Софы Сматаев шахминам – МӘҢгілік махаббатым менің Аса қымбатты Шамшия келінім!


Оныншы тарау. Желтоқсан мен Колбин



бет27/35
Дата14.07.2022
өлшемі302,94 Kb.
#37662
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   35
Байланысты:
Шахминам

Оныншы тарау. Желтоқсан мен Колбин

1984 жылы желтоқсан айында орысша жаза алады деп мені үшінші рет шақырып, «тағы да бас тартсаңыз, атақ, сыйлық алудан қағыласыз, кітабыңыздың жарық көруіне де қақпа жабылады» деген қоқаң-лоқысына шыдай алмай, Орталық Комитеттің Мәдениет бөліміне жұмысқа ауыстым.


Бұрынғы емін-еркін жүретін қаламгердің аяқ-қолына тұсау түсірген бұл қызметіме өзімнің ықыласым онша болмай, қиналып жүргенімді көрген Шәкем менен артық қынжыла күрсініп еді-ау.
– Шыда, шыда! Ер азаматтың басына түсер бір тауқымет шығар. Қолыңнан келгенше әділет деп айқасып өт. Өтесің! – деп сергітіп отыратын.
* * *
Мәдениет бөлімінде әдебиет сектор меңгерушімін. 1986 жылдың 17 желтоқсан күні жастардың алаңға жинала бастағанын байқап, шыдап отыра алмай, алаңға барып жастардың талап-тілектерімен таныстым. Олардың көтерген ұрандарымен келісетінімді де жасырған жоқпын. Қайтадан кабинетіме көтерілсем, бөлім бастығы Кәмал Смайылов шақыртыпты бәрімізді. Ол кісі бастықтардан тығыз тапсырма алғанын айтты. Тапсырмасы – алаңдағы жастарды фото-суретке, бейне-камераға түгелдей дерлік түсіріп алу керек. Тапсырманы орындау Мәдениет және Үгіт-насихат бөлімдеріне жүктеліпті.
Мен әдебиет секторын қадағалайтын Жазушылар одағында кинокамера да, фотокамера да жоқтығын айтып, өзімнің араласпайтынымды жеткіздім де шығып кеттім.
Дәлізде бөлім қызметкерлерін тосып алып: «Әлгі тапсырманың неге беріліп отырғанын сездіңдер ме? Алаңдағы жастарды бүгін таспаға тартады да, сол бейнелері арқылы соңдарына мықтап түседі. Суретке түсіру –жастардың мойнына қыл арқан салып беру. Ойланыңдар, жігіттер» – дедім.
Бірақ сол сәтте тапсырманы орындау дейтін бұйрықтан аттап кете алмаған әріптестерімді кінәлай да алмаймын.
17-желтоқсанда-ақ Орталық Комитеттің бюро мүшелері қақ жарылып, Мәскеуден келген «мықтылар» Колбиннің кабинетіне тығылып алса, бюроның қазақ мүшелері Закаш Камалиденовтың бөлмесіне жиналған-ды. Алғашқы күні олардың сағат төртте алаңдағы трибунаға көтеріліп, жастармен тіл табысудың орнына Назарбаев бастаған бюро мүшелері, қар түйіршіктерінің астында қалып, ғимаратқа қашып тығылғанын көргем.
Мен алаңға тағы екі рет бардым, тіпті үш-төртеуіне қолтаңба да бердім.
Сол күні радиодан әйел ақынның «Жастардың алаңға шығуына Олжас Сүлейменовтың қатысы бар» дегенді естіп, «Простор» журналының редакторы Геннадий Толмачевтан Олжасты тез тауып, Орталық Комиетке жіберуін өтіндім. Досы ғой, Толмачев Сүлейменовты тез арада бөлмеме алып келді.
Түрлі сылтау айтып, ақынды кешке дейін кабинетімде ұстап отырдым. Олжекеңді тез еліктегіш нәзік ақын ғой деп ойлайтынмын ол кезде, Жазушылар одағының алдына барған жастар: «Олжас аға, шығыңыз, Бастаңыз өзіңіз! Бізбен бірге болыңыз!» – деп айқайлап жатса... Дәл сол қимылын аңдып тұрған үш әріптің мыңтылары ақынды аямас еді деп ойлағам ғой.
Түн қараңғысын жамылып алаңдағы жастарға қарақұстай қаптаған солдаттардан қаршадай ұл-қыздарымызды қорғаймын деп жан даусым шыға шырылдағанымды ешкімнің басына бермесін.
18-желтоқсанда: «Жазушылар дүрлігіп жатқан көрінеді. Солар бірдеңе бүлдіріп жүрер, барып білші» – деген Смайыловтың жұмсауымен ертелетіп Жазушылар Одағына келсем, акт залының алды ығы-жығы. Қатқыл, қатаң дауыстар тұс-тұстан шығып жатыр. Екінші хатшы Әбіш Кекілбаев залда өтетін төтенше жиналысқа тек партия мүшелері ғана кіреді деп, өзге жазушыларды тоқтатып тұр екен. Жауапкершілікті мойныма алам деп, залға қаламгерлердің бәрін кіргіздім. Жиналысты өзім ашып, дүрілдеген, ереуілдеген жазушылардың алаңға баруына еш тиым салынбайтынын, қайта олардың жастарға ақыл-кеңес беріп, арандап қалмай аман-есен тарауын ұйымдастырулары қажет екенін айттым.
Жайшылықта шектеген сайын, қақпайлаған сайын ерегісе дүрлігісіп, дүбірлеп кететін жазушы қауымы өздеріне салмақ түскен бойда-ақ бірден сап тыйылып, жым-жырт бола қалды. Содан кейін олардың алаңға барғанын көргенім жоқ.
Жазушылар Одағынан келісімен «Камалиденов іздеп жатыр» дегенді естіп, кабинетіне келсем бюро мүшелері, үгіт-насихат бөлімінен Устинов, Дүйсеев, Ахметалиев, ал Мәдениет бөлімінен жалғыз мені өздері ұйымдастырған жұмысшы топқа кіргізген екен. Дүйсеев, Ахметалиев үшеуімізге «алаңдағы жастардың арасына барып, оларды райынан қайтаруға тырысыңдар» деп төменге жұмсады. Сыртқы есіктің алдында қасымдағы екеу жүресінді ме, тұрып қалды. Мен алаңға жалғыз кеттім. Қай жерден келгенімді байқап тұрған жастар тіксіне қарсы алса да, «Елім-айдың» авторы, жазушы екенімді естіп, маңайыма үйіріле бастады. Соны пайдаланып: «Естір құлақ, қабылдар көңіл болса, сендердің кешеден бергі әрекеттерің де, орынды талап-тілектерің де жеткілікті болды. Қарсыласам десеңдер, мынау қаптап келіп жатқан әскерилер мен әскери техника сендерді таптап кетуге дайын. Оның алғашқы ойран-асыр дүмпуін түнде ғана көрдіңдер ғой», – деп біраз ой салғандай болдым. Алайда әділет іздеген, ұлтының табанға тапталған намысын қан аққан қолдарымен төбелеріне тік көтеруге талпынған қайсар ұландар қасарысып, қаһарланып қала берді.
Жастардың алдына шығып, аталық, ағалық сөз айтып, алаңнан, қайтаратын мәдениет пен әдебиеттің көрнекті өкілдерін шақырдым.
Әрине келмей қалғандары да, келе салып қаптаған әскерилер мен мұздай қаруланған милиция жасағынан сескеніп, Серкебаев, Рахмадиев сияқтылардың қайтып кеткендері де болды.
Сағат кешкі бесте жұмысшы тобы Камалиденовтың кабинетіне жиналдық. Бұл жолы Дүйсеев пен Ахметалиев қатыспады. Кіреберісте Алматы қаласының бірінші хатшысы Меңдібаев: «Қазақтар қандай қатыгез, ә! Балабақшадағы орыс сәбилерді кепілге алып, орыстарға қоқан-лоқы жасап жатқан көрінеді». – деді. Лауазымды адамдар үндемеген соң мен бас шайқап: «Олай емес шығар. Қазақтар ешуақытта сәбилерді ренжітпейді. Сізге бұл хабарды кім айтты?» дедім.
– Әлгінде осында біреу телефон соғыпты.
– Онда неге рас өтірігін тексермейсіз?
– Қалай? Қайтіп? Город оголен. Милиция тегіс алаңда.
– Милиция болмаса аудандық партия һәм атқару комитеттері бар. Солармен неге хабарласпайсыз?
Меңдібаев телефон тұтқасына жармасты. Бірнеше минуттан соң ешкімнің ешқандай балабақшаны «жауламағаны анықталды».
Бәріміз Камалиденовтың кабинетіне ендік.
Зақаш Устинов екеумізге алаңдағы жастарға Қазақстан Жоғары Кеңесінің президиумы Орталық партия Комитеті және Министрлер Кеңесі аттарынан оқылатын үндеудің орысша һәм қазақша мәтінін жазыңдар деп тапсырды.
Екеулеп кірісіп кеттік.
Осы кезде Колбиндер кіріп келген-ді. Назарбаевтар сығылысып орын берді.
Мен «Айналайындар адаспаңдар!» деп басталатын үндеуімді бұрын бітіріп Зақашқа соза беріп едім, Колбин маған «Аудар!» деді. Аударып бердім.
– Какие они милые! – деген Колбин Устиновтың жазғанын маған аударуға ұсынды.
Үндеудің бірінші жолы «Казахский махровый национализм (Қазақтың қаны сорғалаған ұлтшылдығы) деп басталған екен. Осы тіркестен жүрегіме тікен қадалғандай тіксіндім. Устиновке шақ ете қалдым.
– Қазақ елінде тудың, білім алдың, үлкен лауазымға дейін өстің. Қазақ махровый националист болса, сен елдің төрінде отырар ма едің, алғыс айта білмейтін шовинист сатқын! –деп Колбинге бұрылып, – Махровый шовинизм исі аңқыған үндеуді аудармаймын! – деп кабинеттен шығып кеттім.
Алаңды қоршаған милицияны да, жұмысшылардан құралған жасақты да, әскерилерді де Мәскеуден келген «мықтылар» басқарған-ды.
Соломенцев алғы шепте жүрді. Қазақтарға ішкі қыжылы бар адам. Одан кейін Одақтан келген екі министрдің бірінші орынбасарлары. Әскери генералдармен түсте алаңдағы трибунаның астында орналасқан «Мәскеулік» штабта болып, жастардың алдында сөйлейтін өнер, әдебиет қайраткерлеріне барынша мүмкіндік тудыруларын сұрап, келісімдерін алғам. Бірақ кешке қарай әлгі генералдарым уәде еткен ашық бортты көлікті де дауыс ұлғайтқышты да берген жоқ. Он шақты қазақ милиционерінің жәрдемімен жастардың алдына шығып «Адаспаңдар, арандап қалмай ақылға келіңдер» деген мазмұнды сөзімді бастай беріп едім, жастардың арасынан үш-төрт жерден біздің ту сыртымызда серейіп-серейіп тұрған әскерилерге кесек-кесек тастар қардай борады. Оны жасаған әдейі жіберілген арандатушылар болуы мүмкін. Сол сол-ақ екен, солдаттар лап қойып, жастарды қысқа сапты күрек пен таяқтың астына ала жөнелді.
Көз алдымызда көк өрімдей жастарды ұл, қыз деп ажыратпастан қан жоса ғып ұрып-соғу, жығып салып итше тепкілеу, шаштан сүйреу басталды да кетті...
Колбинмен, Устиновпен ұстасуым 1987 жылдың 2-ақпанында басталды. Демалыста жүргенімде маған айтпастан Камалиденов пен Смайылов мені Үгіт-насихат бөліміне ауыстырып, Устиновтың уысына салып бермек болған ғой. Устинов мені ұлтшыл деуінен айнымаса, мен оны шовинист деуден жалыққан жоқпын. Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов, Ақселеу Сейдімбеков, Шона Смаханұлы, Бейбіт Қойшыбаевтарды, басқа ақын-жазушыларды ұлтшыл деген нақақ жаладан арашаламақ болғаным үшін Колбиннен «үшінші номірлі ұлтшыл» деген атақ алғанымды көпшілік біле де бермейді.
Ақпан айының аяқ кезінде маған Фрунзе және Совет аудандарында Мәскеудегі орталық үкіметке қарсылық білдірген наразылықтарды табу, алаңға шыққан ұлтшылдарды анықтау тапсырылған еді. Сол екі аудандағы төрт институтта, Ғылым академиясында, шығармашылық одақтарда болып, оларда ешқандай наразылық та, келеңсіздің те болмапты деген сыңайда жазбаша есеп бердім.
Колбин алғаш келген бойда «Сіздерде кадр тағайындауда өрескел бұрмалайтын әдет бар екен. Мәселен, қызметінен ауысатын басшының орнына, дайындығы мол, ұлты орыс бірінші орынбасарын қоймай, әлде үшінші, әлде бесінші орынбасар қазақты қонжита қоятын бопсыздар. Бұдан былай бұл әдісті түбегейлі өзгертем!» – деген еді. Сол айтқанын орындады да. Алты қазақ басшының орнына алты орысты отырғызды. Осы қарқынмен жетінші орыс басшының креслосына тағы да жетінші орысты ұсынды.
Мен есік жақта отырғам. Бюроның ұлты қазақ мүшелерін түгел сүзіп өттім. Бәрі сілейіп қалыпты. Орнымнан қалай атып тұрғанымды өзім де сезбей қалдым.
– Геннадий Васильевич, сіз өткенде бірінші басшыны ауыстырғанда, оның орнына дайындығы жеткілікті бірінші орынбасарын қоямын деп, алты қазақты алты орыспен алмастырдыңыз. Ал бүгін жетінші орыс бастықты, оның бірінші қазақ орынбасарын қоймай, неліктен тағы да орыспен ауыстырып отырсыз?
Колбин ұшып тұрып үстелді жұдырығымен түйіп жіберді. Шатынаған көздері маған қадалды:
– По какому праву вы задаете мне такой вопрос?
Құдай ма, әлде бір жебеушім бе, аузыма мына сөздерді сала қойғаны:
– По праву, что и вы, и я – члены одной партии, партии коммунистической!
Колбин шөге кетті. Содан соң әлгі кадрды дайындаған өндіріс бөлімінің меңгерушісіне біраз шүйіліп, қазақ орынбасарды министр етіп тағайындады.
«Менен кейін ешкім тексеруге келмейді» – деп Әбіқаев және Қадірбековамен келісім бойынша өзім тексерген екі ауданнан теріс пиғылды ешкімді таппағанымды айтып, есеп бердім деп едім ғой. Үш күннен кейін әлгі ұлтаралық мәселелерді қарайтын жиналысқа мені дедектетіп алып барды. Колбин түтігіп кетіпті:
– Сіз, Сматаев! Есебіңізде екі ауданнан бірде-бір ересек коммунист алаңға шықпапты деп мәлімдейсіз. Ал Фрунзе ауданының бірінші хатшысы Әбіқаев алаңдағы дүрбелеңге қатысқан екі коммунистің аты-жөнін көрсетіп, міне, өз есебін жіберіпті. Қылмыскерлерді неге жасырдыңыз?
– Әбіқаевтың көрсеткендері мыналар емес пе? – деп екі фамилияны атадым. Колбин әнтек бас изеді. – Ол екеуін мен қылмыскерге де, дүрбелеңге қатысушыға да қоспаймын. Себебі олардың біреуі – зейнет жасындағы адам. Екіншісі қарапайым үй сыпырушы. Бірақ екеуі де – ана. Қай ана баласы үшін күйзелмеуші еді? Ол екеуі де балаларын іздеп алаңға барған. Бар кінәлары сол ғана. Бұнда ешқандай ұлтшылдық жоқ.
– Бәрібір өз есебіңізде оларды көрсетуіңіз керек еді, – деп Колбин босаңсыды.
Колбин бастаған топ күн сайын, елдің белгілі, беделді бір азаматына ұлтшыл деп айып тағып, жемқор деп қылмыскерге балап, басын істі қылуға мықтап кірісіп кетті.
Қанша тырбанса да Дінмұхамед Қонаевтың арына күйе жаға алмаған соң, соның төңірегіндегілерге тап берді. Асқаров, Бекежановтарды түрмеге жабар-жаппастан, институт ректорларын, атақты профессорларды құдалап, бас редакторларды қалпақтай ұшырып, ырың-жырың тірлік орнатты. Осының бәріне мұрындық болған 1987 жылдың сәуір айында өтетін ұлтаралық қатынастарға байланысты партия пленумы еді.
Пленумды дайындаған біздің бөлім қазақ ғалымдарына қазақ қоғамына қара күйе жаға баяндама жасау тапсырылды. Сондағы қатты күйзелгенім, әлгі қазақ оқымыстыларының бірде біреуінің тұяқ серппей көне бергенін көруім еді. Әсіресе, «негізгі баяндаманы өзім қатырып жасаймын» деген, кейіннен мықты «демократ» боп дүрілдеген бір тарихшы ағама қаты өкпе айтқанмын.
Мен бұл пленумды дайындауға қарсы екенімді де, оған қатыспайтынымды да ашық айтып, Устинов пен Ауманға пленум бағдарламасын дұрыс жасамағандарын дәлелдеумен болдым.
Сонымен мен ол пленумға қатыспадым.
Осындай кикілжіңдер Колбинді, Камалиденовты, Устиновты соңыма мықтап салып қойды.
Шәкем жағдайымды түсініп бар айтатыны: «Шыда. Бір жөні болар!».
Маусым айының ортасында Камалиденов пен Устинов мені бірінші секретарға ертіп апарды. Колбин маған Ақтөбе облысындағы ұлтаралық қатынастар жөніндегі іс-шаралардың қалай өтіп жатқанын таңертең жүріп кетіп, тексеріп қайтуым керектігін жеткізді. Комиссия мүшелерін жасақтауды өзіме тапсырды да, он күннен кешіктірмей тексерудің қорытындысын бюроға дайындап беруімді талап ететінін айтты.
Бір облыстың бірнеше ауданын қамтитын жұмысын тексеру, оны қорытындылап бюроға ұсыну кемінде екі айға созылатын. Ал мына тапсырма көпе-көрнеу қысас. Қысас қана емес, жұмысымнан тапсырманы мезгілінде орындай алмады деп жұлып тастап, партиядан шығаруға дайындаған зорлық. Уәж айтқызбастан Колбин: «Боссыз!» деп дүрс ете қалды.
Сол күні жанталаса қимылдап комиссия құрып, мүшелерінің әрқайсысына қай салада тексеріс өткізетінін айқындап қайтарып жібердім.
Ақтөбе облысының бірінші хатшысы Трофимовпен телефон арқылы хабарластым. Ертең ұшатын самолетке билет алуға тапсырма беріп, кешкі бес шамасында «уһ» деп дем алып отыр едім, бөлмеме Дамир дейтін ұйғыр әріптесім кіріп келді.
– Түсің қашып кетіпті. Қозғалма! – деп асығыс шыға жөнелді. Артынша екінші қабаттан дәрігер мен медбикені ертіп оралды.
Олай-бұлай тексерген дәрігерлер мені жедел жәрдеммен төмендегі ауруханаға жөнелтті. Алғашқы инфаркты мен сол күні алған едім.
Ауруханадан шығар-шықпастан бастықтарым біресе Гурьев, біресе Солтүстік Қазақстан облыстарына іссапарға жібермек болып қатты әрекетке кірісті. Мен инфарктан кейін көп қимылдамай, «санаторлық емдеуден өту керек» дейтін медициналық анықтамамды көлденеңдетіп демалыс сұраумен болдым. Қинап қоймаған соң жақын жердегі Жамбыл, Талдықорған облыстарына іссапармен баруға келісім білдірдім де.
Айтпақшы мен жасақтаған комиссияның Ақтөбеге бармағанын естіп, сол шұғыл тапсырманың тек мені сүріндіру үшін жасалғанына көзім жетті.
Сол жылдың қараша айында менің жеке басымның мәселесін қарау үшін Орталық комитет секретариатының талқылауына салды да жіберді. Сол талқылауда менің іс-әрекетімнен былық-шылық іздеп, ұлтшылдыққа теліп қанша әуреленгендерімен мен өз ұстанымымды барынша қорғап, жазықсыз жазғырудың бір де біріне ілікпей қалдым.
Кетерімде: «Ертең мен мұнда да, анда да қызметке келмеймін. Мен жазушымын. Оқырмандарыма менің кім болып істегенім емес, шығармаларым қажет» – деп сол күні Баспасөз комитетіне министрдің бірінші орынбасарына қумақшы болған Колбинның бұйрығын да елемей прецедент жасайтынымды айттым.
Сонымен, карьерист қазақтардың арасынан биік лауазымынан бас тартқан бірінші адам мен едім.
Шакем-Шахминам қатты ырза болды.
– Лауазым – қолдың кірі. Ал сен творчество адамысың: Қолыңдағы қаламыңды Колбин да, Камалиденов те тартып ала алмайды. Енді емін-еркін айналысатын болдың, Софыяным!
Жиырма күннен кейін мені «еңбек кітапшаңызға сізді жұмыстан босату туралы бұйрықты қалай жазуды ақылдасайық» деп сылтауратып шақырып алып, екінші рет секретариатқа сүңгіте салды.
Устинов, Смайылов, Ауман үшеуі әрқайсысы отыз минуттан менің партия басшылары Колбин, Камалиденовтарды тыңдамай, ұлтшылдыққа үлкен тізгін беріп, өзімшілдікке мықтап ұрынғанымды барынша көпіртіп баяндама жасады.
Үшеуі сөйлеп бітісімен Колбин бірден:
– Көп созатын не бар енді. Қандай жаза қолданамыз? – деп отырғандарды жағалай сүзіп өтті. Көбі қазақ еді. Маған сөйлесін деген ыңғай білдірді.
Бір сағаттан астам сөйлеп, үш баяндаманың барлық кінә-жалаларын жоққа шығарып, өз ұстанымымды қорғап шықтым. Мені екі секретарь Акунин пен Пирожников қолдап сөйледі. Тізгінді енді Колбиннен тартып алғандай етіп екінші секреатрь Құбашев ұстады. Смайылов бір кезде қып-қызыл боп орнынан тұрар-тұрмастан:
– Мені «маған оны жамандап жаз деді ғой», – деп оқушы баладай қипақтады.
Құбашев қазақшалап:
– Отырыңыз мыңқылдамай! Жала жаппай тұрып ойлану керек, – деп жақтырмағанын жақтырмады. Әлдене айтып дауыс көтерген Устиновты да: «В вас заговорило ущемленное самомнение! Садитесь!» – деп тұқыртып тастады да, маған орындық бергізді.
Үш секреатрь-хатшы мені қорғап-қолдап кеткен соң, Камалиденов қалыс қалып, жалғыз Колбин жер сипап қалды.
Жиналыстың еңдігі барысы айқындалды. Мені жақтап сөйлеушілер көбейіп, «жұмыстан өз еркімен босатылсын» деп қорытынды қабылданды.
Дәлізге шықсам, алтыншы қабатта Назарбаев тұр екен. Менің қандай күйде секретариатқа қайыра түскенімді біледі екен.
– Не болдыңыз? Жақсылық па әйтеуір?
– Өз принципімді қорғап қалдым.
– Партиядан...
– Жоқ, шығармақ түгілі ауызша сөгіс те бере алған жоқ.
– Дұрыс болған. Мен айтайын. Колбиндер жиналыстың протоколын ертеңгісін жасап қойған. Секретарьларға қарсы жала жапқан деп сені партиядан шығарып, ісіңді сотқа бермек болған деп арқамнан қақты. – Сәке, орыстың «И на нашей улице будет праздник» дейтіні бар ғой. Колбин қашанғы отыра берер.
Шын мәніндегі қаламгер ешкімнен, ештеңеден жасқанбауы тиіс. Шындықты айта алмайтын болса, онда оның әлде Құдай, әлде Болмыс берген талант дейтін құдыретінің құы бес-ақ тиын. Ал шындықтан қаймығатындар – жағымпаздар, оң көзге ілінуді аңсаушылар.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   35




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет