Он бесінші тарау. Коронавирус ылаңы
Елінің ғаламаттығы ерінің құдыреттілігімен ғана жасалатынын арудың мөлдіреген көзімен, әйелдің ақылды сөзімен ғана сезінуге болатынын болжаймын. Ал шын мәнінде данышпан болу үшін күнделікті өмірде әйел жүзінен гөрі жүрегінен көбірек есетін сұлулық пен нәзіктікті сезе білген қарапайым қалпыңнан айнымауың керек шығар.
Шәкеме 2015 жылдың шілде айында 5 тамызда алтын тойымызды жасайық деп құлаққағыс білдіргем. Шәкем ойланыңқырап қалып басын шайқады.
– Софыяным, сенің қырық тоғыз жыл бесінші тамызда ертемен маған ұсынып келген шоқ гүліңнен артық қандай құрмет керек. Сол гүлің – сол күнімнің жайнаған көркі, жалындап атқан таңы, тойымызда айтылған жастардың әні боп кеудеме құйылып, ой, бойымды шымырлатып қуаныш боп енетін. Елуінші раушаныңмен еңсеңді тіктеп, баяғы бозбала күніңдей еңкеймей енсең, содан артық той болар ма. Босқа шабылып қайтеміз, – деп ажарлана берді де, мені өкпелеп қалмасын дегендей сөзін жалғады. – Той әрине керек. Менің алпысымды Әнел кафеде өткіздік, қандай рақат күй кештік. Жетпісімді тойханада өткіздік. Күнсұлу актриса тамада болып еді ғой. Сондағы сенің, балаларым мен немерелеріміздің қуанғаны есімнен кетер ме. Құрбы қыздарымның, құда-құдағиларымның, туысқандардың жылы-жылы лебіздері әлі күнге құлағымда. Соның бәрі сенің арқаң.
Шәкемнің осы сөзі есімде қалыпты. 25-маусымда той жабдығымен абыр-сабыр боп, келген қонақтарды әр бөлмеге жатқызып жүріп, түнгі бірде душ қабылдайын деп төменгі цоколь (жартылай подвал) қабатқа түсіп бара жатып, сүрініп жығылып, тобығы бильярдтың аяғына соғылып, жарты сағат тұра алмай отырып қалған. Содан еңбектеп сатыдан көтеріліп, еңбектеп қасыма жеткен-ді. Тұзды суға аяғын салып, өзімше ем-дом жасаған болдым.
Ал Шәкем болса, аяғының ауырғанына емес, жүре алмай, маған ере алмай қалатынын уайымдай бастады.
– Ештеңе етпейді. Үш аяқтап таяқ ұстап ілесесің, – дегенімде күліп жіберді.
– Үш аяқтап келе жатқан кемпір-шалды қара дейді-ау көргендер.
– Айта берсін. «Күлсең – кәріге күл» дейтін қазақтыз. Үш аяқтасақ та, екі аяқтылардың көбісінен артықпыз. Менің тойым өткен соң, қыстағы сенің тойыңа дайындаламыз.
– Жо-оқ, сенің тойың – менің тойым. Сен бөлектенбе өйтіп, Софыяным-ау! Сенің тойың асқақтап өтсе, мені аспандатып әкетерін ұмітпа, – деді тобығын таңып жатып.
28 және 29 маусымда Астанадан, Атыраудан, Балқаштан, Қарағандыдан, Мойынтыдан келген қонақтарына шапан, камзолдарын кигізіп, риза қылып шығарып салып еді. Содан Шәкем «Қатты шаршаппын!» деп төсегінен бас көтермей екі күн жатты.
Шілденің екісінде ертемен тұрып келіп, маған шай жасады. Үстелдің екі жағында отырған екеумізге де ас батпады.
– Шахмина-ау! Менің мазам болмай отырғаны. Емханаға барып келейінші, – деп Алмастың машинасымен тартып кеттім.
Емханада ковид жұққызғанымды анықтап беріп, алды-артыма қаратпай жұқпалы аурулар ауруханасының қаланың сырт жағындағы филиалына жедел жәрдем машинасы алды да кетті.
Ертеңіне тәжтажалмен ауырған Шәкемді қасыма әкеліп жатқызды.
Екеумізді де әкетіп бара жатқан ауру жоқ еді. Ковидтің емі – су іше беру және қозғалыс, жүру дегенге сеніміміз күшті. Шәкем екеуміз маскамызды киіп алып, ұзын дәлізде, қолтықтасып ерсілі-қарсылы «серуендейтінбіз». Аурухана жаңадан салынып, төсек жабдығы жарасып, керек-жарағы сай болғанымен, медицина қызметкелерімен қамтамасыз етуі ақсап жататын. Оның үстіне өз атына, өз лауазымына, өз туған күніне таусылмас демалыс күндерін белгілеген елбасының алтыншы шілдеде өтетін туған күнін тойлау төртінші шілдеден басталып, ауруларды төрт күні бойы волонтер-санитарлардың қарауына қалдырып кеткен еді. Сол төрт күнде Үнді штамы дейтін ковидтың бір түрі шабуыл жасап, біздің ауруханада жатқандардың тең жартысын шарпып кеткен көрінеді. Соның бірі – менің Шахминам болған еді. Қызуы көтеріліп, жөтелі басталған жұбайымды жан сақтау бөлімшесіне алып кетті де, бес күннен кейін қайтадан қасыма әкеліп жатқызып, бір аппаратқа қосып қойды. Бұл екі арада ұлым Алмас па тәжтажалмен ауырып, қасымызға келген еді.
Әртүрлі естелікті еске түсіріп, ауруымызды ұмытып кеткендей де болушы едік-ау. Әңгіме ауаны бір сәт өзіміздің алтын ұямыз – Киікке (Киіктіге) оралған-ды. Киіктің әктасын (известнягін) қопарып алатын «Жүндітөбені», ауылды тіліп өтетін Мойынты өзенін (оны жергілікті адамдар Қарасу деп атайтын), тілге тиек етіп біраз өңіміз кіріп, еңсеміз көтеріліп қалған-ды.
Киіктің ежелгі аты – «Ақжартас», ауылдың іргесіндегі «Қос келіншек» («Ақ келіншек», «Қара келіншек») тауларын жарыса айтып, Шәкем екеуміз кәдімгідей жарасып қалған да едік.
– Сен осы Киікке бір өлең арнасаңшы, – деген Шәкемнің уәжіне бас изеп, сол күні осы өлеңді жазған едім.
Мәтінім әнге сұранып тұр ма, білмеймін. Бірақ ән жазылғанын қалаймын. Ол ән – Шәкемнің аманатындай болар еді ғой.
Қайран Шәмші, Әсеттер-ай! Сендер тірі болсаңдар... Өкініп, өкси беріп қайтейін. Мүмкін Төлеген Мұхамеджанов, әлде басқа бір сазгер көз қиығын түсіріп те қалар.
(Ал мен Шахминамнан айрылып қаларымды білмедім ғой сонда)
Достарыңызбен бөлісу: |