Киігім – Киіктім
Таңмен бірге кірпігіме мұңды іле,
Терезеден үңілуші ем «Жүндіге»
Топырағына табанымды жалатып,
Қондырушы ем жанарыма Күнді де.
Қайырмасы:
Қанат қағып ұшқан ұям – Киіктім,
Жүрегімде ұйып қалған сүйіктім.
Өзіңде өскен ұл-қызыңа мәртебең
Ақ пейілді мейріңмен биік тым.
«Қос келіншек» – жатқан тарих, жатқан мұң,
Қарасудан – дана судан татқанмын.
Бабаларым қарсы атылып шапқанда,
«Ақжартасқа» қаны тамған жаттардың.
Қайырмасы:
Сен – Анамдай, балаң – сендей, Киіктім,
Әлемдегі ардақтым һәм сүйіктім.
Шартарапқа шырқап кеткен ұл-қызың,
Сенен ұққан асқақтығын биіктің.
Басқан кезде соғыс өрті жер үстін,
Қара нанды Балқашпенен бөлістің.
Әктасымен мыс зауытын тірілтіп,
Қарсы алғанбыз шерлі күнін жеңістің.
Қайырмасы:
Арманымның ну орманы Киіктім,
Сенде ғана көк апан мен биік Күн.
Жанарынан жаныма нұр құйып жүр
Жанымдағы сенде туған сүйіктім.
Ыстық едің, Киіктім-ау, не деген,
Өзегіммен өзектескен өнегең.
Көзімді алмай өтем қимай поезбен
Әке-шешем жатқан анау төбеден.
Қайырмасы:
Қанат қағып ұшқан ұям – Киіктім,
Сенде татқам дәмін қызық, күйіктің.
Өзіңде өскен ұл-қызыңа мәртебең,
Біздер үшін Алатаудан биік тым.
Тосса-дағы қанша бақыт, қайғы алдан,
Қанжарыңбыз біз солармен қайралған.
Қай қиырдың суын ішіп жүрсек те,
Кіндігіміз, Киік, сенде байланған.
Қайырмасы:
Киігім-ай! Сенен ғана Киігім,
Жұтқам қанбай ән саумалын, күй үнін.
Сенен тапқам жүрегімді жұлқынтып,
Жалт қараған қара көздің қиығын.
Өлеңді жазып болып, Шәкеме оқып бердім. Бір жасыл тамшы жанарынан үзіліп түсті.
– Мынандай жыр... жыр емес-ау сыр арнаған Киіктімде не арман бар. Жеткізіпсің нәріңді де, жаныңды да, – деп сәл күлімсіреп жатып, қолымды жайлап қана қысты. – «Жаныңа нұр құйып жүрген сүйіктіңнің» де алғысын қабылда, Софыяным.
Сол күні екеуіміз тым бақытты едік.
* * *
Аурухананың дәмсіз, нәрсіз тағамына жоламай, үйден алдырған қазы мен жаядан жеп, шұбат пен қымыз ішіп мен аздап бері қарай бастадым. Ал Шәкеме қанша жалынсам да ет пен шұбатқа ернін де тигізген емес. Санитарлардың қасықтап ішкізген көжесінен аздап ұрттайды да, бас көтерместен жата береді.
Түн ортасында әлгі қосылған аппаратурасы безілдеп ала жөнеледі. Сатурация дей ме, бірдеңесі тоқсаннан төмендеп кетіп, әлгі немесі бажылдап көмек сұрайды екен.
Алмас екеуміз етпеттеп жатқан Шәкемнің арқасынан алақан қырымен жайлап дүрс-дүре шабақтай береміз. Сүт пісірімдей уақытта әлгі цифр тоқсан екі, тоқсан үшке жетіп, безілдеген аппаратураның үні өшеді. Жанталасқан үшеуіміз уһ деп тыншыған боламыз.
Бірде таң алдында Шахминамның жотасын шапақтап тұрғам, жұбайым бетін сәл бұрып, бетіме қарады.
– Шаршадың-ау, Софыяным мен-ің, баршы, жатшы-ы тө-се-е-гі-іңе, – дегені.
Ауырып, қиналып жатса да, маған деген аянышы көмейінен үзіліп-үзіліп шыққан еді.
Он жеті күн бірге емделіп, бірге қиналып, бірге жаттық. Он сегізінші күні бөлімше меңгерушісі Алмас екеумізді үйге шығарды.
– Ағасы, еш уайымдамаңыз. Құдай қаласа, төрт-бес күнде жеңгейді де үйге қайтарамыз, – дегеніне кәдімгідей сеніп, Шәкемнің еңкейіп, маңдайына ернімді тигізе бердім. Шап беріп мойнымнан құшақтай алған Шахминам бетімді бетіме жапсырып жібермей қойып еді... Сонда енді қайтып көріспейтінімізді іштей сезіп жатты ма деп, осы жолдарды өксігімді баса алмай әрең жазып отырмын.
Арада бес күн өтті. 26-шілдеде, түскі төртте телефоннан «Шәкемнен айрылдық!» дегенді естігенде, төбемнен жай түсті. Тұра беріп, сылқ құладым. Сол жақ құлағым тарс бітелді де қалды. Содан бері ашылған жоқ. Аңыраған даусым ба, еңіреген жүрегім бе, шыңғырған жаным ба, білмеймін, өзегімді өртеген өрт-жалын дерттің құағына күмп еттім.
Ковидтің бір жаманы, қайтыс болған жақын адамыңды бір күн үйіне түнетуге де жібермейді екен. Ертеңінде сәске түсте жедел жәрдем көлігі орап әкелген жан жарымды өзі шаң жуытпай, сипап сыпырып отыратын ауласына бір сағаттай жатқызып жаназа намазын шығарттық. Ботадай боздап жүріп Кеңсайға апарып мәңгілік мекеніне тапсырып қайттық.
Сен – жас едің,
Жауқазын едің жайқалған.
Мен – мас едім,
Буымен серттің шайқалған.
Сен – ән едің,
Сезімге мөлдір оралған.
Мен жан едім,
Өртеніп соны айта алған.
Қос бұрымың –
Қос жолдай қашқан ерінбей,
Далаға әсем.
Нұр берген таспа өрімдей.
Жосалы сайға жол түскен сайын
Құмартам,
Өзіңе біткен қып-қызыл
Жұмсақ еріндей.
Сен – әсем ең,
Әсерің жанды улаған.
Мен – жүрек ем,
Бұлқына шоршып тулаған.
Феникс сынды
Өртеніп жанып жалында,
Өзіңе деген
Ынтызарымен туды адам.
Сен – гүлім ең,
Аялап, баптап өсірген.
Сен – күнім-ең,
Шуағың бойда есілген.
Жанымды жайлап,
Қырмызы қызыл қуаныш,
Таңымды тапқам,
Сен бар да суық кешімнен.
Табыстық мәңгі,
Өмірге сонша құмартып.
Кең еді Дүнием,
Тарылды бүгін мұнартып,
Кете де бардың,
Жетім қып мені қалдырып,
Қайғыңа көміп,
Кеудеме өшпес мұң артып.
Достарыңызбен бөлісу: |