, ол аға болып, мені іні болып табыстық.
Енді Әбекеңнің ойда жоқта ашылған сырын күнделігімнің беттерінен оқылық. «Бүгін жұбайым Шамшия үйден бір табақ ет пісіріп әкеліп, осы 2-терапия бөлімшесінің тоғызыншы палатасында Әбені қабылдадық. Аға ауруханаға алғаш түскендегісінен әлдекайда тың. Әнеукүндері палатасынан көп шыға қоймайтын. Бүгін көңілді отырды. «Арқаның жылқысының еті сондай дәмді болады!» деп тәрелкесіндегі жамбастан кертіп жеп қояды. Әбе ырза болса, әрине келіні де ырза. Соны байқаған сезімтал қаламгер бір кезде жұбайыма күлімсіреген жүзін бұрды.
– Келінжан, ниетіңе Алаа разы болсын. Ағалық парызым ба, әлде әлденеге босаған көңілім бе – бүгін сендерге бір ашылғым келіп отыр, – деп сәл бөгелді де, кеседегі шұбаттан бір ұрттады. – Мына Софы мырзаға біраз қырсығып, жолын қиып, кесірім тигенін айтайын саған.
1969 жылы күзде менің «Қан мен терімнің» үшінші кітабы Жазушылар одағында талқыланды. Одақтың сол кездегі кішкентай залының төрінде проза кеңесінің төрағасы Сәбит Мұқанов пен бір бала жігіт жайғасыпты. Талқылау өте қызу өтті. «Күйреу» атты романымды күйретуге тырысқандардың тұс-тұстан жаудырған сынау-мінеулерінің
астында қалдым. Маған сонда әлгі сайрағыштарды қайрап, айдап салып отырған анау төрдегі екеуі боп көрінгені ғой. Сәбеңе тісім онша өте қоймайтынын білем. Ал анаған... протокол жазып отырған көзілдірікті сары жігітке деген қыжылым өңешімді өртеп бара жатқанын ұмытпастай болғам. Сматаев деген фамилиясын қасымдағылардан сұрап алып, көкірегіме өшпестей етіп жазғанмын. Содан сенің атың шыға бастады.
Иса пайғамбардың «тайные вечеря» тәрізді бізде де бір жиын болған. Сонда Ғабит Мүсірепов «Анау Сматаев деген «темір-терсек», «Елім-ай» деп, отызға жетпестен кесек роман жазған көрінеді. Осы арынды қаламының қарқынды қадамын қаңтармасақ, ол шіркін қырыққа толғанда бәрімізді құйрықтан тебеді. Сондықтан оны жөргегінде тұншықтырып, «Елімайын шығармайық,» – деген. «Жұлдызға» редактор болып барған Тахауи алдында жатқан сенің романыңның қолжазбасын ал кеп мақтасын. Ал мен ал кеп ызаланайын. Тахауиға «журналда жариялама!» деп құлағының құрыш етін жедім. Тахауи тоғыз-ақ айға шыдады. Ақыры екі нөмірінде шығарды. Жұрт сенің «Елім-айыңды» жер-көкке сиғызбай дүрілдетіп мақтай жөнелді. Менің қыжылым одан сайын үдеді. Өйткені сенің Сәбит, Ғабит, Әди, Ілияс, Әнуар, Олжас сияқты біраз ағаларыңның қиянатын көп көргем-ді. Тақымыма уысым толар бір інісін жұмарлап езіп, сол ағаларыңнан кек қайтарсам дейтінмін. Сен сол болдың. «Елім-айыңды» кітап қып шығартпауға қатты ден қойып, Әбілмәжін, Шериаздан, Саттарға тапсырғам. Бірақ маған белгісіз бір жолды тауып кетіп, романыңды шығарып алдың. Ілесе екінші кітабы да жарық көрді. Қос кітабың «жылдың ең үздік кітаптары» болып, мемсыйлыққа ұсынылды. Сенің бес рет бәйгеге түскеніңді білем. Ал мен саған бес рет қарсылық жасағаным, төңірегімдегілерге қарсылық жасатқаным да рас. «Коней на переправе не меняют!» дегенім де есімде. «Халық жазушысы» атағына ұсынылғаныңды естігенде, фамилияңды ауыстыртуға әлдекімдерді араластырдым. Президенттің «Анкарадағы» қабылдауында болғанымызда, оның саған берген уәдесін қасында тұрып естігем. Көп кешікпей Астанаға ұшып барып, Әбішке кіргем. Ойымды Әбішке жеткізіп, енді екеуіміз Нұрекеннің алдына бардық.
– «Нұреке, осы «Халық әртісі», «Халық жазушысы» деген атақтардың күшін жойғызсаңыз қайтеді. Өйткені сол атақтарға тым көбейген құмартушылар Сізге арыз-өтінішін қардай жауғызып, Өзіңізге өкпе тағып, араз-құраздықты күшейтеді» – деген уәждерді үйіп-төге салдық, Президент те оп-оңай келісе кетті…
– Сөйтіп сен, Софыжан, тағы да сол атақтан біржолата қағылдың, – деп бетіме еш қамсыз-мұңсыз қалыппен сығалай қарады. Ізінше – Кей-кейде әртістерге обал жасадым-ау деп күрсінетінім бар, – деп, күрсінген болды.
Ал, келінжан, бұл ашылуым мынау бір асым етіңе көрсеткен ниетім емес. Мынау Софының азаматтығын, талант-дарынын анық танып, өзімнің ағаттығымды сезінген сырым мен шыным.
Ал, Софы, сен мені бұдан былай да «Аға!» деп інілігінді жалғастыра бересің бе, інілігіңнен баз кешесің бе, еркің білсін».
Не дейін. Жұбайым да, мен де тырс етіп ләм дей алмай үнсіз отырып қалып едік.
Шамшияның кірпігінде дірілдеген кос тамшы жаспен жер сілкінтпесе де, жан-дүниемді дүрк сілкінткен өксікке бергісіз күрсініс кеудемнен атылып шығып еді-ау.
26 қантар 2011 жыл».
Әбең палатасына кетіп, Шәкем екеуіміз қалдық. Әлдебір трактор не танктің астына түсіп шыққандай, екі жерде езіліп отырмыз.
Бір сәт Шахминам тұрып кеп, иығыма қол салды, Алақаны күйіп тұр екен.
– Жайшылық па, Шам?
– Айта алмадым-ау, – деп күрсінді. – Бетіңіздің қалыңдығы, ішіңіздің зәлімдігі жамбас ұстаған білегіңізден Софының қанын ағызып тұрғанын көресіз бе? – деп айтайын деп бір оқталсам да, дастарқан киесінен, дастарқан иесі сенен қалай аттап кетем деп шегіншектеп қалғанымды-ай! – деп өксіп-өксіп жіберді. Шәкемді әрең-әрең сабасына түсіріп, ыдыс-аяғын дорбасына салып, үйге қайтарып едім.
«Ағаттығымды сездім» деген ағаны, алды азая тіреліп, арты өкініші мол тірлігімен ұзарған Әбдіжәмілді өкпемнің өксік сызымен суарғанда не табармын. Ағат кеткенін адалдығы күйреткен өкінішімен шешілгеніне кешірімшіл жанымның інілік ізетімен бас изеуден аса алармын ба?




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   35




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет