Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі
Әл - Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Факультеті: «Филология»
СӨЖ
Тақырыбы: Махамбет Өтемісұлы және дәстүрлі жыраулық поэзия
Орындаған: Нигметоллиева Камила
Алматы, 2023ж
Жоспар:
Кіріспе
Жауынгер жыраудың өміріне шолу
Негізгі бөлім
Алмас қылыштай жарқырай беретін тұғырлы тұлға
Махамбеттің шығармашылығы арқылы жан дүниесіне жол
Махамбеттің заман жайын көрсеткен күйшілігі
Махамбет поэзиясындағы жыраулық дәстүрдің жұрнақтары
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер
Жауынгер жыраудың өміріне шолу
Қай халықтың да қадір тұтары - өзінің сөзін сөйлеп, кегін қуар ақыны мен батыры. Екеуі де тек халықтың ғана бойынан табылар сарқылмас жігер мен шабыттың, сана мен сабырдың, тәуекел мен арманның түлегі. Екеуі де жұртын елдікке бастаса, қайсыбір жұмыр басты пенденің болсын өресі жетпес ерен ерлікке, кемел кісілікке бастары хақ. Екеуі де тасқындаған қайраттың ғана емес, ең алдымен, кең толғап, кемсіз пішер кемеңгер ақылдың көрінісі Ал, осы екі қас қасиет те бір басына сыйып, бағына біткен қазақ елінің асылы,ақберен ақыны-Махамбет Өтгемісұлы.
Азаттық үшін алысқан, елі үшін егескен арыстан бабамыз Махамбет Өтемісұлының қазақ әдебиетінде алатын орны ерекше. Рухы биік жырлары ақынның атадан туған аруақты ер екенін дәлелдей түседі. Тарихшы ғалым Тілекқабыл Боранғалиұлы өзінің «Ғасырдан тәбәрік» атты еңбегінде: «Қазақ жырының ой-санасы – Абай, ар-намысы – Махамбет. Абайдың ғибратымен, Махамбеттің жігерімен еңсе тіктеген әлеуетпіз. Бірі-рухани ұстазымыз, бірі-рухты ұранымыз» деп, Махамбеттің өзгеше жан екенін сөз етті.
Жалынды ақын,намысшыл ержүрек жауынгер өзінің қысқа да жарық отты өмірін жан тəнімен халқына арнап,еркіндік идеясы мен əділеттілікті ұран етіп,найза ұшын,қалам құдыретін шебер ұштастырды. Махамбет көшпелілер өркениетінің осынау жарық дүниемен шарқырап тұрып қоштасқан соңғы үні. Жалына қол тигізбейтін көшпелілердің қыл сағағын тағдыр тұзағы қылқындырған сəтте асау рухы Махамбет болып тұяқ серпігендей. Қазақты ұлт ретінде даралап, тарих сахнасына шығарған көшпелілер мəдениетінің буырқанып келіп жартасты соққан ақжал толқыны Махамбет тəрізді. Егер, Қазақ халқының рухани үрдісін кең аяда тарихи құбылыс ретінде елестетер болсақ, онда Көне Түркі ескерткіштерінен Қорқыт пен Асанқайғыдан бастап, Шалкиіз бен Қазтуған, Ақтамбердіге дейін жалғасып, ақыр аяғында Махамбетке келіп тірелетін жорық жырауларының бір-бірімен ғасырлар ойнауынан сабақтасқан жалынды үнін анық естуге болады. Махамбет – жорық жырауы. Сол Ұлы бабаларының дəстүрін жалғастырған, рухын сөзімен емес ерлік ісімен көрсеткен батыр-жырау. Ауыз əдебиетінің тереңінен сусындаған, өзінің бойына халықтық дəстүрді терең сіңірген Махамбет Өтемісұлы Исатай Тайманұлы бастаған халық көтерілісінде маңызды рөл аткарды, ол өзінің өлеңдері арқылы халықты патша өкіметі мен хандардың езгісіне қарсы күреске шақырды. Махамбеттің өлеңдері бостандық пен əділдікті, халық көсемдерінің батырлығын қалың халық бұқарасына паш ету мақсатында жазылды
Достарыңызбен бөлісу: |