Махамбеттің шығармашылығы арқылы жан дүниесіне жол Махамбет – ақын. Ол ақындықты көптің көңілін табатын өнер деп емес, көптің көзін ашып, жұртты оңға бастайтын әлеуметтік қызмет деп түсінеді.
Махамбет – жақсыны да, жаманды да сынға алған сыншыл ақын. Патшаның әділетсіздігін, ханның жауыздығын, сұлтанның қараулығын сынға алды. Махамбеттің хан-сұлтандармен жұлдызы қарсы болғаны дәлелдеуді қажет етпейді. Махамбет көріп отырған хандық билік, ол көксейтін хандық билікке атымен ұқсамайды. Оның көксейтіні «қу толағай бастанып, темір қазық жастанып, тебінгісін терге шірітіп» жүріп, шайқастағы ерлігімен, жорықтағы ақылымен, дау-шардағы әділдігімен бедел жинаған сайыпқыран сардар хандар еді. Бірақ олар естияр қауыммен түн қатып, түс қашып, бірге жүрмегендіктен қаралай қақтарынан жерініп, жұртшылыққа жат бола бастады. Ғасырлар бойы бірінің қасынан бірін табылтып, бірінің ерлігіне бірін табынтып келген қанжар сүйіп анттасқан, қан құйысып достасқан жауынгерлік ынтымақ жайына қалды. Билікке таласып, бірінің соңына бірі шоқ ала жүгіретін ашкөздік пен алауыздық індеті тақ төңірегінен туындады. Оның зардабын бүкіл ел тартты. Сырттағы озбырлық іштегі алауыздықты өршіту арқылы дегеніне жетіпті.
Ол хандарды Орданы қоршағанда «түн қатып жүріп, түс қашпай, тебінгі теріс тағынбай, темір қазық жастанбай, қу толағай бастанбай-ақ» оп-оңай тымақша сілкіп жастай жаздаған жоқ па еді? Бірақ, одан «ерлердің ісі біте» қалды ма?!
Жоқ, Махамбеттің «тоқтатқысы» да, «біртіндеп қашырғысы» да келіп отырған жауы- ондай-ондайауыл арасының аусарлары емес, ордалы жыландай шыр айнала қоршап алып отырған отаршылдар еді. Бірақ бұл жайында күні кешеге дейін күлбілтелеп, күмілжи сөйлеп келдік. Ол үшін ақын мұрасы тым қырналып- жонылып, жоңқаланып қалды. Оның «ауызы түкті кәпірді шетінен сүйреп жеп едік» деген сөзі «ерегіскен дұшпанды шетінен сүйреп жеп едік» болып өзгертіліпті. Жазушы ақын толғауларында «патша», «орыс», «кәпір» сөздерінің кездеспеуіне таңғалады. Жазушы айтқандай, ақын жырларын бастапқы қалпына келтіру – біздің атқаруға тиісті парызымыз.